Тәуелсіз Қазақстан тарихы Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тығыз байланысты. Елбасының қазақстандық мемлекеттіліктің іргетасы берік болуы үшін этносаралық татулықтың сақталуына, ел бірлігінің мықты болуына басымдық беруі – ел басқарудағы көреген қадам екендігін қазір бүкіл әлем мойындады.
Бұл орайда, Елбасы бастамасымен құрылған, ел тіршілігінің бейбіт, тынысының еркін
болуында қоғамдық келісім мен этносаралық татулықты қамтамасыз етіп отырған бірегей институт – Қазақстан халқы Ассамблеясы атқарып жатқан қызметтің де үлесі ерекше.
Үйдің беріктігі іргетасынан
Осыдан 25 жыл бұрын егемен ел болып, дербес даму жолына түскен жас мемлекет бүгінде әлемдік қауымдастықтың белді мүшесіне айналды. Оның орнықты саяси ахуалы мен қуатты экономикалық дамуын қоғамда орныққан қазақстандық бірегейлік пен бірліктің саяси-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани негіздері бекемдей түсті.
Биік мінберлерден «Халықтар достығының лабораториясы» деп желпінте айтылғанмен, құрамы қырық құрау елдің басын біріктіріп ұстау оңай шаруа емес екені белгілі. «Тауларды аласартпай, даланы асқақтататын» бір тетіктің керек екендігін түсінген Президент өзін он ойлантып, мың толғантқан мәселе бойынша 1992 жылы 23 маусымда «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттерінің бас редакторларына берген сұхбатында: «Мен әрдайым сөзім мен ісімнің өзара үйлесіп жатуына ұмтылып келемін. Мен бұл бағытымды өзгерткен емеспін, осы бағытпен жүріп келемін және жүре де беремін. Бұл ең алдымен қазақ халқына және Қазақстанды мекен ететін барлық халықтарға қажет», деп ой бөліскен болатын. Содан 5 ай өткенде, ел Тәуелсіздігінің 1 жылдығына арналған салтанатты жиын – Қазақстан халқының форумында Нұрсұлтан Назарбаев Ассамблеяны құру идеясын жария етті.
Аса маңызды тарихи шешім ретінде шежіремізде алтын әріптермен жазылып қалған бұл форум жұмысында Мемлекет басшысы баяндама жасап, Қазақстанның ынтымақ жолымен жүруінің артықшылықтарына егжей-тегжейлі тоқталған болатын.
Ешқандай күш шайқалта алмайтындай көрінетін Одақ ыдырап, Балтықтан Қиыр Шығысқа дейінгі аумақта, соның ішінде Қазақстанда да мидай араласып, тіршілік етіп жатқан түрлі ұлт өкілдері өздерінің тарихи атамекендеріне қарай жалтақтап, алаңдаулы күн кешіп жүргенде, бұл ой – дер кезінде айтылып, алабұртқан көңілдерге тоқтау салған сөздер еді. Бұл идея – озбыр саясаттың сойылына жығылып, бас сауғалап келген сан ұлттың жүрегінде үміт отын жақса, айдалып келген мың сан аш-жалаңаш адамның аман қалуына Алладан кейінгі себепші қазақ халқының бойындағы кеңдігі мен қайырымдылығын, тереңдігі мен тағаттылығын тағы бір биікке көтерген сөздер болды.
Осы сөздерден қуат алып, іле-шала, жер-жерде қызметі халықтар достығын сақтауға, қоғамдық келісімді нығайтуға, ұлттардың мәдениетін дамытуға бағытталған қоғамдық ұйымдар құрылып, жұмыс істей бастады. 1995 жылы 16 ақпанда еліміздегі ұлттық мәдени орталықтардың жетекшілерімен өткен кездесуде Н.Ә.Назарбаев елдегі ұлтаралық келісімді сақтау және оны одан әрі нығайту үшін республикада жаңа қоғамдық институт құру қажеттігіне назар аударды. Ал 1995 жылдың 1 наурызында Мемлекет басшысы жанынан консультативтік-кеңесші орган мәртебесін бере отырып, Қазақстан халқы Ассамблеясын құру туралы Президент Жарлығы шықты.
Сарапшылар мұндай институтты құру қажеттілігі көп этносты, көп конфессиялы мемлекетте заман талабынан туындағанын және жас, тәуелсіз мемлекетте этносаралық қатынастардың үйлесімді дамуы үшін баға жеткісіз құрылым екендігін уақыттың өзі дәлелдегенін атап көрсетуде. Еуропалық одақтың Қазақстандағы елшісі Траян Христеа: «Ассамблея этносаралық тағаттылықтың бірегей моделі бола отырып, Қазақстанда тұратын этностық топтар арасындағы татулықтың, келісім мен достықтың берік іргетасы болып табылады» десе, Израильдің мемлекеттік қайраткері Меир Данино: «Қазақстан халқы Ассамблеясы – бұл бірегей институт... Сіздердің Президентіңіз Ассамблеяны құру туралы шешімінің көрегендігіне таңғаламын», деп сүйсінеді.
Елмен бірге есейіп, қатар өсіп келе жатқан бұл орган ширек ғасырға жуық уақытта азаматтық қоғам институттарын дамыту, мемлекеттік басқаруды жетілдіру бағытында ұтымды ұсыныстар жасай отырып, стратегиялық мәнге ие бірқатар құжаттардың қабылдануына бастамашы болды. Мысалы, Ассамблеяның 1995 жылғы маусымда өткен екінші сессиясында Қазақстан Республикасының демократиялық бағытын айқындаған жаңа Конституцияға негіз болған мәселелер көтеріліп, жалпыхалықтық референдум өткізу ұсынылды. Референдум нәтижесінде қабылданған Конституцияда нәсіліне, ұлтына, дініне және әлеуметтік тиесілігіне қарамастан барлық азаматтар құқықтарының теңдігіне кепілдік берілуі; этностық, тілдік, мәдени, діни әралуандылықты мойындау негізінде қазақстандық бірегейлік пен бірлікті қалыптастырудың азаматтық қағидаттары бекітілуі Ассамблея қызметінің тұғыры болып табылады.
ҚХА-ның 1997 жылы «Тарихи зерде, ұлттық келісім және демократиялық реформалар» деген тақырыппен өткен төртінші сессиясында саяси қуғын-сүргін тарихын зерделеу, құрбандарды ақтау мәселелері көтерілді. Жарты ғасырдан астам булығып келген халықтық мұңның сыртқа шығып, әр ұлттың жоғалтқан жақсыларын жария түрде еске алуына мүмкіндік беру – кезі келген шара екендігімен де, тарихи қажеттілік болғанымен де құнды. Атап айтсақ, ол аға толқын бастан кешкен қиындықтарды кітаптан ғана білетін немесе ел болу, мемлекет құру жолындағы қиындықтардан хабарсыз ұрпақ қалыптаспауы үшін қажетті.
Қазақстан халқы Ассамблеясы Саяси қуғын-сүргін құрбандары күніне арналған «Тарихтан тағылым – өткенге тағзым» атты халықаралық жобаны 2010 жылдан бері жүргізуде.
Ассамблеяның ғасыр соңында өткен сессияларында Қазақстанның жаңа мыңжылдықтағы ұлттық саясатының тұжырымдамалық негіздері айқындалып, 2002 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының ұлттық келісімді, қауіпсіздікті, азаматтық әлемді арқау еткен стратегиясы қабылданды. Ассамблея тарихын зерделеген адам оның ел тарихымен бірге өріліп, Отанымыздың қалыптасуы, дамуы мен өркендеуіндегі сенімді тірек күшке айналғанын байқай алады. 2007 жылы Конституцияға өзгерістер енгізіліп, Қазақстан халқы Ассамблеясына конституциялық мәртебе мен еліміздің жоғары заң шығарушы органына тоғыз депутат сайлау құқығы беріліп, ҚХА-ның қоғамдық-саяси рөлін арттыра түсті. Ал 2008 жылы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңның қабылдануы бұл бағыттағы қызметтің нормативтік-құқықтық негіздерін айқындап, еліміздің саяси жүйесінің толыққанды субъектісіне айналдырды.
Ұлт бірлігі – басты байлық
Елімізде бүгінгі кездің сын-қатерлерін ескере отырып, мемлекеттік органдарға экстремизм мен радикализм құбылыстарына қарсы іс-қимыл жасауға, азаматтардың демократиялық негіздерге сүйенген саяси-құқықтық мәдениетін қалыптастыруға жәрдемдесу бағытында кең ауқымды іс-шаралар көптеп өткізілуде. Бұл жұмысты Ассамблея этномәдени бірлестіктердің күшін біріктіру арқылы іске асырады.
Қазақстан халқы Ассамблеясының этномәдени бірлестіктері – қоғамдық ахуалға әсер ете алатын ықпалды күш. Қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайту мақсатында құрылған 1338 бірлестік бар. Ел бірлігін бекемдеп, қазақ халқының мәдениетін, мемлекеттік тілді меңгеруге басым мән беретін мұндай бірлестіктердің белсенді мүшелері 55 мыңға жуық. Тек қана былтырғы Ассамблея жылында 5 426 елді мекенде 8 906 022 адамның қатысуымен 30 мыңнан астам іс-шара өткізілсе, онда осы бірлестіктердің қосқан үлесі зор.
Іс-шаралар қамтыған мазмұн да, олардың өткізілу форматы да әртүрлі. Тек соңғы жылдары «Менің Қазақстаным!» пойызы» атты республикалық акциясы, «Тайқазан: ҚХА – 20 игі іс!» республикалық эстафетасы мен «Мейірімділіктен – бірлікке» атты әлеуметтік жобалардың республикалық конкурсы, «Ұлт рухы» республикалық жобасы мен «Мың бала» қазақ тілін оқыту жобасы, басқа да көптеген іс-шаралар ұйымдастырылды.
ҚХА өткізген іс-шаралардың танымдық, тәрбиелік мәні туралы көптеген мысалдар келтіруге болады. Солардың ішінде шетелдіктер тарапынан да жоғары баға мен қолдауды көрсететін тосын сыйларды айта кетуге болады. Олар этномәдени бірлестіктердің декоративтік-қолданбалы өнер көрмелерін көріп, этностардың тілдерін, мәдениетін сақтауы мен дамуына өз үлестерін қосу ниетінде жасалған. Мысалы, Қазақстан Республикасына жұмыс сапарымен келген Болгария Халықтық жиналысының төрағасы Цецка Цачевамен кездесу барысында ол өздерінің ұлттық киімін Бейбітшілік және келісім сарайындағы Қазақстан халқы Ассамблеясының көрме павильонына сыйлады. Чешенстан Республикасы үкіметінің мұрағаты қандастарына пана болған Қазақстанға ризашылығын білдіре отырып, қуғын-сүргін жылдарына арналған құжаттар мен материалдар жинағын шығарып, тарту етті.
Этномәдени бірлестіктер 2015 жылы өткен сайлауда Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың саяси платформасына белсенді түрде қолдау көрсетті. Қазақстанның барлық өңірлерінде халықтық қолдау акциясы түрлі жиналыстар, кездесулер, митингтер, басқа да форматтарда өтіп, Ұлы Дала жеріндегі өркендеу мен даму үшін дауыс берді.
Елбасы ұсынған «100 нақты қадам» – бұл жаһандық және ішкі сын-қатерлерге жауап және сонымен бір мезгілде, жаңа тарихи жағдайларда ұлтымыздың дамыған мемлекеттердің отыздығына кіруі жөніндегі Ұлт Жоспары. Ресми құжатты іске асыруда Қазақстан халқы Ассамблеясына зор міндеттер жүктелген. Атап айтқанда, «Біртектілік пен бірлік» деп аталатын IV бөлімінде көзделген «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін қабылдау, «Үлкен ел – үлкен отбасы» кең ауқымды жобасын, «Менің елім» ұлттық жобасын әзірлеу, Бес институттық реформаны жүзеге асыру сияқты міндеттерді орындау үшін еліміздің түкпір-түкпірінде іс-шаралар өткізілуде.
Бабамның тілі – байрағым
Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту бағытында Қазақстан халқы Ассамблеясының жылдар бойы дәйекті түрде атқарып келе жатқан ауқымды істері баршылық. Мысалы, 2008 жылы Алматы қаласындағы «Достық үйі» жанынан «Лингва» тілдерді оқыту орталығы ашылып, 150-ден аса этнос өкілдері мемлекеттік тілді, ал 50-ден аса шеттен келген қандасымыз орыс тілін үйреніп шықты. Одан кейін, 2011 жылы Астана қаласында «Тілдарын» тілдерді оқыту технологияларының әдістемелік орталығы ашылып, ол орталық ықшамдылыққа, комбинаторлыққа, тіл кедергісінен жылдам өтуге негізделген қазақ тілін жеделдетіп оқытатын әдістеме жасап шығарды. Бұл «Тілдарын» әдістемесі танымал ресейлік лингвист, полиглот Дмитрий Петровтың авторлық әдістемесін негізге ала отырып дайындалған.
Бүгінгі таңда Орталық Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Тілдарын» әдістемесінің негізінде оқу құралы, жұмыс дәптері және әдістемелік нұсқаулықтан тұратын «Қазақ тілі. Тілдарын» оқу-әдістемелік құралдарының А1, А2, В1, В2 деңгейлерін жарыққа шығарды. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту мақсатында мемлекеттік органдардың және ұлттық компаниялардың қызметкерлеріне, этномәдени бірлестіктердің өкілдеріне және жоғары оқу орындарының студенттеріне осы әдістеме бойынша қазақ тілі курстары жүргізіліп, аталған деңгейді 1 580 адам игерді.
Бұдан кейін этностық топтардың мектеп жасына дейінгі балалары мен мектеп оқушыларына, жастарына мемлекеттік тілді үйрету барысында қоғамның рухани негізі болып табылатын ұлттық құндылықтарды (мәдениет, салт-дәстүр, әдет-ғұрып) бойына сіңіруді, қазақстандық бірегейліктің азаматтық қағидаттарын қалыптастыруды көздейтін «Мың бала» республикалық мәдени-ағартушылық жобасы қолға алынды.
Ассамблея жылы аясында іске асыру жоспарланған «Мың бала» жобасы тілі басқа, тілегі бір, жүзі басқа, жүрегі бір мың балаға мемлекеттік тілді үйретуді мақсат еткен болатын. Жоба мәресіне жеткенде нәтижесі біз күткендегіден асып түсті. Жоба аясында Астана және Алматы қалалары, облыс әкімдіктері ұйымдастырған 10 мыңнан астам іс-шараларға 320 мыңға жуық балалар мен жастар тартылғаны белгілі болды. Қазақ тіліне үйретудің авторлық курстары бойынша 7 мың 863 іс-шара жүзеге асырылған. Тұтастай алғанда, «Мың бала» жобасы аясында 44 мың 497 бала мемлекеттік тілді еркін әрі сапалы меңгеруге қол жеткізген.
Тәуелсіздік жылдарында көңілі дархан, қолтығы кең қазақ даласын мекен еткен бір де бір ұлыстың өкілі өзінің туған тілін жоғалтқан жоқ. Саны ең аз саналатын этнос өкілдеріне дейін тілі мен ділін сақтап, қал-қадерінше дамытуына барлық жағдай жасалып келеді. Тиісінше, мемлекеттің қасиетті қазақ жерінде өсіп-өнген кез келген ұлыс өкілінен қазақ тілін барынша меңгеруін, мемлекеттік тілді құрметтеп, сыйлауын талап етуге құқығы бар.
Биыл көктемде өткізілген бір іс-шара ниеттің түзулігін, ынтаның бар екенін көрсетті. Ол – Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен «Мәңгілік Ел» патриоттық актісіне арналған жалпықазақстандық ашық диктант. Диктантты өткізуде «Мәңгілік Ел» патриоттық актісін насихаттау арқылы мемлекеттік тілді білуге қызығушылықты арттыру, қазақстандық бірегейлікті қалыптастыру, қоғамдық келісім мен ел бірлігін нығайту мақсаты көзделді. Бір сүйсінерлігі, оған қатысуға тілек білдірушілердің ішінде өздерінің мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін тәуелсіз жағдайда тексеруді көздегендер көп болды.
Диктант 2016 жылғы 18 мамырда сағат 11:00-де бір мезгілде өтіп, осы уақытқа дейін болмаған жаңа іс-шараны ұйымдастыруға еліміздің барлық облыстық, қалалық кітапханалары, жоғары оқу орындарының кітапханалары белсене атсалысты. Қоғам қайраткерлері, мемлекеттік және азаматтық қызметкерлер, ұлттық компаниялардың, азаматтық қоғам институттарының өкілдері, әскери қызметкерлер, студенттер мен мектеп оқушылары, зейнеткерлер, БАҚ өкілдері, небәрі 140 мыңнан астам қазақстандықты қамтыған ашық диктантта 45 мыңнан астам қатысушы «өте жақсы» деген баға алуы – мемлекеттік тілді үйренуге деген ниет пен ынтаның биік өлшемі бола алады.
Мемлекетімізде қолға алынып отырған тілдің үш тұғырлылығы байыппен жүргізілуі үшін Білім және ғылым министрлігі тарапынан тиісті шаралар қабылдануда. «Мәңгілік Ел» құндылықтары негізінде патриоттық тәрбие беру міндеттеріне сай келетін «Сиқырлы қалам» оқу-әдістемелік кешені – солардың бірі. Ол мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейту, көптілділікті енгізу ісін 5-7 жастағы балаларды мектепке дайындау кезеңінен бастауға арналған.
Тағы бір игілікті қадам – Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 17 қарашадағы №469 бұйрығымен бекітілген «Қазақ тілінің ұлттық корпусының тұжырымдамасы». Ол «Мәңгілік Елдің» ұлттық идеясын қалыптастыру мен нығайту, оның лингвистикалық құрамдас бөлігі – Мәңгілік тілді жасау, әлемдік жаһандану мен жаңа техникалық қажеттілікке сәйкес оның мүмкіндіктерін оңтайландыру үшін қажет.
Бастама баршаға пайдалы болса...
«Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға өткен жылы өзгерістер енгізілді. Жалпы, Ассамблеяның құрылуының өзі әлемдік саяси басқарудағы жаңалық болғандықтан, оған қатысты көптеген оқиға, құбылыс, іс-шаралар туралы айтқанда «тұңғыш рет» деген сөз тіркесінің қолданылуы заңды да. 2015 жылғы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңында да тұңғыш рет «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясы, сондай-ақ, Мемлекет басшысына оның іске асырылуы туралы жыл сайын есеп берілуі заңдық тұрғыдан бекітілді.
Ассамблея қолға алған тағы бір істі кезінде әл-Фараби бабамыз айтқан «қайырымды қала» идеясын ілгерілету деп сипаттауға болатын шығар. Өткен жылы «Қайырымдылық туралы» ҚР Заңы қабылданып, Астанада қайырымдылық ұйымдары, меценаттар мен донорлардың басын қосқан тұңғыш съезде «Қайырымдылық керуені» акциясы бастау алды. Жақсылық пен мейірімділік жылында 7 мыңға жуық қайырымдылық іс-шарасы өткізіліп, 4777 елді мекенде тұратын 3 миллионға жуық адамға 1,8 млрд. теңге көлемінде көмек көрсетілді.
Тағы бір ерекше тоқтала кетер жайт, ҚХА-ның жанынан тұрақты түрде жұмыс істейтін, қазақстандық зиялы қауымның, ғылыми-сарапшылар қауымдастығының әлеуетін жұмылдырып, үйлестіретін Ғылыми-талдамалық кеңес, Қоғамдық келісім кеңестері, Аналар кеңесі, Журналистер клубы, Достық үйлері құрылған. Бұл құрылымдардың әрқайсысының өзіндік атқаратын рөлі зор.
Атап айтар болсақ, Достық үйлері Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Қазақстанда тұрып жатқан барлық ұлттар бірегей мәдениетін сақтап қалу мүмкіндіктеріне ие болуы керек» деген пікірінен соң ашыла бастады. Достық үйлері – Ассамблея қызметіне ғылыми-сараптамалық, ақпараттық, талдамалық қолдау көрсететін, қоғамдық келісім бағытындағы жұмыстарды үйлестіруші орталық. Қазіргі таңда еліміз бойынша жалпы саны 33 Достық үйі бар, оның біреуі Алматыдағы республикалық Достық үйі.
Журналистер клубы да Мемлекет басшысының тапсыруымен құрылған. Ол қоғамда Қазақстан халқының мәдени-рухани ортақтығын насихаттауда, тағаттылықты нығайтуда, БАҚ-та этносаралық қатынастар туралы жазып-көрсетуде журналистік әдеп нормасының сақталуына ықпал ететін маңызды алаң. Сондай-ақ, Клуб мүшелері қазақстандық этностардың тарихы мен мәдениетін, рухани мұрасын, этномәдени бірлестіктердің қызметін тереңдете жазып, Қазақстанда туып, өсіп келе жатқан ұрпақтың тарихы отаны туралы білуіне, өз халқының басынан кешкен қиындықтарын білуіне, даму кезеңдерінен хабардар болып өсуіне жәрдемдеседі. Биыл тұңғыш рет аталып өткен Алғыс айту күнінде осындай танымдық материалдар мол болды.
Жалпы, Алғыс айту күнін белгілеу туралы шешім және оның биылғы жылы тұңғыш рет аталып өтілуін – елімізде болған елеулі оқиға дер едік. Бұл мерекенің қаншалықты қажеттілігін, маңызын Қазақстан халқы Ассамблеясының былтыр өткен ХХІІІ сессиясында сөйлегенде сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев тайға таңба басқандай етіп, жіліктеп, таратып айтып берді. Еліміздің елеулі тұлғалары, қарапайым халық өкілдері бұл бастаманы қуана құптады.
Сталиндік зорлықпен ұжымдастыру салдарынан 1,5 миллион қазақ аштықтан қырылғаны тарихтан белгілі. Әлемде бірде-бір ел, бірде-бір халық қазақ халқы сияқты демографиялық ахуалда мұндай күйреушілікті бастан кешпеген шығар! Солай бола тұра қазақ халқы қатыгезденген жоқ, керісінше, елге босып келген сталинизмнің бүкіл кінәсіз құрбандарына көмектесті. Біз – төңірегімізге барлық этностар мен конфессияларды біріктіріп, өз тәуелсіздігімізге бейбіт жолмен қол жеткізген халықпыз.
Сондықтан да Алғыс айту күні көп ұлтты Қазақстан үшін маңызды қадам болып табылады. Бұл – жүріп өткен жылдарды, болған оқиғаларды еске алып, бастарына күн туғанда қамқоршы болған қазақ халқына, Қазақстанның өсіп-өнуіне еңбектерімен үлестерін қосқандары үшін 100-ден астам этнос өкілдеріне «рахмет» айту мүмкіндігі.
Бұл мерекенің халықтық сипатын мынадан да көруге болады: Алғыс айту күніне орайластырылып еліміз бойынша 3500-ге жуық елді мекенде 9900-ден астам мерекелік іс-шара ұйымдастырылды және оған қатысушылардың саны 3 миллионнан астам болды.
Тату елдің тұғыры биік
Қызметі басталғалы бері өткен жиырма жылда Ассамблея сессияларының ел өміріндегі тағдыршешті оқиғаларына белсене үн қосып, стратегиялық маңызы жоғары құжаттардың қабылдануына бастамашы болатыны дәстүрге айналды десе де болады. Қазақстан халқы Ассамблеясының мерейтойлық 20 сессиясы «Қазақстан-2050» Стратегиясы»: бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген тақырыппен өтті. Сөйлеген сөзінде Елбасы Н.Ә.Назарбаев сессия тақырыбының өзі түсіне білген жанға терең сыр аңғартатынына назар аударғаны жұртшылықтың есінде.
Бүгінде, Қазақстанның қуатты тетігі, қоғамдық келісімнің бірегей институты ретінде Ассамблея барша әлемге үлгі болып отыр. Біріккен Ұлттар Ұйымы, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы, Шанхай ынтымақтастық ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес сияқты әлемнің ең белді халықаралық ұйымдары Ассамблеямен тығыз қарым-қатынаста. Өткен жылы әлемдік және өңірлік көшбасшы елдер – Қытай, Оңтүстік Корея, Ресей тарапынан Нұрсұлтан Назарбаевтың бейбітшілік пен келісім моделіне жоғары баға беріліп, үйренуге, өз елдерінде енгізуге мүдделілік танытылды.
Атап айтсақ, Қытай Халық Республикасы Ұлттар істері жөніндегі мемлекеттік комитеттің төрағасы Ван Чжэнвей, Қытайдың шетелдермен достық қоғамының төрағасы Ли Сяолинь қазақстандық тәжірибені зерделеуге және Ассамблеямен ынтымақтастықты дамытуға қызығушылық танытып, тиісті қадамдар жасалды. Шанхай ынтымақтастық ұйымының бас хатшысы Д.Мезенцев Тәжікстанда өтетін ШЫҰ форумында қазақстандық модельге жеке секция жұмысын арнауды ұсынуы – оны континентте таратуға мүдделілікті білдіреді. Қазақстандық тәжірибені Оңтүстік Кореяда енгізу үшін Сеулде Қазақстандық мәдениет пен ынтымақтастық орталығын құру жобасы талқыланды.
Қазақстандық модельді зерделеген Ресей Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары, РФ Президенті жанындағы этносаралық қатынастар жөніндегі кеңестің жауапты хатшысы М.Магомедов, Ұлттар істері жөніндегі федералдық агенттіктің басшысы И.Баринов, РФ Мемлекеттік думасының Ұлттар істері жөніндегі комитетінің төрағасы Г.Сафаралиев биік мінберлерде сөйлеген сөздерінде Нұрсұлтан Назарбаевтың этносаралық келісім мен экономикалық игілік моделін жасаудағы рөлін ерекше атап көрсетті.
Сондай-ақ, БҰҰ-ның арнайы баяндамашысы Майн Киаи, ЕҚЫҰ-ның Аз ұлттар істері жөніндегі Жоғарғы комиссары Астрид Турс, Румыния Парламентінің депутаты, Румыния демократиялық либералдық партиясының мүшесі Ионаш-Флорин Уркан және басқалар тарапынан қазақстандық модельге жоғары бағалар берілді.
Өткен мерейтойлы жылда ғана шетелдерде Ассамблеяның 7 ауқымды іс-шарасы, Қазақстанда 10 халықаралық іс-шара, ҚХА Хатшылығында 11 халықаралық кездесу болып өтті. 24 елдің өкілдері бізден тәжірибе алуға сұранып, ҚХА іс-шараларына 39 халықаралық сарапшы қатысты.
Ресей халықтары Ассамблеясымен ынтымақтастық туралы келісім жасалды, Лондондағы қазақстандық бейбітшілік пен келісім орталығымен өзара түсіністік туралы меморандумға, Испанияның Бейбітшілік пен шиеленістер институтымен ниет хаттамасына қол қойылды. Мұндай мысалдар қазіргідей әлемнің дегбірі қашып тұрған заманда бейбітшіліктің, татулық пен келісімнің қадірін түсіну арта түсіп, планета халқының бейбіт өмірге мүдделі, оны сақтау жөніндегі шараларға мұқтаж екендігін көрсетеді.
Қорыта айтқанда, халықтың соғыссыз, шекаралық шиеленіссіз, этносаралық дау-жанжалсыз өмір сүруі – бұл бүгінгі таңда бүкіл әлем үшін өзекті мәселе болып отыр. Бұл мәселеде өзіндік жолмен жүріп, қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлікті сақтап, нығайтудың бүкіл әлем үйреніп отырған моделін түзген Қазақстанның бірегей институты – Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметі өлшеусіз. Заман талабымен қоғамдық-кеңесшілік нысанда құрылған ұйым, Тәуелсіздіктің 25 жылында барша саяси күштермен, бүкіл аймақтармен байланыс орната білді. Бүгінде Қазақстанның барлық ізгі қадамдарының бел ортасында жүрген Ассамблея елмен бірге өсіп, кемелденіп, толыққанды конституциялық органға, ұлт бірлігі идеологиясының басты тірегіне айналды.
Ералы ТОҒЖАНОВ,
Қазақстан халқы Ассамблеясы
Төрағасының орынбасары –
Хатшылық меңгерушісі