26 Шілде, 2016

Елдің арысы, ердің намысы

535 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін
  Тохтар-1 Тоқтар Әубәкіров жайлы сыр-десте Жан серігі – жауһар жыр Өзі туып-өскен өлкеге барған сайын: «Қарқаралы сынды ғажайып жер әлемде өте сирек шығар» деген ой келеді Тоқтарға. Тау мен даланы көмкерген қа­лың орман, тек өзіне ғана тән – кер­бездікпен, сән-салтанатымен келген жолаушыны сүйсінтіп, жанарын талдырады, құмарын қандырады. Тау арасындағы ойдым-ойдым оймақтай көлдер, жиегін көмкерген қалың тал-қарағайлар тек өзіне ғана аян тылсым сырмен тіл қатысқандай. Ағаштың сыбдыры да, бұлақтың былдыры да, самал желдің салқын сабаты да – бәрі-бәрі бұл дүниенің абатына айналып, айналаңа қарауға мұрша бермейді. Ойға батқан ормандарды ұйқысынан оятқандай дүр сілкіндіріп, ертегінің ішіне еніп бара жатқандайсың. Шынында да – ертегі. Әсіресе, шым-шым қайнап, шымырлап жатқан «Шайтанкөлді» айтсаңшы. «Шайтанкөлдің» суы қысқа күнде қырық құбылып, сағат сайын, сәт сайын мың түске боялып, ертелі-кеш реңі сан рет өзгереді. Бұл көлдің тылсым сы­ры ғасырлар бойы адам баласына жұм­бағын ашпай, әлі күнге дейін құпия бо­лып келеді. Кез келген адамның «бис­мил­ләсін» айтпай жалаңаш-жайдақ түсе бе­­руіне болмайды. Аса бір ардақты, аса бір тазалықты талап ететін, тұңғиық, тұм­са көл. Анасы жас күнінен Тоқтарға: – Балам, «Шайтанкөлге» байқап бар. Түсе қалсаң да, ішіңнен «кәлимаңды» қайтарып, адалдық тілеп түс. Бөгде ойды көкірегіңе ұялатпа! – деуші еді-ау. Балалық шіркін, алды-артыңа қарата ма, бірде Тоқтар «Шайтанкөлге» күмп беріп, тереңіне сүңгіп кетті. Сүңгігені сол, тұңғиық түбінен тылсым сырға тап болғандай, су астында біраз аялдап қалды, бірге келген балалардың мазасы кетіп, «Тоқтар, Тоқтар!» деп шуылдасып жатты. Бір кезде келесі жарқабақтың қуысынан шыға келді. Шыға сала, тау-тасқа өрмелеп, жағалауға келіп жығылды. Талықсып қалған екен. Бала Тоқтар қанша талықсыса да сыр бермей, үйге әзер жетті. Келген бетте төсегіне құлай кетті. Үш күн, үш түн тілсіз тылсым күйде жатқан баласына анасының жаны шырқырап, пұшайман күй кешті. Кейін тілге келген баласынан анасы Кәмия: – Саған не болды, жаным, не істеп қойып едің! – деп қиыла, қинала сұрады. – «Шайтанкөлге» түсіп ем... – Саған түспе деп айтып едім ғой. – ?! – Құдай сақтаған екен! –деп бір күрсініп қойды анасы. Жасынан «Шайтанкөл» туралы талай естіген аңыз-әңгімелердің шет пұш­пағы болса да, көзбен көрген бала Тоқ­тар табиғат тылсымының құпиясына таңғалмасқа дәті қалмады. Себебі, бұл жағдай Тоқтардың басынан бір емес, бірнеше рет өткен еді. Бала кездегі бар арманы, неге екені белгісіз, тауға қарай өрмелеп жүгіргенді жаны қатты ұнатушы еді. Сол кезде жабыққан жаны жадырап, құмыққан құмары қанғандай, құштар көңілі аңсаған арманына қарай қанат қаққандай әсер етуші еді. Содан кейін, жүгіре-жүгіре шаршаған сәтте, Қарқаралы құшағында аспанға қарап, ұзақ жатуды ұнатушы еді. Әсіресе, түн мезгілінде, жазғы жайлауда жападан-жалғыз жатып, аспандағы жұлдыздарды қиялмен кезіп, көксеңгір кеңістігінде құлаш ұрып ұшып жүргендей әсерге бөленуші еді. Сондай сәттерде Тоқтар күндей күр­кі­реген даусымен тау мен тасты жаңғырта: Шықшы тауға, қарашы кең далаға, Мәз боласың, ұқсайсың жас балаға. Ол шеті мен бұл шетіне жүгірсең, Шаршайсың ба, құмарың бір қана ма? – деп Қасым жырын оқитын. Қарқаралы балапаны болып дүниеге келген жас Тоқтар бірте-бірте жан-жа­ғына қырандай мойын бұрып, биікке қа­нат қағуға құштар бола бастады. Бірте-бірте Қарқаралы тау-құздарына шығып алып, тастан-тасқа секіруді әдетке айналдырды. Кейде өзі көрген ақ тиіндер секілді ағаш басына өрмелеп шығып, сонау биіктен ен далаға көз жіберіп, ұзақ қарап отырушы еді-ау. Бала жасынан аспанға – биікке құмары мен құштарлығын жас Тоқтар кезінде көп аңғара қойған жоқ. Бірте-бірте санасына қияға ұшу, самғау сияқты ғажайып елестер ұялап, ол енді, анда-санда көріп қалса да ұшқан ұшақтарға ұмтыла қарап, көз айырмай тұрып қалушы еді. Аракідік, сирек болса да, аспанды тіліп өткен ақ жолақ әуе сызықтарына сүйсіне қарап, соның сыры мен қырын білуге өте құштар болды. Осы ойы оны Қарқаралы құшағынан қазандай қайнап бұрқырап жатқан қазыналы Қарағанды қаласына қарай бейімдей берді. ...Бірде Тоқтардың анасымен бірге Қарағанды қаласына бара қалудың сәті түсті. Тоқтарды Қарағандыдағы биік үйлерден гөрі, тау-тау боп үйіліп жатқан төбелер қызықтырды. Анасынан сұрап еді: «Шахталардан шыққан көмір қалдықтары ғой», – дей салды. Тағы бірде анасынан қаланың солтүстік бүйірінде алыстан қол бұлғағандай созылып жатқан қалың түтінді көріп, сұрағаны бар. Анасы: «Бұл Теміртау деген қала. Онда темір өндірісі бар. Мы­нау Қарағандыдан шыққан тау-тау көмірлерді сондағы за­уытқа апарып, темір қорытады», – деді. Бала Тоқтар барғысы келіп, алыстан шұбалаңдап шыққан көк түтінге ұзақ қарап тұрды. Сөйтіп жүріп ол өзінің жаңадан тапқан жас достарынан сұрастырып, Қарағанды қаласында «Парашютистер» мектебі бар екенін біліп алды. Көзі көрмесе де қиялымен барлап жүрген сол мектепке бару туралы ой-арман Тоқтардың жүрегіне ұялай кетті. Бір қиыны, ол мектеп, анау жолы анасынан сұрағанда, сонау алыста түтіні будақтап жатқан Теміртау қаласы жақта екенін білді. Содан бастап бала Тоқтар Қарағанды қаласының сыртына шығып, көмір тө­белердің басынан Теміртау жаққа қи­ял жүгіртіп, ұзақ қарауды әдетке айналдырды. Қасым Аманжоловтың жауһар жыры жан серігіне айналған Тоқтар сондай сәттерде: Кең далалы, кең пейілді қазақпыз, Құл емеспіз, еркін жанбыз азатпыз, – деп жыр оқитын өзінің ұлы қазақтың ұланы болғанын мақтан ететін.   Жалғыз тамшы жас Теміртау талай тарландардың тұғыры болған жер. Осы оймен өрістейтін бір қызық байланыс бар. Баршаға мәлім, тұңғыш Елбасы – Нұрсұлтан Назарбаевтың отбасы, алтын ұясына айналып, болашақ Бәйтеректің тамыр тартқан жері – Теміртау болса, тұңғыш ғарышкер Тоқтардың да өсіп-шыңдалған ортасы – осы қала. Жас Тоқтар бұл қаладағы жұмысын қатардағы токарьлықтан бастады. Күні бойы өзіне бекітілген станоктың қасынан бір сәт ұзамай, темір жонып, маңдай терін тамшылатты. Тоқтардың бала күннен әдеті – бір жұмысқа кіріссе болды, оның түбіне жетіп тындырмай, беті қайтпайды. Еңбекте тынды­рымды болу, алған ісіне алғаусыз берілу – бала күннен бойына біткен қасиет. Тоқтардың әкесі Оңғарбай өз ауылының атақты ұстасы екен. Бес-алты жасқа келіп, әкесі дүниеден өткенше, Тоқтардың бойына көрік иісі сіңіп, ұстаханада алаулап жанған шоқ пен оттың ортасында жалынға шарпылып-шыңдалып өскен еді. Әкесі дүниеден өткеннен кейін үйдің бар ауыртпалық салмағы Тоқтар мен анасы Кәмия екеуіне түсті. Ертеңнен қара кешке дейін бел шешпей, салпақтап жұмыс соңында жүрген аяулы анасына бала Тоқтар қатты алаңдаушы еді. Анасы сиыр сауады, бұзау бағады, от жағады, отын тасиды, су әкеледі, тамақ істейді, ара-арасында бала-шағасын тәрбиелеуі керек. Ауылдағы тіршілік қанша тырбаңдасаң да жыртығыңды жамауға жетпей, қу дүниенің қорлығын көруші еді. Бастауыш сыныпта оқып жүрген Тоқтарды туған жездесі Нығмет пен апасы Бикен екеуі – өндірісті қала Теміртауға көшіріп алды. Тоқтар осы қалада әртүрлі ұлт балаларымен араласып, бірге оқып, бірден оқушының алды болды. Спорттан да қатарластарынан үздік шығып, ұс­таз­дарының өзі оған үмітпен қарай бас­тады. Тоқтар, әсіресе, анасының ақылына үнемі иек артушы еді. Анасы да бір киелі кісі еді. Алдын-ала болжап айтқаны үнемі шындыққа айналатын. Бала жүрек анасының айтқанымен жүрсе адаспайтынын білді. Анасы үнемі: – «Балам, өз еңбегіңмен күн көр. Ешкімнің еңбегін жеме, ала жібін аттама. Ұрлық жасама. Қасыңдағы балаларға қамқор бол. Спортпен айналыс. Бәлкім, әкеңдей ұста болсаң да, жерде қалмассың. Өзіне сенген құстай ұшады, біреуге сенген мұрттай ұшады. Өзіңе сен! Адал еңбегіңе сен. Бар бақыттың бастауы – еңбек», – деп отырушы еді. Әкесінің ұсталығы бала Тоқтардың есінде еміс-еміс болса да сақталып қалған. Түсіне жиі кіріп, кейде, тіпті, ұстахананың отына шарпылып, балға мен төстің шыңылынан оянып кетуші еді. Теміртаудан мектеп бітіруге тақаған­да оқушы Тоқтар бірден токарь болып, станокта жұмыс істеуге бекінді. Анасы: – Оқуыңды не істейсің! – деген. – Оқуымды үзбеймін, кешкі мектепте оқимын, апа! – деді. Анасы аз-кем аңтарылып қалды. – Ондай да бар екен-ау, екеуі бірдей өзіңе ауыр соқпай ма, балам. – Екеуіне де үлгеремін, анашым, бәрінен бұрын саған көмектесуім керек! Анасы көзінен мөлт етіп түскен жалғыз тамшы жасты баласына көрсетпеді. Күндіз жұмыс істеп, кешкісін оқып тынымсыз күй кешкен бозбала Тоқтардың көңілі ұшқыш болуға ауып, бірте-бірте аңсар арманына айналды. Ол үшін алдымен «Парашютистер» дайындайтын орталыққа бару керек екенін де алдын ала біліп алған болатын. Парашютистер дайындайтын орталық қаладан он шақты шақырым алыс еді. Оқу мен жұмыстан қолы тимей жүрген Тоқтар оның да амалын тапты. Таныстары арқылы «секіруге» сенбі-жексенбі күндері қатысуға болатын мүмкіндікке қол жеткізді. Сөйтіп, оқудан да, жұмыстан да қол үзбей, өзінің ұшқыш болу арманына жол ашқандай болды. Сағыныш әні – Қайтсем де ұшқыш болуым керек – деген асыл арман Тоқтарды Армавир жоғары ұшқыштар училищесіне алып келді. Үзіліссіз оқу, тынымсыз ізденіске толы күндер ешқайда мойын бұрғызбай, алыстағы ауылды да, туған бауырды да ойлауға мұрша бермей сынаптай сырғып өтіп жатты... Арасында жеті күнде бір келетін жек­сенбінің еркін жүруге болатын екі-үш сағаты ойға – күш, бойға – қуат, көңілге дәт бергендей. Сондай бір сәттерде, Тоқтар өзін күнде ығыр қылған дулы ортадан бөлініп шығып, Тайганың ит тұмсығы өтпейтін қалың орманының ішіне еніп кетіп, еркін жүргенді ұнататын. Тұнжыраған орман. Тұманды күн. Тылсым дүние. Төңірек құлаққа ұрған танадай тып-тыныш. Тоқтардың анда-санда көңілі соққанда тыңдайтын кішкене қол радиосы болатын. Соны осы жолы білегіне қыстыра салған. Өйткені, осы құйтақандай «қол радиосы» дүниенің төрт бұрышынан хабар алатын. Әсіресе, Қазақстанның «Шалқар» деп аталатын радиохабарын естуге құштар. Радионың түймесін басып қалып еді, о, ғажап, бір ерекше әуен шалқи жөнелді: ...Ажарың ашық екен атқан таңдай, Нұрлы екен екі көзің жаққан шамдай, Анаңнан сені тапқан айналайын, Күлім көз, оймақ ауыз, ашық маң­дай... Беу, беу, Гауһартас... – Апыр-ай, бүкіл ой-сананы, тұла бойды еріксіз билеп, естен тандырғандай әсер еткен мынау неғылған ғажап әуен... Сағынышы мен мұңы аралас мына сымбаты бөлек сұлу саздың сыры неде деуге мұрша келтірмей, ән әуені әрі қарай еліт­тіріп, төңірек ерекше әсем күймен тербеліп тұрғандай әсер етті. Басасың аяғыңды ырғаң-ырғаң, Сылдырлап шашбауың мен алтын сырғаң... Ән күмістей сыңғырлап, баяу созылып барып ұзап кеткендей. Жаңағы айналасы алтын шуаққа айналып, шұғыла шашып тұрған нұрлы сәт әп-сәтте тыйылып қалғандай. Аяғында, әнді орындаған халық әртісі Бибігүл Төлегенова деген есім ғана есінде қалып үлгерді. Жаңа ғана бастан кешкен ғажайып сәт, әнмен бірге үзіліп келмеске кеткендей қапалы күй кешті. Баяғы тұнжыраған тундра, тағы Тайга көз алдына қайтадан тап бола кетті. Жан-жүрегі одан сайын езіле елжіреп, көзінен жалт етіп тамып түскен сағыныш сәтін сезбей қалғандай. Әйтсе де, осы бір ғажайып әуен бо­ла­шақ ғарышкердің жан-жүрегінен өш­пес­­тей орын алып, санасында мәңгілік сақталды. Мәскеуде жүрген. Бір күні көше­дегі көп жарнамалардың бірінен «Қазақ­станның халық әртісі – Бибігүл Төлегенованың концерті» деген хабар жарқ ете қалды. Өз көзіне өзі сенбегендей, қайта бір тесіле қарағанда, баяғы ғажайып сәт есіне қайта оралып, көңіл күйі тербеліп қоя берді. – Қайткенде де уақыт тауып баруым керек! – деп бекінді Тоқтар. Айтқандай-ақ, концерт болатын күні, сол сәтте, сол сағатта – Мәскеудің концерт залында, алдыңғы қатарда, қолында бір шоқ әсем гүлі бар – болашақ ғарышкер Тоқтар сол баяғы өзі аңсаған ғажайып әнмен қайта қауышты. «Гауһартас» әні орындалмайтын Бибігүлдің концерті бар ма? Тоқтардың сағындырған ғажайып әні аяқтала бере үсті-үстіне сатырлай соғылған шапалақтың ду-дуымен араласып, үстінде әскери киім, төсінде «Кеңес Одағының Батыры» деген белгісі бар, ұзын бойлы, қапсағай денелі, қыран мүсін, қара торы, бұйра шашты қазақ жігіті қолындағы қомақты гүл шоғын Бибігүлдің қолына ұстата берді. «Кеңес Одағының Батыры» деген алтын белгі иесі – қазақ жігітіне көзі түскен бұлбұл әншінің «Сіз кімсіз!» – деп айтуға да мұршасы келмей, таңғалған күйі қала берген еді. Әйтсе де, Тоқтардың құлағында: «Сізді қонақ үйде күтеміз!» – деген әншінің сыңғырлы сөзі оның туған жерге деген сағынышына сәл де болса сеп болғандай, Тоқтардың жан дүниесін сергітіп жібергендей әсер етті... Одан кейін Тоқтар, ғарышкер бол­ған­­нан кейін де ғажайып әншінің үнін сан рет естіп, концертіне қатысты. Әйтсе де, сол баяғы тұнжыраған қалың орман арасынан бұлт ішінен шыға келген күндей жарқ ете қалған алғашқы әуен әсері ерекше еді. Осындайда, «Шіркін, сағыныштан асқан құдірет бар ма?!» – деген ойға еріксіз берілетін еді ол. Өмірбаян өрнектері Осы орайда Тоқтар өміріне өрнек болған батырлық істері мен өнегелі ең­бектеріне аз-кем шолу жасай кетсек ар­тық болмас еді. Қарқаралы құ­шағынан, Теміртау төсінен қыран боп ұшқан Тоқтар 1969 жылы Ресей Федерациясындағы Армавир жоғары әскери ұшқыштар училищесін үздік бітіріп, 1979 жылы Авиация институтын тәмамдады. 1975 жылдан Кеңестер Одағы Әскери әуе күштерінің Қиыр шығыс әскери округінде ұшқыш, звено командирі, эскадрилия командирінің орынбасары міндетін атқарған. Бала жасынан ұшқыш болуды ар­мандаған Тоқтар жай ғана ұшқыш болмай, сынақшы болуды алдына мақсат тұтқан. Осы арман-мақсат үдесінен шы­ғу үшін маңдай терін төгіп, уақытын сарп етуге тура келді. Ақыры, асыл арманының алғашқы асуына да қадам басты. Сөйтіп, ол 1975-1976 жылдары Мәскеу ұшқыш-сынақшылар мектебін және ондағы Авиация институтын бітірді. Енді осы өзі армандаған ұшқыш-сынақшылар мектебінен сүрінбей өту үшін Мәскеудегі А.Микоян атындағы Тәжірибелік конструкторлық бюросында білім алып, еңбек жолынан өтті. Оның осы жолы кейін ғарышкерлік өмірінің алтын арқауына айналып, үлкен өмір жолына ұласқан еді. 1988 жылы Кеңес Одағында тұңғыш рет әуеде ұшаққа екі рет жанармай құю арқылы солтүстік полюске ұшу сапарын орындауы үлкен ерлікпен пара-пар-ды. Соның нәтижесінде, 1989 жылы бірінші болып авиатасушы крейсердің алаңқайына «МиГ-29 реактивті ұшақты қондырып, оның 50-ден аса жаңа түрін сынақтан өткізді. Осы зор жеңісінің нәтижесінде ол Кеңес Одағының Батыры атағын иеленіп, кеудесіне «Алтын жұлдыз» медалін тақты.   Елбасының қамқорлығы Кеңес Одағының кезінде осындай қиын жолдан өтіп, үлкен марапатқа ие болған Тоқтар Қазақстан Тәуелсіздік алған тұста атақ-даңқы дәуірлеп, абыройы артып тұрған еді. Дәл осы кезеңде болашақ ғарышкер Елбасының назарына ілікті. Тәуелсіздік алғаннан кейін Елбасы қазақ халқынан бір ғарышкердің әлем кеңістігіне шарлауын мақсат етіп қойды. Сөйтіп, Мемлекет басшысының таңдауы Тоқтарға түсті. Нұрсұлтан Әбішұлы Тоқтардың ғарышқа ұшуына мүмкіндік жасады. Сөйтіп, ол 1989 жылы ғарышкерлер құрамына алынды. 1991 жылғы 2 қазанда Байқоңырдан «Союз ТМ-13» кемесімен қазақтың тұңғыш ғарышкері алғаш рет әуе кеңіс­тігіне көтерілді. Осы жолы ғарыш кемесі жер төңірегіндегі «Мир» орбиталық ке­шенімен түйісті. Онда ол өзімен бірге ұшқан ғарышкерлермен бірігіп, биотехнология, металлургия, медицина салалары, сондай-ақ, Арал аймағы бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізді. Бұл зерттеу әлемдік ғылымға, оның ішін­де Қазақстан табиғатына, оның ға­рыш­тық тарихына өлшеусіз үлес қосқан еді. Кейін Елбасы қазақтың тұңғыш ға­рышкері Тоқтар Оңғарбайұлының өмірден алған мол тәжірибесін қорғаныс саласында жүзеге асыру үшін осы ми­нистрліктің бірінші орынбасарлығына бекітті. Содан соң Қазақстан Респуб­ликасы ұлттық аэроғарыштық агент­тігінің бас директоры – Ғылым және технология министрінің орынбасары қызметін абыройлы атқарды. 1994-1995 жылдары Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің депутаты – Қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы, 1996 жылы ҚР Президентінің кеңесшісі қызметтерін мүлтіксіз атқарды. Халық қаһарманы, «Қазақстанның тұңғыш ғарышкері», «Отан» орденінің иегері Тоқтар Оңғарбайұлы Әубәкіровтің 70 жасқа толған мерейтойы елімізде кеңі­нен аталып өтуде. Ол бұл күнде аға сөзін айтатын салиқалы қайраткер. Өзінің ғарышкерлік ғажайып өмір жолының сыртында Тоқтар шын мәніндегі сындарлы саясаткер. Елге, жерге деген адал ой-пікірлерін барша қауымға паш етіп келеді. Сөйтіп, өзінің азаматтық тұғыры парасат-пайымымен ұлтына, жұртына, Отанына адал қызмет етуде. Бұл күнде Тоқтардың ардақты екі ұлы Тимур, Михаил игілікті іс тындырып жүр­ген кәсіп иелері. Мақтанға, марапатқа көп қызықпайды, адал еңбек еткенді ұнатады. Жары Татьяна да Тоқтарға қай кезде де таяныш бола білді. Тоқтардың отбасылық зор қуаны­шы – оның немерелері. Өткен жылы немересі Тоқтарланның бір жасқа келген тойын Астанада, Есіл жағасында дүркіретіп тойлады. Қызметтен қолы қалт етіп босаса болды, немерелерінің бірін мойнына мінгізіп, бірін алдына алып, бірін жетектеп кейде үйден ұзап кететіні бар. Сондай күндердің бірінде көп нәрсені білуге құштар үлкен немересі Томирис: – Ата, тағы бір ертегі айтшы, – деп еді. – Ертегі емес, тағылымы мол бір тәм­сіл айтайын, – деді Тоқтар. «Ертегі айтшы» деп тілек білдірген Томирис қана емес, Тамила немересі де, тіпті, екі жастағы Тоқтарлан да ата сөзіне ынтыға құлақ түрді. – Алла тағала адамды балшықтан жаратқан екен, – деп бастады Тоқтар әң­гімесін. – Адамды жаратып болған Алла тағаланың қолында бір уыс бал­шық қалса керек. Алла тағала сол бал­шықты адамның алақанына салып, «Өз бақытыңды өзің жасап ал», – депті. Адамзаттың бір бөлігі сол балшықтан ізгілік, бір бөлігі зұлымдық жасапты. Із­­гілік алғысқа бөленіп, зұлымдық жасағандар қарғысқа ұшырап келді. – Ана жолы Жүсіп Баласағұн бабамыз жайлы айтқан әңгімем естеріңде ме?, – деді Тоқтар немерелерін жанарымен аймалап. – Есімізде, – деп жарыса жауап берді немерелері. – Сол данышпан бабамыздың: Ізгілік қыл – ізгілік көп кісіде. Әсерлі ғой ізгілердің ісі де, – деген өсиет сөзі бар. Сол естеріңде болсын. Ал бүгінде тоқсанға келген ақын аталарың Мұзафар Әлімбаев: Мен білемін не табуды, не іздеп, Еңбек қана елдің ұлы дегізбек, – деп жазды. Бұл да естеріңде болсын. Бұдан соң да біраз аталы, баталы сөз айтты Тоқтар немерелеріне. Үйге оралғанда бұларды үлкен ұлы Тимур мен оның жаны сүйген жан жары, сырты нұрлы, іші сырлы Динара, немерелерінің анасы қарсы алды. Тоқтар көк жүзіне көз жіберді. Көк күмбездей төңкерілген көгілдір аспан ашық екен. Мезгіл алма ағашы мәуелеген, жемісі мол, жеңісі көп тобылғы түстес күрең күз еді... Сәбит ДОСАНОВ, жазушы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лау­реаты, Серік ТҰРҒЫНБЕКҰЛЫ, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Суретті түсірген Ерлан Омаров