Бүгінде Қазақстанның әлемдік қауымдастықтағы орнына байланысты халықаралық сарапшылардың пікірлері көптеп жариялануда. Солардың ішінде халықаралық қатынастар бойынша исламабадтық маман Ирфан Шахзад пен бразилиялық сарапшы Ариел Гонзалес Леваджидің жазғандары назар аударарлық.
Ариел Гонзалес Леваджидің пікірінше, Кеңес Одағы құлаған соң посткеңестік мемлекеттер әлемдік аренада барынша абыройлы орындарға ие болуға ұмтылды. Олардың ішінде Елбасы Н.Назарбаевтың басшылығымен халықаралық қатынастарда мәртебесі артып келе жатқан Қазақстанды айрықша атауға болады.
Қазақстанның халықаралық қатынастардағы рөлінің қазіргі таңда аймақтық деңгейде кеңінен мойындалуы – қазақ елінің жаһандық ойыншыға айналар мүмкіндігінің зор екендігін көрсетеді. Аймақтық және жаһандық қатынастарда лайықты орын алудың басты элементтерінің бірі – шиеленістерге медиаторлық жасау. «Бұл мақалада мен Қазақстанның медиаторлық бастамаларының табысы мен қиыншылықтары туралы сөз қозғамақпын. Басқа айтпағым, Қазақстан өзінің медиаторлық қызметін жетілдіре отырып, аймақтық ойыншыдан жаһандық ойыншыға айналуға мықты негіз қалап алғандығы» деп жазады сарапшы.
Қазақстанның сыртқы саясаты үшін басты шаралардың бірі – Орталық Азиядағы, сондай-ақ, аймақтан тыс өңірдегі шиеленістерге медиаторлық жасау болмақ. Қазақстанның сыртқы саясатына қатысты «2014-2020 жылдарға арналған сыртқы саясат тұжырымдамасы» атты ресми құжатта бұл елдің аймақтық медиатор ретіндегі рөлін жетілдіруге қатысты бірқатар мақсаттар айқындалған. Атап айтар болсақ: аймақтық және жаһандық деңгейде бейбітшілікті одан әрі дамыту, елдің беделін арттыра отырып, жағымды жаһандық бейнесін қалыптастыру, экономикалық және сауда ынтымақтастығына негізделген аймақтық және халықаралық интеграцияға ден қою.
Қазақстанның географиялық орналасуы, аймақтағы мәртебесі, саяси және экономикалық тұрақтылығы, сонымен қатар, мемлекеттің саяси белсенділігі қазақ еліне аймақтық медиатор болуға үлкен мүмкіндік береді. Алайда, осынау мүмкіндіктерді пайдалана отырып, ұтымды медиатор болу үшін мынадай төрт талапқа сай болу қажет: оңтайлы уақытты таңдай білу, тараптарды бір арнаға тоғыстырар жеткілікті материалдық әрі бейматериалдық мүмкіндіктердің болуы, мақсатты дұрыс қоя білу. Бұл Ариел Гонзалес Леваджидің пікірлері. Ал пәкістандық маман Ирфан Шахзад төмендегідей ойларымен бөліскен.
Оның айтуынша, осыдан алты жыл бұрын Қазақстан ЕҚЫҰ-ға (Еуропадағы қауіпсіздік және Ынтымақтастық ұйымы) төрағалық етті. Сенім, дәстүр, транспаренттілік және төзімділік қағидаларын ұсына отырып, Қазақстан өзінің ұлттық стратегиялық таңдауын жасай білді.
ЕҚЫҰ тәжірибесінен кейін Президент жаңа сыртқы саяси өлшемдерді кеңейте келе, Қазақстандағы Еуразия кеңістігінің қақ жүрегінде әрі бейтарап, әрі бейбітсүйгіш, әрі сенімді әріптес ретінде аймақтық медиаторға айналдыруды қолға алып отыр. Алайда, соған қарамастан, бұл қадам ұлттық стратегия мен мүмкіндіктер шеңберінен тыс шыға алмайды. Осы тұста ерекше атап өтетін жағдай, Қазақстанның медиаторлық саясаты стратегиялық тежеу мен саяси салқынқандылыққа ие. Дегенмен, аймақтағы жағдайдың кешенділігіне және өңірдегі ұлы державалар ықпалының жоғарылығына байланысты Қазақстан үшін аймақтық және жаһандық шиеленістерді реттеуге белсенді атсалысу қазіргі күннің талабы болмақ. Сонымен қатар, посткеңестік кеңістіктегі Ресей ықпалының одан сайын күшеюі аймақтағы жағдайға өзгеше сипат беруі де ықтимал. Қазақстанның көпвекторлық сыртқы саясатының бір тармағы болып табылатын қазақ медиаторлығын үш географиялық өлшемге бөлуге болады: посткеңестік кеңістік, Еуразия және аймақаралық.
Орталық Азияда Қазақстан екі негізгі аймақтық шиеленісте ұтымды рөл ойнайды. Біріншісі, бөген салу жобасы бойынша Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы кикілжің. Тәжікстан өзінің оңтүстігінде орналасқан Вахш өзеніне «Санктуда-2» ГЭС бөгенін салу жоспары өңірдегі су бөлінісіне орасан зор нұқсан келтірмек. 2013 жылдың наурыз айында Қазақстан екі тарапты аталмыш мәселені талқылау үшін келіссөзге шақырды. Екіншіден, Украина шиеленісі. Ресей мен Украина арасындағы дау-дамайда Қазақстан бейтараптық танытып келеді. Минск келісімі талаптарын қолдай отырып, өз кезегінде ашық сұхбат алаңын құру үшін белсенді жұмыс атқаруда. Осы тұста «Телефон дипломатиясы» туралы айта кету керек. Президент Н.Назарбаевтың 2014 жылдың желтоқсанындағы Ресей мен Украинаға жасаған ресми сапары барысында тараптарды келіссөздерге шақыра отырып, сұхбат алаңын құруға тырысты. Жағдай мүлде шиеленісіп кеткен соң да Қазақстан Украинамен тығыз қарым-қатынастарын жалғастырып, мәселені бейбіт түрде шешуге үндеумен болды.
Негізінен, 2013 жылдың ақпаны мен сәуірінде болған келіссөздер бірден ойдағыдай нәтиже бермегенімен, кейіннен 2015 жылы қол жеткізілген Иран ядролық бағдарламасы бойынша кең ауқымды келісімге Алматыда өткен алғашқы отырыстар негіз болғанын байқау қиын емес. Ирандықтар да, Р5+1 өкілдері де қазақ елінің медиаторлық мүмкіндігін жоғары бағалай отырып, Астанаға үлкен сенім білдірді. Бұл тұста сан тараптың қыспағына ұшырап отырған Иранның сеніміне ие болу қаншалықты қиын болғандығы айтпаса да түсінікті.
Қазақстан қазіргі таңда аймақтық және жаһандық деңгейде сыртқы күштердің тегеурінді ықпалының кесірінен ұзаққа созылып бара жатқан Украина мен Сирия шиеленістеріне де саяси делдалдық жасауға ынта білдіріп отыр. Сирия оппозициялық фракциялары 2015 жылдың алғашқы жартысында Астанада кездесіп, өзара бірауыздылыққа қол жеткізген еді. Алайда, өткен жылдың соңын ала Ресей әскери ұшақтарынан жауған бомбалар онсыз да қақтығыстар мен қантөгістерден көз ашпаған Таяу Шығыстағы жағдайды одан сайын ушықтырып жіберді.
Бірқатар сарапшылар қазақстанның бітімгершілік бағытта мүмкіндіктерінің шектеулі болуы себепті, қазақстандық медиаторлық аса тиімді емес деп пайымдайды. Алайда, бұл пайымға келісе алмайтындығымды білдіргім келеді. Бітімгершілік пен медиаторлықтың арасында нақты айырмашылықтар бар. Екі ұғым бір-бірін толықтырғанымен, екеуі бір бүтіннің сыңары бола алмайды. Астананың медиаторлық бастамалары мен ұсыныстарын қаржылай, материалдық және адам ресурстарымен қамтамасыз етілуге тиіс бітімгершілікпен араластырудың жөні жоқ», дейді Ирфан Шахзад.
Медиаторлық ірілі-ұсақты даулар мен шиеленістерді шешуде көмек болар қалыптасқан халықаралық тәжірибе болып табылады. Баку мен Ереванның, Мәскеу мен Анкараның арасындағы текетіреске медиатор болуда Қазақстанның мүмкіндіктері зор екеніне күмәнім жоқ. Еуразиялық сарапшылар (қатарында әзербайжандық зерттеушілер де бар) ресми Баку Астана тарапынан болар медиаторлық бастамаларды құп көреді деп пайымдайды. Қазақстан басшылығы мұндай қадамға бара қалған жағдайда, Қазақ елінің Әзербайжан және Армения екеуімен де жақсы қарым-қатынаста болуы, сондай-ақ, тату көршілігі мен туыстығы тарихи сабақтасқан орыс-қазақ, қазақ-түрік қатынастары ЕҚЫҰ-ның Минск тобына немесе өзге де бастамашыл топтарға қарағанда Астана медиаторлығы анағұрлым жемісті болмақ.
Сараптаманы дайындаған Ақбота Жолдасбекова,
саяси ғылымдар кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ
профессоры