Мамыр айынан күн санап көтеріліп келе жатқан «қара алтынның» құны аяқ астынан құлдырап, 1 баррелі 45 доллардан төмендеп кетті. Мұнай экспорттаушы елдердің бірі ретінде бұл бізді де алаңдататыны түсінікті. Мұнай бағасының тағы төмендеуіне не ықпал етті? Бұл біздің экономикаға қалай әсер етеді? «Қара алтын» бағасы жуық арада тұрақтауы мүмкін бе? Осы сауалдардың жауабын белгілі мұнай-газ сарапшысы,
«KazService» мұнай-газ компаниялары одағының алқа төрағасы Рашид ЖАҚСЫЛЫҚОВТАН сұраған едік.
– Рашид Хасенұлы, мұнай бағасының төмендеуі бұл жолы қандай жағдайға байланысты болды?
– Біріншіден, биыл АҚШ бұрғылау жұмыстарын күшейтті, өндіріс көлемін арттырды. АҚШ-та өндірілген көмірсутегі қоры біраз жиналып қалды. Екіншіден, жаздың соңына қарай мұнай өңдейтін ірі зауыттар жұмыстарын уақытша тоқтатып, өздерінің жөндеу сияқты ішкі жұмыстарымен айналысуға көшетіні бар. Яғни, шикізат өңделмеген соң, қор тағы көбейеді, бағаға ол да алдын ала әсер ететіні бар.
Үшінші себеп, қазір бірқатар мұнай экспорттаушы араб елдеріндегі әскери қақтығыстар саябырлады, бұл елдер соғыстан әбден қалжырады. Олар өздерінің мұнай секторын нығайтудың қамын жасай бастады. Ал Ливия, Сирия сияқты ірі мұнай экспорттаушы елдердің мұндай әрекеті бағаға әсер етпей қоймайды.
Тағы бір басты себептердің бірі – Ұлыбританияның Еуроодақтан шығуы. Британия мұнай секторындағы ірі ойыншылардың бірі ғой. Өңдеу, жаңа кен орындарын игеру сияқты жұмыстарда бұрын Еуроодақпен бірдей саясат ұстанса, енді олай емес. Меніңше, еуроның құлдырауы мен доллардың көтерілуі мұнай бағасына да әсер еткен сияқты. Өз басым осы төрт себепті атар едім.
– Мұнай бағасының құбылғаны Қазақстан экономикасына қаншалықты әсер етеді?
– Үкімет бюджетті жоспарлауда мұнай бағасына қатысты үш түрлі сценарий жасаған. Онда баға 30 доллардан төмендесе, 40 доллар шамасында болса және 60 доллардың төңірегінде болғанда қалай әрекет ету керектігі ойластырылды. Әрине, біз үшін 1 баррелі 50 доллардан асқаны өте тиімді. Кезінде 100 доллардың үстіне шығып кеткенде елімізде қандай ірі жобалар жүзеге асырылғанын, Ұлттық қор құрылғанын білесіздер.
Ал бір баррель 40 доллардан төмендесе, кен орындарын игеруші инвесторлар үнемдеу режіміне көшуі мүмкін. Үнемдеу режіміне сәйкес кен орындарын жаңғырту, ағымдық жөндеу сияқты өндіріске қосымша жұмыстар тоқтатылатын шығар. Дегенмен, өндіріс көлемі азаймайды деп ойлаймын. Ең бастысы осы.
Дағдарысқа қарсы күресте мұнайдан салық есебінде түсетін табыстың қаншалықты маңызды екенін білесіз. Дегенмен, баға қанша құбылса да, әлеуметтік салаға жұмсалатын қаражат көлемі кемімеуге тиіс. Қаржы тапшылығына қарамастан, мемлекеттік индустрияландыру бағдарламасы тежелмейді деген ойдамын.
– Жуық арадағы бағаның құбылуына қатысты жорамалыңыз қандай?
– Жуық арада баға тұрақтала қоймайтын сияқты. Әлі 2-3 жылға дейін құбылмалы болады, шикізаттың 1 баррелі 60 доллардан асса да жаман болмас еді. Бірақ одан төмендеп кетпесіне де ешқандай кепілдік жоқ.
Бағаға кері әсер ететін алғышарттар бар. Мәселен, жоғарыда айтып кеткенімдей, соғыстан шаршаған кейбір елдер мұнай секторын қайта қолға алып, бұрынғы нарықты қалпына келтіруге кірісуі мүмкін. Биылғы жылдың басында Иран күнделікті сұраныстан артық мұнай бере бастағанда, бағаның қалай құлдырағанын көрдік, Иран Ливия мен Сирияның бұрынғы нормасын осылай орындаған-ды. Қазір Ирак та экономикасын жандандырып, үлкен ойынға қайта араласуды жоспарлап отыр. Менің пайымдауымша, осы аталған факторлар мұнай бағасының жуық арада тұрақталуына мүмкіндік бермейді.
Арнұр АСҚАРОВ,
«Егемен Қазақстан»