29 Шілде, 2016

Маңдайлы ақын Маралтай

548 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
290716-akin Маралтай... оның әр жаңа өлеңі шыққанда қара нөсер сабалаған тұңғиық түнде жарқ ете түскен найзағай секілді, мені оқыс елең еткізеді. Мұндай сезім менде сирек... өте сирек кездеседі. Себебі, ақын көп, өлең де көп, соның бәрі тып-тыныш булығып жүрген марғау көңілді қозғай берсе, қане? Маралтай жап-жас ғұмырында: Аядай ғана айналып болмас жасымда: Түлкіні көргем мәз болып күлген миықтан, Қаншықты көргем қорқауларменен ұйыққан, Қартайған шақта қиядан құлап өлетін Қыранды көріп, көзінен сұмдық күй ұққам. Бұлбұлды көргем көкектер үшін ұялған, Есекті көргем тұлпардан озып сый алған. Мегежін көргем ақылды туған бірегей, Қарызға сұрап тауықтан титтей ми алған. Борсықты көргем қарны мен мойны бір біткен, Қанденді көргем пілдерді үріп үркіткен. Күлейін десем, көзімнен қаным тамады-ау, Қарғалар әлі ойнап жүр көкте бүркітпен, – деп жүрегі талықсып, қаны қарайып, ақша мен боқ дүниеге арын сатқан тоғышар қоғамнан торығады уһілеп. Ал, мен болсам, Карл Маркстің: «Они (деньги) превращают верность в измену, любовь в ненависть, ненависть в любовь, добродетель в порок, порок в добродетель, раба в господина, господина в раба, глупость в ум, ум в глупость... Они представляют собой всеобщее смещение и подмену всех вещей, то есть мир навыворот, перетасовку и подмену всех природных и человеческих качеств!» – дейтін сөзін қанымды ішке тартып, сұрланып отырып еске алам. Карл Маркс осы ойын «ақша билеген қоғамда бәрі сатылады, бәрі сатылып алынады» деп күңірене толғайды. Бүгінде осы сөзді тек ақындар ғана... көп ақыннан болмысы бөлек Маралтай айтып жүр. Жұдырықтай жүрегі қансыраған қоламта, талықсытқан наз-нала, өзегін өртеген зар-запыран... тұрлаусыз дүниені быт-шыт қылғысы келеді, дәрмені жоқ. Сөзін ұғар кімі бар? Ар-ұждан тапталып жатыр. «Бал» деп ішкені «у» болып шығады. «Таң» деп құшақ жайғаны «қап-қара» түнек түн. «Гүл» деп еміренгені бетін жыртқан «тікенек». «Тау» деп жүргені әншейін бір «төбешік». «Елім» деп кеуде қаққандар қарақан басы мен мансабының құлы. Ал бұл Маралтай болса: А, дариға, Батар Күнге бататын, Ант етейін атар таңға ататын. Күллі Әлемді тізерлетер алдыңа – Мына Менмін, айналайын, Отаным!   Қатер төнсе қазақ дейтін ұлысқа, Қаламымды айырбастап қылышқа, Сенің қаның менің қаным болған соң, Ең бірінші мен кірермін ұрысқа.   Мен туғанмын – Ер Мұхаммед өлген күн. Мен болмасам, жүрегіңді емдер кім?! Хақ Мұхаммед айтып кеткен кешегі: Келеді деп… Келген ақын, сол – Менмін! – деп дүн-дүниенің иесі өзі секілді, бәр-бәрін елең еткізіп, дананы да, шаланы да ойландыра табындырып, жан-жағын қағып-сілкіп, дүр сілкіндіреді. Тек... тек қана жалын шарпыған өз аузына қаратады. Құр әшейін қосақта жүрген көп ақынның бірі болса, оған ешкім де қарамас еді, не десеңіз де, бұл Маралтай жарық дүние, адамдар назарын өзіне бұлтартпай бұрып отыр, еріксіз. Осы айбыны, осы қайратымен: Бір ғажап рух ғарыштан келіп, Дұшпанмен бабам алысқан дедік. Сүйемдей жерге сүйегін берген Арыстар туып, намыстан өліп.   ...Тарпаң тұлғалы, кісі бейнелі Бабалар бүгін түсіме енбейді. Солардан қалған жүрек қой мынау – Жүрегім неге кісінемейді? – деп рухты демеп, осы рухпен «қой үстінде бозторғай жұмыртқалаған» алтын заманды жайнатқысы келеді. Осылайша булығып, өз ділімен өзі арпалысып, бейопа жалғаннан өз орнын тапқысы келіп, ғазиз басын тауға да, тасқа да соғып: Мендей-ақ сүйсін, қоғамын сүйсе кім егер, Қоғамың азса, айтпай-ақ бәрін біле бер. Құдайдың, әттең, қуаты жоқ қой қолымда, Пенденің бәрін пайғамбар етіп жіберер, – деп  дауылды күні аспанды теуіп, күркіреген Күнге дүлей аккордтарын жалғап жіберген Бетховен секілді бұлқан-талқан боп бүлінеді. Осы бір сөздеріне қарап, Маралтайды өзінен бұрынғы ешбір ақынға шәкірт еткім келмейді. «Менмін» дейтін ақынның көлеңкесіне зәру де емес. Өз болмысымен туа салған бір бітім. Сүлеймендей аң мен құсқа зар айтып, Өз басымды өз жырыммен қарайтып, Опат болып оты сөнген ғаламдай, Жанға дәру бір сәулені таба алмай. Ойларымды жинай алмай шашылған, Мен Уақыттың өтіп барам қасынан, – деп, өз мезгілінен озып бара жатқан сирек құбылыс ол. Маралтайдың ділі мен діті мына бір жайды еске түсіреді: Он бес-он алтыға енді ғана іліккен Бетховен сол кездерде атағы жер жарған Моцартқа келіп: – Сізден дәріс алам! – дейді, еш бүгежектеп, қымсынбай. Моцарт тәкаппар мінезбен: – Импровизация жасап көрші, – дейді, онша менсініңкіремей. Бетховен ай-шайға қарамай рояль клавишасын судай сапырып, ағыл-тегіл әуез төккенде, өзін-өзі тоқтата алмай, аласұра шалқиды. Импровизацияда ешкімге дес бермейтін Моцарт есі шығып, оның асау арынын зорға... зорға тежейді. Кейін Моцарт симфонияның ұлы атасы Гайднға: – Мына Бетховен дүниені таң-тамаша қалдыруға келіпті! – деп жағасын ұстап, табына сөйлепті. Бүгінде сол Бетховен Гайдн, Моцарт симфонизмін классиканың экстазына көтерген жалғыз құдірет! Маралтай да мына дүниені таңғалдыруға келіпті. Оның: Құдай – Көкте, Мен – Жердемін, Жердегі – Қаламымда тағдырымның кермегі. Маңдайыма тұрып қалған ағып кеп Ғасырлардың айғыз-айғыз өрнегі. Кермегінде кешегімнің зәрі бар, Өрнегімде өмірімнің зары бар. Боздар болса, мен боздайын ботадай, Жүрегімде аруана елдің қаны бар, – дейтін сөзін қай ақын айтып көрді екен? Өзі жаза алмаған осы сөзді Маралтайдың өзіне қимай, небір ақын ішқұса боп жылаған да шығар ішінен. Бұл – сол Маралтай! Поэзия кеңістігінде жанып тұрған бір жұлдыз – осы Маралтай! Сонау Гете мен Мақтымұлы, Лермонтов пен Абай, Қасым мен Мұқағалилар «айтсам» деген кей сөзді Маралтай айта алатын секілді. Бұл оған Тәңір мен Тағдыр аманаты! Маралтайдың жүгі жеңіл жүк емес, өте... өте ауыр жүк. Көретін мехнаты мен азабы да алда әлі. Бетховен: «Қасірет кеп есігіңді қақса, есігіңді аш та, жағаласа түс! Қалайда жеңіп шық!» – дейді. Осы мінез Маралтайда да бар. Шегінбейді. Жеңіле қоймайды. Берілмейді де. Тәні әлсіресе, рухы зор. Бетховен екеуі жарық дүниені таңғалдыра, табындыра келген бір болмыс! Олай болса, қалың қазағына, қабырғалы оқыр­манына жастайынан сүйікті ақын болып, Марал­тай атымен танылған қазіргі қуаты кемел, шырақ­ты шайырымыз Маралтай Ыбыраевтың «Қаратау ғазалдары» жыр жинағы әдебиет саласын­дағы елі­міздің ең жоғары марапат-сыйлығына әбден лайық­ты деп санайтын абзал пікірімді қосамын. Ақ жол, айналайын!.. Ілия ЖАҚАНОВ, жазушы, сазгер