15 Ақпан, 2011

Елбасы стратегиясы – елдік стратегиясы

418 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қазақстандықтар Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде сөйлеген сөзін осылай бағалап отыр Жауапкершілік жүгін жете сезінеміз Биылғы жыл аса маңызды оқиғалармен басталды. Солар­дың бірі – Астанадағы Тәуел­с­із­дік сарайында «Нұр Отан» ха­лықтық-демократиялық пар­тия­сының ХІІІ съезінің өтуі партия тарихында  айтулы із қалды­рары анық. Еліміздің әр қиыры­нан жи­налған делегаттар «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Нұрсұл­тан Назарбаевтың сөзін асқан мұқияттылықпен тыңдап, жар­қын болашаққа жетудің ай­қын жолдарын тұжырымдап бе­руі­­нің тағы бір куәсі болды. «Нұр Отан­ның»  Қазақстан хал­қы алдын­дағы абырой-беде­лі­нің нығая түскенін осы жиын айғақтап берді. Саяси ұйымның 2005 жылғы сайлауалды бағ­дар­­ламасының оры­н­­далуы Пре­зи­денттің есімімен тығыз бай­ла­ныс­ты екенін Уә­лиханов ау­да­нының тұрғын­дары да жақсы  түсінеді. Елба­сы­ның «100 мектеп, 100 аурухана», «Биз­нес­тің жол картасы-2020», таза ауыз су секілді тікелей тапсыр­малары елді мекендерге дейін жетіп, ауыл­дық­тардың тұрмыс-тіршілігіне оң  әсерін тигізуде. Әлемдік дағ­дарысқа қарамастан, әлеуметтік төлемақылардың өсуі, білім беру, денсаулық сақтау сала­ларындағы айтарлықтай  өзгеріс­терге қол жет­­кізуіміз ел эко­номи­касының тұ­рақты даму жолына түскенін айғақтаса керек. Біздің аудан шалғайда орна­лас­қандықтан, бертінге дейін бо­лашағы бұлыңғыр, келешегі жоқ өңірге жатқызылып, келгені рас. Тәуелсіздіктің арқасында, Мемлекет басшысының ауылды кө­теру­дің ауқымды бағдарламасын түзіп беруінің нәтижесінде тұр­мыс са­пасы жақсарып, елді мекендерді сапалы ауыз сумен қам­тамасыз ету жолға қойылды. Кә­сіпкерлікті өркендету, жаңа жұ­мыс орын­да­рын ашу бағы­тында да  көп іс тын­дырылды. Серпінді инновациялар шоғыры пайда болды. Осын­дай оң өзгерістерге Президенттің саяси жаңғырту, қоғамда бейбітшілік пен тыныш­тықты сақтау сынды саясаты арқасында жетіп отырмыз. Біз съезден үлкен әсермен, зор жігермен оралдық. Нұр­сұлтан Әбішұлы партия алдына жаңа талаптар қойып, 2030 жыл­ға дейінгі Даму стратегиясын лайық­ты орындау үшін елдің алдағы 20 жылдағы  болашағын белгілеп берді. Ауқымды шара­ларды іске асырудағы «Нұр Отан» партия­сының таяу 20 жылдағы страте­гиялық бағдар­ламасының негізіне  ай­на­латы­нын жеткізді. Мені Ел­ба­сының жас буынға арнаған ата­лық сөз­дері қатты толқыт­ты. Өзің­нің тарихыңды, ана тіліңді, шығу тегіңді  білмей нағыз патриот бола алмайсың, деуі бәрі­мізге ой салары анық. Съезд Қазақстанның қазіргі Президентін партияның аты­нан 2011 жылы 3 сәуірде өтетін кезектен тыс президенттік сай­лауға кандидат ретінде ұсы­нуымен де есте қалды. Мемлекет басшы­сының кезектен тыс прези­дент­тік сайлауға түсуге келісім беруі бәрімізді қанат­тан­дырды. Ендігі міндет – жүк­телген жауапкершілік жүгін сезіне отырып, елге,  халыққа қызмет ету. Есләм УАХИТОВ, Уәлиханов ауданының әкімі, съезд делегаты. Солтүстік Қазақстан облысы, Уәлиханов ауданы.