27 Шілде, 2016

Өрік өрісі

1456 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
20130710_08_34_03932 Кәдімгі ыстық өңірлерде өсетін жемістердің тау арасында жайқалып тұрғанын көріп пе едіңіз? Биыл Алматы облысының Ұйғыр ауданында ауқымы 100 гектар жерді алатын абрикос алқабы пайда болды. Бұрын алма өсіріліп келген атырапта енді жемістің осындай түрі де бүр жара бастады. Аудандағы «Шонжы Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жеміс ағаштары алқабын жасау жобасын Индустрияландыру картасының шеңберінде қолға алыпты. ...Осы кезде менің есіме бала шағым түсіп отыр. Өз аталарым да, нағашы жұртым да шетінен ағашқа жан бітірген айтулы бағбандар болды. Анамның ағасы Есмахан будандастыру жолымен бір дарақтан бірнеше мәуе шығара беретін өте ұсынақты кісі-тін. Сталинград түбіндегі қырғыннан оң аяғын сауғаға беріп оралған Ыбырай атам қос балдақпен жүріп, тіпті, құдық қазса да, соның айналасын бірден жасыл желек пен бау-бақшаға айналдырып жіберетін еді. Ал Әбдірей атамның арғы шетіне жүгірген баланың өкпесі өшетін үлкен бауында өспейтін жеміс түрі кемде-кем болатын. Солардың арасында ойнап өскен біз үшін көлемі кішкентай баланың жұдырығына жақындап қалатын абрикос та көзге қазір ерекше ыстық көрінеді. Осының да әсері болар, әлде бағбан­дықтың бабын байыптаған аталарым есіме түсіп кетті ме, Алматы облы­сы­ның таулы ауданының алабында абри­кос алқабы пайда болғанын естігенде, кәдімгідей қуанып қалдым. «Кәдімгідей» демекші, біз сөз етіп отырған абрикос ботаниктер тілінде «кәдімгі өрік» деп аталады екен. Ал біз оны кей-кейде «ірі өрік», бұдан гөрі шағын­дауын «сары өрік» деуші едік. Міне, сол кәдімгі өрік Қазақстанның негізінен түстік өңірлерінде, соның ішінде Алматы, Оңтүс­тік Қазақстан, Жамбыл және Қызылорда облыстары аума­ғында өседі. Бірақ оның Алма­ты­­ның таулы өңірлерінде тір­шілік етіп кететіні жайында іл­геріде естімеппіз. Айтылып отырған «Шонжы Агро» үлкен тәуекелге барып, биыл абрикос пен сол секілді топы­рағы жылы, күні ыссы өңір­лерді сая ететін шабдалы ағаш­тары­ның көшетін егіп тастапты. Ал бұдан бір жыл бұрын бұл маңға сүйекті жеміс ағаштары көшет­терін отырғызу туралы тіпті сөз де қозғала қоймаған екен. Себебі, ол мүмкін емес нәр­се­­дей көрінген. Сонда да бол­са, аграршылар күндердің күнін­де кәсіп­кер­лер палатасына шы­ғып, өз ұсы­ныс­тарын алға тар­тып баққан. Нәтижесінде оның жай-күйін жан-жақты зерттеген сарапшылар ұсыныстан мін тап­паған. Дәлірегі, бұл өлкеде аталмыш сүйекті жеміс ағаштарын өсірудің тиімділікке жеткізетінін дәлелдеп берген. Сонымен, тың іске құлаш ұрылып, ниетке нәсіп етілген. Қазіргі күн­дері сол көшет­­тері күнге қарап бой түзеп, жел­­ге қарап сән түзіп, айтақырлы ал­қап­та жапырақтарын жайқал­та, өн­дірдей болып өсіп келеді. Жалпы, серіктестікке осы мақ­сат­­та барлығы 800 гектар жер бөлін­ген. Облыстық кәсіп­кер­лер пала­та­сы Ұйғыр аудан­дық фи­лиалы­­ның директоры Мүсілім Аман­­гел­дінің айтуын­ша, биыл алғаш­қы жылы осын­шама жер­дің 100 гек­тары игері­ліп, сары өрік пен шаб­далы көшет­тері отырғызылып шыққан. – Біз «Шонжы Агро» ЖШС үшін бизнес-жоспар талдап, жасап шықтық. Заңгерлер оның құрылтайшылық құжаттарын дайындауға көмектесті. Сөйтіп, серіктестіктің өндірісші ретінде Индустрияландыру картасына кіруіне ықпал жасадық. Осыдан кейін аймақтық кредит кеңес компанияға 800 гектар жерді бөліп берді. Кәсіпкерлер бұл алқапты алдағы үш жылдың ішінде толық игеріп шығатын болады, – деді Мүсілім Амангелді. Оның айтуынша, аймақтың климаты мұнда жылдың кез кел­ген мезгілінде жұмыс жасау­ға жақ­сы мүмкіндік бере­ді. Сондықтан көктемде 30 гектар жерге жеміс ағаштары отырғызылса, жаз ортасы ауа қалған 70 гектарын егу қолға алынған. Ал олар толық отырғызылып болып, мәуе бере бастаған кезде бұл жерден жылына 400 тонна өнім жинап алу жоспарланып отыр екен. Ал облыстық кәсіпкерлер палатасы жобаларды қолдау бөлімінің сарапшысы Дана Қалықованың айтуынша, мұндай көлемдегі өнім аймақтың сұранысын толық қамтамасыз ете алатын болады. Тіпті, сыртқа жеміс шығарып тұруға да мүмкіндік береді. – 2018 жылы кәсіпкерлер же­міс­ті сығу жолымен оның шы­ры­нын дайындау зауытын салуды межелеп отыр, – дейді сарапшы бұдан әрі. – Сөйтіп, өңірде ешқандай консервант қосылмаған таза, табиғи өнім шығару қолға алын­ғалы тұр. Оларды тарату мә­селесі де шешіліп қойылды. Негі­зі­нен біздің өнімдерімізді сатып алуға шетелдік компаниялар мүдделі болып отыр. Жалпы, биыл Ұйғыр ауданында жаңадан 261 бақ учаске­лері мен алқаптары пайда болған екен. Аудан бойынша 6 мыңнан астам адам шағын бизнеспен айналысып келеді. Сөз соңында, сары өрікке қатыс­ты тағы бірер сөз. Адамзат баласы жемістің бұл түрін мың­даған жылдардан бері пайдаланып келеді. Дәмі өте жұғымды болып келетін ол ашығып қалған жанның да аранын жедел басады. Құрамында калориясы аз, әр жүз грамында небәрі 41 килокалория болғанына қарамастан, сары өрік ағзаны түрлі витаминдермен және микроэлементтермен тез толықтырады. Кәдімгі өрік сондай-ақ, бірқатар аурулардың алдын алуға, адам­ның жұмыс істеу қабілетін күрт арттыруға көмектеседі. Со­ның ішінде, меди­цинада бета-каро­тиннің оша­ғы ретінде танылып қалған ол түрлі қатерлі ісік аурулары мен жүрек кеселінің алдын алуда айтарлықтай белсенді қызмет атқарады. Құрамында темір көп болғандықтан, өріктің бұл түрі адам ағзасындағы калий­ді көбейте отырып, қан аздық ауру­­ларын жеңуге де мұрындық бола­­ды. Оның пайдасы, әсіресе, өсіп келе жатқан балалардың бойы­ның өсуіне айрықша сер­пін беруімен айрықша құнды көрінеді. Тереңдетіп білем деген адам­ға сары өріктің бұдан да басқа пайдалы тұстары аз емес. Сол себепті, Алматы облысында пайда болған өрік алқабы турасында осындай ода жазуға тура келді.  Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы