12 Ақпан, 2011

Өркениет өрісі

822 рет
көрсетілді
24 мин
оқу үшін

Жасампаздық жолбасшысы

Елбасы Жолдауы жаңа биіктерге бастайды

Өркениет өрісі

Елбасы Жолдауында биылғы жыл елі­міз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына қа­дам басқан қастерлі жыл екенін атап, өткен кезеңдерде игерген биік белестер мен алған асуларымызға лай­­ықты баға­сын берді. Соның айқын көрінісі осы мерзім ішінде Қазақстан әлемдік дағ­дарыстар мен қауіп-қатар­лер­ге жауап бере алатын, оларды ең­се­руге қабілетті іргелі мемлекеттер қата­ры­нан орын ал­ға­ны болып отыр. 90-шы жылдардың бас кезі мен ор­тасында мемлекетіміздің тағ­ды­ры қыл үстінде тұрғанын ескерсек, бұл табыс­тың өрлеу жағдайында айы­рық­ша атап айтарлық маңызға ие бол­ғанын сезіне түсеміз. Қазақстанның тарихи жетістіктері Ұлт Көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың мемлекеттік қайраткерлігімен тікелей байла­ныс­ты. Елбасы жаһандық деңгейдегі сая­си лидерлер қатарынан көрінді. Оның тікелей басшылығымен 2010 жылы Қа­зақстан ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп, ұй­ым­ның қызметін жаңа сапалық дең­гейге көтерді. ЕҚЫҰ-ның VII саммитінде қабылданған Астана декларациясы әлем­дегі бейбітшілікті нығайтуға зор үл­ес болды. Іле-шала өткізілген VII Азиа­д? а ойындары Қазақстан абырой­ын әлемдік қауымдастық алдында көтере түсті. Ал­дымызда Ислам Конферен­ция­сы Ұйы­мына төраға болудың беделді мін­деті тұр. Қазақстан бұрын-соңды жа­һан­дық дең­гейдегі абыройға ие болған емес. Бұл – үлкен тарихи жетістік. Кеңес одағы ыдырағаннан кейінгі ден­деп кеткен экономикалық және қар­жылық дағдарыс 1994 жылы ең қиын шегіне жеткен еді. Сол жылы Қазақстан халқының табысы 1991 жылмен салыс­тырғанда 3,5 есеге азайып, 2400 АҚШ долларынан 700 долларға дейін кеміп кеткені әлі есімізде. Жұмыссыздық, кедейшілік, әлеуметтік инфрақұрылымның күйреуі ел халқының еңсесін басып жіберген болатын. Өтпелі кезеңнің ба­сын­да түрлі «сәуегейл­ер­дің» Қазақ­стан­ның тәуелсіз мемлекет ретінде аяғынан тік тұрып, өмір сүре ала ма, жоқ па деген күмәнді көзқараста болғаны да ақиқат. Алайда, нағыз мемлекет қайраткері, саясат дарабозы бола білген Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың басшылығымен көпэтнос­ты Қазақстан халқы өтпелі кезеңнің қиыншылықтарын сыр бермей аса қысқа мерзімде еңсеріп әкетті. Дағ­да­рыстан шығудың және жаңару жолына түсудің тарихи бағдарламасы – «Қазақ­стан-2030» – «Барлық қазақстандық­тар­дың өсіп-өркендеуі, қауіпсіздігі және әл-ауқа­ты­ның артуы» атты республика хал­қына арнаған Президенттің алғашқы Жолдауы жарыққа шықты. Қазақстан халқы осы батыл да жаңашыл, страте­гия­лық маңыз­дағы Жолдауды іске асы­руға ұйым­шылдық үлгісімен жұдырық­тай жұмыл­ды. Дағдарысқа қарсы жал­пы­халықтық күрес басында Прези­ден­ті­міз­дің өзі жүр­ді. Қазақстан мемлекеті дамуындағы Президенттің қолтаң­басы мен позиция­сы халыққа қанағат­танарлық сезім серпінін туғызды. Ел халқының әлеуметтік-экономика­лық жағдайы мен адам факторын Елбасы бірінші орынға қойып отыруды өзінің басты мақсат-мұраты санады. Сонда ға­на ілгерілеу болатынын атап көрсетті. Өм­ір өзі дәлелдеп бергендей, солай бол­ды да. Қазақстан өтпелі кезеңдегі дағ­дарыстан шырмалып қал­май, тез шығып, дамудың сара жолына түсті. Жаңа әл­емдегі жаңа Қазақстанды құрудың жасампаз үдерісі басталды. Биылғы Пре­зи­денттің «Болашақтың іргесін бірге қа­лаймыз!» атты Жолдауын да Қазақстан халқы асқан ризашылық сезіммен қа­был­дап, қолдап, қуаттау үс­тін­де. Елба­сымыз бұл Жолдауында Қа­зақстанды көркей­ту­дің және мемлекеттілікті ны­ғай­тудың жаңаша алға басудың ілгерілеу сатыла­рын анықтап, айғақтап берді. Кемелді келешегіміздің кеңістігіне жол сілтеді. Тәуелсіздігіміз бастау алған жыл­дар­да Қазақстан әлемдегі ең кедей мемлекеттер қатарында болса, қазір еліміз орта дамыған елдердің алдыңғы қатарына орнығуға қол жеткізді. Оның нақтылы нәтижесін мынадан-ақ көруге болады. Жиырма жылда Қазақстан сияқты ішкі жалпы өнімін 12 есеге арттыра алған мемлекеттер жоқтың қасы екендігін са­рап­шылар жарыса жазуда. Алдағы уа­қытта өнді­ріс­тің, шикізаттың сипатын жеңе отыра, еліміздің нағыз бәсекеге қабілетті мемлекетке айнала алатын­дығына әлем сарап­шы­лары ешқандай да күдік келтірмей, сенімді қарайды. 1991-1996 жылдары Қазақстан бар­лық экономикалық көрсеткіштері бойын­ша кері кету деңгейінде болса, ал 1997 жылдан бастап өрлеу, өркендеу жолына түсті. Сол жылы еліміз 15 млрд. АҚШ доллары көлемінде ішкі жалпы өнімін өндірсе, бұл көрсеткіш 2005 жылы 56 млрд. доллар, ал 2010 жылы 150 млрд. доллардан асқан. Осы мерзім ішінде елдегі жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім көлемі 1997 жылы 1100 доллар, 2005 жылы 3900 доллар, ал 2010 жылы 9000 долларға жеткен. Бұдан біз еліміздегі сөз бен істің бірлігіндегі қабысып тұрған серпінді іс-қимылға анық көз жеткізе аламыз. Халықтың әл-ауқаты мен мемлекет­тің қуатын айғақтайтын негізгі көрсет­кіштердің еселеп артуы Елбасы мен оның командасының ғылыми негізделген, өмір өзгерістеріне сәйкес келетін саясатының нәтижесі деп білеміз. Саяси шаралардың ең маңыздысы және Қазақ­станның саяси өміріне әрі оның өрке­ни­ет жолымен жылжуына ерекше ықпа­лын тигізетін рухани күш – Прези­дент­тің жыл сайынғы ел халқына Жолдауы. Әрбір Жолдаудың өз ерекшеліктері бар. Олар мемлекет алдындағы өзекті тағ­дыр­лық мәселелерге байланысты өзгеріп отырады. Ал барлық жолдауларды біріктіретін негізгі идея біреу. Ол – Қазақстан мемлекеттілігін нығайту, елді дамыған өркениетті мемлекеттер қатарына қосу. Әр жылдардағы Президент Жолдауы Қазақстан шешіп жатқан және шешуге тиісті мәселелердің айнасы іспеттес. Жолдаулар қоғамдық қатынастардың негізгі салаларын түгел дерлік қамти оты­ра, оларды дамытудың және жаңартудың жолдарын анықтап берді. Сонымен қатар әр жылғы Жолдауда елдің дамуының ты­ны­сын ашатын, дамуға себепкер бола­тын жаңа, тың міндеттер күн тәртібіне қойылумен қатар, ойдағыдай орындал­ған істерге халық алдындағы берілген есеп және атқарылуға тиісті істердің жос­пары ретінде де қарастыруға болады. Биылғы Жолдауда Қазақстан әлем­де­гі ең белсенді дамудағы мемлекеттер қа­та­рында екендігі айтылған. Бұл – бүк­пе­сі жоқ шындық. Қазақстан экономикасы 20 жылда 4 есеге жуық дамыған. Ал, дағдарысы тереңдеген 1994 жылмен са­лыс­тырсақ, бұл көрсеткіштің 12 есеге өс­кенін көреміз. Қазақстанның тәуел­сіз­дік жылдарындағы экономикалық даму­ының көрсеткіштері Сингапур, Малайзия, Оңтүстік Корея, Польша, Венгрия сияқты қарқынды дамыған елдерден де асып түсіп отыр. Көптеген сарапшылар Қазақстанды даму қарқыны жағынан әл­ем­дегі 220 мемлекеттің арасында ең оз­ық орында тұрған мемлекет деп есептейді. Қазақстанның экономикалық жаңа­ру­ы жылдамдықпен жүргізілетін индус­трия­лық-инновациялық даму саясаты арқасында еселене түседі деп күтілуде. 2010 жылы басталған индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын ор­ын­дау барысында 152 жаңа кәсіпорын іске қосылып, 24 мың адам тұрақты жұ­мыс­пен қамтылса, алдағы үш жылда қо­сым­ша 294 жаңа инвестициялық жобалар іске асырылатыны жоспарлануда. Оның нәтижесінде 161 мың тұрақты жаңа жұ­мыс орны ашылмақ. Мұның өзі қаншама халықты кіріптарлық мұқтаж­дығынан шығарып, әлеуметтік жағынан жан-жақ­ты қамтамасыз етеді. Биылғы Жолдауында Президент ауыл шаруашылығына ерекше ықыласпен көңіл бөлді. Еліміз аграрлық ел екені белгілі. Аграрлық саланы нарықтық жү­йе­ге көшіру, жалпы экономикалық дағ­да­рыс ауыл экономикасының күрт төмен­де­уіне әкелгені белгілі. Еліміздің эконо­микасын көтеруде, әлемдік экономикаға кіруде ауыл шаруашылығын көтерудің маңызды рөлін ескерген Президентіміз 2000 жылғы халыққа Жолдауында елімізде қалыптасқан экономикалық ахуал ауылды көтеруге мүмкіндік беретінін, ауылды қаржылық қолдау керектігін атап, ауылды көтерудің үш жылдық бағ­дарламасын бекітті. Осы бағдарламаны іске асыру нәтижесінде ауыл шаруа­шы­лығында өндірілетін өнімдер көлемі қысқа мерзімде қарқынды түрде дамы­ды, азық-түлікке ішкі сұраныс негізінен отандық өніммен қамтамасыз етілді. Президентіміздің ауылды көтеруге арналған сол бағдарламасында – ауылды көтеру елімізде жалпы экономиканы дамытуға мультипликативті ықпал беретінін, ауылшаруашылық өнімдері кө­ле­мінің ұлғаюы, оны қайта өңдейтін саланың дамуына, ауыл шаруашылығы мен қайта өндеу кәсіпорындарын мате­риалдық ресурстармен жабдықтайтын салалардың дамуына оң әсер ететінін атап, ауылда орта және ірі тауарлы ша­руашылықтардың санын көбейту талап­тарын белгілеген еді. Осы ұсыныстары мен қойған талаптарын, әлемдік эконо­миканың даму қағидалары тұрғысынан сараптағанда, ғылыми негізделгенін, өм­ір­­шеңдігін көре аламыз. Ауылды көтеруге арналған бағдарламаның орындалуы, ау­ылда орын алған оңтайлы өзгерістер соның дәлелі боларлық. Биылғы Жолдауда ауыл шаруа­шы­лы­ғын бұдан бұрын белгіленген ба­ғыт­та да­мытумен қатар, мал шаруа­шы­лы­ғын кө­те­руге ерекше назар аударылған. Ол ор­ын­ды. Еліміздегі жайылымды жер­дің кө­ле­мі, етке деген сұраныс ау­ыл­ды да­мы­ту­ға ауыз толтырып айтар­лық әсерін тигізеді. 2016 жылы ет экспортын 60 мың тоннаға жеткізу белгіленген, мұның құ­ны 4 млн. тонна бидай экспортына тең. Бұл мақсаттың орындалуына бай­ла­ныс­ты 130 млрд. теңгелік несие ре­сурс­тарын бөлу қарастырылған. Бұл қарастырылған шаралар бір жа­ғынан ауылдық жерлерде қосымша жұ­мыс орындарын ашуға мүм­кіндік берсе, екінші жағынан ауыл тұр­ғын­дарының кіріс көзіне айналады. Мұ­ның өзі малдың барлық түрінің асыл тұ­қымдарын және бас санын көбейтуге мүмкіндік береді. Университет ұжымы Президен­ті­міз­дің ауылды көтеруге байланысты белгілеген биік мақсаттарының орындалуына талап тұрғысынан өз үлестерін қосуда. Бірінші – университетте сапалы білім беру, бәсекелестік қабілеттілігі жоғары мамандар даярлау басты міндет деп белгіленіп, осыған қол жеткізуде үлкен шаралар атқарылды: білім беруде заманауи инновациялық технологиялар игерілді, оны ғылым және өндіріспен тығыз бай­ланыстыру жүйесі қалыптасты, дамыған елдердің озық оқу орындарымен тығыз байланыс орнады. Атқарылған шаралар білім беру сапасын жоғары сатыға кө­те­руге мүмкіндік берді. Республикамыздың асыл тұқымды ша­руа қожалықтарында жүргізілген зерт­теу­лердің нәтижелері басқа шаруашы­лық­тарда мал басының жоғары өнімділік сапасын көбейтуге мүмкіндік берді. Рес­публикадағы мал басының жалпы жо­ғары генетикалық әлеуетіндегі асыл тұ­қымды малдардың үлес салмағы артты. Аталған жетістіктерді өндірісте кеңі­нен қолдану ауыл шаруашылығында ин­новациялық технологияны пайдалану ауқымын ұлғайтып, оның өсіп, дамуын арттыра түсті. Мысал ретінде айтсақ, егіс шаруашылығында көкөніс өнім­ді­лігін еселеп көтеруге қол жеткізілуде. Ірі қара мал өсіру саласында асыл тұқымды мал зауыттарында жүргізілген жұмыстар нәтижесінде әр сиырдан сауатын сүт өн­імд­ілігі 5000-6000 кг. деңгейіне көтерілді. Ғалымдарымыз республикамыздың әр аймақтарындағы әлеуметтік-кәсіп­кер­лік корпорацияларымен тығыз байла­ныс­та 26 инновациялық жобалардың нәтижелі іске қосылуына ғылыми көмек беруде. Солардың ішінде Батыс Қазақ­стан облысында мал бордақылайтын, әр облыстарда ұйымдастырылып жатқан сүт өндірумен айналысатын кәсіп­орын­дар, Алматы облысында түрлі кластерлер құру жобаларын атауға болады. Өткен жылдың 15 қарашасында Ел­басы Н.Назарбаев университет ғалымда­рының ғылыми-зерттеу жұмыстарының нәтижелерімен терең ынтамен танысып, жоғары баға берді. Ол бір жағынан Ел­басының ауыл шаруашылығына, осы салаға қызмет атқаратын білім мен ғы­лымға деген ерекше назарының белгісі болса, екінші жағынан кемеңгер басшы­ның іскерлігінің белгісі екенінің көрінісі. Осыны жоғары бағалаған университет ұжымы ғылым және білімді дамытудағы қойған міндеттерін мінсіз атқаруға бар мүмкіндіктерін пайдалануда. Мемлекет басшысы қазір шетелдің технологиясына тәуелді болып отырға­ны­мызды, одан құтылудың жолын қарас­тыру керектігін, өзіміздің отандық өн­дірісімізді жүйелі дамыта отырып, жаңа технологияларға қол жеткізудің маңы­зын, мұндай кезеңдерден Финляндия, Оңтүстік Корея, Норвегия мемлекеттері қысқа мерзімде шыққанын айтып, Үкі­метке нақты міндеттер жүктеді. Елба­сы­ның ұсыныстары ғылымның дамуын өмір талабына сай ұйымдастыруға, ға­лым­дарды нақтылы жетістіктерге, нәти­желі жаңалықтарды алуға ынталан­ды­руға бағытталған. Ол еліміздің жарқын келешегіне жол ашады. Осы тұрғыдан бағалағанда, зерттеу университеттерін қа­лыптастыру туралы шешім өте ор­ынды. Елбасымыздың экономиканы әрта­рап­­тандыру жөніндегі талаптары Қазақ­станның индустриялық-инновациялық да­муына жол ашты. Онда, сөз жоқ, оның түп-төркіні ғылыми негізде жатыр. Қа­зақстанның 2003-2015 жылдарға арнал­ған индустриялық-инновациялық даму стратегиясында ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісі жеті басым бағыттың қатарына енгізілген. Отандық өнім өн­діру арқылы еліміздің азық-түлік тәуел­сіз­дігі қамтамасыз етілмек. «Нұр Отан» ХДП бұдан бір жарым жыл бұрын болған ХІІ съезінен кейін Ақордада өткен Қауіпсіздік Кеңесінің кезекті отырысында Елбасының «Елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету – еліміздің стратегиялық міндеті. Оны ал­да­ғы он жылда шешеміз. Біз аграрлық кешенді тұңғыш рет бірінші орынға қой­ып отырмыз» деген тұжырымы ауылдың қар­қын­ды дамуының, оның бәсекелестік дең­гейін арттырудың бастамасына ай­налды. Соның көрсеткіштерінің бірі университетімізде ауыл шаруашылығы кешені өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігінің ұлттық орталығы жасалуда. Бұл орта­лықтың негізгі іргетасы «Қазақстан – Жапония» инновациялық орталығы. Бұл орталықта аса дәлдікпен және жыл­дам арада ауыл шаруашылығының өнімде­рінің, азық-түліктің барлық түрле­рінің құндылығы, адам ағзасына пай­дасы мен зиянды жақтары анық­талады. Ор­талық қызметінің ауыл ша­руа­шылығы кешенін ғылыми тұрғыдан дамытуға, ел хал­қының денсаулығын сақ­тауға қо­сатын үлесі аса зор. «Қа­зақ­стан – Жапония» орталығындағы қон­дыр­ғылар әл­емдегі ең озық техникалар қатарында. Бұл уни­верситеттің Күншы­ғыс елімен ын­ты­мақтастық бағдар­ла­ма­сы бойынша ор­ындалды. Қондырғыл­ар­ды біздің мамандар Жапония мамандары көмегімен ор­натып, меңгерді. Осы орталықпен тығыз байланыста 31 зерттеу зертханалардың жұмыстары ұйымдастырылған. Олардың 6 зерт­ха­на­сы агробиология және экология, 11 зертханасы – анималогия, 4 зертханасы – АӨК экономикасы мен табиғат ресурс­тары, 2 зертханасы – орман биоцено­логиясы, 2 зертханасы – азық-түлік қау­іп­сіздігі, 3 зертханасы – су ресурстары және табиғатты пайдалану, 5 зертханасы жаңа техника мен техникалық құралдар сияқты ауыл шаруашылығы кешенінің түрлі сегменттерін зерттеумен және үй­лестірумен айналысады. Ғылыми зертханалар 1998-2010 жылдар арасындағы 144 ғылыми жұмыстар жөніндегі келі­сім-шарттарға қол қойды. Соның 31-і Еуропа елдерімен, 37-і Азия елдерімен, 61-і ТМД елдерімен және 15-і Америка және Океания елдерімен жасалды. Атап айтқанда, Германияның Вайнштефан университеттерімен біріккен қос дипломдық магистрлық курс жүзеге асырылып, шетелдік экономиканы бас­қа­ру, инновациялық технологияларды және ғылыми зерттеулерді жүргізу бойынша жаңа әдістерді меңгерген 59 магистр оқуларын табысты бітіріп шықты. Бұл курсты Германияның тәуелсіз аккреди­та­циялық комиссиясы заңдастырып, біздің елдің дипломымен қоса, өздерінің дип­ло­мын, сертификатты бітірушілерге сал­танатты түрде тапсырды. Халықаралық ТЕМPUS, Эрасмус Мундус жобалары бойынша біз Голландия, Польша, Австрия, Германия, Испания, Бельгия, АҚШ, Венгрия және Ресей аграрлық университеттерінің оқу үрдісімен, тә­жі­ри­белерімен терең таныстық. Соның негізінде біздегі оқу сапасына баға берудің өзіндік жүйесі жасалды. Мұндай аумақты деңгейдегі ғылыми зерттеулерді жүргізу ҚазҰАУ-ға Елбасы күн тәртібіне қойған зерттеу университеті дәрежесіне көтерілуіне мүмкіндік береді деп ойлаймыз. Зерттеу университеті болу үшін ұжымның ғылыми-кадрлық әлеуеті де жеткілікті деп айта аламын. Қазір 10 мыңнан астам студентке, магистрлер мен PhD докто­рант­тарға 210 ғы­лым докторлары (оқыту­шылар құрамы­ның (34 пайыз), 363 ғылым канди­дат­тары (60 пайыз) сабақ берсе, ҰҒА 37 академигінің (6 пайыз) еңбек етуі зор табыс деп білемін. Университет профес­сор-оқытушылар құра­мы 39 кафедрада шоғырланған. Ол ка­федралардың түрлі зерттеу инсти­тут­тарында 52 филиалы және 534 тәжіри­белік базалары бар. Егер 2008 жылы университет ғалымдары 126 миллион теңгенің ғылыми-зерттеулерін жүргізсе, 2010 жылы бұл көрсеткіш 228 млн. теңгеге жетіп отыр. Өзінің ғылыми, әдістемелік, тәжіри­бе­лік, материалдық және кадрлық ре­сурс­та­рын бағамдай келе, универси­тет­тің ғылыми кеңесі «ҚазҰАУ-дің 2011-2015 жылдарға арналған аграрлық зерттеу университетін дамыту бағдарла­ма­сын» бекітті. Ондағы мақсат – ғылыми-техникалық үдеріс жаңалықтарын ауыл шаруашылығы кешеніне жылдам және тиімді енгізу, оқу үрдісін ғылыми-зерт­теу және инновациялық қызметтің бар­лық түрлерімен ұштастыру арқылы кадрлар даярлау сапасын жақсарту, агро­өнер­кәсіп кешеніне қажетті ғылыми зерт­теулерді озық әлемдік жетістіктер деңгейінде ұйымдастыру арқылы Қазақ­станның ауыл шаруашылығының жыл­дам жаңаруына негіз болу. Жолдаудың ерекшелігі, оның нақты­лы­ғында. Президент алдағы уақытта шешілетін мәселелерді маңыздылығы бой­ынша саралап, сатылап нақты көрсетіп отыр. Мысалы, қазір елдің жинақтаушы қоры 60 миллиард долларға жетті. Ел экономикасына шетелдің 120 миллиард доллар көлеміндегі инвестициялары тар­тылды. Осы шаралар арқасында өнді­ріс­тің дамуымен бірге бюджет саласының қызметкерлерінің жалақысы мен студенттер стипендиясы 1 шілдеден бастап 30 пайызға өсірілмек. Зейнетақылар 1 қаң­тардан бастап 30 пайызға өсірілді. Зей­неткерлердің мұндай қамқорлыққа деген ризашылықтары шексіз. Әлеуметтік мәселелердің шешімін жыл­дамдату, яғни әлеуметтік жаңғырту – алдағы кезеңнің маңызы міндеттерінің бірі деп көрсетілген Жолдауда. Президент Қазақстан халқының материалдық әл-ауқатының үздіксіз өсуін әлеуметтік саясаттың ең маңызды басымдылығы деп есептейді. Қазақстан халқы осы үш­ін Ұлт Көшбасшысын қадірлейді және оның саясатын зор ынтамен қолдайды. Бұл құбылыстан Елбасы мен халықтың мүдделерінің және мақсаттарының үн­дестігін көреміз. Халықты ұйытатын дұрыс және әділ саясат. Әлеуметтік дамудың және экономи­калық жаңартудың тіректері: бостандық, бірлік, тұрақтылық және гүлдену. Атал­ған жалпыазаматтық құндылықтарды си­паттайтын парадигмалар Қазақстанның саяси-әлеуметтік, мәдени-рухани және экономикалық жаңаруына жағдай жасай­ды. Себебі, әрбір қазақстандық өмірі мен болашағының ойдағыдай болуы елдің бостандығына, онда тұратын халықтар­дың өзара түсінісіп бірігуіне, елдегі саяси және этникалық тұрақтылыққа тәу­елді. Бостандық, бірлік, тұрақтылықты қамтамасыз ете отыра Қазақстан өзінің ұдайы өркендеуін, немесе гүлденуін қам­тамасыз ете алады. Осы өзара терең философиялық байланыстағы парадигмалар Қазақстан халқының тіректі құн­дылығына айналды. Бұл құндылықтарды ел дамуының принциптеріне толық ай­налдыру үшін Қазақстан қоғамның жаңа кезеңіне сай келетін әлеуметтік жаң­ғыр­туды жүзеге асыратын жаңа әлеуметтік саясат керек, деп есептейді Президент. Әлеуметтік дамудың негізгі бағытта­ры: білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік тілді дамыту. Әсіресе, мемлекеттік тілдің топтас­ты­ру­шылық және біріктірушілік әлеуетін пайдалануға ер­екше назар аударылды. Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі ел да­му­ындағы түйінді мәселелердің бірі болып отырған­дығы жасырын емес. Әс­і­ре­се, Қазақстанның зиялы қауымы мемлекетті жасаушы қазақ ұлты­ның ана тілінің қоғамдық қатынастар жүйесінен өзінің лайықты орнын ала алмай келе жат­қандығына наразы болды. Жолдауда Президент мемлекеттік тіл мәселесін нақты шешуді тапсыр­ды. 2020 жылға қарай әрбір мектеп бітіруші міндетті түрде қазақ тілін білуі керектігі Білім жә­не ғылым министрлігіне жүктелді. 2017 жылы ел халқының 80 пайызы қазақ тілін білуін қам­та­масыз ету міндетін шешу күн тәртібіне қойылды. Демек, ал­дағы уақытта ел халқы мемлекеттік тілді білуге бетбұрыс жасайды деген сөз. Мем­лекеттік тілді дамыту ісіне әрбір қазақ, әрбір қазақстандық өз үлесін қо­суға тиісті. Қазақстан «Тілдер туралы» Заңды және «Тілдерді дамыту» бағдар­ла­масын орындаудың мемлекеттік шара­ларын түгел дерлік және нақты мерзімде орындауға міндетті. Осылай болғанда ана тіліміздің шаруашылық пен қар­жы­да, билік пен басқаруда және ақпарат пен рухани салада қолдануы­ның толыққанды болуы қамтамасыз етіледі деп білемін. Қазақстан халқының әлеуметтік рухани жаңаруын және кемелденуін Ел­басы мемлекеттік тілмен қатар, әлемдік тілдерді меңгерумен де байланысты­ра­ды. Қазақстан үшін солтүстіктегі көр­шіміз, стратегиялық одақтас орыс тілін сақтау және дамыту маңызы дау ту­дырмайды. Ал, ашық қоғам мен ашық экономикалық қатынастар ағылшын ті­лінің маңызын арттыра түседі. Әлемдік ақпараттың 95 пайызы ағылшын тілінде тарайтынын ескерсек, бұл тілдің Қазақ­станның ғылыми, біліми және мәдени дамуы үшін бірінші зәрулікке айналып отырғандығын сезінеміз. Ағылшын тілін білмей, бәсекеге қабілетті мемлекетті жә­не бәсекеге қа­білетті Қазақстан хал­қын қалыптастыра алмайтынды­ғы­мыз белгілі. Сол себепті Президент Жол­дау­ындағы қағидалық ойлардың ма­ңызы арта түседі. Қазақстан Республикасы Президен­ті­нің халыққа Жолдауы дағдарыстан шық­­қаннан кейінгі міндеттерді саралайды. Оның мақсаты қоғамдық қатынас­тар­дың барлық салаларын кешенді дамыту. Жа­ңару саясаты әлеуметтік модернизациялану, ауыл шаруашылығы кешенін да­мыту, білім мен денсаулықты нығайту басымдықтарын алдыңғы кезекке шы­ғарып отыр. Биылғы Жолдау Қазақ­стан­ның өркениетті болашағын жасаудың маңызды сатысы болмақ. Әрбір қазақ­стандық үшін Жолдаудағы қағидаттар мен міндеттердің маңызы зор. Себебі, Жолдау әрқайсымызға қатысты. Жолдау міндеттерін шешу арқылы мемлекеттілік күшейтіледі, адам факторының құ­қық­тық, демократиялық мемлекет құ­рудағы мәртебесі көтеріледі. Қазақ­стан­ның бә­секеге қабілеттілігі, дамыған өр­ке­ниетті мемлекеттер қатарынан көрі­не­тініне сеніміміз берік. Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, академик.