Қазақстандықтар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзін осылай бағалап отыр
Жауапкершілік жүгін жете сезінеміз
Биылғы жыл аса маңызды оқиғалармен басталды. Солардың бірі – Астанадағы Тәуелсіздік сарайында «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының ХІІІ съезінің өтуі партия тарихында айтулы із қалдырары анық. Еліміздің әр қиырынан жиналған делегаттар «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөзін асқан мұқияттылықпен тыңдап, жарқын болашаққа жетудің айқын жолдарын тұжырымдап беруінің тағы бір куәсі болды. «Нұр Отанның» Қазақстан халқы алдындағы абырой-беделінің нығая түскенін осы жиын айғақтап берді. Саяси ұйымның 2005 жылғы сайлауалды бағдарламасының орындалуы Президенттің есімімен тығыз байланысты екенін Уәлиханов ауданының тұрғындары да жақсы түсінеді. Елбасының «100 мектеп, 100 аурухана», «Бизнестің жол картасы-2020», таза ауыз су секілді тікелей тапсырмалары елді мекендерге дейін жетіп, ауылдықтардың тұрмыс-тіршілігіне оң әсерін тигізуде. Әлемдік дағдарысқа қарамастан, әлеуметтік төлемақылардың өсуі, білім беру, денсаулық сақтау салаларындағы айтарлықтай өзгерістерге қол жеткізуіміз ел экономикасының тұрақты даму жолына түскенін айғақтаса керек.
Біздің аудан шалғайда орналасқандықтан, бертінге дейін болашағы бұлыңғыр, келешегі жоқ өңірге жатқызылып, келгені рас. Тәуелсіздіктің арқасында, Мемлекет басшысының ауылды көтерудің ауқымды бағдарламасын түзіп беруінің нәтижесінде тұрмыс сапасы жақсарып, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жолға қойылды. Кәсіпкерлікті өркендету, жаңа жұмыс орындарын ашу бағытында да көп іс тындырылды. Серпінді инновациялар шоғыры пайда болды. Осындай оң өзгерістерге Президенттің саяси жаңғырту, қоғамда бейбітшілік пен тыныштықты сақтау сынды саясаты арқасында жетіп отырмыз.
Біз съезден үлкен әсермен, зор жігермен оралдық. Нұрсұлтан Әбішұлы партия алдына жаңа талаптар қойып, 2030 жылға дейінгі Даму стратегиясын лайықты орындау үшін елдің алдағы 20 жылдағы болашағын белгілеп берді. Ауқымды шараларды іске асырудағы «Нұр Отан» партиясының таяу 20 жылдағы стратегиялық бағдарламасының негізіне айналатынын жеткізді. Мені Елбасының жас буынға арнаған аталық сөздері қатты толқытты. Өзіңнің тарихыңды, ана тіліңді, шығу тегіңді білмей нағыз патриот бола алмайсың, деуі бәрімізге ой салары анық.
Съезд Қазақстанның қазіргі Президентін партияның атынан 2011 жылы 3 сәуірде өтетін кезектен тыс президенттік сайлауға кандидат ретінде ұсынуымен де есте қалды. Мемлекет басшысының кезектен тыс президенттік сайлауға түсуге келісім беруі бәрімізді қанаттандырды. Ендігі міндет – жүктелген жауапкершілік жүгін сезіне отырып, елге, халыққа қызмет ету.
Есләм УАХИТОВ, Уәлиханов ауданының әкімі, съезд делегаты.
Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы.