Отанымыздың қуатты экономикасының кепілі саналатын кәсіпкерлікті барынша өркендету Президент Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында да тиянақталды. Еліміз дамуының жаңа қазақстандық жолын айқындап берген, күллі халық қызу қолдаған бұл айрықша маңызды құжаттың «Индустрияландыру және экономикалық өсім» деген бөлімінде өндірісті өрістетудің басым бағыттары белгіленді.
Бизнеске дейiн мен Алматыдағы Қазақ политехникалық институтын бiтiрген соң төрт жылдай Ресейде, Красноярскiнiң алюминий комбинатында балқытушы, цех бастығының орынбасары болып жұмыс iстедiм. Негiзiнде, өндiрiсшi ретiнде сонда қалыптастым. Кейiн елге оралып, Түркiстандағы «Ремстройдормаш» зауытында балқытушыдан бас инженерге дейiн қызмет еттiм. Кеңес Одағы тарап, тәуелсіздігімізді алдық. Өндiрiс тоқтады, жекешелендіру басталды. Бастапқы өтпелі кезеңде бизнеске бет бұрдым. Алғашқыда автомобильмен жолаушылар тасымалдау саласында еңбек еттiм. Түркiстандағы жолаушылар тасымалдау паркiнде басшының орынбасары болдым, артынан ол мекеменi жекешелендiрдiк. Содан соң қалалық тiс емханасының жұмысын қолға алдық, кейiннен орталық автовокзалдың қызметін ұйымдастырдық.
Бұл күнде ауыл шаруашылығымен айналысып, бау-бақша да егеміз. Төрт түлік те бағамыз. Өзіміздің ет комбинатымызды іске қосқанбыз. Бидай, арпа, жүгері егістігіміз де бар. Қасиетті Түркістанның жері де бабын таба білсең, топырағы құнарлы әрі шұрайлы. Үш гектарға салынған жылыжайымызда қияр, қызанақ, болгар бұрышы, лимон, голландық раушан гүлі өсіріледі. Дария сағасында табиғи түрде пайда болған көлшіктерді арнайы кеңейтіп жасаған тоғандарымызға балықтың бірнеше түрінің шабақтарын жібергенбіз. Жалпы, мен «Қазақстанда жасалған» деген белгімен тауар өндіруге түбегейлі бет бұрған кәсіпкермін. Өнімдерімізді түркістандықтар тұтынады, облыс тұрғындарына да, еліміздің өзге қалаларына да саудалаймыз. Бірнеше компанияларды біріктірген бизнес құрылымымызда бүгінде 500-ге жуық адам жұмыс істейді. Өндірілген отандық сапалы тауарымызды шетелге шығару арқылы әлемдік бәсекелестікке қатысуға мүмкіндік аламыз.
Негізі, нарықтық экономикада бiр салада жұмыс iстей отырып, iлгерi жылжу түгiлі, тұрақты табысты болу қиын. Себебi, нарықтық кеңiстiкте бәсекелестiк қатты дамиды. Тек көпвекторлы бизнестi өркендету арқылы ғана пайда табуға мүмкіндік мол. Айталық, ауыл шаруашылығындағы бизнестің жағдайы көп ретте адамға тәуелсiз, табиғи факторларға көп байланысты. Қоршаған ортаның тылсым сырлары көп. Мысалы, былтырғы мамыр айында дүркiн-дүркiн сапырған құйынды желдерден, аяқ астынан жауған қардан үлкен зиян шектiк. Жеміс ағаштарын үсік ұрды. Ал бұған, керiсiнше, халыққа қызмет көрсету саласында, жолаушыларды автомобильмен тасымалдауда, жылыжайда, мал шаруашылығында және құрылыста елеулі табыс болды. Біріне кеткен шығынның орнын екіншісінен түскен пайдамен жаптық. Бiр саламен шектелмей, тiрлiктi жан-жақты дамытқанда ғана қыр асасың.
Түркістанның солтүстiк-батысында орналасқан Шорнақ, Жiбек Жолы, Сауран, Бабайқорған, Жүйнек және Қарашық ауылдарының тұрғындары негiзiнен ауыл шаруашылығымен шұғылданады. Сондықтан, бұлардағы өзектi мәселенiң негiзгiсi егiн алқаптарын сумен тұрақты қамтамасыз ету болып табылады. Кеңес Одағы кезiнде бұл өңiр Арыс-Түркiстан каналы және тiк дренажды ұңғымалар арқылы егiндiк сумен толық қамтамасыз етiлетiн едi. Кейiнгi уақытта тiк дренажды ұңғымалар iстен шығып, каналдың суы егiстiк алқаптарына жетпейтiн болды. Сол себептi, түркiстандықтар үшiн толғандырып отырған күрделi мәселелердiң бүгiнде ең бастысы да бiрегейi деп егiн алқаптарын сумен жеткiлiктi мөлшерде қамтамасыз етудi айтар едiм. Оның iшiнде Арыс-Түркiстан магистральды каналының жағдайы, құрылысы да, сапасы да ойландырмай қоймайды. Бұл кезекте ұзындығы 41,7 шақырым машиналық канал Боралдай өзенінен Қостұра су қоймасын салдыру қажеттілігі өте маңызды. Осы каналдың суын Жiбек Жолы ауыл округiне дейiн жеткiзу және каналдағы судың көлемiн молайту жолдарын iздестiру де күн тәртiбiнде тұр. Түркiстан өңiрiндегi су қоймаларының жағдайлары алаңдатады.
Сонымен қатар, каналдан, су қоймаларынан егiс алқаптарына тарайтын астаулардың, арықтардың, шлюздердiң жарамдылығын талдап, зерделеу қажеттiлiгi де бар. Электр энергиясы тарифтерiнiң жылдан-жылға қымбаттай түсуi, оның қызмет сапасының төмендiгi халықты қатты толғандырады.
Мемлекет қара және түстi металлургияның, уран, химия өнеркәсiптерiнiң қарышты дамуына қандай камқорлықпен қарап, оларға қажеттi жағдай туғызатын болса, дәл сондай көзқараспен ауыл шаруашылығына да көңiл бөлiнуi керек деп ойлаймын. Ал ендi өзiн-өзi дәлелдеген тәжiрибеге, ғылыми тұжырымға сүйенiп айтсақ, әр аумақтың ерекшелiгiне сай ауыл шаруашылығын дамыту жөнiнде мемлекеттiк бағдарламалар әр ауданда, ауылда дайындалуы керек. Бұл құжаттарда нақты межелер белгiленiп, олардың орындалуын қамтамасыз ету ауданның, қаланың бiрiншi басшысына жүктелуi тиiс.
Ауыл шаруашылығы төменгi табыстағы сала екенiн де жасыруға болмас. Көбiнде ол табиғат құбылыстарына, климат факторларына тәуелдi. Ондағы өндiрiс мерзiмдiк, циклдық жағдайда жүредi және даму тұрғысынан алғанда өнеркәсiптен нашар. Экономикалық және технологиялық жаңалықтарға баяу бейiмделедi және оған салынған капиталдың басқа салалармен салыстырғанда қайтарымы төмен. Сондықтан, ауыл шаруашылығына мемлекеттен берілетін дотация көлемi жеткілікті болуы керек. Әрбiр ауданның, қаланың игерiп жатқан суармалы жерлерiнiң аумағына байланысты ауылшаруашылық техникалары мемлекеттiң тарапынан бөлiнуi тиiс.
Статистикалық мәлiметтерге жүгiнсек, соңғы 10 жылда трактор парктерiнде ауылшаруашылық техникалары екi есеге қысқартылды. Жүргiзiлген мониторингке сәйкес, қолда бар тракторлардың 90%-ы он жылдан аса пайдаланылып келедi. Сондықтан, әр ауылда мемлекеттiң көмегiмен МТС-тер ұйымдастырылуы құба-құп. Оларда ауыл шаруашылығына қажеттi жаңа техникалар (тракторлар, комбайндар) болуы, олар шаруа қожалықтарына жеңiлдетiлген жолмен қызмет жасаулары қажет.
Бүгінде шағын және орта бизнесті дамыту экономикалық өрлеудің және әлеуметтік саяси жаңғыртудың басты құралы екені ақиқатқа айналды. Ел экономикасының қуаттылығы, шын мәнінде, кәсіпкерліктің қуаттылығында, отандық кәсіпорындардың бәсекеге қабілеттілігі жоғарылығында деп түсінуіміз керек. Қазақстандағы бизнес ұлттық экономиканың ілгерілеуші күшіне айналуы тиістігін Елбасымыз мемлекет дамуының негізгі бағыттарының бірі ретінде ұдайы айтып та, оның орындалуын қатаң қадағалап та келеді. Біз Президентіміздің бұл қамқорлығын сезінеміз. Кәсіпкерлікпен еркін, кедергісіз айналысуымызға, жұмыс жағдайымызды үнемі жақсартып отыруға тұрақты жасайтын қолдауына лайықты іспен жауап қайтаруға міндеттіміз де. Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев кәсіпкерлермен өткізген әрбір кездесуінде мемлекет кәсіпкерлікті дамытуға барлық қажетті жағдайды жасап отырғанын, олар ел экономикасының тірегі, халықтың әл-ауқатын одан әрі өсіруді қуаттандыратын ерекше күш екенін, сондықтан, ел сенім артқан кәсіпкерлер өз кезегінде Отанның әлеуетін арттыруда аянбауы керектігін ұдайы еске салып отырады. Елбасымыздың кәсіпкерлікті үнемі қолдауының, әркімнің бизнеспен еркін айналысуына кең жол ашуының арқасында тұрмысын түзеген, отбасылық бюджетін еселеген, қаржылылар қатарына қосылған азаматтар енді өзіне ғана емес, өзгеге де көмектесуге мүмкіндігі туған жандардың бірімін.
Дегенмен, әлі де бизнесте проблемалар баршылық. Себебi, кәсіпкерлік елімізде әлі толық қалыптасып үлгерген жоқ. Кәсiпкерлiктi қолдау, қорғау заңы бар, бiрақ оның орындалу тетiктерi нарықтық ағысқа iлесе алмай келе жатқаны шындық. Мысалы, екi-үш жыл бұрын Ресейден құрал-жабдықтар алдық, оның қосымша құн салығынан босататын рұқсат қағаздарын облыстық кеден басқармасынан алып, жұмысты бастап кеттiк. Алайда, екi жылдан соң ол құжаттар дұрыс емес екен деп бiзге ҚҚС-ты үстеме ақысымен төлеттi. Сонда бiз қорғанатын заңның тетiктерiн таба алмадық. Бұл күнделiктi кездесiп жүрген мысалдың бiреуi ғана.
Ал бизнесте алғашқы қадамын бастап жүргендердiң негiзгi проблемалары – ресурстық базаның жетiспеушiлiгi, яғни материалдық-техникалық және қаржылық кедергiлiк. Бiз халық шаруашылығында жаңа секторды дүниеге алып келдiк. Егемендiкке дейiн кәсiпкерлiк деген ұғым да, сектор да жоқ едi. Кәсiпкер бiр тiрлiктi бастайын десе материалдық-техникалық базасы жоқ, ол бар болса бастапқы қаржы жетiспейдi. Банктерден несие алайын десе, кепiлдiкке қоятын мүлiк жоқ. Ал бар мүлiктi екiншi деңгейдегi банктер қабылдамайды, қабылдағанның өзiнде оның құнын еселеп төмендетедi. Жоғарыдағы статистикаға жүгiнсек, банктер несиелердi қайтарымы тез салаларға жұмсайды, ал ауыл шаруашылығына бар-жоғы 5 пайыз ғана бөледi.
Ауылдық жерлерде МТС құруға Үкімет тарапынан қаржы бөлінуі шаруа қожалықтарына көрсетілген нақты көмек болар еді. Ол МТС-тың 51 пайыз мүлкі шаруа қожалығында, 49 пайызы Үкіметтің иелігінде болуы тиіс.
Елбасының бес институттық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадамында» атап көрсетілгендей, «жоспардың негізгі мақсаты – «аурулардың сыртқы белгілерін» сылап-сипап қою емес, «жүйелеп емдеу» болып табылатын қоғам мен мемлекетті түбегейлі өзгертуге негіз қалау». Бұл қағида өз кезегінде еліміздің қазіргі күрделі кезеңнен сенімді түрде өтуіне жағдай туғызатыны да кәміл.
Үмбет ЖҮСІПБАЕВ,
«Иассы» консорциумының президенті
Оңтүстік Қазақстан облысы