Халқымыздың рухани бесігі атанған ауылдың негізгі ұйтқы-тірегі, тіршілік көзі атакәсіп – төрт түлік мал өсіру екенін бүгінде екінің бірі біледі деп айтуға болады.
Елімізде бұрынғы мемлекеттік ауылшаруашылық құрылымдары жекешелендіріліп, ауылда нарықтық экономика бел алған кезде отбасы деңгейінде мал өнімдерін өндірудің маңыздылығының да еселеп артқандығы жасырын емес. Бұған дәлел, бүгінде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары өміршеңдігі, тұрақтылығымен ерекшеленіп отыр.
Атап айтқанда, бұл шағын шаруашылық құрылымдары ауыл реформасы өтпелі кезеңінде, ауылдық елді мекендерде жұмыссыздық, кедейшілік келеңсіздіктерінің бел алуына да белгілі бір дәрежеде тежеуші күш бола алды, сондай-ақ, кейінгі әлемдік экономикалық дағдарыс зардаптарын да ауыл тұрғындары, басқаларға қарағанда, жеке шаруашылықтарының арқасында бәлендей сезіне қойған жоқ деуге болады.
Мемлекеттік статистикалық деректер бойынша, бүгінде елімізде ауылдық жерлерде 1,3 млн. жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары, барлық пайдаланыстағы ауылшаруашылық жерлерінің бестен бір бөлігін иеленіп, ауылшаруашылық өнімдерінің үштен екісін өндіреді екен.
Осыдан да болар, таяуда тағайындалған Ауыл шаруашылығы министрі А.Мырзахметов ауылдық өңірлерді аралағанда жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарына жаңа тыныс беретін іс-шараларды атқарудың қажеттілігін қадап айтқандай болды. Осыған орай бүгінде министрлік тарапынан бұл бағытта біршама іс-шаралардың атқарылып жатқандығы да қуанарлық жағдай. Дегенмен де, осы орайда, ауыл шаруашылығы саласының білікті бір маманның ертеректе айтқаны есіме түсіп отыр. «Бұрында қаншама өңірлік азық-түлік бағдарламаларын, есеп-қисап жұмыстарын жасап, текке әуре болыппыз, нарыққа өткелі бұл проблема тез арада шешілді емес пе, яғни бүгінде қай базарға барсаң да толып тұрған ет-сүт» деген еді ол. Демек, жоғарыда айтылған маңызды мәселені шешуге бағытталған іс-шаралар, әдеттегідей қағазбастылықпен, негізсіз бағдарламалар жасаумен шектелмей, қоғамдық пікірлермен, ғалым-мамандардың ұсыныстарымен санаса атқарылса екен деймін.
Сондықтан да болар, Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы және ауылдық аймақтарды дамыту институты, Шығыс бөлімшесінің 2015 жылдан үш жылдық ғылыми-тәжірибелік бағдарлама аясында еліміздің бір-бірінен табиғи-ауа райы жағдайларымен ерекшеленетін ауылдық аймақтарында жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары әлеуетін арттыру, оларды шағын, орта бизнес құрылымдары санатына трансформациялау мүмкіндіктерін анықтау бағытында атқарылған жұмыстар негізінде ой-пікірімді айтуды жөн көрдім.
Кеңес Одағы кезінде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары мемлекеттік шаруашылықтар еңбеккерлерінің қосымша табыс көзі болып, шаруашылықтардың да өнімдер өндіру жоспарына елеулі үлес қосып, олардың тарапынан айтарлықтай қолдаулар мен көмектерді иеленіп отырды. Ал бүгінде бұл саладағы жағдай мүлдем басқаша, яғни жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары өзімен өзі жеке-дара қалып отыр деуге болады.
Осыған орай, жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары келешегі туралы қоғамда қарама-қайшы пікірлердің де қалыптасып отырғаны рас. Атап айтқанда, біршама ғалым-мамандар шағын, қосалқы, отбасы шаруашылық құрылымдарының ауыл шаруашылығы өндірісінде маңыздылығы біртіндеп төмендей береді десе, басқалары, керісінше, олардың құрылымдық жүйелерін, шаруашылық жүргізу формаларын жетілдіру, еліміздің аграрлық секторында шағын, орта кәсіпкерліктің өркендеуіне бірден-бір жол ашатын мүмкіндік деп есептейді.
Бүгінде «жеке қосалқы», «отбасы» шаруашылықтары атаулары төңірегінде бірегей түсініктің қалыптаспай отырғандығы да кездейсоқтық болмаса керек. Менің ойымша, жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарын атауларына сай келетін мақсаттардағы кәсіптерімен айналысу тұрғысында анықтап, бағалау қажет. Осы екі шағын шаруашылық құрылымының бірегей кәсіптік саласын «жұртшылық шаруашылығы» деп атау да орынды деп ойлаймын.
Атап айтқанда, түрлі шағын ауылшаруашылық құрылымдары тауарлы өнімдер өндірумен де айналысатын болса, олар «жеке қосалқы шаруашылық», ал өндіретін өнімдері тек ішкі азық-түлік сұраныстары көлемінде шектелсе «отбасы шаруашылығы» санаттарына жатады. Әрине, іс жүзінде бұл екі құрылымның аражігін ажырату өте күрделі, көптеген қосымша шығындарды қажет етеді. Мысалы, өркениетті елдердің өзінде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары сияқты шағын ауылшаруашылық құрылымдарына олардың жалпы өндіретін өнімдері көлемінің шектеулілігіне байланысты мемлекет тарапынан бәлендей бақылау мен қолдау іс-шараларын атқару қарастырылмаған. Сонымен қатар, біздің елде жеке қосалқы, отбасы ауылшаруашылық құрылымдарының шаруашылық жүргізу формаларының шетелдердегідей экономикалық категориялармен емес, құқықтық негізде анықтау да, түрлі шағын ауылшаруашылық құрылымдары араларындағы жіктеу тетіктерінің нақты еместігін көрсетіп отыр. Бұл орайда, айқын ажырату критерийлері шаруашылықтың негізгі мақсаты, қызмет түрлері, жер, тауарлы өнім көлемдері, техникалық жарақтану, жұмыспен қамтылу, табыстылық деңгейлері болуы керек деп есептеймін.
Қалай болғанда да, нарықтық көпсатылы экономика жүйесінде шағын қосалқы, отбасы шаруашылықтары ауылшаруашылық өндірісінде өз орнын тауып, тұрақты, икемді шаруашылық жүргізу формаларының біріне айналатындығына күмән болмаса керек. Себебі, бүгінде елімізде ауылшаруашылық өндірісінің 70%-ға жуығын иеленіп отырған жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарының келешекте де түрлі құрылымдық жетілдіру іс-шаралары негізінде ауылшаруашылық өндірісіндегі үлес салмағының басым болатындығына сенім мол.
Ауылдық аймақтарда жүргізілген анкеталық сауалдамалар ауылдық елді мекендерде мал ұстамайтын (тауықтан басқа) отбасылар санының соңғы жылдарда өсіп келе жатқандығын байқатады, сауалнамамен қамтылған алты аудан ауылдық елді мекендері бойынша мал ұстамайтын отбасылар деңгейі орта есеппен 15%-ы құрады. Мысалы, дамыған елдерде, атап айтқанда, АҚШ елінде 4-5% ауыл халқы елді азық-түлікпен толықтай қамтамасыз етеді екен. Бірақ біздің еліміздің бұндай ауылшаруашылық өндірісінің инфрақұрылымы деңгейіне жету үшін әлі де ондаған жылдар керек, ең бастысы, біздің ауылдық аймақтардың табиғи, жер жағдайын, халқымыз әдеп-ғұрып, дәстүр менталитетін шетелдермен салыстыруға болмайды.
Сондықтан да, ауылда негізгі тіршілік көзі мал өсірумен айналыспайтын отбасылар санының өсу үрдісі жалғаса беретін болса, келешекте ауылшаруашылық өндірісі көлемінің күрт төмендеуі мен ауылдық елді мекендерде күрделі әлеуметтік қиындықтардың орын алуы әбден мүмкін.
Демек, шағын қосалқы, отбасы шаруашылықтары өндіріс өнімділіктері мен тиімділіктерін арттыру үшін не істеу керек деген сұрақ туындайды. Біздің ойымызша, бұл мәселеде ауыл тұрғындарының өнім өндіруге деген белсенділігін арттыру үшін, олардың сұраныстарына сай, құнарлы мал азығымен, тиісті жайылымдық жерлермен, өндірген өнімдерін тиімді бағаға өткізетін мүмкіндіктермен қамтамасыз етуде мемлекет тарапынан жанды қолдау жасалса жеткілікті деп айтар едік. Тәубе, бүгінде ауыл тұрғындары қанша бас мал ұстау тиімді болатынын, мал бастарын азықтандырып, күтіп-бағу ерекшеліктерін біршама игеріп қалды. Өкінішке қарай, бүгінде ауыл тұрғындары мал өнімдерінің 30%-ын ғана саудаға шығара алады, елімізде жаңа технологиямен салынған көптеген мал бордақылау, мал өнімдерін өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығына сай мал өнімдерімен қамтамасыз етілмей отырғандығы еш сын көтермейтін жағдай. Ал, шағын шаруашылықтары жалпы сүт өнімдерінің 15-20%-ын ғана өңдеу кәсіпорындарына өткізе алып отыр.
Елімізде сауын сиырдың жылдық сүттілігі орта есеппен 2200 кило. Бүгінде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары орталықтандырылған сүт қабылдау орындарына әрбір ауылдық елді мекендер бойынша орта есеппен 30-дан 300 килоға дейін өнім өткізеді екен. Демек, егер жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарынан сүт өнімін сатып алу ісін өз мәнінде ұйымдастырса, қазіргі жағдайдан екі есеге жуық көп сүт өнімдері ішкі азық-түлік нарығына шығады екен.
Сонымен, біздің атқарған ғылыми-тәжірибелік зерттеу жұмыстарымыздың бастапқы нәтижелері жоғарыда аталған іс-шараларды тәжірибеде балама екі жолмен игеруге болатындығын көрсетті. Біріншісі – ауылдық елі мекендер аумағында, таяуда қабылданған заң аясында ауылшаруашылық кооперативтерін құру, екіншісі жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтарын тауарлы өнімдер өндіруге ынталандыру шаралары арқылы ерікті түрде шағын кәсіпкерлік құрылымдар қатарына трансформациялау болып табылады.
Сонымен қатар, негізінен жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары есебінен жасақталатын ауылшаруашылық кооперативтерін құруды жекелеген өңірлер бойынша қанатқақты жоба ретінде атқарудың да маңызы зор.
Сондай-ақ, шағын қосалқы, отбасы шаруашылықтарын түрлі формалардағы шаруашылық құрылымдарымен (агрокомбинаттар, агрохолдингтер, кластерлік агрокешен) интеграциялау тәсілінің де тиімділігі зор. Мұндай жүйе бірінші кезекте олардың материалдық-техникалық жабдықталуында, өндірген өнімдерін өткізуінде қалыптасып отырған күрделі проблемаларды оңтайлы шешеді деп айтуға болады.
Ауылдағы қосалқы, отбасы шаруашылықтарының тиімділіктерін арттыруда жергілікті атқарушы биліктің де ынталылығын ескеру керек. Сондықтан да, жергілікті жерлерде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары жағдайын тұрақты бақылауда ұстау, қажет жағдайларда жанды көмектер көрсету үшін, әсіресе, олардың өндірген және өткізген өнімдері көрсеткіштері міндетті түрде мемлекеттік статистикалық есеп жүйесіне енгізу, ауылдық, аудандық атқарушы органдар деңгейінде жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары бойынша негізгі деректер базасын қалыптастыру шараларының да берері аз болмас еді. Басқасын айтпағанда, бұл жағдай өз кезегінде аталған шағын ауылшаруашылық құрылымдарына мемлекеттік қолдау мен несиелеудің тиімді жүйелерін қалыптастыруға оң әсер ететін болады.
Сонымен қатар, жоғарыда баяндалған маңызды шаралардың атқарылуы мен тиімділігі көптен талқыланып, жолы болмай келе жатқан «Жергілікті өзін-өзі басқару» және «Жеке қосалқы, отбасы шаруашылықтары» туралы заңдардың қабылдануына да байланысты болмақ. Атап айтқанда, бұл заңдар аясында жергілікті атқарушы биліктің құзыреттілігі, жеке қосалқы, отбасы шаруашылық құрылымдарының да жекелеген ерекшеліктері нақтыланып жоғарыда аталған іс-шараларды дәйекті, нәтижелі атқаруға жол ашар еді.
Кәкімжан САРХАНОВ,
Қазақ аграрлық-өнеркәсіптік кешенінің экономикасы
және ауылдық аймақтарды
дамыту ғылыми-
зерттеу институты
Астана филиалы директоры