05 Тамыз, 2016

Ғабдолла Тоқайдың Оралдағы іздері

955 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
фото Халелова Рафхата (536) Қазақстанның көне де жаңа қаласы – Оралда әйгілі сөз зер­гер­лері – Пушкин  мен Дальдің, Жуковскийдің және Короленко мен Крыловтың іздері қалған. Олар мұнда бірнеше күн болған, аялдаған. Бүгінде қаланың ескі бөлігі қатарына кіріп келе жатқан облыс орталығының Жайық өзе­ні жа­ғалауына жақын тұсы Дос­тық даңғылының бойына ор­натылған ескерткіш тақталар осын­дай тарихи деректерден хабар береді. Бұл тізімді одан әрі жал­ғастыра беруге де болады. Мұны татар халқының ұлы ақыны, татар әдебиетінің не­гізін қалаушы, ойшыл-философ Ғабдолла Тоқайға қатысты айтуға болады. Оның жоғарыда аты-жөндері көрсетілген орыстың ақын-жазушыларынан басты бір айырмашылығы – Орал қаласында тұрғанында. Тек тұрып қана қой­май, дәл осы қалада тұлға болып қа­лыптасуында. Тоқайтанушылар тағдыр­дың те­перішімен Орал қаласына әке­лінген кезінде оның жасы он­ға да тола қоймағанын алға тар­­тады. Осылайша, Орал Қазан қала­сынан қазақ топырағына тап болған та­тар­­дың желкілдеп өскен желектей, көркем жетім баласына қараағаштай пана, бәйтеректей сая болады. Та­рихи деректер мұнда ол жергілікті тұрғын Галиаскар Ус­ма­новтың үйін паналағанын айғақтайды. Ғабдолла Тоқайдың Орал қа­ласында жазған алғашқы өлең­де­рі мен публицистикалық шы­ғар­ма­­ла­ры сол кездегі әдеби орта­ның да, әде­биетке ықылас танытып жүретін қарапайым тұрғын оқырмандардың да назарын бірден аудартады. Тоқайдың әдеби мұрасын зерттеген филолог-ғалымдар ақын шығармалары мен еңбектерінің тең жартысы Оралда жазылған деген тұжырымға келіпті. Әрі олар Тоқай туындыларында Орал қаласының алатын орны айрықша екендігін атап көрсетеді. Ол өлең жазумен бір­ге аударма жасау ісімен де дендеп айналысқан. Айналысқан дейміз-ау, тіпті бұл саланың кейбір тылсым иірімдері мен қия-қал­тарыстарына терең бойлай білген. Аудар­машылық қызметтің сан қилы әрі сан қырлы сиқырын терең меңгерген. Өзгесін айтпағанда мысалдарды аударуға қандай тереңдік пен аңғарымпаздық, сезім­талдық пен сергектік, сарказм мен мысқылдың арғы астарын қапысыз тану түйсігі қажет екенін айтып жатудың өзі артық. Дегенмен, бұл істе де Ғабдолла өзін суда жүзген балықтай еркін сезінген екен. Оның Андрей Крыловтың табаны күректей алпыс бес мысалын жұтындырып аударып шығуы алдыңғы пікіріміздің басты бір дәлелі. Бұған қоса суреткердің Пушкин мен Лермонтовтың, Байрон мен Шиллердің классикалық туындыларын түпнұсқадан артық болмаса, бір мысқал кем емес шынайы шеберлікпен аударып шығуы, түркі тілдес халықтардың асыл рухани қазыналармен сусындауына жол ашты. Жоғарыда айтылған деректер мен дәйектер Ғабдолла Тоқайдың поэтикалық отаны – Орал деп айтуға, Орал деп санауға толық негіз қалайды. Ол Орал қаласындағы Тухватуллиндер үйінде де біршама уақыт тұрып, еңбек еткен. Қазір бұл үй ақынның музейіне айналған. Кезінде бала Ғабдолла, жас Ғабдолла осы үйдің жертөлесінде ашылған алғашқы баспаханада еңбек етіпті. Газет-журналдар мен кітаптар басып шығару әліппесімен ең алғаш рет ол осы жерде танысқан. Кейіннен бұл істі жетік меңгеріп кеткен. Бұл Орал қаласында ашылған тұңғыш баспаханалардың бірі болуымен де ерекшеленеді. Татарстандағы Г.Ибрагимов атындағы тіл және әдебиет институтының ғылыми қызметкері Фарид Яхин Оралға келген сапарында газет тілшісіне Ғ.Тоқайды кішкентай кезінде Апуш деп атағанын айтып берді. Сол Апуш осындағы медреседе оқыған. Мешіт те осы жерде қоныс теуіпті. Алайда кейін ол жартылай қирап, иесіз қалған. Бүгінде Орал қаласындағы татар мешітіне толықтай күрделі жөндеу жүргізілген. Қазіргі күні Шаған өзені маңайындағы алыстан көз тартатын мешітке алыстан ат терлетіп келушілер жеткілікті. Қысқасы Орал қаласында Ғ.Тоқайдың есімі ақындықпен ғана емес, баспахана ісінің білгірі, оның жетік ұйымдастырушысы ретінде де белгілі болған. Кейіннен мұндағы облыстық баспахананың Ғабдолла Тоқайдың есімімен аталғаны да табиғи заңдылық еді дей аламыз. 90-жылдары жүргізілген жеке­шелендіру науқаны кезінде бұл баспахана жаңа меншік иелерінің қолына көшкен кезде Тоқай атауы түсіп қалғаны өкінішті-ақ. Дегенмен, батысқазақстандықтар тек бір татар халқының ғана емес, сонымен бірге тұтастай түркі әдебиеті мен мәдениетінің рухани қазынасына өзінің мол үлесін қоса білген дара дарынның есімін мәңгілік есте сақтауға қатысты тиянақты іс тындырғанын айта кеткеннің өзі бір мерей. Музей-үйге қоса Орал қаласының орта­лығында Ғабдолла Тоқайға ескерткіш-мүсін қойылған. Дәл осы тұста ақын атындағы көше де кең көсіле орналасқан. Ұзын сөздің қысқасы, достыққа дәнекер бола білген ақын шығармашылығының келешек ұрпақ тәрбиесіндегі алатын рөлінің жоғары екендігіне ешкім талас туғыза алмайды. Бұл орайда татарға тілмәштің қажеті жоқ деп мақалдай тұрсақ та, Тоқай туындыларын қазақ тілінде бұлбұлдай сайратқан, түбі бір бауырлас халық өкілінің арман-тілегі мен ішкі жан сырының бояуын бұзбай жеткізген Қазақстанның халық жазушысы, өзі де бүгінде халық санасынан берік орын тауып үлгерген поэзия патриархы, марқұм Қадыр Мырза Әлі екенін де айта кеткеннің артықшылығы жоқ. Татарстан Республикасы Жазушылар одағының мүшесі, ақын Шамсия Зигангирова: «Біз Жайық жұртына келген сапарымызда Тоқай жүріп өткен жерлермен танысып, ғажайып әсерге бөлендік. Тоқай – қазақ пен татар халықтарына ортақ тұлға. Ол бәрімізге екі халықтың арасын жақындастыра білуімен қадірлі. Ол бізге сонысымен де ыстық», – деді бізбен ой бөліскен сәтінде. Қазір әдебиеттер арасындағы бұрынғы байланыстар қайтадан жанданып келеді. Біз осыған қуанамыз. Біз қазақ халқының ұлы ақыны Абай шығармаларымен таныспыз. Бұған татар тіліне аударылған Абайдың көптеген туындылары арқылы қол жеткіздік. Әдебиеттер арасындағы байланыс жалаң ұғым емес. Бұл түптей келгенде – бір-бірімізді бұрынғыдан да тереңірек танып, бір-бірімізден үйреніп, бір-бірімізді байыту деген сөз. Осы арқылы біз екі елдің келешек ұрпағына достықтың қадірлі де қажетті, қастерлі де қасиетті ұғым екенін көрсетіп отырмыз. Сондай-ақ, татардың ақын қызы өз сөзінде Ғабдолла Тоқай Орал өңірін, оның тамаша табиғатын шексіз сүйіп өткенін айтып берді. «Ол өзі өмір сүріп отырған қоғамға пайдасын тигізуге ұмтылды. Әрі белгілі бір деңгейде осы мақсатына жетті де. Оның Ақжайыққа деген шексіз де шынайы махаббаты ақынның поэзиялық туындыларынан да кеңінен көрініс тапты. Біз қазақ халқы Тоқайдың өмірі мен шығармашылық қызметіне қатысты жәдігерлер мен мұрағаттарды мұқият сақтап отырғанына шексіз ризамыз», – деп тұжырымдады өз ойын Шамсия Зигангирова. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Елбасы бастамасымен қазақстандық қоғам өміріне орныға бастаған Қазақстан халқы Ассамблеясы институтының басты мақсат-мұраты – өзара түсіністікке және келісім мен сенімге негізделген жылышырайлы қарым-қатынастарды орнықтыру екені белгілі. Осы қағидаларға сүйенсек, татар халқының ойшыл ақыны Ғабдолла Тоқайдың қысқа ғұмыры мен шығармашылық қызметі де дәл осы мақсатқа бағытталғанына қанығамыз. Бұл жөнінде Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, татар-башқұрт мәдени орталығы қауымдастығы төрағасының орынбасары Зухра Саяпова өз ой-пікірін былайша жеткізді: «Ғабдолла Тоқай өз туындыларында халықтарды ұлты мен ұстанған діни-нанымына қарамастан достық пен тату-тәтті көршілікті нығайтуға шақырды. Әрі өзара ынтымақтастыққа үндеді. Ал бұл өз кезегінде бүгінгі Қазақстан халқы Ассамблеясы қызметінің басты ұстанымы болып табылады». Сондай-ақ, жоғарыда аталған Қазан қала­сындағы Тіл мен әдебиет институтының қыз­меткері Зуфар Рамеев Тоқайдың әдеби мұра­сында оның Оралда жазған шығармалары елеулі орын алатыны жөніндегі ойды одан әрі байытты. Бұл Қазан мен Қазақстан қаласы-Оралдың арасындағы рухани байланыстардың тінін тарқата түседі. Оны татардан өзге кейбір ұлттар мен халықтар да өз ақыны деп есептеді. Әйтсе де Орал Ғабдолла Тоқай үшін шын мәніндегі поэтикалық отан болып қалмақ. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» ОРАЛ