Іскерлік пен ізденіс –іргелі істер бастауы
Маңғыстау облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есебінде өткен жылдың ғана емес, өзі басшылық тізгінін қолға алғаннан бергі бес жылдағы дамудың қарқынды қадамдары мен алдағы міндеттер жайлы әңгімеледі.
Маңғыстау облысы соңғы бес жылда әлеуметтік-экономикалық дамуда елеулі нәтижелерге қол жеткізді. Әлемдік қаржылық және экономикалық дағдарыста да оң бағытқа қадам бастық. Оған 2010 жылдың қорытындысымен ел өңірлерінің рейтнгінде көшбасшылық орынға шығудағы аймақ дамуының негізгі макрокөрсеткіштері дәлел. Ал бұл 2006 жылдың басында өңіраралық байқауда оныншы орында тұрған облыс үшін үлкен жетістік. Негізгі байлығымыз – халқымыздың саны бес жылда 1,5 есе өсті. Бұл ретте алтын бесігіміз ауылдық жердегі халықтың өсімі 2,5 еседей болуы да көңіл қуантады, деп бастады өз есебін Қырымбек Елеуұлы.
Осы кезеңде ІЖӨ көлемі екі есеге өсіпті. Өнеркәсіп өндірісі көлемі де екі еседей өскен. Яғни, 2006 жылы өнеркәсіп өнімінің көлемі 965 мың теңге болса, өткен жылы 1,5 трлн. теңгенің өнімі шығарылды. Оның бәрі соңғы жылдары шыныталшықты және шыны пластикалық құбырлар шығару, жоғары қысымды сауыттар, металл құрылғыларын шығару зауыттары, болат балқыту өндірісі теңіз баржалары мен платформаларын, мұнай металл құбырларын шығару, т.б. жаңа кәсіпорындардың пайдалануға беріліп, өнімдері өтімді бола бастағанының жемісі. Сондай-ақ өнеркәсіптік өңдеу секторында да қарқынды өсім бар. Бүгінде барлық ірі және орта кәсіпорынның шамамен 40 пайызы ИСО және SA сериясының халықаралық сапа стандартының жүйесін енгізді. Бұл жұмыс өткен жылда алдыңғы жылмен салыстырғанда 39 пайызға өскен. Халықаралық сапа стандарттарын енгізуді жандандыру мұнай-газ секторының тауарларын, жұмыстары мен қызметтерін сатып алуда қазақстандық мазмұнның үлесін өсіруге ықпал етіп, бұл күндері облыс бойынша мұнай-газ секторының үлесі 63,4 пайыз құрап отыр. Облыстың инвестициялық тартымдылығы жыл сайын «Fitch» халықаралық агенттігінің рейтингімен расталып, бес жылда облыстың халықаралық рейтингі екі рет көтерілді. 2010 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында еліміздің индустрияландыру картасына жаңадан жалпы құны 536 млрд. теңгені құрайтын 17 жоба енгізілді. Өткен жылы 9 жоба жүзеге асып бір мыңнан астам жұмыс орны ашылды. Олардың арасында Қазақстанда алғаш рет салынған кеме жөндейтін, бұрғылау ерітінділерін дайындайтын зауыттармен қатар, ТМД елдері ауқымында алғаш құрылыс жұмыстары үшін қабырғалық қуыс жабынды плиталар шығаратын зауыт бар.
Облыста мән-маңызы жағынан бірегей «Жер-Теңіз-Аспан» ықпалдастырылған инвестициялық мега-жобасы жүзеге асуда. Оның бір тармағы «Ақтау теңіз порты» арнайы экономикалық аймағы – өңірлік экономиканы әртараптандырудың басты құралдарының бірі. Бұл күндері мұнда 3 кәсіпорын жұмыс істеп, өнім шығарады, тағы да 8 жоба жүзеге асырылу үстінде. Каспий теңізінің қазақстандық секторын игерудің мемлекеттік бағдарламасы бойынша келешектегі ең ірі теңіз порты Құрық теңіз порты мен жұмысшы поселкесін дамытудың бас жоспарын іске асыру жалғасты. Осында 11 әлеуметтік және инфрақұрылымдық нысандар іске асырылды. Қуаты жылына 40 мың тонна металл құрылымдарын шығаратын Ерсай Каспий верфінің құрылысы аяқталып, қосалқы станса мен электрлендіру желісі пайдалануға берілді. Облыс аумағында жаңадан транзиттік дәліздер құруға бағытталған ірі жобалардың бірі Ақтау халықаралық әуежайының жолаушылар терминалы мен ұшу-қону алаңы салынып пайдалануға берілді. Ізденістер мен іргелі істер нәтижесінде өнеркәсіптегі еңбек өнімділігі алдыңғы жылға қарағанда 7,6 пайызға артты. Өңдеу секторындағы көрсеткіш 2009 жылмен салыстырғанда 3,4 пайызға өсті. Өткен жылы «Ақтау Сити» қала құрылысының жобасын нақты іске асыру бастау алды. Қазір ондағы «Аққу» деп аталатын бірінші шағын ауданның алғашқы 6 тұрғын үйінің құрылысы жүруде. Жақын арада Қазақстанның Тұңғыш Президентінің зияткерлік мектебі мен екі жалпы білім беретін мектеп, спорт кешені, әрқайсысы 880 орындық үш балабақша, бизнес орталық, басқа да әлеуметтік нысандар бой көтермекші.
Азық-түлік рыногындағы жағдай ұдайы бақылауда ұсталады. Күнделікті тұтынатын негізгі тауарлар бағасы тұрақты. Тамақ өнімдерінің 85 пайызы көрші елдер мен республикамыздың басқа жерлерінен жеткізіледі. Жалпы, бұл ретте облысымыздың Каспий маңы өңіріндегі Ресей, Түркіменстанмен сауда-саттықтың тиімді жолдары өмірге енуде. Өткен жылы төрт түліктің саны 17 пайызға көбейді. Соның нәтижесінде ет, сүт, жұмыртқа өндіру 12 пайызға, шұбат өндіру 2 есе, ал сүттен жасалатын өнімдер мөлшері 70 пайызға өсті. Өзіндік көкөніс – бақша өнімдерін өндіру өсімі бір жылда 30 пайызға жетті. Шөлейт өңірдегі ондай жетістікке жетуге салаға тамшылата суару технологиясын енгізіп, жылыжай шаруашылықтарын кеңейте түсу ықпал етті. Соңғы жылдары өңірімізде ұмытыла бастаған балық шаруашылығын дамыту жүйелі түрде қолға алынды.
Жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың облыстағы әлеуметтік саланы дамытуға қосар үлесін ұлғайту бойынша да біраз жұмыстар істелуде. Бес жылда инвесторлардың осы мақсатқа барлық шығындары 278 млн. АҚШ долларын құрады. Бұл осының алдындағы бес жылдағыдан 11 еседей көп. Өткен 2010 жылы ғана осы мақсатқа 92 млн. АҚШ доллары тартылды.
Жалпы, соңғы жылдары өңір халқының әлеуметтік жағдайы жақсарып, көңіл-күйлері көтеріліп келеді. Облыстың барлық 56 елді мекені газбен, электр энергиясымен, сумен, сандық байланыспен, телерадиохабарларының таратылуымен, интернетпен өткен жылы республикамызда бірінші болып 100 пайыз қамтамасыз етілді.
Білім беру саласындағы жетістіктер атап айтуға тұрарлықтай. Бірыңғай ұлттық тестілеудің орташа балы бойынша облыс республика өңірлері арасында 2006 жылға 14 орыннан 2010 жылы бірінші орынға көтерілді. Мұғалімдер үйі, «Дарын» қосымша білім беру орталығы, ақпараттандыру оқу-әдістемелік орталық құрылды. Оқыту сапасын бағалаудың мониторинг жүйесі енгізілді. Облыс мектептерінің 98 пайызы кеңжолақты интернетке қосылды. Облыс осы көрсеткіш бойынша республика өңірлері арасында екінші орында. 2010 жылы мектеп түлектерінің 97 пайызы жоғары оқу орындарына түсіп, 8 орта мектеп еліміздегі ең үздік жүз мектептің қатарына енді. Ал мектепке дейінгі тәрбие беретін орындарға келсек облыста өткен бір жылда 56 балабақша пайдалануға берілді. Бұл күндері мектепке дейінгі жастағы балалардың 72 пайызы балабақшамен қамтылып отыр. Осы жылдың аяғында бұл көрсеткіш 100 пайызға жетпекші.
Денсаулық сақтау ісінде де ілгері басқандық бар. Осы сала тарихында нейрохирургия, офтальмология протездеу саласында жоғары технологиялық түрлері бойынша көмек көрсетіле бастады. Ана мен бала өлімі көрсеткіші азайып, 5 жыл ішінде алғаш рет орташа республикалық көрсеткіштен төмендеді. Бала туу көрсеткіші елімізде ең жоғарғы көрсеткішке жетті. Өткен жылы ғана Шетпе, Бейнеу селоларында, Жаңаөзен қаласында аурухана үйлері пайдалануға берілді. Облыстық қан орталығы қазіргі заманға сай әсем ғимаратқа ие болды.
Мәдени мұраны сақтау, бұқаралық спортты дамыту бойынша жұмыстар атқарылды. Мемлекет басшысының қолдауымен Пір Бекет атаның 260 жылдығы, азаттық жолындағы халық батырлары Иса мен Досан қозғалысының 140 жылдығы мерекеленді. Пір Бекет атаның жебеуімен азаматтардың жіті қимылы арқасында «Ата жолы» аталған автомобиль жолы мерзімінен бұрын пайдалануға берілді. «Ақтау Сити» жобасы аясында «Аққу» шағын ауданы мен Мұнайлы ауданының жаңа орталығы «Батыр» ауылының құрылысы басталды. Спортты дамыту мақсатымен өткен жылы облыс бойынша 9 спорт залы ашылып, облыстық теннис орталығының құрылысы басталды.
Қырымбек Елеуұлы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауынан туындайтын міндеттерге орай 2011 жылы алда тұрған жоспарлар жайлы да әңгімеледі.
Біз осы жылы облыс дамуының 2011-2015 жылдарға арналған бағдарламасын қабылдадық. Ондағы ең басты бағыттар индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын одан әрі ойдағыдай жүзеге асыру арқылы – халықтың әл-ауқаты мен өмір сүру деңгейін арттыру, дей келе жиналғандарға еліміздің индустрияландыру картасына жаңадан 3,1 трлн. теңге құрайтын 14 жоба енгізілгендігін, соның нәтижесінде 26 мыңнан астам жұмыс орны ашылатындығын жеткізіп, жауапты адамдарға нақты тапсырмалар берді. Және де облыс еңбеккерлерін барша қазақстандықтармен бірге осы жылы тойланатын Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығында нақты жетістіктерге жетуге күш-жігер жұмсаудың қажеттігіне тоқталып, жиналғандар сауалына жауап қайтарды.
Облыс әкімінің есеп беру жиынында облыстық мәслихаттың хатшысы Б.Шелпеков, облыстық аурухананың бөлім меңгерушісі Н.Тілепов, Бейнеудегі кәсіптік-техникалық мектептің директоры М.Насухаев, Жаңаөзен қаласының әкімі О.Сарбөпеев, Ақтау теңіз портының директоры Б.Уандықов, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-тың бас директоры А.Айдарбаев, «Жайық-Каспий» экологиялық департаменті облыстық филиалының басшысы Б.Ниязов, «Отпан тау» мемлекеттік кәсіпорнының директоры Қ.Озғанбаев, Маңғыстау темір жол бөлімінің бас инженері Т.Әміров, «Береке-бірлік» қоғамдық бірлестігінің төрағасы белгілі сәулетші, драматург С.Назарбекұлы, Пір Бекет ата ұрпағы, оралман Б.Аяпбергенұлы және басқалары өңірде әр саладағы қол жеткен биік жетістіктердегі облыс басшысының іскерлік, ұтымды ұйымдастырушылық ерекше қасиеттерін ел назарына беріп ризашылық сезімдерін білдірді. Оның жұмысына жоғары баға берді және де олар маңғыстаулықтарды еліміздің ертеңгі нұрлы болашағы үшін 3 сәуірдегі Президент сайлауында Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті, әлем таныған биік тұлға Нұрсұлтан Назарбаевты бірауыздан қолдап дауыс беруге шақырды.
Облыс әкімінің есеп беру жиынына Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Д.Абаев қатысты.
Жоламан БОШАЛАҚ, Маңғыстау облысы.
Ауруын жасырғанның тағдыры қашанда белгілі
Бұрын Тараз қаласы әкімінің бірінші орынбасары, одан кейін Тараз қаласының әкімі болып абыроймен қызмет атқарған Ертарғын Астаевтың Жамбыл ауданына әкім болып тағайындалғанына көп болған жоқ. Сондықтан аудан экономикасы мен әлеуметтік жағдайына байланысты туындаған бұрынғы-соңғы кемшіліктерді жаңа басшының басына үйіп-төгіп, аудара салу қиянат болар еді.
Ел есепке «есінеу» үшін келмейді
Ал есеп беру барысында аңғарылғаны, ауданның жаңа жетекшісі жұмысын біліктілікпен ұйымдастырып, ал жасақталған жаңа командасы белсене іске асыратын істер жетіп артылады екен. Жалпы, аудан облыс орталығынан небары отыз шақырым жерде орналасқанымен, негізінен, егін және мал өсірумен айналысатыны белгілі. Тараз қаласы мен сол маңдағы зауыттарға барып жұмыс істейтін тұтас ауылдар да бар. Сондықтан болар, ауылдағы құнарлы жерді жамбасына басып алған жеке шаруа қожалықтарының игеру, егу, өсіру, қайта өңдеу деген мәселеге келгенде атқарған істері көңіл көншітпейді. Мысалы, аудандағы егістікке жарамды 63 666 гектар алқаптың 59 660 гектары жеке иелікте екен. Бірақ өнім ойдағыдай емес. Әсіресе, Аса, Ақбастау, Айша бибі, Бесағаш, Жамбыл, Қаратөбе, Ерназар, Қаракемер, Қызылқайнар, Полатқосшы ауылдық округтерінде жерді игеріп, одан мол өнім алуда мақтанарлық іс жоқ. Үкімет қант қызылшасын өсіруге қамқорлық жасап отырғанына қарамастан, 1200 гектар жерге егілген қант қызылшасының 50%-ы ғана өсіпті. Жиналған өнім – 6600 тонна. Ал бұл бөлінген қаржыны, төгілген терді ақтамайтын рәсуа тірлікке жатады.
«Ауруын жасырған өледі». Сондықтан болар, ауданның жаңа басшысы өткен жыл үлесіндегі осындай кемшіліктерді ашық айтудан, өткір сынаудан жасқанбады. Есеп тыңдауға жиналған шаруа қожалықтары иелері де ұялды. Ал қарапайым тұрғындар өздеріне мәлім де беймәлім кемшіліктерді бірінші рет естіп: «Е, бәсе», десіп қалған. Неге? Өйткені, ауруды емдемес бұрын алдымен оның диагнозын анықтап алу қажет. Демек, әкім есебінің астарынан ұққанымыз, аудандағы егін және мал шаруашылығына, шағын бизнес пен өнеркәсіпке бұдан былай баса көңіл бөлінбек.
Әлбетте, жоқты жасырмай айтумен бірге, бармен марқая білу де уәжіп. Бұл ретте аудандағы кәсіпкерлік пен өндіріс саласындағы өсу мен өрлеуге қуануға болатын сияқты. Бұл күнде аудандағы шаруашылық нысандарының өнім өндіру көлемі кәсіпкерлік саласы бойынша 2 миллиард 333 миллион 927 мың теңгені құрапты. Яғни, бұрнағы жылмен салыстырғанда, 45 миллион 763 мың теңгеге артық. Өнеркәсіп саласы 2 миллиард 103 миллион 670 мың теңгенің өнімін өндірген. Денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет және спорт салаларында да ілгерілеу жетеді.
Бірақ айтылмай қалған туризм саласы туралы тоқсан түрлі ой бар, соның бірі – аталмыш аудандағы Айша бибі, Бабаджа қатын мазарларына келіп жатқан мыңдаған туриске (зиярат етушілерді туристер деп санау керек) лайықты қызмет көрсету және сол қызметтен түсетін қаржының есебі туралы мәселе! Біз бұл жөнінде бұрынғы-соңғы әкімдердің есебінен бірде-бір мағлұмат алған емеспіз. Сірә, ауданның жаңа басшысы ауданның туризм саласындағы «көлеңкелі» жақтарды реттеп, туризм табысын халық игілігіне жаратуға көңіл бөледі деп сенеміз.
Халықтың әкім есебіне «есінеп» отыру үшін келмейтіні белгілі. Сөз сөйлеуге шыққандар аудандағы Айша бибі – Қаратау асфальт жолының кезінде сапасыз жөнделгеніне, оған жұмсалған қыруар қаржының желге ұшқанына қатты ренжіді. Сондай-ақ, Райыс каналын жөндеуге 111 миллион теңге бөлінгенімен, оны іске асыруға тиісті «Бином» ЖШС-нің жұмысы тоқтап тұрғанына алаңдаушылық білдірді. Ал осы каналдан сылдырап аққан суды күтіп 300-ге жуық жеке шаруа қожалықтары телміріп отыр. «Бином» қайда, су қайда?!
Сонымен бірге, Жас өркен ауылының тұрғындары қырғыз тауларынан құлайтын лай көшкінінің қаупіне алаңдаса, «Қазфосфат» ЖШС-нің маңайына тым жақын орналасқан ауылдардың тұрындары зауыттардың улы түтіндері мен қалдықтарының салдарынан және Тараз қаласының шайынды суларының әсерінен түрлі ауруларға ұшырай бастағандарын жеткізді. Ал аудан орталығының тұрғындары Ю. Гагарин атындағы мектептің әбден ескіргенін, соған байланысты ол жерде оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беруге мүмкіндік қалмағанын айтты. Елбасының «100 аурухана, 100 мектеп» бағдарламасы бойынша осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алынған емхана нысаны да «сақалды» құрылысқа айналған. Оның құрылысына толық жетеді деп бөлінген қыруар қаржы желге ұшты ма, әлде тендердің «10-15 пайызынан» дәметкен шенеуніктер мен жеке меншік компания иелерінің қалтасына кетті ме, бір Аллаға ғана аян.
«Еурохим-удобренияны» күтумен өткен ғұмыр
Таластықтардың, оның ішінде кенді, кенішті Қаратау қаласы тұрғындарының «Сарытас-Удобрения» компаниясының жолына қарап телміргеніне көп болды. Оны «Іске қосамыз» деген ресейлік «ЕуроХим-Удобрения» компаниясы да сонау Гамлет заманынан келе жатқан «Боламыз ба, әлде бордай тозамыз ба?» деген сауалға нақты жауап бермей діңкелетуде. Соған қарағанда, кейбір «билік дәліздеріндегі» талас-тартыстар қаратаулық қарапайым халықтың пайдасына шешілмей тұрған сияқты.
Неге? Өйткені, бүгінде Жамбыл облысының химиясы дегенде, тілге алдымен «Қазфосфат» ЖШС тиек болады. Ал ол өзіне бәсекелесті қалай ма? Әрине, жоқ. Ал таластықтар күтіп жүрген ресейлік «ЕуроХим-Удобрения» ЖШС келсе, «Қазфосфат» ЖШС-іне нағыз бәсеке пайда болады. Өйткені, Қаратау қаласындағы «Сарытас» АҚ зауыты негізінде минералдық тыңайтқыштар өндірісін жолға қою көзделіп отырған «ЕуроХим-Удобрения» ЖШС-нің жобасы өте ауқымды. Жоспарланып отырған өнім көлемі, яғни кешенді минералдық тыңайтқыштар өндірісі жылына – 2,5 млн. тонна, күкірт қышқылы – 1,6 млн. тонна, аммиак өндірісі –700 мың, азот қышқылы өндірісі 360 мың тонна шамасында болады. Жобаның құны 600,0 млрд. теңге, оны шетел валютасына шақсақ 4,0 млрд. АҚШ долларын құрайды. Жобаны іске асыру кезеңдері 2009-2015 жылдардың еншісіне тимек. Жоба толық іске асқан жағдайда өңірдегі 3000 адамға жаңа жұмыс орны ашылады.
Бірақ, өкінішке қарай,
«Бүгінде Жаңатастан 3 кен орнын алдық. Осы кен орындары ашылғаннан кейін, Қаратау қаласындағы «Сарытас» АҚ арқылы алғашқы өнімді шығара бастаймыз. Бұл ойымыз келесі жылдың бірінші тоқсанында жүзеге асып қалады. Үкімет пен тиісті министрліктер тарапынан ресейлік компанияға ешқандай қысым жасалып жатқан жоқ. Енді тек қана жұмыс істеу керек», деген компанияның бас директорының осыдан үш жыл бұрынғы сөзі әлі іске асқан жоқ. Облысқа келген арнайы жұмыс сапарында осындай мәселеден хабардар Елбасы Н. Назарбаев тиісті министрліктер мен компанияларға «ЕуроХим-Удобрения» ЖШС-нің жобасына кедергі келтірмеу жөнінде қатты ескерткен болатын. Олар да өз кезегінде уәде берген. Бірақ одан бері тағы бір жыл өте шықты. Сондықтан болар, төрт-бес жылдан бері айтылып келе жатқан «Жамбыл өңіріндегі химия саласына «ЕуроХим-Удобрения» компаниясы келгелі жатыр» немсе «Көп жылдар бойы тоқтап тұрған «Сарытас» АҚ-тың негізінде өндіріс орнын ашу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр» деген сөзге халық онша сене қоймайтын болған. Бұл сөз енді ауданның жаңа әкімі
Айтқазы ҚАРАБАЛЕВТЫҢ аузынан да шықты. Сонда бұл «жыры» таусылмайтын неғылған компания? Аудан, облыс басшылары және Парламент депутаттары Үкіметке шығып, тиісті министрлерге: «ЕуроХимнің» қарапайым халықты жұмыспен, ал өңір экономикасын қаржымен қамтамасыз етуіне кім қарсы, кім мүдделі?» деп неге сұрау салмайды?
Аудан әкімінің есебінде Елбасы Жолдауынан туындайтын тапсырмаларға орай атқарылып жатқан игі істер мен алдағы уақытта қолға алынатын жұмыстарға толық есеп берілді. Елді қуантқан хабар, биыл Тараз – Тегістік – Жетібай – Ойық және Ақкөл – Ойық – Ұланбел автожолдарының тозығы жеткен бөліктері жөнделеді екен. Сондай-ақ, С.Шәкіров, Аққұм, Қызыләуіт ауылдарына апаратын автомобиль жолдарын ағымдағы жөндеуден өткізуге де қаражат бөлінген. Ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстары да қолға алынбақ.
Әрине, ауданда шешімін күткен мәселе де баршылық. Мысалы, Қаратау қаласының жылу жүйелерін жөндеу жұмыстарына қыруар қаржы бөлінгенімен, жұмыс әлі аяқталмаған. Қалада пәтер кезегінде тұрған адамдар көп. Соған қарамастан, есік-терезесі үңірейген көп қабатты тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына қаржы бөлдіру, инвестор тарту жұмысы көп жылдардан бері шешімін таппай келе жатыр.
Ендеше, есепте айтылған өзекті мәселелерден көп ұзамай тиісті қорытынды шығатынына сенейік.
Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.
Ортақ мәселе алаңдатады
Атырауда да аудан әкімдері халық алдындағы есеп беру жиындарын аяқтады. Жұртшылық әкімдерге көп ұсыныс айтпады. Аудандардың барлығында да әкімдерге алғыс білдірілді. Әрине, атқарған жұмыстары үшін. Дегенмен, проблемалар да қозғалды. Мәселен, Құрманғазы ауданының жұртшылығы экология мәселесіне алаңдаса, Исатай ауданының тұрғындары балалар алаңдары мен жалпыға ортақ қоғамдық моншаны қажет етеді. Ал өзге аудандар тұрғындарын не толғандырады?
ЖАЙЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ ЖАН АУЫРТАДЫ. Жайық өзені тартылып барады. Бұл біздің ғана дабылымыз емес. Бұған ел-жұрттың жаны ауырып отыр. «Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, Индер ауданының жұртшылығы Жайықтың жағдайын осы кезден ойластыра бастады. Аудан әкімі
Жангелді РАХМЕТҚАЛИЕВТІҢ есебінде осы мәселе көтерілді. Жайық – трансшекаралық өзен, демек, бұған Үкімет араласса, сөйтіп, Ресей өзендерінен жіберілетін суға шектеу болмаса, дейді. Жайықтың суы былтырғыдай деңгейде болса, сөз жоқ, Атырау, Батыс Қазақстан облыстарында су тапшылығы байқалуы ғажап емес. Өйткені, Жайық – өзен бойындағы ауылдардың негізгі ауыз су көзі. Қазір оның суы тіптен төмендеді. Кей жері тіпті үзілуге жақындады. Осындай жағдай Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзеніне де тән. Бұл да трансшекаралық өзен болғандықтан су Ресейден келеді. Соңғы кезде Қиғаш та шөміштен қағыла бастаған сыңайлы.
ДОССОРҒА КҮКІРТТІ КІМ ӘКЕЛГЕН? Бұл мәселе Мақат ауданының әкімі
Қилымғали ҚАЙНЕНОВТІҢ халық алдындағы есебінде көтерілді. Доссор кентінде тұратын ардагер Елемес Үмбетов: «Құлсарыдан әкелінген күкіртті Доссорға төгетін болыпты. Доссорлықтардың жаны жоқ па? Бұл қалай сонда?» деп сауал тастайды. Ол сонымен қатар, Доссордың таза болғанын, сол мақсатқа арнайы көлік бөлінгенін қалайды. Қария алаңдағанындай, Доссорға күкіртті кім әкеліп жүр? Не мақсатпен? Бұл сауалдар әрине, тиісті орындарды да мазалайтын шығар. Анық-қанығы кешікпей анықталып, кінәлілерге шара қолданылатынына сенеміз.
Мақат жұртшылығын алаңдататын тағы бір мәселе – Ескене кентінің келешегі. Кезінде мұнайшылар үшін салынған кенттердің үшеуі – Комсомол, Қошқар, Бекбике былтыр Атырау қаласы мен Махамбет ауданына көшірілді. Енді Ескене тұрғындары да жаңа мекенге көшкенді қалап отыр. Әзірге кент тұрғындарының қайда, қашан көшетіні шешімін тапқан жоқ. Және бұл бір күнде шешіле қоятындай оңай шаруа емес. Аудан әкімінің есебіне қатысқан облыс басшысының бірінші орынбасары
Болат ДӘУКЕНОВ Ескене кентін көшіру үшін өңірдегі мұнай кәсіпорындарының көмегіне жүгінуге тура келетінін айтты. Қалай болғанда да, Ескене кенті ескерусіз қалмайтын секілді.
ҚҰЛСАРЫҒА КЕРЕМЕТ КЕЛБЕТ ҚАЖЕТ. Құлсары –Жылыой ауданының орталығы. Бұрын кент еді, қазір аудандық маңыздағы қала деген дардай аты бар. Бірақ 10 жылдан бері қалалық әкімдігінен басқа не бюджеті, не мәслихаты жоқ. Мүмкін талап осылай болар. Құлсарының қала атанғанына жылыойлықтардың қуанғаны рас. Өйткені, «Құлсары қаласында тұрамыз» дегеннің өзі неге тұрады? Енді осы Құлсарының келбеті әр тұрғынның мақтанышын туғызатын қала атына лайық па? Рас, аудан орталығында абаттандыру, көркейту жұмыстары әсіресе, өткен жылы кең қанат жайды. Қала ішіндегі көшелерге жолдар салынды. Гүлзарларда әралуан гүлдер гүлдеді. Осындағы көп қабатты үйлерде жылу, ауыз су құбырлары ауыстырылып жатыр. Қаланың жаңаша келбетпен дамитын кезі келді. Әсіресе, көп қабатты тұрғын үйлердің еңсені езердей сұрықсыз кейпін жаңарту қажет шығар. 1899 жылы алғашқы мұнай бұрқағы алынғалы бері «қара алтыны» толастамаған Құлсарының бүгінгі келбеті көңілден шыға қоймайды.
Жылыой ауданының әкімі
Рахметолла НҰҒЫМАНОВТЫҢ есебіне қатысушылар Құлсарының келбетіне назар аударылғанын қалайды. Мәселен, аудандық газеттің редакторы Сәулеш Шәтенова «Бірде сәулетшіден сұхбат алғанмын. Сонда ол «Құлсары негізінен қазақы үйлерден тұрады екен. Ал шын мәнінде қала саналуы үшін барлық инженерлік инфрақұрылыммен сенімді қамтамасыз етілген биік үйлер керек. Әйтпесе, ол үлкен ауылға ұқсайды», деген-ді. Сондықтан енді зәулім ғимараттар да қажет. Олардың қатарында мұражай, жастар бас қосатын орын, әрине, аудандық газеттің редакциясы болғаны жөн», дейді. Жұрттың көкейіндегі орынды ұсыныстың қолдау табатынына сенеміз.
ҚЫЗЫЛҚОҒА ЕНДІ ҚИНАЛМАЙДЫ. Бұл кезінде артта қалған ауданның бірінен саналатын. Себебі, ауданда тек мал шаруашылығы ғана дамытылып, төрт түлікті түгел өсірген малшылар көшіп-қонып жүретін. Айтпақшы, осындағы Тайсойған полигонында бірнеше рет аспанға «саңырауқұлақ» ұшырған сынақтар жасалғаны әсте ұмытыла қоймайды. Қызылқоғаға келуге, әсіресе, жас мамандар мүлде қызықпайтын. Енді бәрі басқаша. Осы ауданда жер астынан бұрқақша атқылаған мол мұнай алынып жатыр. Аудан әкімі
Берікқали СӘРСЕНҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, былтыр 645 мың 800 тонна мұнай өндірген «Қайнар» және «Мәтен» кәсіпорындарының қатары биыл тағы бірге көбейіп, «Сағыз Петролеум Компани» осы аудан аумағынан мұнай алуды бастамақ.
Ал мұнай бар жерде жұмыс болатыны даусыз. Демек, Қызылқоға ауданы үшін тағы да қосымша жұмыс орны ашылады. Қазір бұл ауданда проблема жоққа тән. Бұрын тұрғындар қыста үй жылыту үшін мал тезегін, көмір жағатын. Жер астындағы құдықтан, не көлікпен тасыған суды ішетін. Соңғы екі-үш жылдан бері бұлай емес. Әр ауылға газ желісі, ауызсу құбыры жетті. Темір жол бойындағы ауылдарға газ желісі барып тұр. Ауданды газдандыру мамыр айына таман аяқталмақ.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.