немесе Амстердам сапарынан қалған сарқыт ой
Айтқандай, бұрынырақта Вашингтоннан іссапармен келе жатып, үстінен күндіз ұшақпен келіп қонып, абстракциялық кілем сияқты әсер қалдыратын осы елдің әуежайында жарты күн қамалып отырып, Голландияға сөзсіз қайтадан оралуды көксегеніміз де есімде. Сол транзиттік жолаушының қызығы мен құпиясын ішіне бүккен бөлек елді армансыз араласа деген тілегі тәңір дің құлағына жетіп, Амстердамға да бір жол түскен-ді.
Айналасы бір аптаның аясында ежелгі елді түгел тану, әрине, мүмкін емес-тін. Бірақ, бізді көп ойға қалдырған сапардың бірі осы болды. Соңғы төрт ғасырда тоқтаусыз дамыған Нидерланд мемлекетінің астанасына алып барған оқиға – Онкологтардың еуропалық форумы. Ол туралы кезінде кеңінен жазылды.
Енді не айтпақ едік? Иә, әлгі голланд ірімшігі. Бір ғана сиырдың сүтінен жүз түрлі ас ойлап тауып, оны әлемнің әр түкпіріне экспорттап, ағылып жатқан туристерге тонналап сатып байыған голландықтар туралы ғой.
Сол сияқты баяғыда сүйегі қурап қалған Ван Гог та күн сайын өз елінің қазынасына ғаламат қаражат құйып отырғанын көргенбіз. Қысқа қайырып айтқанда, оның суреттерін тамашалағысы келетін туристер таң атпай тұрып, музейге кірудің ұзын-сонар кезегіне тұрады. Ағылып жатқан қонақтар, сартылдап құйылып жатқан ақша. Оның суреттерінің көшірмелері салынған сувенирлердің қандай түрі жоқ дейсіз?! Ван Гог шығармалары салынған сөмкелер, жейделер... тізіп тауыса алмайсың-ау.
Тоқтаңыз, енді туризмді дамытудың қырық түрлі айла-шарғысын ойлап тапқан бұл ел жалғыз голланд ірімшігінен табыс тауып отырған жоқ. Күніне миллиондап сатылатын жауқазындар мен оның тұқымдары, яки қызғалдақ бейнелі кәдесыйлар, оның ағаштан, матадан, қыштан жасалған түр-түрі көздің жауын алады-ау. Тіпті, селекцияланған жауқазын сұрыптарын санап тауысу мүмкін емес.
Ең қызығы, алдыңғы жылы Елбасының осы Нидерланд Корольдігіне ресми сапарында жауқазынның түп отаны Қазақстан екенін голландықтардың өздері мойындап, тіпті, гүлдің жаңа бір сұрыбын «Президент Назарбаев» деп атағанын білеміз.
Сол голланд ірімшігін қайта-қайта еске алуға түрткі болған – кәдімгі қазақтың құрты. Сол өзіміз қадірін біле бермейтін құрттың да түр-түрі бар емес пе?! Оны келістіріп дайындайтын, қолы тәтті апаларымыз жасаған қаймақтай құрттың дәмі ше?
Қазақтың құрт-ірімшігін жасаудың технологияларын жетілдіріп, табиғи өнім ретінде тарату талайдан бері көтеріліп жүр. Амстердамға барып, сүт өнімдерінен жасалған өз өнімдерімізді осылайша әлемдік деңгейде экспорттаса ғой деген арманымызды да ұмыта бастаған екенбіз.
Жуырда Алматы іргесіндегі Елтай деген ауылға қонаққа бардық. Үй иесі қонақ күте-күте әккі болғаны соншалықты, сірне, ет асу, бапталған қымыз құю сияқты қонаққа ұсынылатын ұлттық тағамдарды өнер деңгейінде көрсетті.
«Қазақтың дастарқаны міне, осындай!» деп шіркін шетелдіктерді осы үйге қонаққа шақырса ғой деп керсен кеселерге қарап қиялдап отырып, етпен бірге келген майда біркелкі, үлкендігі жасыл бұршақтай ақ кәмпиттерге көзім түсіп кеткені. Ыстық тамақпен тәтті әкелгені несі деп отырғанда, «жарты уыс кәмпитті» қонақтардың бірі сорпасына салып жіберді.
Сөйтсек, зауыттан шыққандай біркелкі бұршақ құрттарды осы үйдегі жеңгеміздің өзі қолы боста жасайды екен. Бір жағы ермек сияқты, бір жағы шаршағанымды осылай басамын дейді.
Ендеше, бізді таң-тамаша қалдырып, көз үйренген кәдімгі қарапайым құртты осылайша неше түрлі етіп жасап, тамаша қораптап, неге сатпасқа? Мәселенки, құрт дегенің ірімшік емес қой.
Мысалы, сол Амстердам сапарынан атышулы, ең мақтаулы деген ірімшіктердің бірнеше түрін әкелгенмін. Біріншіден, оны тоңазытқышта сақтамасаң, кейбір сорттары ұзақ шыдамайды. Ал енді көгерген ірімшікті біздің халық тіпті түсінбейді. Ешкі сүтінен жасалған түрлерін мақтасаң ғана жейді. Қысқасы, сонау жердің түбінен удай бағаға сарқыт деп сатып әкелген голланд ірімшіктерін сонша бағалай қойған адам болған жоқ.
Есесіне біздің қазекең қойдың сүтінен, сиыр сүтінен жасалған дәмі тіл үйіретін құрт-ірімшіктерді бірден айырады. Әрі құрт ұзақ сақталады.
Құрттың да неше атасы болатынын, тіпті, оның дайындау технологиялары әртүрлі болып келетінін де соңғы жылдары әлеуметтік желілерден байқап жүрміз. Әр өңірдің құрт жасау әдісі бөлек. Моңғолия қазақтарының құрттары тіпті тамаша. Осының өзі де құрттардың түр-түрін туристерге қалай жарнамаласаң да жетіп жатыр. Жолда қанша алып жүрсең де бұзылмайды, сарқыт деп салып берсең сасымайды. Таңсық ас, пайдалы тағам. Қандай сәнді түрін жасаймын десең де илеуге көнеді, қалыпқа илігеді.
Бір түйір құртты осыншама сөз етіп отырғанымыз, мына өмір бізге ештеңенің де ұсақ-түйегі болмайтындығын көрсетіп отырған жоқ па?! Ұлттық тағамдар да өзімізге ғана тән кәдесыйлар сияқты туризмнің бөлінбейтін бір бөлшегі.
Егер осы бір ой тамызық бір қазақ болмаса, келесі бір іскер қазаққа түрткі болып, табыс табудың кілтіне айналып жатса, қуанар едік.
Бір кезде қазақ даласынан тұқымын алып кеткен жауқазынды ұлттық тәбәрікке айналдыра білген голландықтардай құртты ұлттық брендке айналдыра алсақ, тіпті, құба-құп.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ