06 Тамыз, 2016

Жолдар Хубейде тоғысады

349 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
06.08.16-daroga Бұл күндері қазақстандық журналистерден құралған делегацияның Қытай еліндегі  сапары жалғасуда.  Он күнге созылатын саяхат дамудың даңғыл жолына түскен осынау елдің оңтүстік провинцияларын қамтиды.  Сонымен, жүрдек пойызбен жүйткіп отырып, Хэнань өл­кесін артқа тастап, Хубей про­­винциясына келіп жеттік. Бейжің мен Чженчжоу, одан кейін Чженчжоу мен Ухань қа­лаларының арасындағы 1200 шақырымды бес жарым сағатта жүріп өткен жолдарда біз сияқты бөгде елден келген адамдардың көзіне бірден түсетіні бітпейтін де қоймайтын егістік алаңдары. Мың шақырымдық жолдың бойында көкөніс егілмеген, өңделмеген қарыс қадам жоқ. Қолдан өсіріл­ген ормандар, жүгері алқап­тары, қысқасы, өсімдік пен тал дарақтардың түр түрінен көз сүріне отырып, Ухань қаласына да келіп жеттік. Уақыттың қадірін білетін ханзу халқы біздің бір минутымызды да зая кетірмей, қонақүйге жай­ғастырған бойда, бірден Ухань университетіне алып келді. Ухань университеті Қытай­дағы ең әдемі оқу орны саналады. Кеш батып кетті демей-ақ бізді аталмыш оқу орнының өкілдері жылыұшырай қарсы алып, жан-жақты ақпар берді. Қытайдың осынау мақтаулы университеті мұнда 1989-1991 жылдары Қазақстанның қазіргі Үкіметінің басшысы Кәрім Мә­сімовтің оқығанын мақтаныш тұтады. Үлкен аумақты алып жатқан Хубей провинциясында судағы және құрғақтағы транспорттық тасымал үлкен маңызға ие. Әлемде ұзындығы жағынан үшінші орын алатын Қытайды асырап отырған Янцзы өзенінде орналасқан халықаралық порттар күн сайын, сәт сайын тонналаған тауарларды Қытай – Еуропа бағы­тына алып шығады. Қай жағынан алып қарасаң да бұл провинцияда құрғақтағы көлік тасымалы болсын, пойыз жолдар, тағысын-тағы Хубей өлкесінде то­ғысып барып, тарқайды. Қытайдың төрт тарабын жал­ғас­тырып отырған Ухань қала­сы озық технологияларымен де дараланатындықтан, бұл қаладағы іссапарлар коммуникциялық технологиялардың дамуына арналды. Бірінші кезекте 1974 жылы құрылған, оптикалық талшықтар шығаратын «Fiber Home Technologies» компаниясына кел­дік. Ақпараттық технология­лар заманында оптикалық тал­шықтың қолданылмайтын жері жоқ. 23 мың қызметкері бар компанияның табысы 5 миллиард юаньға жеткен. Бастапқыда қа­тардағы ғылыми-зерттеу институты болған компанияның бүгінгі табысы айтуға тұрарлық. Ухань қаласында біріне бірі әрі әріптес әрі бәсекелес екі компания болса, соның бірі оптикалық талшық жасайтын «YOFC» компаниясы. Аталмыш компания өз саласы бойынша Қытайдағы бірінші, әлемдегі екінші орында. Әлемді Қытаймен оптикалық талшық арқылы жалғап отырған компанияға келгенге дейін Ухань қаласының «Силикон» алқабында да болдық. Фантастикалық киноға кіріп кеткендей әсер қалдырған озық технологиялар көрмесі бізді көп ойға қалдырғаны ақиқат... Халқының жартысы қалаларда тұратын Хубейдегі кезекті нысан «Қытай инженерлік құрылыс компаниясына» қарасты «Үшінші басқармасына» келдік. Егер әлем­де 500 ірі құрылыс компания­сы болса, ол 27-орында тұр. Бұл нысанға арнайы атбасын тіреуіміздің де өзіндік мәні бар. Аталмыш құрылыс компаниясы әлемдегі ең биік ғимараттың бірін тұрғызып жатыр екен. Қазір 120 қабаттық құрылыс бел ортасына келген. Біздің журналис­тер қазірдің өзінде төбесінен төменге көз салсаң бас айналатын нысанның үстіне құрылыс лифтімен көтеріліп, Ухань қала­сының бүкіл сұлулығын тамашалады. «Нюти» деп аталатын әкім­шілік, бизнес және сауда-сат­тық орталығы болатын бұл ғимарат қарапайым қала тұрғындары үшін қымбатқа түспек. Сондықтан, мұн­да тұрғын пәтерлері жоспар­ланбаған. Ендігі бағыт қытайлықтар Юй деп атайтын Чунсин қаласы. Онда да бізді тығыз бағдарлама, қызықты кездесулер мен әзірге беймәлім ақпараттар күтіп тұр. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» – Уханьнан (Қытай)