Лаула, Олимпиада алауы!
Бүгін түнде Риода Олимпиялық ойындар басталады
Төрткүл әлем төрт жылдан бері тағатсыздана күткен жаһандық жарыс – Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында жалау желбірететін XXXI жазғы Олимпиаданың салтанатты жағдайда ашылатын сәті де келіп жетті. Атлант мұхитының арғы бетіндегі түстік қапталында жатқан ел орналасқан сағаттық белдеуге сай, ол Астана уақытымен 6 тамызға қараған түні сағат 4-те сөреден шығады. Осынау жан толқытып, жүрек тебірентерлік шақтарды еліміздің үш бірдей телеарнасы сол мезетінде жарыса көрсетуге кірісіп кетеді. Олардың тікелей эфирдегі хабарлары сағат 03:55-те басталады.
Ойындардың ашылу салтанатын өткен ғасырдың сонау 50-ші жылдарынан бері аясына 200 мың адамды сыйғыза алатын әлемдегі ең үлкен футбол стадионы ретінде белгілі болып келе жатқан, кейін осы заманға лайықталып қайта жасақталғанда, «Марио Филью» деген ат алып, 80 мың орындық болып жаңаша орныққан спорт аренасының төрінде қанат жаяды. Бұл айтулы аламанға Қазақстаннан спорттың 26 түрі бойынша 104 атлет қатысады. Осы делегациямен бірге «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі Бақтияр Тайжан да Бразилия жеріне аттанып кетті. Кеше оның сол сапардан жазылған алғашқы жолжазбасын жариялап та үлгердік. Алла жазса, басылым өкілі бұдан кейін де осынау бәсірелі бәсекеден күнделікті ақпар-хабарлары мен репортаждарын жөнелтіп тұратын болады. Біз солардың арасында ел-жұртымыздан «сүйінші» сұраған ақжолтай хабарлар көбірек болса екен деп тілейміз.
Бір айта кететін жайт, Рио-де-Жанейро үшін бұл Олимпиаданы өткізу құқығын жеңіп алу оңайға соға қоймапты. Ол мұндай мәртебеге 80 жылдан бері 5 рет қол созып көрген екен. Алғаш рет тілекті 1936 жылғы Олимпиада үшін білдіріп көріпті. Содан кейін 1940, 2004, 2012 жылдарғы Ойындарға да қатты үміті болған. Бірақ, солардың ешқайсысында да дегеніне жете алмаған. Содан кейін 2007 жылы 2016 жылғы Олимпиялық ойындарды өткізуге тағы талпыныс жасаған. Онымен бірге жеті қала бәсекеге түскен. Солардың төртеуі – Мадрид, Рио-де-Жанейро, Токио және Чикаго таластың финалдық бөлігіне шыққан. Бұлардың арасынан нағыз лайықтыны сұрыптап шығару рәсімі Халықаралық олимпиялық комитеттің (ХОК) 2009 жылғы 2 қазан күні Данияның астанасы – Копенгаген қаласында өткен 121-сессиясы барысында жасалған. Осы сынақта мәреге Рионың аты бәрінен озып келген.
Қазір әлемнің түрлі ақпарат құралдарында аталған қаланың Ойындарға толық дайын емес екендігі жөнінде әр қилы алып-қашты әңгімелер айтылып қалып жатыр. Бірақ біз өзіміз барып көрмеген нәрсе жайында пәлендей бір пікір айтудан аулақпыз. Біз тек қай жағынан алғанда да, бәрінің сәтін салуын тілейміз. Ойындағы жарыстар да қызықты болып өтсін, ондағы қауіпсіздік мәселесі де жоғары деңгейге жетсін, спортшыларға жасалатын жағдай да көңілден шықсын, соның бәрінің қорытындысында қазақ елінің саңлақтары жұрты күткендегідей үлкен жеңістермен оралсын. Мұнда тағы да кейін елді үдере көтеріп жүретін допинг дауы туып жүрмесін. Айтулы аламан өзінің мерейлі мәртебесіне сай нағыз әділ де адал сайыстың арнасына айналсын.
Ендігі бір айтар жайт, Риодағы Ойындардың ресми уақыты 16 күн саналғанымен, онда жалпы жарыстарға бөлінген мерзім 19 күнге созылғалы тұр. Олай болатыны, Олимпиаданың футбол турнирі 3 тамыз күні басталып кеткен. Ол түсінікті де. Мұндай кез келген жарыстың басталған шағы оның ресми ашылған кезінен қашанда бірер күн алда жүреді. Бұған қосарымыз, Риода алғаш рет 306 медальдар жиынтығы сарапқа салынатын болады. Бұл – рекорд! Тағы бір рекорд мұнда Ойындарға қатысушы елдер саны бойынша жасалып жатыр. Ұйымдастырушылар Бразилия жерінде 207 елдің құрама командалары күш сынасатындарын әлдеқашан айтып қойған. Бұлардың сапы осы жолы Косово және Оңтүстік Судан спортшыларымен толықты. Мұның сыртында ХОК атынан бір команда болып түсетін Еуропаның босқындар жамағаты тағы бар.
Солардың бәрі де белгілі бір жеңістерден үмітті. Тек ол жеңістердің бәсі мен беделі әркім үшін әртүрлі болуы заңды нәрсе. «Бастысы – жеңу емес, қатысу» дегенді білдіретін Олимпиялық қозғалыстың басты ұрандарының біріне сайсақ, біз осынау аламанға жүзден астам жүйрігімізді үкілеп, жолға салып жіберуіміздің өзіне тәубешілік айтуымыз керек. Бірақ сол Олимпиада ұстанатын «Citius, Altius, Fortius!» деген девизге еліксек, біздің ондағы жан алып, жан берісетін жарыстарда «жылдам, жоғары, күшті» болып көрінбеуге тағы құқымыз жоқ. Оның үстіне, Қазақстан тәуелсіздік алған жылдардан бері өзінің әлемдегі алдыңғы қатарлардағы спорт державаларының бірі екенін ұдайы танытумен келеді. Сондықтан, Жаратқан хош көрсе, біздің сол деңгей мен беделден бір мысқал да түскіміз жоқ. Демек, Бразилия жеріне аттанған жігіттеріміз бен қыздарымыздан жеңісті жаңалықтар күтеміз.
Біз бұл жерде бұған дейінгі бес Олимпиадада алған медальдарымыз бен чемпиондығымыздың санын қайтадан есепшотқа салып, бұрынғының бәрін бетке ұстай беруден де аулақпыз. Өткен күндер артта қалды. Ал алдағы күн – Алланың еншісінде. Сол Жаратқанның еркіндегі мезгілдің біздің саңлақтар үшін мейірі мен мейірімі көп болсын. Ұлы дүбірдің дүрмегінде қазан аузы жоғары тұрсын! Іске сәт, тарландар!
Серік ПІРНАЗАР,
«Егемен Қазақстан»
Нар қыз
Одан ел жанкүйерлері үлкен үміт күтеді
Барша қазақстандық жанкүйер қауым бүгін Бразилияда басталатын жазғы Олимпиада ойындарына аттанған спортшыларымыздан үлкен үміт күтіп отыр. Олардың бәрі де әлемдік алапат бәсекеде аянып қалмасы анық. Дегенмен, спортшының да спортшысы бар. Басты сенім ең алдымен соларға артылады.
Бұл тұрғыда әйелдер күресі бойынша Олимпиадада бақ сынайтын қазақстандық әйелдер күресінің ту ұстаушысы Екатерина Ларионованың орны бөлек. Бүгінде отандастарымыздың арасында оған тілекші, жанашыр әрі жанкүйер болып отырғандар жеткілікті. Бұлай болуының өзіндік сыры да жоқ емес. Өйткені, ол бүгінгі күнге дейін өзі қалаған спорттың түрі бойынша бірде-бір қазақстандық әйел спортшы жете алмаған асулар мен биіктерге қол жеткізді. Соның ішінде еліміздің нар қызы бірнеше дүркін әлем чемпионы атағына ие болды. Қазақ спортының тарихында өз перзентін үлкен спортқа әкесі баулыған мысалдар аса бір көп те болмаса керек. Бұл тұжырымның әкелі-қызды Алексей мен Екатерина Ларионовтарға тікелей қатысы бар. Ұзын сөздің қысқасы, Екатеринаның жаттықтырушысы өзінің әкесі – Алексей Ларионов.
Оны жараған аттай дәл осы күнге дейін жеткізіп, жаттықтырған А.Ларионовқа ел ризашылығы шексіз. Осы арада оқырмандарымызға тағы бір шетін сырды айта кетудің орайы келіп тұр. Әке мен қыздың ақ тер, көк тер болып жаттығатын жері атшаптырым спортзал емес, өздерінің тұратын үйі. Екатерина соңғы рет әйелдер күресі бойынша бұдан бірер жыл бұрын әлем чемпионы болып оралған кезде жанашыр әке, байыпты бапкер Алексей Ларионовтың үйлеріне келіп құттықтаған кезіміз де болған-ды.
Міне, Рио-де-Жанейродағы Олимпиада алауы тұтанар тұста тағы да осы үйдің есігін қағып тұрмыз. Абырой болғанда, бапкер әке үйінде болып шықты. Амандық-саулықтан соң әңгіме ауаны Екатеринаға қарай ойысты. Халқымыз баласы атқа шапса, ата-анасы тақымын қысып отыратынын айтады ғой. Есімі барша Орал өңіріне кеңінен танымал бапкер, күрес спортының қабырғалы өкілі Алексей Ларионов бізге дәл осындай көңіл күйде жүргендей әсер қалдырды. Бет-әлпеті мен жанарында тұңғиық ойдың ұшқыны байқалады. Қойылған сауалымызға ол кісі барша еліміз үлкен үміт күтіп отырған өз қызына қатысты әңгімесін төмендегіше бастап кетті.
– Әрине, мен бүгінгі күні қызым үшін өте қатты алаңдап отырмын. Артық айтқандығым емес, ол – ерік-жігері мен күш-қайраты өте мол күрес шебері. Бұл арадағы мені қатты толғандыратын әрі күндіз-түні ойымнан кетпей ойландыратын басты бір гәп, басты бір мәселе – оған елімізде дәл өзінің деңгейінде тең дәрежеде жаттығатын бірде-бір әйел- спортшының болмауы. Сонда Катя қайтеді? Басқа амалдың жоқтығынан жаттығу үшін спорттың осы түріндегі ерлермен күрес кілеміне шығады. Мені тағы бір алаңдатып отырған жайт – Екатерина осыдан үш апта бұрын Испанияда өткізілген халықаралық жарыста жарақат алған болатын. Оған миы шайқалған деген диагноз қойылды. Сондықтан, Олимпиадаға жүретін кезге дейін дәрігерлердің бақылауында болып келді. Алайда, дәл қазіргі сәтте мені қуантып отырған жағдай Катюша Олимпиаданың алдындағы күндерде жаттығуын тынбай үздіксіз жүргізіп, Бразилияның табиғаты мен климаттық ерекшелігіне тез бейімделе біліпті.
– Қазір қалай, бойыңызда толқу сезімі бар ма?
– Әрине, толқу болады ғой. Бұл табиғи жайт. Мұндай толқу тек менің ғана емес, барлық ата-аналардың басында кездеседі. Жоғарыда мен Катяға елімізде оған әйелдер күресі бойынша тең келетін ешкім жоқ екенін айттым емес пе? Ал Бразилияда ол осындай өзіне тең келетін теңдестерімен кілемге шығады. «Күш атасын танымас» дегендей, олардың арасында Катюшадан күші артық әйел-спортшылар да табылуы мүмкін. Дегенмен, мен бақ шаппайды, бап шабады деген ойға көбірек құлақ түремін.
– Қызыңыздың Олимпиада кезіндегі сайысын көру үшін Бразилияға баруды жоспарлаған жоқсыз ба?
– Жаттықтырушыларға Олимпиадаға бару үшін қаражат көздері қарастырылмаған. Әрине, Рио-де-Жанейродағы күрес кілемі үстінде қызымның сайысын өз көзіммен көріп, оған қолдау жасау мүмкіндігі болмағанына аздап өкінемін де.
– Қалай ойлайсыз, Екатеринаның алтын алуға мүмкіндігі бар ма?
– Алдын ала бал ашпай-ақ қояйын. Дегенмен, төрешілер әділ бағаласа, қызымның Олимпиададан жүлдесіз оралмайтынына сенімім мол.
Біз де бапкер әке Алексей Ларионовтың осы тілегіне қосыла отырып, еліміздің нар қызы Екатеринаға үлкен табыс тілемекпіз.
Темір ҚҰСАЙЫН,
«Егемен Қазақстан»
ОРАЛ
Риода 1,5 млн. билет сатылмай қалды
Рио-де-Жанейродағы Олимпиялық ойындар жарысына шығарылған билеттердің 1,5 млн. данасы сатылмағаны белгілі болды. Ұйымдастырушылар трибуналардағы бос орындарға енді мектеп оқушыларын жіберуді жоспарлап отыр.
Ойындар бағдарламасындағы көптеген спорт жарыстарының билеттері өтпей қалған. Соның ішінде жеңіл атлетика сайыстарының жанкүйер қамтуы оншалықты ауқымды емес көрінеді. Аншлаг тек теннис турнирінде, жүзу мен триатлонда, сондай-ақ волейбол (соның ішінде жағажай волейболы да бар), футбол мен баскетбол жарыстарында ғана болатын түрі бар.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ
Рио-2016 Ойындарына қатысатын Қазақстан құрамасы:
- Жеңіл атлетика
(26 спортшы)
Александра Романова (400 метрге кедергімен жүгіру)
Анастасия Кудинова (400 метрге жүгіру)
Анастасия Пилипенко (100 метрге кедергімен жүгіру)
Анастасия Тулапина (4×100 метрлік эстафета)
Виктория Зябкина (100 және 200 метрлерге жүгіру, 4×100 метрлік эстафета)
Георгий Шейко (20 шақырымға жүру)
Гүлжанат Жанатбек (марафон)
Диана Айдосова (20 шақырымға жүру)
Дмитрий Коблов (400 метрге кедергімен жүгіру)
Евгений Лабутов (диск лақтыру)
Екатерина Эктова (үш қарғып секіру)
Елена Михина (400 метрге жүгіру)
Иван Иванов (ядро лақтыру)
Ирина Смольникова (марафон)
Ирина Эктова (үш қарғып секіру)
Маргарита Мұқашева (800 метрге жүгіру)
Мария Телушкина (диск лақтыру)
Михаил Красилов (марафон)
Ольга Рыпакова (үш қарғып секіру)
Ольга Сафронова (100 және 200 метрлерге жүгіру, 4×100 метрлік эстафета)
Полина Репина (20 шақырымға жүру)
Роман Валиев (үш қарғып секіру)
Рима Кашафутдинова (100 метрге жүгіру, 4×100 метрлік эстафета)
Светлана Голденкова (4×100 метрлік эстафета)
Флорида Миниянова (20 шақырымға жүру)
Юлия Рахманова (4×100 метрлік эстафета)
- Байдарка мен каноэда
есу (11)
Андрей Ергучёв (екі кісілік байдарка – 200 м, төрт кісілік байдарка – 1000 м)
Александр Емельянов (төрт кісілік байдарка – 1000 м)
Алексей Дергунов (екі кісілік байдарка – 1000 м)
Евгений Алексеев (бір кісілік байдарка – 1000 м, төрт кісілік байдарка – 1000 м)
Зоя Ананченко (бір кісілік байдарка – 500 м, төрт кісілік байдарка – 500 м)
Илья Голендов (екі кісілік байдарка – 1000 м, төрт кісілік байдарка – 1000 м)
Ирина Клинова (бір кісілік байдарка – 200 м, төрт кісілік байдарка – 500 м)
Ирина Подойникова (екі кісілік байдарка – 500 м, төрт кісілік байдарка – 500 м)
Наталья Сергеева (екі кісілік байдарка – 500 м, төрт кісілік байдарка – 500 м)
Сергей Токарницкий (бір кісілік байдарка – 200 м, төрт кісілік байдарка – 1000 м, екі кісілік байдарка – 200 м)
Тимур Хайдаров (бір кісілік каноэ –1000 м, бір кісілік каноэ – 200 м)
- Бокс, ерлер (10)
Біржан Жақыпов (49 кг)
Олжас Сәттібаев (52 кг)
Қайрат Ерәлиев (56 кг)
Берік Әбдірахманов (60 кг)
Абылайхан Жүсіпов (64 кг)
Данияр Елеусінов (69 кг)
Жәнібек Әлімханұлы (75 кг)
Әділбек Ниязымбетов (81 кг)
Василий Левит (91 кг)
Иван Дычко (+91 кг)
- Ауыр атлетика (8)
Маргарита Елисеева (48 кг)
Арли Чонтей (56 кг)
Фархад Харки (62 кг)
Карина Горичева (63 кг)
Жазира Жаппарқұл (69 кг)
Ниджат Рагимов (77 кг)
Денис Уланов (85 кг)
Александр Зайчиков (105 кг)
- Дзюдо (6)
Галбадрах Отгонцэцэг (48 кг)
Елдос Сметов (60 кг)
Мариан Ордабаева (63 кг)
Жансай Смағұлов (66 кг)
Дидар Хамза (73 кг)
Максим Раков (100 кг)
- Еркін күрес (5)
Нұрислам Санаев (57 кг)
Ғалымжан Өсербаев (74 кг)
Аслан Кахидзе (86 кг)
Мамед Ибрагимов (97 кг)
Дәулет Шабанбай (125 кг)
- Әйелдер күресі (4)
Жұлдыз Ешімова (48 кг)
Екатерина Ларионова (63 кг)
Эльмира Сыздықова (69 кг)
Гүзел Манюрова (75 кг)
- Мылтық ату (4)
Владимир Исаченко (пневматикалық тапанша – 10 м, тапанша – 50 м)
Елизавета Король (пневматикалық винтовка – 10 м, үш түрлі сипаттан атылатын винтовка – 50 м)
Рашид Юнусметов (пневматикалық тапанша – 10 м, тапанша – 50 м)
Юрий Юрков (винтовкадан жатып ату – 50 м, үш түрлі сипаттан атылатын винтовка – 50 м, пневматикалық винтовка – 10 м)
- Грек-рим күресі (3)
Алмат Кебісбаев (59 кг)
Досжан Қартықов (75 кг)
Нұрмахан Тынәлиев (130 кг)
- Таэквондо (3)
Айнұр Есбергенова (49 кг)
Жансель Дениз (67 кг)
Руслан Жапаров (+80 кг)
- Әйелдер боксы (2)
Жайна Шекербекова (51 кг)
Дариға Шакимова (75 кг)
- Велоспорт, тасжол (2)
Андрей Зейц (топтық жарыс)
Бақтияр Қожатаев (топтық жарыс)
- Садақ ату (2)
Луиза Сайдиева (жекелей біріншілік)
Сұлтан Дүзелбаев (жекелей біріншілік)
- Академиялық есу (2)
Владислав Яковлев (жекелей жарыс)
Светлана Германович (жекелей жарыс)
- Қазіргі заманғы бессайыс (2)
Елена Потапенко
Павел Ильяшенко
- Синхронды жүзу (2)
Александра Немич (дуэт)
Екатерина Немич (дуэт)
- Жүзу (2)
Дмитрий Баландин (100 м – брасс, 200 м – брасс)
Екатерина Руденко (100 м – шалқалай)
- Теннис (2)
Галина Воскобоева (жекелей жарыс, жұптасып ойнау)
Ярослава Шведова (жұптасып ойнау)
- Велотрек (1)
Артем Захаров (омниум)
20.Стенд ату (1)
Мария Дмитриенко (трап)
- Семсерлесу (1)
Илья Мокрецов (семсер)
- Үстел теннисі (1)
Кирилл Герасименко (жекелей жарыс)
- Көркем гимнастика (1)
Сабина Әшірбаева (жекелей көпсайыс)
- Ескек слаломы (1)
Екатерина Смирнова (бір кісілік каноэ)
- Батутта секіру (1)
Пірмамад Әлиев
- Ашық суда жүзу (1)
Виталий Худяков (10 шақырымдық марафон).
Пеле Олимпиада алауын жағуға ұсыныс алды
Бразилия құрамасы сапында әлемнің үш дүркін чемпионы атанған аты аңызға айналған футболшы Пеле Рио-де-Жанейрода өтетін Рио-2016 Ойындарының олимпиялық алауын жағу жөнінде ұсыныс алды.
Ойындардың ашылу салтанаты 6 тамызға қараған түні «Маракана» стадионында өтеді. Осы стадионда Пеле 1969 жылы өзінің футбол өміріндегі 1000-ыншы голын соққан еді.
«Футбол королінің» өзі айтқандай, алауды тұтатуды одан Халықаралық олимпиялық комитеттің президенті Томас Бахтың жеке өзі мен Олимпиада-2016 ұйымдастыру комитетінің басшысы Артур Нузман өтінген екен. Алайда, футболшыға бұл ұсынысты қабылдауға демеушілік келісімшарт бойынша мойнына алған міндеттері кедергі келтіруі мүмкін.
«Менің орындауды талап ететін келісімшартым бар. Бірақ мен Бразилия азаматы ретінде мұны (Ойындар алауын жағуды) жасағым келеді», – деді 75 жастағы Пеле. Ол бұл сұраққа жауапты бейсенбі күні бере алатынын мәлімдеді.
Бетті дайындаған Серік ПІРНАЗАР, «Егемен Қазақстан»