27 Шілде, 2016

Бас жоспар белден басыла берсе...

559 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Ертенге!! Республикамыздағы қала құры­лыстарының даму бағдарламасын және оның жүзеге асуы жөніндегі стратегиясы мен тактикасын айқын­дайтын бас жоспар мен сәулет саласы арасында тығыз байланыс бар. Тіпті, мұның екеуін бір-бірінен бөліп қарастыру еш мүмкін емес. Бас жос­парды тек қалалардың ен­ші­­сін­­­дегі іс деуге болмайды. Өйт­­к­ені, үлкенді-кішілі кез келген елді мекен мұнсыз дами алмайды. Бір сөзбен айтқанда, бас жоспар адам­дарға қолайлы әрі ыңғайлы орта қалып­тастыру деген сөз. Ал мұндай орта оларға сапалы өмір сүріп, алаңсыз еңбек етуі үшін аса қажет. Сондықтан да, біз бүгін еліміз­дің батыстағы қақпасы Орал қала­­сы мысалында бас жоспар талап­­тарының қандай деңгейде сақталып, әрі қан­дай деңгейде орындалып жүргені жөнінде әңгіме қозғағанды жөн көрдік. Негізінен алғанда қаланың бас жоспарлары ұзақ мерзімге, нақ­тырақ айтқанда, алдағы 20-30 жылға болжамдар жасау арқылы жасалады. Бірақ бұл қатып қалған нәрсе емес. Өмір бір орнында тұрмайды. Ол үнемі алға жылжу, даму үстінде. Ал бү­гін­де тех­ни­калық прогресс деге­ні­ңіз­ді қуып жету тіпті мүмкін болмай қалды. Мұның өзі белгілі бір уақыт аралығында әрбір 4-5 жыл ішінде бас жоспардың басты нормативтік-техникалық базасы одан әрі нақты­ланып, өзгеріске түсіп отыратынын көрсетеді. Өйткені, уақыт, заман талабы осындай. Егер бас жоспар оған сәйкеспейтін, үйлеспейтін болса – оның құны көк тиын. Айталық, Орал қаласының бас жоспары республика Үкіметінің №1362 қаулысына сәйкес 2014 жыл­дың 19 желтоқсанында бекі­тіл­ген. Кезінде журналистік әуестік­пен осының алдындағы бас жоспар­ларда қарастырылған міндет-меже­лермен де танысудың орайы келген еді. Содан ұққанымыз бен көңіл­ге түйгеніміз – алдыңғы бас жос­­пар­ларда қойылған талаптар то­лық­тай игеріліп үлгермегені. Дәл осы талаптар өз ресурстарын тауыс­­пағаны. Өзгесін айтпағанда, сәу­летке қойылатын басты және қосым­ша өлшемдердің ойдағыдай жүзеге аспағаны. Урбанизация мен ішкі көші-қон үдерістерінің кейінгі жылдарға тигізетін салмағы мен жүк­темесі ескерілмегені. Жағрафиялық тұрғыдан қарас­тыр­ғанда Орал қаласы өте ұтымды орналасқан. Сірә, елімізде үш бір­дей өзеннің тоғысқан, түйіскен тұ­сында қоныс тепкен бірде-бір қала болмаса керек. Оралдың өзге­ше­лігі осында. Қала іргесіндегі Жайық­ты, ерке Шағанды, Деркул өзенін жырға қоспаған ақындар, әнге қосып шырқамаған әншілер сирек шығар. Ендеше, табиғаттың өзі сыйлаған осы тамаша мүмкіндікті неге ұтымды түрде пайдаланбасқа?! Жоқ, мүлдем олай емес. Өзен жаға­лау­лары бір бөлек, қала бір бөлек автономия. Бейнелеп айтқанда, біріне-бірі қолын созбайды. Біріне-бірі жақындамайды. Бірімен-бірі бітіспеген. Бұл маңайлардан демалыс аймақ­тары мен жағажайларды кездестіре алмайсыз. Қала іргесіндегі өзендер қала тіршілігінен тыс әрі онымен қабыспай, үйлесім таба алмай жүр­гендей әсер билейді. Міне, осын­дай бас жоспарда ескерілген жағ­дай­лардың кейіннен назардан тыс қала беретіні қынжылтпай қой­ма­йды. Әрине, мұның бәрі көзді ашып-жұмғандай жылдам уа­қыт­та орныға қалатын оп-оңай іс емес. Қай-қайсысы да қомақты қара­жат­ты қажет ететін күрделі жобалар. Әйтсе де, көз қорқақ, қол батыр дегендей, байыпты да орнықты көз­қарас болса сеңді сөгіп, сатылап, сабақ­тастыра жүргізуге әбден болатындай әлеуметтік жобалар. Тек сонда ғана қала көркі та­би­­­ғатпен тығыз үйлесім тауып, адам­­дарға жақындай түсер еді. Оралды республиканың батыстағы қақпасы, Еуропа мен Азия құрлық­тарының түйіскен тұсында орна­лас­қан ежелгі қала дейміз. Ал қазір Орал түбегейлі өзгеріп, бүгін­гі заманғы көрікті қала болды. Ен­деше, оның осы ерекшелігі де сәу­­леттік белгілерден атойлап көрі­­ніп тұрса жарасып кетпес пе еді. Мысалы, Ресейдің Самара мен Саратов қаласы бағытынан келген жолаушылар осындай ерекше қалаға кіріп келе жатқандай әсер ала алмайды. Тым сұрғылт көрініс олардың көңіліне қуаныш сыйлай алмайды. Тағы да қайталап айт­қанда, сәулет өнерінің басты миссиясы адамдарға жайлы орта құру, оларға дос, жақын болу десек, б­ү­гін­гі көріністер бұған қарама-қай­­шы. Тұрғын үйлер аулаларына оның жандарына дүкендер мен кафе-мей­рамханалар тұрғызылған. Аулалар ең алдымен тұр­ғын­дар­дың дем алуы, қозғалып тұрып-жүруі, орындықтарға аяқ басуы үшін жасалмай ма? Жоқ, кері­сін­ше. Бүгінде тұрғын үй аулалары авто­көліктердің тұрақтарына ай­на­лып кеткен. Бұл тек Оралға ғана емес, республиканың барлық қа­ла­ларына тән көрініс десек, қате­лес­пейтін шығармыз. Сәулет талаптары бойынша автокөліктер орны үй сыртында болуы қажет. Подъез­дерге кіруге тек жедел-жәр­дем, өрт сөндіру және қоқыс таси­тын арнаулы көліктерге ғана рұқ­сат берілетін дамыған елдер тәжіри­бесіне қашан жетер екенбіз? Нақты жобалау жобасының белден басылу мысалдарының бірі осындай. Бас жоспарлардың қай-қайсы­сын­да да құрылыс салуды реттеудің қызыл сызықтары тайға таңға бас­қандай айқын көрсетілген. Әйтсе де, көрмес түйені де көрмес деген жағдайға тап болып отырғанымыз өкінішті-ақ. Осы арада бұған дейінгі бас жоспар талаптарының бұзылу көрінісіне бір мысал келтірудің орайы келіп тұр. 2005-2006 жылдары Орал қаласындағы Құрман­ғазы көшесінің бойында шағын бизнес нысандары құмырсқадай қапта­ды да кетті. Сөйтіп, кезінде сәнді де сәулетті түрде тұрғызылған тұрғын үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық ғимараттар сол нысандардың тасасында қала берді. Қызыл сызық дегеніңіз автокөліктер жүріп жатқан жолға тіреліп жатты. Осылайша, қаланың басты көшелерінің бірі тарыла түсті. Мұндай жағдай бұл арада жол-көлік оқиғаларының жиі­луіне әкеліп соқтырды. Араға тағы он жыл түсті. Қазіргі күні сол кезде орын алған үстірттіктердің сазайын тартып отыр оралдықтар. Ең бас­тысы, қозғалысы көп көшені кеңей­тудің жолы кесілді. Міне, сәулет талаптары мен қызыл сызықтың бұзылу көріністері соңғы жылдары Орал қаласында тағы да бой көрсете бастады. Мұның өрескел мысалдарын Зашаған кенті аумағындағы «Жазира» сауда үйі маңынан және қаланың 9-шағын ауданы аумағынан кездестіре аламыз. Тұп-тура асфальт жолдың тү­бін­де қиқы-жиқы «бір қызым бар, ол бұ­дан да өткен сорақы» дегендей, іркес-тіркес, жүйесіз салынған ш­ағын бизнес ғимараттары сол аудан­дардың сиқын кетіріп-ақ тұр. Айта­лық, аталған 9-ауданда сәу­леттік ажары тәп-тәуір емхана ғи­ма­раты бой көтерген болатын. Жос­парсыз салынған әлгі сүрең­сіз нысандар осы әп-әдемі ғима­рат­ты бір жағынан қалқалап жауып тұр. Мұны кім жобалаған? Әрі оны жоба­лау кезінде қала құры­лысы кеңе­сі­нің мүшелері қайда қара­ған? Осы сауалымызды тиісті ор­ган­дарға жолдаған кезде бұған тұшым­ды жауап ала алмадық. Әрине, қазіргі кезде елімізде шағын және орта бизнесті дамыту­ға барлық жағдайлар туғызылған. Тіпті, бұл іс қазақстандық қоғам­да мем­­лекеттік саясат деңгейіне көтеріл­­­ген. Алайда, бір нәрсе айқын. Қан­­­д­ай керемет бизнестік жоба бол­ма­сын, бұл адамдар мен қарапа­йым тұрғындардың мүдделеріне кедергісін келтірмеуі, оны аяққа таптамауы керек. Өйткені, ешкім де қоғам мүшелерінің заңды мүдделері мен талап-тілектерінен жоғары тұра алмайды. Әрі сол бизнес өкілдерінің өздеріне де қаланың бас жоспарын бұзу мен қойылған талаптарды аяққа басу құқы берілмегені тағы да аян. Сәулет талаптары дегенде әрбір тұрғы­зылатын нысанның тек өзіне тән кескін-келбеті болуы қажеттігі ескеріле бермейтінін де айта кеткен жөн. Егіз қозыдай бірінен-бірі айны­майтын тұрғын үйлер көп­ші­лікке белгілі «Тағдыр тәлкегі...» кино­фильміндегі көріністерді еске түсіреді. Осы тұрғыда жергілік­ті сәу­лет­шілердің қажетті ізденіс­тер­ге бой ұра бермейтіні, баяғы тап­­­таурын тәсілмен тарта беретіні бай­­­қа­лып жүр. Тұрғын үй құры­лы­­сын салу ойластырылған кезде бұ­­ған қоса оның маңайын абат­тан­­­­ды­ру, жоға­рыда айтып өткені­міз­­­­дей, адам­дарға қолайлы орта қа­л­ы­п­­тас­­тыру мәселелері де қоса жо­ба­­лануы керек емес пе?! Әрине солай. Өй­т­кені, бас жоспар талаптары осындай. Ойдан ой туады. Осыдан отыз жыл бұрын кеншілер қаласы Ақсай­да чех құрылысшылары тұрғын үй кешені құрылыстарын көтерді. Мұнда адамға қажетті жағдайдың бәрі де жан-жақты ойластырылған еді. Қысқасы, чехтар сол кезде ба­тыс­қазақ­стандықтарға тұрғын үйді қалай салу керектігін көрсетіп беріп кетіп еді. Бұған да ешкім мойын бұрмағанына, оны ескермегеніне не дерсің? Еліміздің барлық қалалары елор­дамыз Астанаға қарап бой түзеуі керек деген ой-пікірлер жиі айтылады. Өте орынды байлам. Елордадағы сәулет өнерінің жаңа үлгілері үйренуге әрі өнеге алуға әбден тұрарлықтай. Тіпті, оралдық сәулетшілер өзгесін айтпағанда, көршілес атыраулық әріптестерінің іс-тәжірибесі мен шығармашылық ерекшеліктерінен неге тағылым алмайды деген ой келеді. Айталық, кеңестік кезеңде Атырау сәулеттік тұрғыдан республикада ең артта қалған қала болса, бүгінде ол елі­міз­дегі дәулетіне сәулеті сай қала болып, көркейіп келе жатқаны ешкімге де жасырын емес. Мүмкін, бұл арада біреулер мәселе қаражатта ғой деп пікір қосар. Талас жоқ. Қаржылық жағы­­нан шешімін таппаған сәулет жоба­л­ары­ның бәйгесі алысқа бара ал­майды. Алайда, «жібекті түте ал­ма­ған жүн қылады» дегендей, бар қаражаттың өзін ұқсата алмай жүр­­­ген­дер де жоқ емес. Бұл кәсіби шебер­­лік деңгейінің төмендігі мен дарынсыздықтың көрінісі, диле­тант­тықтың тұп-тура тап өзі болып табылады. Қазіргі күні елі­міз­дің батыстағы босағасы – Оралда жаңа­ша сәулет үлгілерінің кемшін соғуының басты сыры неде? Бұл сауалға жоғарыда ішінара жауап қайтарған секілдіміз. Бұған қосарымыз өңірде сәулет жөніндегі үлкенді-кішілі мәселелерді дербес реттеп отыратын жергілікті ве­домс­­­­т­­воның жойылып кеткені, яғни бұрынғы Батыс Қазақстан облысы сәулет және қала құрылысы бас­қар­масының кейінгі жылдары бөлім деңгейіне төмендеп құлды­раға­ны да теріс әсерін тигізуі әбден мүмкін. Сондай-ақ, өңірде қала мен облыс үшін үлкен маңызы бар ны­сан­­дарды жобалаған кезде конку­рс­тық жүйе мен тәсілдің қол­даныла бермейтіні де сәулеттік сүрең­сіз­діктің пайда болуына әкеліп соқ­тыр­мақ. Бәсеке мен таңдау еркін­дігі жоқ жерде, осылай болатыны айт­паса да түсінікті емес пе? Екін­ш­і­ден, қала құрылысы кеңесі мүше­лері­нің сапалық деңгейін көтеру ісі де кезек күттірмейді. Оның қа­тары сәулет өнерінің тылсым сырын терең түйсіне алатын, кәсіби дең­гейі жоғары, осы салада іс-тәжі­ри­бесі мол мамандар сапынан толық­ты­рыл­ғаны жөн. Тек сонда ғана Ақжайық аймағында сәулетті жоба мен сапалы құрылыс кеңінен қанат жаяры хақ.  Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан