04 Тамыз, 2016

Алаштың айбыны

647 рет
көрсетілді
16 мин
оқу үшін
20160729_095305-2 Қарқарада ұлан-асыр той өтті Қазақстан Тәуел­­сіз­дігінің 25 жылдығы қарсаңында Ұлы Даладағы осынау ұлт-азат­­тық көтерілісінің 100 жыл­дығы Райымбек ауданында аталып өтті. «Тарихқа тағзым» атты ауқым­ды шара аясында аудан орта­лығы Кегендегі күрежол бойын­дағы ес­керт­кіш белгіде доға тәрізді та­қырыптық бес барельеф орнаты­лыпты. Онда қазақ хал­қының мамыражай заманы, ақ патшаның жар­лығымен қара жұ­мысқа жегу үшін әскерге адам алуы­на қарсы наразылық, патша жендеттерінің салған ойраны, 1986 жылғы оқиға және Тәуел­сіздік аясындағы өмір бейнеленген. Сынтастың биіктігі – 17 метр, барельеф тақтаның ұзындығы – 32 метр, биіктігі – 4,5 метр гранит тас. Негізі, бірінші дүниежүзілік соғысқа орай 1916 жылы 25 маусымдағы ақ патшаның қара жұмысқа қазақ даласынан, Орталық Азиядан және ішінара Сібірден 19-43 жас аралығындағы ер аза­мат­тарды шақыру жөніндегі жар­лығы көтерілістің шығуына түрт­кі болғаны мәлім. Тарихи дерек­терге жүгінсек, Қазақстан мен Орталық Азиядан 400 мың, соның іші­нде Жетісудан – 87 мың адам шақы­ры­лыпты. Тосын әрі жайсыз хабар бұрынғы Жетісу облысының Жар­кент уезіне қарайтын Ұлы Жібек жолы бойындағы әйгілі халық­­ара­­лық жәрмеңкеге де жетеді. Хан­тәңі­рі­нің етегіндегі Қарқара жай­лауындағы 16 болыстан тұратын албан руының Жәмең­ке қария, Ұзақ батыр және Тұрлығожа, Әубәкір, Жаңабай, Серікбай баста­ған ел ағалары дереу жиналып, патша жарлығын орындамауға баталасады. Арада он күн өткенде казак-орыс жасағы «Ереуілтөбеде» болған­дар­ды түгелге жуық тұтқындап, Қара­қол қаласындағы түр­меге қамайды. Түрме басшылары ереуілші­лер­дің ақылгөй ақсақалы Жәмеңке Мәмбетұлын у беріп өлтіреді. Қалған тұтқындар Қарақол уезі басшысының бұйрығымен 8 тамыз күні атылады. Көтерілісшілердің бір то­бы Қай­қы асуында жазалау­шылар қолынан мерт болады. Бірақ, жазалау шаралары көтерілісті бірден баса алмайды. Тамыздың ортасына қарай Жаркент уезі толық көтеріледі. Көтерілісшілер 11 тамызда Жа­лаңаш стансасын басып алып, қоныс аудару басқармасының қыз­­меткерлерін және бірнеше адамын өлтіреді. 16 тамызда Мо­най Ұзақбайұлы басқарған топ Қарқара жәрмеңкесін басып алады. 15 қыркүйекке дейін На­рынқол – Шарын приставына қарайтын өңір көтерілісшілер қолында болады. Верный уе­зіне қарайтын Қызылбөрік болы­сының тұрғындары да атқа қонып, 3 тамыз күні Асы жайлауында уезд бастығының көмекшісі бас­қарған жазалаушыларды Вер­ныйға қуып тығады. Жетісу облысының бес уезінде 84 854 түтін болса, көтерілістен кейін 53 мың ғана түтін қалып, 31 854 тү­тін жойылады немесе Қытайға ауып кетеді. Мұрағат деректері бойынша Қарқара көтерілісі кезінде Жетісудағы қазақ пен қырғыздардың жүзге жуық елді мекені жазалаушылардың шабуылына ұшырап, 373 үй өртенген, 1905 адам оққа ұшқан, 684 адам жараланып, 1105 кісі тұтқындалып, кейіннен із-түзсіз жоғалған. Ал патша жазалаушыларынан небәрі 171 адам ғана шығын болған. Мұхтар Әуезовтің «Қилы заман» повесіне арқау болған әйгілі Қарқара көтерілісін есте қалдыру мақсатында 1926 жылы Ораз Жандосов, Ыдырыс Көшкінов, Әубәкір Жүнісовтердің бастамасымен қарулы әскердің қолынан шейіт болған Алаштың аяулы перзенттері – аталарымыз бен аналарымызға, нақақтан қы­рылған бала-шағаға арнап тас үй­іп, оны «Ереуілтөбе» деп атайды. Осынау тарихи маңызы зор шараға жетісулықтар жан-жақты дайындалыпты. Райымбек ауданының орта­лығында елге белгілі азамат­тар Алтынбек Қоразбаев, Жақ­сылық Үшкемпіров, Райымбек ауданының әкімі Жанат Тәжиев бастаған дүйім жұрттың алды­на әуелі Алматы облысы әкі­мінің орынбасары Бақтияр Өнер­баев шығып: «Қарқара – Ереуіл» қорының бастамасы­мен салынған осынау тарихи ескерткіш Тәуелсіздікке тал­пын­­ған бабаларымыздың рухына құрмет деп білемін. Жердің бүтіндігі, елдің амандығы үшін жан­дарын пида еткен бабалар рухына тағзым ету бүгінгі ұрпақтың бір парызы. Алаштың айбынын танытқан Қарқара көтерілісінде мерт болған бабаларымыздың есімін ардақтап, лайықты құрмет көрсету мақсатында Нарынқол – Қарқара жол айрығында бұл нысанның бой көтеруі тегін емес. Ол ел тарихынан ерекше орын ал­­ған елеулі оқиғаның белгісі іспетті. Авторлар ескерткіштегі та­­қы­рыптық барельефтерге қазақ тарихының бүгінгі тәуелсіздікке дейінгі сан сала сипатын сыйғыза білген. Ескерткішті орнатуға де­меушілік жасаған «Қарқара – Ере­уіл» қоғамдық қорына және соған өз үлесін қосқан барша аза­маттарға ризашылығымызды білдіреміз. «Қолы ашықтың – жолы ашық», – дейді дана хал­қымыз. Жанболат Жөргенбаев бастаған азаматтар – Жетісу­дың ғана емес, бүкіл қазақтың қам­­қор­шылары. Сіздердің бұл бас­тамаларыңыз жастарға үлгі-өне­ге! Арғы ата-бабаларымыз жас өренді елін, жерін сүюге үндеп, ұлттық салт-дәстүрмен сусындатуды мақсат еткен. Сол рухани үндеу бүгінгі күнге жеткізді. Елбасы: «Отанымыздың бақытты болашағы тек бірлікте», – деген. Ендеше, осы бірлігімізден айырмасын. Осыдан 100 жыл бұрын бол­ған Ереуіл төбе­дегі оқиғаны ұмытпай, тәуел­сіздігіміздің тұ­ғырлы болуын паш ететін бұл ескерткіш баршамыздың тәу ете­тін киелі орынға айналады деп се­немін» деді өңір басшысының орынбасары. Келесі кезекте театр жампоздары Асанәлі Әшімов, Есмұхан Обаев тарихнамадан сыр тарта сөйлеген соң, осы ауданның құрметті азаматы Совет Оразаев бата берді. Бабалар рухына бас иіп, тағзым етумен бірге той салтанатын көруге келген елде есеп жоқ. Бір ғана дерек келтірсек, жергілікті полиция мәліметі бо­йынша сегіз мыңнан астам ав­токөлік келіпті бұл күні. Сол кө­ліктің алды Қарқара жайлауына жеткенде ащы ішекше созылған соңы 25 шақырым жердегі Ке­геннен шығып жатты. Қазақ нағыз той деп осыны айтса керек. Қазақтың тұңғыш этногроф-ғалымы Шоқан Уәлиханов Қаш­ғария сапарынан қайтқанда осы Қарқара жайлауында үш күн аялдапты. Сонда «... шір­кін, Қарқараның жайлауы мен жағасында үш мың түрлі шөп өседі екен» деп жазған. Қар­қа­­раның қақ төріндегі Ереуіл төбенің басындағы балбалтастың жанында Райымбек ауданының имамы қасиетті Құран Кәрімнің «Хашр» сүресінің соңғы 3 аятын оқыды. Дұғадан кейін сөз алған әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ жур­налистика факультетінің де­каны Сағатбек Медеубекұлы қат­парлы тарихтан деректер кел­тірді, танымал ақындар өлең оқы­ды. Қарқара төрінде Қазақстан Жа­зушылар одағы басқарма тө­р­ағасының орынбасары Жанарбек Әшімжан сөз алып: «Біз өткен тарихымыз бен тағдырымызды тасқа қашап қалдырған ел­міз. Бі­­легінің күші алапат, най­за­сының ұшы алтын Абылай хан, үйсін Райымбек, қаракерей Қа­банбай, қанжығалы Бөгенбай, шапырашты Наурызбай, Ер Қарасай бабаларымыз осынау ұлан-ғайыр Ұлы Даланы кейінгі ұрпаққа аманат ету жолында сұрапыл жорықтар жасады. Ымы­расыз шайқастарға шықты. Оған дәлел – керегесін Керей мен Жә­нібек керген, 550 жылдығын күні кеше ғана барша халық болып атап өткен Қазақ хандығы. Одан кейін де қазақ халқының басынан небір күнгейлі-теріскейлі кезеңдер мен зұлматты жылдар өтті. Бірде бағымыз үстем болса, енді бірде басымыз бұғауда, бармағымыз шайнауда қалды. Отаршылдық дәуірінде де Ал­тай мен Атыраудың, Арқа мен Ала­­таудың, Сыр мен Шудың арасындағы Азаттық үшін арпалыс тоқтаған жоқ. Патшалық Ресейдің 1916 жы­лы Бірінші дүниежүзілік соғысты желеу етіп, әділетсіз һәм ретсіз жасалған әскери бағыттағы іс-қимылдарына қарсы көтеріліс Қазақстан мен Орта Азияны тү­гелдей қамтыды. Сол бір сұрқай шақтарда бұратана атанса да басын бұғауға бермей, мойындарына бұршақ салып болашақ ұрпақ үшін күреске шыққан өңірдің бірі – Жетісу аймағы! Ғасыр бұрын дәл осы сәтте табанымыз тиіп тұрған қа­сиетті Қарқара, ел пәтуаласқан Ере­уіл, мың-сан тарихтың куәсі болған Мыңжылқы 1916 жыл­ғы ұлт-азаттық жолындағы кө­терілістердің ең ірі ошағына айналды. «Берсек – бала өледі, бермесек – шал өледі, бала өлгенше шал өлсін» деп ұран тастаған Ұзақ батыр мен Жәмеңке би бағзыдағы бабалардың Азаттық аңсарын жалғастырған тұлғалар еді. Бір кездері Батыс пен Шығысты тоқайластырған, Жібек жолы бойындағы ірі сауда орталығы болған жәрмеңке бір-ақ сәтте адам­дардың қанқасап қазанына айналды. Алаш қайраткері Мұ­­­­хамеджан Тынышпаев бір дерегінде Қарқара қасіретінен бос­қан-қашқаны бар, ұзын-ырғасы 35 мың адамның құрбан болға­нын келтірген екен. Елдің басына түс­кен ауыр нәубет жайлы кезінде қа­зақ жырының құлагері Ілияс Жансүгіров, Міржақып Дулатов сынды Алаш қайраткерлері аз жазған жоқ. «Басына ас құйып, сабына қарауыл қойған» сол бір қиын кезеңдерде ұлы суреткер Мұхтар Әуезов «Қилы заман» повесінде халықтың қасіретін көркемсөзбен шебер көркемдеп, қазақ хал­қын жарты әлемге танытты. Жалпы, Қарқара қасіретін айналып өткен қаламгер некен-саяқ. Мұның бәрі тарих, өткенді құрметтемесең, болашақ бізге құшағын айқара ашпайды. Бұл орайда ел мен жердің тарихын бүгінгі ұрпаққа жеткізу жолында жанкешті еңбек еткен Кеңес Нұрпейісов, Мәмбет Қойгелді, Талас Омарбеков, Нәбижан Мұ­­хамедханұлы, Сағатбек Медеу­бекұлы, Тоқтар Әлібек, Шәмек Тілеубаев, Рашид Оразов сынды тарихшыларымыз бен әдебиетші ғалымдарымыздың еңбегі ересен. Біз үшін ең қастерлі де қасиетті ұғым – Тәуелсіздік! Бабаларымыз осы Азаттық үшін қан төкті, бүгінгі ұрпақ соның қадіріне жете білуі тиіс. Бүгінгі тарихымызға тағзым жасап, бабалар ерлігінің 100 жылдығын ел болып еске алып, рухқа қызмет етіп жатсақ, қасиетті Тәуелсіздігіміздің жемісі. 1916 жылы Қазақстанның барлық өңірінде толқулар болды. Бірақ, сол қастерлі тарихқа тағзым жасауды бірінші болып Жетісу өңірі жүзеге асырды. Райымбек ауданында әлеуметтік бағытта көптеген жұмыстар атқарылыпты. Рухани жаңару сезіледі. Тарихи санаға сілкініс жасауда қыруар еңбек атқарылғанын халық көрді. Осы орайда Алматы облысының әкімі Амандық Баталовқа қалам­герлердің атынан айрықша алғыс білдіреміз.Таяуда «Ан-Арыс» бас­пасынан Қарқара көтерілісінің 100 жылдығына байланысты Алматы облысы әкімдігінің ті­келей қолдауымен жеті том кітап жарыққа шықты. Бұл жобаның авторы – Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, көрнекті ақын-драматург Нұрлан Оразалин, жауапты редакторы – «Ан-Арыс» баспасының директоры, ақын Кәдірбек Құныпияұлы. Бұл жеті томға еліміздің ең таң­даулы тарихшылары, әдебиет зерт­­теушілері бұрын-соңды жарияланбаған дерек-дәйектерді жинақтап, айрықша еңбек сі­ңірді. Сонымен қатар, Мұхтар Әуе­зовтің «Қилы заман» повесі, ел ағасы Сейдәлім Тәнекеевтің «1916. Қарқара-Албан көтерілісі» атты зерттеу еңбегі, көрнекті жазушы Бексұлтан Нұржекеевтің «Әй, дүние-ай» атты жаңа рома­ны еніп отыр. Бозбала шағын Қарқараның қасіретіне қарып алған, одан кейінгі саяси-әлеу­меттік кезеңдердің бәрін жанарына жасырған, Желтоқ­сан көтерілісін де бастан кеш­кен, ақыры Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлының 1991 жылы Қазақ елінің Тәуелсіздігін жариялағанын естіп, «Құдай бар екен ғой...» деп үзіліп кеткен Шәйі кейіпкер арқылы бүтін бір дәуірдің әдеби полотносын жасаған қарымды қаламгердің бұл романы әдебиетіміздің ең үлкен марапаты – Мемлекеттік сый­лықққа ұсынылып отыр» деді ол. Қара топырағын алқызыл, жасыл, сары, көкшіл түсті гүлдер көмкерген Қарқара жайлауына тігілген ақшаңқан киіз үйлер алыс­тан көз тартады. Ауқымды сахнаның аумағына жиналған көпшілік Алматы облыстық Сүйін­бай атындағы филармония әртістерінің және де арнайы барған көптеген өнер иелерінің концертін тамашалап, мерекелік көңіл-күймен қауышты. Ас пен тойдың сәні бәйге мен көкпар. Қарқара өзенінің аң­ғарындағы кең жазыққа ор­наласқан атшабарға жиналған көпшіліктің қарасы мол. Теңіздің толқынындай тулаған көпшілік биік қабақтан алдымен теңге ілу, қыз қуу, көкпар секілді жігіттің жігіті сыналар, көрген жанның қанын қыздырар тартыстарға куә болды. Одан соң қалың көрермен «Құнан бәйгеге» қатысқан шын жүйріктердің ұшқырлығын бай­қады. Құнан бәйгеде бірінші орынды талассыз алған Алакөл ауданы, Үшарал қаласының жүйрігіне мінген шабандоз «Лада гранта» автокөлігін иеленді. Қарқара жайлауына жиналған көпшілік жорға жарысын тапжылмай тамашалады. Бірінші орынға тігілген «Лада гранта» ав­токөлігін қырғыз елінен келген жорға иесі қанжығасына байлады. 16 шақырымдық «Топ бәйгеде бірінші орынды Жамбыл облысы, Қордай ауданынан келген жүйрік жеңіп алып жеңіл автокөлік иеленсе, ұзақтығы 25 шақырымдық кіші аламаннан бірінші келіп Жамбыл облысы, Қордай ауданы, Қарасу ауылының тұрғыны «Уаз Патриот» көлігін еншіледі. «Жүйрікте де жүйрік бар, қазанаты бір бөлек...» деген халық даналығы мың мәрте рас екендігін Алакөл ауданы, Үш­арал қаласынан келген жүйрік дәлелдеді. Ә, дегеннен өзгелерден оқ бойы озып шыққан ерен жүйрік 15 айналымда шабысынан танбай, мәреге дейін тынбай шапты. Тіпті, оза шапсам деген дәмелі жылқыларды жарты шақырым артқа тастаған шабандоз жол талғамайтын «Уаз Патриот» автокөлігін иеленді. Сонымен, той өтті. Ал елдің есінде сақталып, болашақ ұр­пақ­­қа қалатын не істелінді? «Та­рихқа тағзым» атты мәдени-көпшілік шара аясында Ереуіл бастауыш мектебі ғимаратын ағымдағы жөндеу жұмысы толы­ғымен аяқталды. Кеген мәдениет үйіне күрделі жөндеу жасалды. Ереуілдегі атшабар алаңына спорттық мұнара орнатылды. Ереуіл ауылының ауызсу жүйесі жөнделді. Ереуілтөбе ескерткіші ағымдағы жөндеуден өткізіліп, маңайы абаттандырылды. Атша­бар алаңы талапқа сай дайындал­ды. Ереуіл көшесіне жарық тар­тылды. Ереуіл ауылы мен ескерт­кіш арасына жол төселді. Сондай-ақ, мәдени-рухани құндылықтарды, ұлттық пат­риотизмді шыңдауға бағытталған «Тарихқа тағзым» атты облыс­тық жыршылар байқауы, көр­кемсөз оқу шеберлерінің, кәсіп­қой суретшілер туындыларынан жинақталған көрмелер бай­қауы, ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Бабаларымыздың есімдері ар­дақ­талды, лайықты құрмет көрсетілді. Алаштың айбыны алда да асқақ бола бергей.   Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» Алматы облысы, Райымбек ауданы Суреттерді түсірген Аслан ҚАЖЕКЕ