29 Шілде, 2016

Әулеттің еңбек өтілі – 440 жыл

375 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Мерей Шаңырақта 27 немере, 40 шөбере өркендеп өсіп келеді Жеңімпаздарды марапаттау рәсімінде облыс әкімінің орынбасары Жандос Әбішев биылғы жылғы байқауда бақ сынауға өңірдегі 255 отбасының ниет білдіріп, өтінім түсіргенін айтты. Олардың арасында түрлі ұлттың өкілдері, көп-балалы отбасылар мен кеше ғана шаңырақ көтерген жастар, неше түрлі мамандық иелері болған. Жалпы, жеңімпаздарды анық­тау барысында конкурстың қала­лық және аудандық комиссиялары отбасылық дәстүр, рухани-адамгершілік құндылықтар, отбасы мүшелерінің таланты мен қол жеткізген табыстары, сонымен қатар, шаңырақтың қоғамдағы абырой-беделі сынды маңызды көрсеткіштерге баса мән берген. Ұлттық конкурстың өңірлік кезеңінің қорытындысы бойын­ша жүлделі үшінші орынды Нұ­ра ауданы атынан бақ сынаған Қапаровтардың көпбалалы отбасы мен Саран қаласынан қатысқан Жаяубаевтар отбасы өзара бөлісті. Екінші жүлдеге Қарқаралы ауданында тұратын Сыздықовтар отбасы лайықты деп саналды. Бұл шаңырақтың мүшелері шетінен музыкант, білім беру саласының үздіктері екен. Екінші және үшінші жүлдеге ие болған отбасыларды байқауды ұйымдастырушылар арнайы дипломдармен марапаттап, сыйлыққа теледидарлар табыс етті. Ұлттық байқаудың бірінші жүлдесін Раковтардың спортшылар отбасы жеңіп алды. Бұл шаңырақта дзюдо күресі бойынша Қазақстан және әлем чемпиондары бар. Осы отбасынан шыққан әлем чемпионы Максим Раков қазіргі уақытта Рио-де-Жанейро қаласында өтетін Жазғы Олимпиада ойындарына қызу дайындалып жатыр. Ал облыстық «Мерейлі отбасы» сынының бас жүлдесі Жез­қазған қаласының жұлдызы жанған шаңырағы – Мейрамовтар әулетіне бұйырды. Мейрамовтар үш буынында металлург мамандығына қатысы бар әулет екен. Олардың жал­пы еңбек өтілі 440 жылды құрай­ды! Шаңырақтың тірегі мен негізін қалаушы Оразалы Мейрамұлы – КСРО-ның Құрметті металлургі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлы­ғының лауреаты, Ленин және Еңбек Қызыл Ту ордендерінің иегері, Жезқазған қаласының Құрметті азаматы. Отағасы өзінің еңбек жолын Қарсақбай кенішінде бастаған екен. Одан кейін Жезқазғанға ауы­сып, мыс құю зауытының домна пешінде 36 жыл, зейнет демалысына шыққанға дейін үздіксіз еңбек еткен. Қазіргі таңда ақсақалдың жасы 80-нен асқан. Әлі тың, қалалық іс шараларға қатысып, мектептерде өтіп тұратын кездесулердің құрметті қонағы болып тұрады. Ақсақалдың зайыбы Есенкүл Ибрагимқызы болса, «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері, тоғыз баланы  тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Бұл кісі де металлургия саласында, күкірт-қышқыл цехында 30 жылдан астам жұмыс істепті. Бүгінгі таңда бұл отбасының ересек мүшелерінің түгелге дерлігі металлургия саласында еңбек етіп жүр. Бақ қонып, береке-бірлігі жарасқан шаңырақта 27 немере, 40 шөбере өсіп жатыр екен. Байқауды ұйымдастырушылар жеңімпаз отбасын «Жартас» шипажайында жаймашуақ демалуға мүмкіндік беретін жолдамамен марапаттады. Енді металлургтер әулеті Мей­рамовтар «Мерейлі отбасы» ұлт­тық конкурсының республи­калы­қ кезеңінде Қарағанды облы­сының намысын қорғайтын болады. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ