Тағы да террорлық әрекет
Кеше Пәкістанның оңтүстік-батысындағы Кветта қаласында аурухана қақпасы алдында болған жарылыстан кем дегенде 50 адам қаза тапты. Денесіне жарылғыш зат байлаған жанкешті өзін-өзі жарып жіберген.
Полиция қызметкерлерінің айтуынша, жарылыстан тағы 30-ға жуық адам жараланған. Қайғылы оқиға атыс кезінде қаза тапқан танымал адвокат Вилал Касидің денесін ауруханаға жеткізген соң, іле-шала болған. Вилал Касиді сотқа бара жатқанда белгісіз біреу атып өлтірген. Ауруханада болған террорлық әрекетті қазірше қандайда бір ұйым мойнына ала қойған жоқ. Сонымен қатар, белгілі адвокатты кім атып өлтіргені де белгісіз. Балуджистан провинциясының билігі террорлық шабуылға қатысты тергеу амалдарын жүргізіп жатыр.
Нью-Йорк – әлемдегі ең қымбат қала
Америкалық «Savills» агенттігінің қызметкерлері әлемнің ең қымбат қалаларының рейтингін жариялады. Көшті АҚШ-тың Нью-Йорк қаласы бастап тұр.
Екі жарым жыл бойы көшбасшылықты Лондон бастап келген еді. Қала өмір сүру үшін ең қымбат қала саналған. Қазір Лондон қаласы үшінші орынға сырғыды. Оның орнын Нью-Йорк басты. Бұл қалада өмір сүру жылына 114 мың долларды құрайды. Жыл басынан бері бұл көрсеткіш 2 пайызға артыпты. Екінші орынға Гонконг жайғасқан. Мұнда жылына бір адамға 100 мың доллар қажет екен. Сондай-ақ, алғашқы бестікке Токио мен Париж қалалары кіріп отыр. Ресей астанасы – Мәскеу бұл жолы ең қымбат қалалардың ондығынан шығып, 15-орынға тұрақтады. Қымбат қалалардың рейтингін жасау барысында қалада тұру құны, кеңселерді жалдау және коммуналдық қызмет ақысы ескерілген.
Қысқа қайырып айтқанда:
АҚШ президенттігіне кандидаттар – Хиллари Клинтонды сауал салынғандардың 50 пайызы, Дональд Трампты 42 пайызы қолдайтындықтарын білдірген.
Қытай өзінің алғашқы ұлттық ұялы байланыс спутнигін ұшырды. Ұшу Сычуань провинциясындағы Сичан ғарыш айлағынан жүзеге асырылды.
Македония астанасы – Скопьенің маңында қатты дауылдан кейін болған су тасқынынан 20-дан астам адам қаза тапты. Зардап шеккендер қатары жүзге жуықтады.
Кабулде АҚШ пен Австралияның екі ғалымын ұрлап кетті. Олар ел астанасындағы америкалық университетке келген екен.
Таоюань (Тайвань) халықаралық әуежайындағы қызметкерлердің салғырттығынан жабық контейнерлердегі бір мыңнан астам тотықұс қырылып қалды.
Покемон ойынына тыйым салды
Малайзияның рухани билігі корольдік мұсылмандарына Pokemon Go ойынын ойнауға тыйым салды. Мұны Исламдық даму басқармасының басшысы Тан Отман Мұстафа мәлімдеді.
Осындай шешімнің қабылдануына бірнеше себеп бар. Т.Мұстафаның сөзіне қарағанда, бұған бұрындары осы ойынға рұқсат берген бірқатар мұсылман мемлекеттерінің тәжірибесі негізгі себептердің бірі болды. Бұл ойынға әуестену балалар мен жасөспірімдерге кері әсерін тигізеді, тіпті қайғылы оқиғаларға соқтыруы ықтимал. Осыған дейін мұсылмандар ең көп тұратын Индонезия билігі оқушыларға Pokemon Go ойнауға тыйым салған еді. Бұл құбыжықтарды тауып, оны оқытуды көздейтін ойын. Әлемде аталған ойынға күніне 20 миллионнан астам пайдаланушы қатысады екен.
Жапонияның жаңа императоры кім болады?
Кеше Жапония императоры Акихито тағынан бас тартатыны туралы бейнежазбаны жария етті. Енді таққа оның ұлы ханзада Нарухито отыруы мүмкін.
Бұдан бірер ай бұрын NHK телеарнасы император Акихитоның тақтан бас тартатыны жөнінде хабарлаған болатын. Сол рас болып шықты. Ақпарат агенттіктерінің хабарлауынша, императордың жапон халқына арнайтын үндеуі 10 минутқа созылады. Ол тікелей хабар арқылы таратылады. Сондай-ақ, үндеу император сарайы басқармасының сайтында жапон және ағылшын тілдерінде жарияланады. Бұл императордың екінші үндеуі. Алғашқы үндеуін ол 2011 жылы Жапониядағы ірі жер сілкінісінен кейін жасаған. Ал бұл елде тақтан бас тартқан соңғы император Кокаку болатын. Ол тақты 1817 жылы өзінің ұлына тапсырған еді.
Көтерілісшілер шебіне әуеден соққы берді
Сирия мемлекеттік ақпарат агенттігі елдің әскери-әуе күштері Алеппо маңында көтерілісшілер шебіне соққы бергенін хабарлады.
Сирияның ең ірі қалаларының бірі болған Алеппо қаласы үшін ұрыс бес жылдан бері алма-кезек жүріп жатыр. Әскерилердің айтуынша, көтерілісшілерге берілген бұл соққы соғыстың алдағы беталысына ықпал етуі әбден мүмкін. Адам шығыны жөнінде қазірге нақты ақпарат жоқ. Алеппо қаласын қоршау 17 шілдеде басталды. Кейбір мәліметтер бойынша, бүгінде Алеппода 250 мыңға жуық бейбіт тұрғын тұрып жатыр. Жалпы, Сириядағы соғыстан 260 мыңдай адам қаза тауып, 1 миллионнан астам адам босып кеткен. Соғыс қимылдарының қашан бәсеңдейтінін белгілі сарапшылардың өзі дөп басып айта алмай отыр.
Елу адамды тірідей өртеп жіберді
«Ислам мемлекетінің» содырлары Иракта күрдтер басым қоныстанған Киркук провинциясына қарасты Хавидж қаласында 50-ден астам жас жігітті тірідей өртеп жіберген.
ТАСС-тың таратқан ақпаратына қарағанда, терроршылар бұл жас жігіттердің барлығын өз отбасы мүшелерін «Ислам мемлекетінің» бақылауындағы қаладан қашып шығуға үгіттеді деп айыптаған. Бұл – терроршылардың осы қалада бейбіт тұрғындарды жаппай өлтірген екінші әрекеті. Осының алдында – 6 тамыз күні содырлар арасында әйелдер мен балалар бар 85 қала тұрғынын құрбан еткен еді. БҰҰ босқындар ісі жөніндегі жоғарғы комиссары басқармасының деректері бойынша, содырлар Хавидж қаласынан қашпақ болған 4 мыңға жуық адамды тұтқынға алған.
Интернет материалдары негізінде әзірленді