Атырауда Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері жұртшылықпен кездесті
Өткен сенбіде Атырауда Жер реформасы жөніндегі комиссия мүшелері жұртшылықпен кездесті. Әрине, бәрі емес, комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов бастаған 25 мүше келді. Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде өткен кездесуде келушілерге де, пікір білдірушілерге де шектеу қойылған жоқ.
«Біз бұл жерге дауласу үшін емес, жер мен ел тағдырын ақылдасу үшін жиналып отырмыз. Жер мәселесін ақылмен, сабырмен, жан-жақты талқылау арқылы қарап, шоғырланған түйінді мәселелерді шешудің жақсы үлгісін көрсетуіміз қажет», деген Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов күн тәртібіне енгізілген үш мәселеге кеңінен тоқталды. Оның мәлім етуінше, Жер реформасы жөніндегі комиссияның негізгі міндеттері Елбасы айрықша тапсырғандай, бұған дейін құрылған құқықтық, экономикалық, ақпараттық түсіндіру және ашықтықты қамтамасыз ету жөніндегі төрт жұмыс тобының тиімді қызметі арқылы қалың көпшілікпен пікір алмасып, жер заңнамасының нормаларына қатысты ұсыныстарды қарау болып табылады. Кездесудің күн тәртібіндегі мәселелерге тоқталар болсақ, біріншіден, ауылшаруашылық жерлерін қазақстандықтарға беру институтын жетілдіру. Оның ішінде, жерді ұтымды пайдалануға бақылауды күшейтіп, жерді жалға беру рәсімдерінің ашықтығын, тиімділігін арттыру, бір қолға берілетін жерлердің шекті (ең жоғары) мөлшерін белгілеу, Қазақстан Республикасының шекаралас аумақтарынан берілетін ауылшаруашылық жерлерін пайдалану тәртібін күшейту.
Екіншіден, елді мекендер маңайынан жергілікті тұрғындарды қажетті жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету жүйесін қалыптастыру. Үшіншіден, мораторий жарияланған екі мәселеге (қазақстандықтарға жекеменшікке және шетелдіктерге жалға беру) байланысты пікір алмасу еді.
Алдымен сөз алған экономикалық топтың жетекшісі Ақылбек Күрішбаев жерді жалға берудің демократиялық шарттары болуы қажеттігі ұсыныс ретінде шығарылып отырғанына тоқталды. Оның пікірінше, біріншіден, қазіргі кезде көптеген жағдайда жерді жалға беруді әкімдердің өздері ғана шешетіндігі жасырын емес. Бұған қатысты ол жерді жалға беру демократиялық негізде, яғни ашық түрде болуы тиіс деп есептейді. Демек, бұл мәселені тек әкімдердің ғана құзырында қалдырмай, халықтың өкілдері кіретін комиссия шешуі керек. Сондай комиссия құрамына қоғамдық кеңес мүшелері, кәсіпкерлер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдары өкілдері кірсе құба-құп.
Екіншіден, жерді беру жөніндегі ақпарат қолжетімді емес. Жерді жалға беру жөніндегі ақпарат 30 күн бұрын БАҚ арқылы ашық түрде жария болуы қажет. Яғни, халық қай жерде, қанша көлемде жер аумағы жалға берілетіні туралы хабардар болу керек, деді ол.
– Біз мемлекеттік деңгейде бірыңғай типтік келісімшарт жасауды ұсынамыз. Онда жалға алушының құқықтары және міндеттері барлық аймақта бірдей болуы керек, –деп экономикалық топ жетекшісі Ақылбек Күрішбаев үшінші ұсынысын жария етті. – Төртіншіден, жер сапасын бақылап отыру қажет. Ашығын айту керек, елімізде жер сапасын бақылау жүйесінде көптеген кемшіліктер бар. Мысалы, бүгінгі таңда шаруа қожалықтарында жердің құжаттары, паспорттары жоқ. Сонымен қатар, бізде мемлекеттік кадастр, яғни жердің бағасын анықтаудың әдістемесі 2003 жылы бекітілген. Он үш жылдың ішінде қаншама экономикалық өзгерістер болды. Ал дамыған мемлекеттерде әрбір үш-бес жыл сайын жердің бағасы жаңғыртылып отырады. Осыған байланысты жердің нақты салықтық бағасына қатысты көптеген сұрақтар туындауда. Мәселен, еліміздегі кейбір құнарсыз жерлердің салық мөлшері құнарлы жердің салық бағасынан қымбат. Ал кейбір аймақтарда жайылым мен шабындық жерлер егістіктен де жоғары.
Экономикалық топ ұсынған бесінші ұсыныс жерді заңсыз бөлу фактілері үшін жауапкершілікті күшейту мәселесімен байланысты өрбіді. Өйткені, мұндай жағдайлар орын алса, ол халықтың наразылығын тудыруы мүмкін. Мұндай олқылықтар заңның әлсіздігінен туындайды. Бұған мысал ретінде Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекс бойынша құзыретті тұлға жерді жалға заңсыз берсе, не жерді мемлекетке заңсыз қайтарса, оған салынатын айыппұлдың мөлшері 30 айлық есептік көрсеткішті (АЕК) құрайды. Ал оның көлемі 63 мың 600 теңгеге тең.
– Мұндай жазалау шараларымен ешқандай тәртіп орната алмаймыз. Сондықтан Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексті күшейтуді ұсынамыз. Ал егер заңсыз әрекеттер мемлекеттің мүддесіне қайшы келсе, кінәлі тұлғалар Қылмыстық кодекс бойынша жауап берулері керек деп есептейміз. Қоғамдағы көптеген түсініспеушілік ашық ақпараттың жоқтығынан туындайды, – деді А.Күрішбаев.
Ал комиссияның құқықтық тобының жетекшісі Мұхтар Тайжан кей адамдар тарапынан өздеріне айтылатын сынды орынды деп есептейді. Әсіресе, жайылымдық жер туралы көбірек айтылады. Оның пікірінше, жайылымдық жерлер жетіспейді. Осыған байланысты әр ауылдың маңайында нақты радиустың аумағындағы жер ешкімге жалға да, меншікке де берілмеуі тиіс. «Соңғы заңдағы өзгерістер бойынша қазақстандықтардың жерді жалға алу мүмкіндігі алынып тасталды. Біз осы мүмкіндікті қайтарып отырмыз. Яғни, Қазақстан азаматтары жерді 49 жылға дейін жалға ала алады. Ең маңызды мәселе – латифундизмге жасалған қарсы қадам. Латифундизм ауыл шаруашылығына өте зиян. Сондықтан бір адамға берілетін жердің көлеміне шектеу қойылады. Бұл өте маңызды, осындай шешімдерді біздің жұмыс тобы да қабылдап, комиссияға берді. Астанада өткен соңғы отырыста осы шешімдерді бекітіп алды. Енді бұл ұсыныстар Парламентке ұсынылады», деді ол.
Жер реформасы жөніндегі комиссия құрылғалы бері Call орталыққа 14 мамырдан бері 12 мың 458 қоңырау шалыныпты. Осы орталыққа түскен сауалдардың басым көпшілігі – 9583 немесе 77 пайызы жеке тұрғын үй құрылысына байланысты болып отыр, деп мәлім етті Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ерлан Нысанбаев. Оның пікірінше, шетелдіктерге жерді жалға беру, қазақстандықтарға жекеменшікке беру, тағы басқа да жерге қатысты 555 қоңырау шалынған, бұл жалпы сауалдың 4,4 пайызын құрап отыр. Өңірлер бойынша ең көп сауал Оңтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан түсіпті. Ал Атырау облысынан 70 қоңырау шалынып, оның 55-і жеке тұрғын үй құрылысына байланысты болған.
Сонымен бірге, jerturaly.kz сайтына түскен 947 сауалдың 756-на жауап берілген. Қалғанына жауаптар әзірленуде. Сайтқа жолданған сауалдарға талдау жасалғанда, жеке тұрғын үй құрылысы жеріне қатысты – 357, шетелдіктерге ауылшаруашылық жерін жалға беру мәселесі бойынша – 176, ал 300 хат басқа мәселелерге байланысты болған.
Өзге өңірлерге қарағанда, Атырау облысында ауыл шаруашылығы мақсатында пайдаланылатын жерді соншалықты көп дей алмаймыз. Өйткені, бұл өңірдің климаты қаталдау әрі жартылай шөлейтті екені баршаған мәлім. Дегенмен, ауыл шаруашылығы саласында кәсібін дөңгелете бастаған шаруашылық жетекшілері жерді жекеменшікке беру тиімді екенін алға тартады. Солардың бірі Мұрат Сарманов «Егер мен жерімді жекеге сатып алсам, оны өз меншігім ретінде пайдаланар едім. Жерді меншік есебінде пайдалану шаруалар үшін қаржы несиелеу жүйесіне де, сақтандыру жүйесіне де, бағалау жүйесіне де қажет болып тұр. Сол себепті бірінші мәселе бойынша отандық кәсіпкерлерге отандық өнім өндірушілерге жерді меншікке беруді қолдаймын», деді.
Жастар атынан өз ойын білдірген облыстық мәслихаттың депутаты Асқар Бопылдықов ауылшаруашылық жерлерінің бос жатқаны бізге тиімсіз, деп есептейді. Оның ойынша ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер міндетті түрде жаңа технологиямен өңделуі қажет. Сонда ғана жердің құнарлылығын арттыратын иелері табылады. Жерге иелік етушілер ауылдағы тұрғындарды жұмысқа көптеп тартып, өндірілетін өнімнің де сапасына мән береді. Сапалы өнімдерді жан-жаққа экспортқа шығаруға да жол ашылады. «Алайда, жерге қатысты көтеріліп отырған мәселелерді желеу етіп, жалған патриоттық танытуға болмайды. Ең бастысы, елдің бірлігі. Елдің тыныштығын сақтау, нығайту тұрғысынан жерге қатысты мәселелер терең зерттелуі керек», деген ойымен бөлісті жастар өкілі.
Рас, комиссия мүшелерімен кездесуде пікір білдіруге талпынушылар шоғыры көп болды. Алуан-алуан пікірлер айтылды. Пікірін ақылмен, сабырмен, жан-жақты талдаумен айтушылар да кездесті. Қуаныш Айтаханов, Нұртай Сабильянов, Бахытбек Смағұл, Мереке Құлкенов, Мұхтар Шаханов, Жақсылық Үшкемпіров, Иван Сауэр, Бекболат Тілеухан, Елеусін Сағындықов, Жанұзақ Әкім секілді комиссия мүшелері өз пікірлерін білдірді. Негізінен ұсыныстың дені комиссия мүшелері тарапынан айтылды. Мәселен, саясаттанушы Айдос Сарым комиссия құрамындағы төрт жұмыс тобын біріктіріп, бір топ құрудың қажеттігіне тоқталды. «Бүгін төртінші өңірге келіп отырмыз. 25 адамнан үшке бөлініп, тамыз айының соңына дейін біраз жерді аралап өтуге болады. Меніңше мұны көпке созбай жасағанымыз дұрыс. Бізде төрт жұмыс тобы бар. Қарап отырсақ, олар бір мәселені қарастырып отыр. Менің ойымша бір топ құру керек. Оған 7-8 адам кірсін. Заңды да, нақты ұсынысты да 75 адам дайындамайды. Сондықтан 7-8 адамды жұмыстан босатайық. Ақылбек Күрішбаев пен Мұхтар Тайжанды тең төраға етіп, бір топ жасайық. Олар Астанада отырып, жұмыс жасай берсін, ал біз өңірлерді аралап, көрген-білгенімізді осы азаматтарға жеткізіп отырсақ», деген ұсынысын жеткізді саясаттанушы. Ол әрине, комиссия жұмысын оңтайландыру, жетілдіру мақсатын көздеді деген ойдамыз.
Сонымен бірге, Қадір Жүсіп, Рахымжан Отарбаев, Жұмабай Доспанов секілді өңірдің зиялы қауым өкілдері де, қарапайым тұрғындары да елдік мүдде тұрғысынан ауылшаруашылық жерлерін тиімді пайдаланудың қажеттігін алға тартты. Ал «Достан Ата» шаруа қожалығының жетекшісі Сейітжан Балжігіт, «Асыл Агро» ЖШС директоры Нұфтолла Құлбасов және өзге де жергілікті шаруалар жердің қазақстандықтарға жеке меншікке берілуін құптайды.
– Мораторий жарияланған екі мәселеге байланысты қоғамдық пікірді ескере отырып, тиімді шешім қабылдау жөнінде айтылған ұсынысты бүгінгі таңда комиссия мүшелері де қолдап отыр, – деді халықпен кездесуден кейін комиссия төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан»
АТЫРАУ