29 Шілде, 2016

Мұқашыда форель өсіріледі

588 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
DSC00271 Форель – лосось тұқымдас,  еті ақ, қызыл, сарғылт түстес, адам ағзасына аса пайдалы, теңіздер мен өзен-көлдерде өсетін, қымбат дәмханалар мен мейрамханаларда пайланылатын балық. Бұған дейін шығыста форель балығын өсірумен бірде-бір мекеме шұғылданбаған. Таяуда Зайсан ауданында іссапарда болған кезімізде балықтың аса қымбат түрін Қарабұлақ ауылының Мұқашы телімінде өсіре бастағанын, енді бірер айдан кейін ол сауда орындарына жөнелтілетінін естіп, бірден атбасын балық өсіріп жатқан азаматтарға қарай  бұрдық. Қолдан жасалынған, қаз-қатар тізілген бетон науаларда форель балығы бірін-бірі қуып асыр салып жүр. Үлкендігі 30 сантиметрге жететін форель енді екі айдан кейін сауда орындарына жөнелтіле бастамақ. Форель зауытының директоры Ернар Кәрібаев көп сөзге жоқ, тұйық азамат екен. – Алматының жанындағы Талғар ауылында Асхат деген аза­­мат форель балығын бірнеше жылдан бері өсіріп, мейрамханалармен және дәмханалармен келісімшартқа отырып, саудасын шалқытып отыр. Форельге сұраныс үлкен, себебі, балықтың бұл түрінде адам ағзасына аса пайдалы А,В,С дәрумендері өте көп. Форельді суға пісіріп немесе қуырып жеуге болады, дәмі тіл үйіреді. Бұдан бір жыл бұрын алматылық іскер азаматтардың қолдауымен Мұқашыда форель балығын өсіруді қолға алдық. Алматылық фирма қаржылай көмек жасады, еңбек етіп жатқан 8 азамат ай сайын 70-80 мың теңге көлемінде жалақы алуда. Оны алматылықтар төлеп жатыр. Форель Алматыдан әкелінген акважемді ғана жейді, өсіруге қолайлы, – деді Ернар ініміз. Ербол Әбенов деген балық өсіріп жатқан азаматпен тіл­дестік. Ол қолындағы торға  балық­тарды толтырып алып бізге көрсетті. Сырты бірнеше түске енген форельдер ау ішінде секіріп, ойнақшып, айналасы бір минөт өткенде өліп қалғандай сұлық түсті. Біздің тіксініп қал­ғанымызды аңғарған Ербол сасатын емес, бір балықтың басын шертіп қалып еді, ол қайтадан тіріле салды. Қалған балықтарды суға жібергені сол еді, олар да жан­данып кетті. Табиғаттың бұл құбылысына таңғалдық. – Қазір Зайсан ауданында 80-нен астам мейрамханалар мен дәмханалар бар. Кәсіпкерлікпен шұғылданатын азаматтардың форель балығына тапсырыс беретіні сөзсіз. Өскемен мен Семейден қазірдің өзінде тапсырыс түсе бастаған сыңайлы. Бақасу ауылы­ның маңында бірнеше азамат сазан балығын жасанды көлде өсіріп жатыр. Ол да бірер айдан кейін саудаға түспек. Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында шағын және орта кәсіпкерлікке қолдау көрсету жөнінде нақты тапсырма берілген. Ауданда екі мыңға тарта адам кәсіпкерлікпен шұғылдануда. Оларға аудан әкімі Темірбек Қасымжанов көмек көрсетуде, – дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы З.Дүйсембаева. Зайсанның форелі өңірдің басқа елді мекендерінде өсіріле бастаса жаңадан ондаған адам жұмыспен қамтамасыз етілер еді, деген ойда қалдық.  Оңдасын ЕЛУБАЙ Шығыс Қазақстан облысы, Зайсан ауданы