09 Тамыз, 2016

Атырауда алуан-алуан істер бар

294 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
atyrau Ол Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің өңірге сапары барысында жан-жақты сараланды Кеше Премьер-Министр Кәрім Мәсімов Атырауға сапары барысында бірнеше нысанды аралап, екі мәселеге баса назар аударды. Оның алғашқысы –мұнай-газ өнеркәсібі. Өйткені, бұл мұнайлы өңір экономикасының басым бағыты саналады. Олай дейтініміз, қазақ мұнайының алғашқы тамшысы дәл осы өңірден алынған. Бұдан 116 жыл бұрын «Қарашүңгіл» аталатын кен орнынан өндірілген «қара алтын» тасқыны әлі толастаған жоқ. «Теңіз», «Қашаған» секілді көмірсутекті шикізаттың мол қоры жөнінен әлемде теңдесі табылмайтын кен орындары Атырау өңірінде ашылды. Айтқандай, Үкімет басшысы Каспий теңізінің қазақстандық секторындағы «Қашаған» кен орнынан мұнай өндіруге әзірліктің барысына көз жеткізу үшін тікұшақпен ұшып барды. Аталған кен орнының алғашқы мұнайы 2013 жылдың 11 қыркүйегінде өндіріле бастаған еді. Алайда, арада 13 күн өткен соң, яғни 24 қыркүйекте D аралынан «Болашақ» мұнай мен газды кешенді дайындау қондырғысына дейін тартылған құбырдың ақауы анықталды. Осыған байланысты «Қашағанда» мұнай өндіру зақымдалған учас­кеде жөндеу жұмыстары аяқтал­ғанға дейін тоқтатылды. Жөн­деу жұмыстарынан соң газ­дың ағып кетуі тағы анықталып, мұнай өндірісін тоқтатуға шешім қа­былданды. Жұмыс тобы жүргізген талдау көрсеткендей, газдың ағып кетуіне сульфидті қосындылар әсерінен құбырлардың шытынауы себеп болған. Осыдан соң газ және мұнай құбырларын толығымен ауыстыру қажеттігі туындады. Атыраулықтар тек мұнай мен газды өндірумен ғана шектелмейді. Жеті қат жер астынан мұнайшылардың ерен еңбегімен өндірілген табиғи байлық осындағы мұнай өңдеу зауытында өңделеді. Іске қосылғанына 70 жылдан асқан зауытта 2000 жылдан бері сатылы жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Мұнда Жапонияның «Маrubeni Corporation» компаниясының қатысуымен алғашқы қайта жаңғырту жобасы іске асырылды. Бұдан кейін жаңғырту жобасының екінші кезеңін іске асыру үшін 2009 жылы «ҚазМұнайГаз» бен қытайлық «SІNOPEC Engіneerіng» компаниясы хош иісті көмірсутектер шығаратын кешен құрылысын жүргізуге уағда жасады. Өткен жылы іске қосылған осы жобаның нәтижесінде енді жылына 133 мың тонна бензол және бір жылда 496 мың тонна параксилол шығаруға қол жеткізеді. Жақында ғана 300 тонна бензол Ресейге экспортқа шығарылды. Зауыттың бас директоры Қайрат Оразбаевтың айтуынша, қайта жаңғырту арқылы екінші ретті үрдістердің қуаттылығы мен мұнай өңдеу тереңдігін арттыруға қол жеткізіп, ашық түсті мұнай өнімдерінің шығарылуын арттыру, өнім санын көбейту, К-4 және К-5 экологиялық кластарына сай келетін мотор отындарының сапасын жақсарту, ішкі нарықта жоғары октанды жанармай мен авиациялық отын тапшылығын жою жоспарлануда. Сонымен бірге, жаңғыртудың нәтижесінде шикізаттық мұнайды өңдеу қуаттылығы жылына 5,5 млн. тоннаға дейін жететіні күтіліп отыр. Премьер-Министр мұнай сервисі саласындағы өзекті мәселелерді талқылаған кеңес өткізді. Онда Энергетика министрі Қ.Бозымбаев, Ұлыбританияның сауда және инвестициялар бойынша департаментінің директоры К.Кир, ТШО бас директоры Т.Этчисон, Сервистік компаниялар одағының бас директоры Н.Жұмағұлов, ҰКП Машина жасау және металл өңдеу комитеті төрағасының орынбасары П.Беклемишев хабарлама жасады. Қазақстанның мұнай сервисі нарығында 1000-нан астам компания бар. Бұл компанияларда жалпы саны 160 мыңнан астам адам жұмыс жасайды. Мұнай сервисі үлесіне жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы сатып алу көлемінің 40-50 пайы­зы тиесілі болып отыр. Сол себептен, қазақстандық қамтудың болашағы мен халықтың жұмыспен қамтылуы сервистік бизнестің дамуына байланысты екені де даусыз. Өткен жылдың қорытындылары бойынша жер қойнауын пайдалану саласындағы мұнай сервисі қызметінің жалпы шығындары 1,3 трлн. теңгеден асыпты. Дегенмен, Үкімет жер қойнауын пайдаланушылардың сатып алуларында қазақстандық қамту үлесінің артуы мәселесін ерекше назарда ұстайды. Өйткені, 2015-2016 жылдар аралығында мұнай сервисі жобаларынан 2,5 мыңнан астам адам босап қалған. Енді бұл адамдарды жұмысқа орналастыру Үкімет үшін маңызды мәселе болып табылатыны атап өтілді. «Теңіз» кен орнын, «Қашаған» жобасын кеңейту және «Қашағанда» жұмысты жандандыру тәрізді ірі жобаларды жүзеге асыру мердігерлік жұмыстар көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Осыған байланысты Премьер-Министр Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсеноваға мұнай сервисі саласының жұмыстан босап қалған жұмысшыларын жұмысқа орналастыру бойынша жұмыс тобын құруды тапсырды. Энергетика министрі Қ.Бозымбаевқа қазақстандық мұнай сервисі компанияларын ірі мұнай-газ жобаларына тарту бойынша жұмыс топтарын құруды тапсырды. Үкімет басшысы ерекше екпін түсірген екінші мәселені балық шаруашылығын дамытуға байланысты деуге болады. Бұл салада да Атырау экономикасын өрге сүйрейтін жаңашыл жобалар бар. Кәсіпкерлер де балық шаруашылығын өркендетуге ден қоя бастады. Мәселен, Мұрат Әмірғалиевтің жетекшілігіндегі «Амангелді» өндірістік кооперативінің Исатай, Құрманғазы, Жылыой аудандарында да өндірістік филиалдары бар. Маңғыстау өңірінде екі учаскесі және бар. Кооператив балық өнімдерін Еуроодақ елдеріне тікелей, яғни делдалсыз экспорттауға мүмкіндік беретін еуронөмір алыпты. Қазірдің өзінде бұл кооперативтің өнімдеріне Ресей, Грузия, Украина және Әзербайжан секілді ТМД елдерінен сұраныс арта түсіпті. Еуронөмір алғандардың қатарында «Абылай хан» серіктестігі де бар. Осы секілді ісі өрге домалаған балық шаруашылығының қатарында «Інжу-Маржан» серіктестігін де айтуға болады. Алайда, өңірде осы саланы дамыту тұрғысында түйінді мәселелер де бар. Премьер-Министр Кәрім Мәсімов өткізген кеңесте өндірістік кооперативтер, балық шабағын өсіру зауытының басшылары саланы дамытуға қолбайлау боларлық мәселелерді көтерді. Мәселен, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Е.Нысанбаевтың айтуынша, еліміздегі 3 млн. гектарды құрайтын су айдынында 70 түрлі балық бар екен. Соның ішінде, ауланатын балықтың 13 пайызы Атырау балықшыларының үлесіне тиеді. Экспортқа шығарылатын өнімдердің 50 пайызын балық өнімдері құрайды. Қазіргі кезде бағалы балық түрлерінің шабақтарын жасанды түрде өсірумен және оларды табиғи мекендеу ортасына жіберумен Атырау бекіре балығы зауыты, Орал-Атырау бекіре балығы зауыты, Қапшағай уылдырық шашу-өсіру шаруашылығы, Қамшылыбас балық тәлімбағы, Петропавл балық тәлімбағы, Майбалық балық тәлімбағы, Қазақ өндірістік жерсіндіру стансасы айналысады. Ал «Құрманғазы» өндірістік кооперативінің төрағасы Санат Тілепбергенов Жайық және Қиғаш өзендерінің табанын тереңдету бойынша тазарту жұмыстарының тоқтатылуына алаңдаушылық білдірді. Осының себебінен балықтардың бағалы тұқымдарының жойылып кету қатері төнуі мүмкін. Балық шаруашылығы саласында 61 жылдық еңбек өтілі бар Бостан Сүлейменов браконьерліктің әлі де тоқтамай отырғанына қынжылысын білдірді. Әсіресе, көршілес елдің браконьерлері жүрдек қайықпен, спутниктік байланыс құрылғысымен, тіпті, қарумен келіп Каспий теңізінің бағалы балығын аулайды. Оларға тосқауыл қоятын тиісті мекемені жүрдек қайықпен қамту қажеттігі туындайды. «Жайық-Атырау» бекіре шабағын өсіру зауытының директоры Ғилман Сәрсемалиев өңірдегі шабақ өсіретін қос зауытты қайта жаңғыртудан өткізудің кешеуілдемегенін қолайлы көреді. Премьер-Министр ба­лық­шыларды толғандырған мәселелерді шешу жолдары қарастырылатынына тоқталды. Оның пікірінше, Үкіметтің алдағы отырысында дәл осы саланы дамытуға байланыс­ты мәселелер талқыланады. Сонымен бірге, Жайық, Қиғаш өзендерінің табанын тазалауға, көршілес елден келетін су мөлшеріне баса көңіл бөлінгелі отыр. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, «Егемен Қазақстан» АТЫРАУ