Ол Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында талқыланды
Үкімет басшысы Маңғыстаудағы сапарын Құрық паром кешені құрылысымен танысудан бастады. 24 га жерді алып жатқан, толыққанды жүк тасымалдауды қамтамасыз ету, Каспий маңы елдері арасында халық тұтынатын тауарлар импортын ұйымдастыру, тағы басқа да мақсаттарды негіз еткен паром құрылысы – өңірдегі іргелі құрылыстардың бірі. Жыл соңына таман пайдалануға берілетін құрылыс жұмыстары тиянақталуға жақын.
К.Мәсімов Ақтау халықаралық теңіз-сауда портында болды. Ақтау порты арқылы тауарлар мен көлік транзиті Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Ауғанстан, Қытай және Моңғолия арқылы өтеді. Биылғы жылдың 6 айы ішінде теңіз портынан 378 паром мен 648 құрғақ жүк өткен және паром қатынасымен 9 201 көлік құралы тасымалданған.
Мен Маңғыстау облысына Елбасының тапсырмасы бойынша өңірдің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында келдім. Қазіргі таңда елімізде Ұлт Жоспарына сай, Қазақстандағы халықаралық портты іске асыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде. Портты жетілдіру бізге Азиядан Еуропаға жүкті кідіріссіз тасымалдауға мүмкіндік береді. Осы мақсатқа жету үшін Ақтау халықаралық теңіз-сауда портының стратегиялық маңызы зор, – деді К.Мәсімов.
Жиында порттың қазіргі жағдайы, проблемалары мен даму перспективалары туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Д.Ерғожин, «ҚТЖ» ҰК президенті А.Мамин, «Ақтау» теңіз портының президенті М.Ялбачев баяндады. Инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбек, «Баку халықаралық теңіз сауда порты» ЖАҚ бас директоры Т. Зиядов, Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев сөз сөйлеп, портқа қатысты бүгінгі жай-жапсарларды ортаға салды.
2016 жылдың бірінші жартыжылдығы бойынша аталмыш теңіз портынан 2 млн. 681 мың тонна жүк өткізілген, ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда металл мен астықты ауыстырып тиеу сәйкесінше 41 және 177 мың тоннаны құрады.
Ауыр жүк таситын машиналардың тасымалдау көлемі 14 есеге артты. Сондай-ақ, «Теңіз порты» өткізу бекетіндегі мемлекеттік қызметтердің жұмыс үрдістерін оңтайландыру, құжаттарды ресімдеуін жеңілдету және жылдамдату, бірыңғай мемлекеттік бақылау жүргізу мақсатында «Бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс жасалуда. Нәтижесінде барлық органдар бір жерге орналастырылып, бақылаушы мемлекеттік органдар тәуліктік режімде жұмыс істейтін болды.
«Бір терезе» қағидаты бойынша кедендік ресімдеуді енгізу арқылы құжаттарды өңдеу уақыты 10 сағаттан 2,5 сағатқа дейін қысқарып, жыл басында туындаған кезекке тұру мәселесі шешімін тапты.
Кеңесте «ҚТЖ» ҰК» АҚ президенті А.Мамин Каспий аймағының елдері 2020 жылдарға қарай порттар қуаттылығын 103 млн. тоннадан 150,6 млн. тоннаға дейін, яғни 1,5 есе арттыруды жоспарлап отырғандығын, бұл өз кезегінде Ақтау теңіз портының Каспий маңы елдерінің жүк айналымындағы үлесін 26%-дан 34% -ға дейін арттыратындығын атап өтті. Кеңесте сөз алғандар тарапынан қолданыстағы тарифтердің тиімсіздігі сөз болса, әзербайжандық әріптес бірлесе жұмыс жасаған қазақстандық порт басшылығына алғысын жеткізді. Маңғыстау облысының әкімі А.Айдарбаев Ақтау әуежайына, Құрық және Баутино порттарына, Құрық кеме құрастыру зауытына қатысты мәселелерді көтерді.
Премьер-Министр К.Мәсімов кеңес қорытындысында инвестициялар және даму министрі Ж.Қасымбектің басшылығымен жұмыс тобын құрып, талқыланған мәселелер бойынша ұсыныстарды қорытындылап, Үкімет қарауына енгізу туралы тапсырма берді.
Одан әрі Премьер-Министр Ақтау қалалық жастар орталығында болып, жұмыссыз жастарды жұмысқа орналастыруды көздейтін «Жаңа серпін» бағдарламасының жүзеге асырылу жолдарымен танысты.
К.Мәсімов бастаған топ Маңғыстау облысы әкімдігінде қорытынды кеңес өткізіп, облыстың 2016 жылдың бірінші жартыжылдығындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдына қойып отырған міндеттері туралы тыңдады. Жиналғандар арасынан жастардың жұмысқа тұруы мен баспанамен қамтылуы, Мұнайлы ауданында аурухана салу жобасын қолдау, Маңғыстауда мұнай өңдеу зауытын салу, сондай-ақ, «Бұрғылау», «Кезби» сервистік қызмет көрсету компанияларындағы туындап тұрған мәселелер бойынша сұрақтар қойылды және жиын соңында сауалдарға тиісті азаматтар тарапынан жауаптар берілді.
Басқосуды қорытындылаған К.Мәсімов аймақта айтылған мұнайшыларға, сапалы ауыз суға қатысты, өзге де көтерілген мәселелерді назарға алатындығын және мүмкіндігінше шешу жолдарын қарастыратындығын жеткізді.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»
Маңғыстау облысы