...ризашылық білдіреді
Оқырманға қуаныш сыйлады
Ауыл-аймақ баспасөзге жазылып отыруды еш ұмыт қалдырған емес. Бүгінгі таңда аз ба, көп пе Ақжайық ауданының тұрғындары 1300 данаға жуық «Егемен Қазақстан» газетін жаздыртып алдырады. Өңірде басылым оқырмандарының саны артып келеді, өйткені басылымның тұрақты болуына жанашырлар аз емес. Биылғы жылдың екінші жартысынан бастап аудан орталығы Чапаевтағы мүмкіндігі шектеулі 15 адам еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстанды» тұрақты оқу мүмкіндігіне ие болды. Оларға бұл қуанышты сыйлаған «Москвич» жанар-жағармай бекетінің директоры Исатай Мұқанғалиев есімді азамат. Ол өткен қасиетті рамазан айының құрметіне оқырмандарға «Егеменге» жазылуды өз есебінен өтеп берді.
Болат ЕСҚАЛИЕВ
Батыс Қазақстан облысы,
Ақжайық ауданы
...өтініш жасайды
Қайраткерге ескерткіш қойсақ деп едік...
Мемлекет қайраткері, Социалистік Еңбек Ері, білікті басшы Еркін Нұржанұлы Әуелбековтің есімі көкшеліктер жадында. Ол Көкшетау, Торғай, Қызылорда облыстарын басқарған кезде өңір тіршілігіне жаңа леп, жылы шырай келгенін жұртшылық жақсы біледі. Еркін Нұржанұлының қажыр-қайратымен тұрғызылған ғимараттар, тұтас тұрғын үй аудандары, әлеуметтік-тұрмыстық, мәдениет ошақтары әлі күнге көз қуантады. Біздің парызымыз – өз Отанына, халқына шексіз сүйіспеншілігін арнаған қайраткердің ұлы мұраттарын болашақ ұрпаққа жеткізу.
Бұл орайда оның туған қаласы Көкшетауда еңселі ескерткіші немесе бюсті тұрғызылатын уақыт жетті деп есептейміз. Бірақ, ел тілегі орындалуы кешеуілдеп барады. Ақмола облысы әкімдігінің жанындағы тарихи-мәдени мұраларды қорғау мен пайдалану комиссиясы мәжілісінің 2011 жылғы №11 шешімімен 2015 жылы, яғни, Е.Н.Әуелбековтің туғанына 85 жыл толуына байланысты ескерткіш (бюст) ашылуы жоспарланған болатын. Биыл облыстық «Ел бірлігі» қоғамдық бірлестігі осы мәселемен Мәдениет және спорт министрлігіне де хат жолдады. Қаржыландыру мәселесін ардагерлер өз мойнына алады, ескерткіштің эскизі бекітілген. Тек, жергілікті биліктен оны орнататын жер телімі бөлінуін сұраймыз.
Ардагерлер атынан –
Көкшетау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы
Шиап ӘЛИЕВ
...алғыс айтады
Шипагер шапағаты
Мен Ақтерек орта мектебінде қырық жыл ұстаздық қызмет атқарып, шәкірт тәрбиелеу ісіне үлесімді қосқан ардагер ұстазбын. Еңбегім еленіп, «Білім беру ісінің үздігі», «Үздік еңбегі үшін», «Еңбек озаты» медальдарының иегері атандым. Қолыма қалам алғандағы мақсатым – халықтың ыстық ықыласына бөленіп, бүгінде денсаулық күзетінде жүрген абзал да қайырымды мамандық иелеріне өз алғысымды білдіру еді.
Онша-мұнша ауруға дес бермейтін едім, бірде аяқ астынан дене қызуым қатты көтеріліп жатып қалдым. Ондайда ауруға араша тұрар дәрігерге жүгінеріміз хақ. Содан ауылдағы дәрігерлік амбулатория медбикесі Алтынкүл Мұхамедқұлқызы мен терапевт-дәрігер Алик Серіковке келгенімде, дереу тексеріп, сырқат түрін өкпеге суық тиген деп анықтап, жедел аудан орталығы Ұзынағашқа алып келді. Онда аудандық аурухананың бас дәрігері, облыстық мәслихаттың депутаты Доғдыргүл Молдахалықова басқаратын дәрігерлер ұжымы қабылдап, ем-домдарын жасады. Ауырып тұрдың, аунап тұрдың деген, он күннің ішінде сырқатымнан айығып үйге шықтым.
Қашанда жақсының жасаған жақсылығын айтқан ләзім. Өзімнің сүйіп оқитын «Егеменім» арқылы Орталық емхананың меңгерушісі, жұқпалы аурулар дәрігері Гүлнар Ешетаеваға, терапия бөлімінің меңгерушісі Айгүл Қойайдароваға аналық алғысымды білдіргім келеді.
Күлән ИБРАГИМОВА,
зейнеткер ұстаз
Алматы облысы,
Жамбыл ауданы
...мақтан тұтады
Бізде бәрі бар
Шалқар ауданының Мөңке би ауылының тұрғындары «Бізде бәрі бар» деп мақтанады. Мақтанса мақтанғандай, аудандағы ауылдардың арасында алғашқы болып көгілдір отынның қызығын көрді. Жері шүйгін, суы мол. Су демекші, бастауын Мұғалжар тауынан алып, Шалқар көліне құятын Қауылжыр өзені ауыл іргесінен өтіп жатыр. Биыл балық көп дейді. «Көптігі сондай, қолмен ұстап жағаға лақтыра береміз», – дейді ауылдың айтқыштары.
Ауыл дүкендерінде қажетті заттың бәрі бар. Тұрғындардың түрлі тойлары үшін кәсіпкерлер Князбаевтардың кең тойханасы дайын. Қоғамдық монша тұрғызған Елеген Тасановқа тұрғындар дән риза. Монша қызметі зейнеткерлер үшін тегін болса, Б.Рымбердиеваның тігін цехы да көңілден шығып отыр.
Ауыл адамдарының тұрмыс жағдайының жақсарғандығының белгісі болар, қызыл, сары кірпіштерден биік үйлер салу, аулаларын түрлі-түсті қымбат материалдармен қоршап, әдемі қақпалар орнату сәнге айналған.
Бердібай КЕМАЛ
Ақтөбе облысы
...әсерімен бөліседі
Сөз қадірі қашанда қымбат
Бүгінгі күн – ертеңгі тарих. Тарих қойнауына енген тұлғаларымызды халыққа танытып, артта қалған мұрасын көпшілікке таныстыру – осы бір қызығы мен шыжығы көп журналистика саласының еншісіне тиері анық. Жалпы өнер адамдары, ұлт жанашырларының тағдыры мен шығармашылықтарын оқырманға, көрерменге жеткізе білу – журналистің қабілет-қарымына байланысты болса керек.
«КТК» телеарнасы ұсынған «Жүрекжарды» бағдарламасы сүттің қаймағын қалқып алып, мәйегін сығып көрерменге тарта білген туынды. Көгілдір экрандағы мәнсіз-мағынасыз шоулардан гөрі, осындай сүбелі қазақи бағдарламалар қажет-ақ. Әдемі әуез, сұлу сөзбен көмкерілген бағдарламаны жүрегің елжіреп тыңдамау мүмкін емес. «Жүрекжарды» – ұлт руханиятының алыптары Қ.Мырзалиев, Ә.Кекілбаев, Ә.Нұршайықов, Т.Молдағалиев, Ш.Мұртаза, Қ.Жұмаділов, Д.Исабеков сынды тұлғалармен қатар өнерде, театр сахнасында, кино саласында ойып тұрып орын алған А.Әшімов, Тұңғышбай әл-Тарази, С.Оразбаев, С.Мерекеұлы, Д.Жолжақсынов сияқты тамырын тереңге жайған алып бәйтеректермен таныстырған туынды.
Сөз қадірі қашанда қымбат. Бағдарламаның ерекше тұсы – адам өмірін көркем картина іспеттес суреттеуінде және поэзиямен ұштастыра білуінде.
Айман МҰҚЫШОВА
Шығыс Қазақстан облысы