[caption id="attachment_52786" align="aligncenter" width="700"]
today.kz[/caption]
«Тур де Франс» жарысының 19-шы кезеңі аяқталды. Осы кезең аса тартысты өтті. Жарыстың басы-қасында жүрген әріптесіміз Дина Ысқақова «Астана» командасының бас менеджері Александр Винокуровпен әңгімелесіп, одан команданың алдағы кезеңдегі мүмкіндігі туралы сұрастырып, жауабын egemen.kz сайтына жолдады. Әріптесімізбен болған шағын сұхбатта команданың бас менеджері 19-шы кезеңде сары жейде иегері Крис Фрумның құлағанын соңғы таулы кезеңнің нәтижесіне әсер етуі мүмкін екенін айтты.
– Бүгін “Астана” пелотон басында болды. Бұл жарыс алдында шабандоздарға берілген тапсырма болды ма?
- Иә, жоспарымыз солай болған. Жарыс алдында командаға басқа командалар сияқты уақыт созбай, пелотон басында жұмыс істеуді тапсырдық. Мақсатымыз жалпы есепте көтеріліп, мүкіндік болса кезеңде жеңіске жету болатын. Команда тапсырманы орындады. Өкінішке қарай жарыс соңында Фабио Арудың шамалы жолы болмады. Бірақ, команда өз бабында. Жалпы есепте тағы бір сатыға көтерілді. Менің ойымша, жеңіс тұғырына көтерілуге әлі де мүмкіндігіміз бар. Бүгін Крис Фрумның құлағанны көрдіңіздер. Бұл соңғы таулы кезең нәтижесіне әсер етуі мүмкін. Йейтстің де шаршағандығы байқалды. Сондықтан бүгін жігіттер демалып, ертең тағы бір бағымызды сынап көреміз.
- Нибали сол Фруммен бірге құлады. Қазір жағдайы қалай?
- Менің ойымша, ол қатты құлаған жоқ. Егер Фрум бүйірімен құласа, Винченцо жерге қара санымен түсті. Ол түнде ауырсынып, дұрыс ұйықтамаған да шығар. Велоспортта мұндай оқиғалар бола береді. Ертең тағы да пелотон алдында болып, кезеңде жеңіске жетуге тырысамыз. Үздік үштіктің қатарынан көрінуге әлі де мүмкіндік жоқ емес.
- 20-шы кезеңнің жарыс жолын барлап көрдіңіздер ма?
- Соңғы тауға көтерілетін жолды жақсы білеміз. Төмен қарай құлдилайтын жол ешкімге оңай болмайын деп тұр. Мәре Морзинода. Ауа-райына да қарау керек. Ертең де жаңбыр болады деген болжам бар. Қашықтығы қысқа болғанына қарамастан кезең өте қиын. Ал тактикалық тапсырмалар бойынша командамен ертең автобуста сөйлесеміз.
- Сөреге шығар алдында Алексей Луценкомен ұзақ сөйлестіңіз. Оған тапсырма бердіңіз бе? Тапсырма орындалды ма?
- Иә, Алексейге алға ұзаған топтың қатарына қосылуың керек дедім. Ол сол топтың ішінде бізден тапсырма күтіп, қажет болған жағдайда пелотон басына түсетін болған. Алексей тапсырманы орындады. Пелотон қуған шабандоздармен бір топта болды. Кейін төмен түсіп Луис Санческе жігіттерді соңғы таудың етегіне дейін «сүйреуге» көмектесті. Әрі қарай тау кезеңінің көшбасшылары өз жұмысына кірісті. Алексеймен Олимпия ойындары туралы да сөйлестім. Оған «Сені Олимпиадаға дайындап жатырмыз, сен өз бабындасын» деп айттым. Енді осы жарысты ойдағыдай аяқтаса болды. Тактика жағынан көп кеңес беремін. Таулы кезеңдерде өзін еркін сезінді.
Дастан КЕНЖАЛИН