Сонау Африка құрлығындағы эфиоп елімен қазақты қандай қарым-қатынастар байланыстыруы мүмкін? Сауда-саттығы бар ма? Тайпалық қақтығыстарға белшесінен батқан Африкамен байланыс орнатқан қаншалықты тиімді?.. Сөйтсек, Эфиопия Африка құрлығындағы беделді мемлекеттердің бірі екен. Әлемдік қауымдастық оны сол аймақтағы держава ретінде қарастырып отыр. Осы уақытқа дейін аталған ел ешкімнің отарында болмаған. Биыл Қазақстан алғаш рет БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіне тұрақты емес мүше ретінде сайланса, Эфиопия осы мәртебеге үш рет ие болған. Бүгінде әлемдік державалар осы мемлекетке аямай қаржы салып отыр. Оның да өзіндік себебі бар. Қазақстан олармен бәсекеге түсе алмаса да, өз саясатын жүргізуге тырысып келеді.
Сөз басында Эфиопияның жер көлемі жағынан Африкада екінші, ал әскери күші бойынша Мысырдан кейінгі орында тұрғанын атап өткен жөн. Аталған мемлекет сыртқы саясатта «Ұлы Эфиопия» идеясын ұстанып, өзін «Африканың қозғаушы күші» ретінде мойындатып келеді. Ал елордасы Аддис-Абебаның құрлықтағы «дипломатия астанасына» айналғаны қашан. Осы уақытқа дейін сол жерде БҰҰ-ның халықаралық конференциясы өтіп, жыл сайын Африка одағының саммиттері ұйымдастырылып тұрады. Бұдан бөлек, эфиоп билігі бірқатар антитеррорлық шараларға қатысып, өзінің халықаралық беделін күшейте білді. Содан болар, Қытай, Түркия, Үндістан, АҚШ пен Еуропа одағы сияқты ірі инвесторлар еш қорықпай, Эфиопия экономикасына қыруар қаржы құйып келеді. Оған қоса, елдің халқы күн санап өсіп отыр. Бүгінде эфиоптардың жалпы саны 100 млн. адамды құрайды. Жыл сайын жергілікті демографиялық жағдайдың бір миллион адамға артып отырғанын ескерсек, сұраныс деңгейінің қаншаға артып жатқанын айтпай-ақ түсінуге болады.
Дегенмен, Эфиопия халқының 80 пайызы ауылды жерлерде тұрып, 30 пайызы кедейшіліктің шекті деңгейінен төмен өмір сүреді. Ол елде туризм кеңінен дамыған. Алайда шетелден келген қонақтар үшін уақыт санаудың мүлдем басқа жүйесіне үйреніп отыру қажет. Себебі, Эфиопия күнтізбесі әдеттегідей 12 айдан емес, 13 айдан тұрады.
Міне, осы мемлекетпен Қазақстанның сауда-саттық байланыстарын орнатқанына көп болған жоқ. АҚШ, Еуропа мен ТМД елдерімен дипломатиялық қарым-қатынасты бірден Тәуелсіздік алған жылдары орнатсақ, Африканың Эфиопия сияқты державасымен сауда-саттық байланыстар алты жыл бұрын ғана басталды. Бүгінде оның көлемі үлкен емес. Өткен жылы аталған көрсеткіш тек 73,1 мың долларды ғана құрады. Соның басым бөлігі – импорт, яғни біз көп жағдайда, Эфиопияның тауарларын тасымалдаймыз.
Қазақстанның Эфиопия Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Ерлік Әлидің айтуынша, бүгінде бізге эфиоп жерінен, көбінесе, гүл мен кофе өнімдері тасымалданады. Әзірше, ол жаққа сатылып жатқан қазақстандық тауарлар жоқ. Отандық кәсіпкерлер де Эфиопия экономикасына ақша салуға қорқақтайды. Алайда ірі державалар ақшаны аямай салуда. Қазақстандық елші оның да себебін түсіндіріп берді.
«Бүгінде Африкаға инфрақұрылымдық жобалар қажет. Ондай жобалар бәрібір ақталады. Оның пайдасы бірнеше есеге көп болады. Енді, бұл – тек инвестиция салу ғана емес, инфрақұрылымдық жобалар арқылы осы елдің табиғи ресурстарына қол жеткізудің бірден-бір жолы. Ал ол жерде ондай байлық баршылық. Бүгінде АҚШ, Қытай сияқты державалар табиғи ресурстарға қол жеткізуге тырысып жатыр. Себебі, соның барлығы – энергия көздері. Африкада ондай байлық көп. Сондықтан олар сол жерге инвестицияны аямай салуда. Негізі, жыл сайын Африка құрлығы 50-55 млрд. доллар көлеміндегі инвестицияларды қажет етіп отырады. Ондай ақша салынады да. Алайда тура сондай ақша сан алуан арналар арқылы АҚШ пен Еуропаның қаржы институттарына барып құйылады», – дейді елші.
Алдағы уақытта Қазақстан Эфиопияның экономикасына кірген ірі державалармен бәсекеге түсе алмаса да, екі жақты сауда-саттықты теңестіруге бар күш-жігерін салмақшы. Бүгінде біз ол жақтан гүл мен кофені көптеп алсақ, эфиоптар қазақтың жоғары сапалы астығына қызығып отыр. Алайда осы салада да өзара бәсекелестіктің бар екені аян. Жақында қазақстандық кәсіпкерлер Новороссийск порты арқылы астық тасымалдап көрген. Бірақ орыстар алдымен өз өнімін жіберіп отыратын көрінеді. Енді, Иранның Бандерабас теңіз портына үлкен үміт артылып отыр. Болашақта осы мәселе шешілсе, отандық астықты Қазақстан – Түрікменстан – Иран теміржолымен сол портқа дейін апарып, әрі қарай Джибути арқылы Эфиопияға жеткізуге әбден болады.
Арман АСҚАР
АСТАНА