10 Тамыз, 2016

Дүбір

251 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін
798020572851530788bc52da875 Үшінші жарыс күні – үшінші медаль «Егемен Қазақстанның» арнаулы тілшісі Бақтияр ТАЙЖАН, Рио-де-Жанейродан хабарлайды 62 килода сынға салған ауыр атлетіміз Фархад Харки жарады. Риода күн еңкейіп батқан мезгілде күндізгі жарыс­тарды қорытындылап, бүгін қармағымыз қаппады ма деп отырғанда, қоржыны- мызға қола медаль салды. Бәрі де әдеттегідей басталған. Әуелі өз мүмкіндігін білетіндер бір-бірімен жарысқа түсіп болдырып барып тоқтайды да, соңынан кіл мықтылардың тартысы басталады. Бұған әбден көзіміз үйренген. Фархад жұлқа көтеруді 135 киломен бастады. Түрі шаршаулы көрінгенімен, жақсы көтерді. Бірақ 140 килоны екі рет келіп, көтере алмай кетті. Іштен тынып қалдық. Басты қарсыластары индонезиялық Эко Юли Ираван мен колум­биялық Альберто Фигуера Мос­кера 142 киломен тоқтады. Мық­ты спортшыларға бар-жоғы екі кило келесі жаттығу үшін бұйым емес. Іштей медальдің ауылы алыс емес екенін сезіп, тақымымызды қысып отырмыз. Айтқандай, жүлдеге таласа­тындар осы үшеуі ғана екені серпе көтерудің сайысында аңғарылып қалды. Әруа­ғын шақырып, көтере алғанын көтеріп барып, мүлде тыншы­ғандардан кейін жарыс қайта қызды. Бірақ ауыр тыныстап жүрген Фархадтың жүзінде жар­қыл жоқ. Жарыстың тез аяқта­луын күтіп жүргендей әсер қал­дырады. Бұл жолы ол 170 киломен тоқтады. Ираван да 170 кг-ден аса алмады. Москера ғана 176 килоны бағындыра алды. Сонымен, қос сайыс қорытындысы бойынша 305 кг жинаған біздің Фархад Харки қола медальді кеудесіне тақты. Индонезиялық Ираван 312 киломен күміс медальға ие болса, бас жүлде 318 ұпайы бар колумбиялық Москераның қанжығасында кетті. Жарыстан соң журналистерге сұхбат берген бас жаттықтырушы Алексей Ни Олимпиялық ойын­дарға қатысу үшін Фархадтың аз күнде сегіз кило салмақ қуғанын айтқан. Әлем чемпионатына 69 кг салмақта барған біздің оғланға осыншама салмақ қуғаны күшіне тиіп, әлденеше рет басы айналып, құлап қала жаздапты. «Әйтпесе, ол жаттығуда серпе көтеруде 177 килоны еркін көтеретін», дейді Алексей Ни. Болашақта Фархад­тың 69 кг салмақта жарысқа дайындалатынын айтты. Бұл сөзді Фархадтың өзі де қуаттады. «Мен жолым болып Қазақстанға бір медаль әперіп, ортақ жеңіске үлес қоса алғаныма, менен үміт күткен елдің алдында ұятқа қалмағаныма қуанамын. Әрине, бұдан жоғары медаль алсам деген арманым болды, бірақ көп қуған салмақ штанганы көтергенде есімнен айырып жібере жаздады. Бұл медаль менің ең мықты көрсеткішім емес, алдағы Олимпиадаға дайындықты Қазақстанға барысымен бастап кетемін». Алдына қойған үлкен мақса­ты бар ұлан сөзін осылай тұжыр­ды. Фархад өз сөзінде тұра алатындығын осы жарыс барысында көрсетті. Сол асыл арманы орындалғай деп тілейік. ????????????????????????????????? Бокстың кереметін қазақтар көрсетті Тіл-көз тасқа, қазақ боксшыларына дейін бұл күні шаршы алаңға шыққандардың біразы ұлы өнердің қадірін кетіріп, жанкүйерлерді шаршатып та алды. Біржан Жақыповтың қарсыласы африкалық Матиас Хамуньела бастапқыда біздің боксшыны қалпақпен ұрып алардай тарпа бас салған. Екі қолын алдына салып, оңды-солды сермеген соққылары кейде нысанаға тиіп те жатты. Біржан – классикалық мәнердің боксшысы. Сәл абдырап қалғанымен, есін тез жиып, Матиастың екпінін басудың амалдарын жасады. Бірінші раундты тең аяқтаған жерлесіміз екінші раунд­та бұл жерде кімнің қожайын екендігін өрекпіген шіркінге тез ұқтырды. Әлі де болса жеңістен үміті бар Матиас соңғы раундта алға жүгіріп жүріп, болдырып бітті. Былай айтқанда, дайындап келген оқтарының дәрісі де, қорғасыны да таусылыпты. Сырт көзге қолғабының ішіне мақта орап алғандай әсер қалдырған. Біржан бір-екі рет бұрышқа қуып тығып, бөріктіріп алғаннан кейін шаршы алаңнан сағалар сая таппай сандалған. Есептің 3:0 – болуы осының айғағы. Ал 75 килода шаршы алаңға көтерілген Жәнібек Әлім­хан­ұлы бұл кештегі әдемі ай­қастың арқауын көр­сеткен. Ұлыбританиялық Энтони Фоу­лердің Бразилияға Жәні­бектен таяқ жеуге келмегені белгілі. Аяққаптай кеудесін керіп-ақ шыққан. Жәнібектің екі-үш соққысы ауыр өткеннен кейін қайқаңдай бастағанын байқады. Соққы алмасқанда, Жәнібектің қолын қолтығына қысып алып, еркін қимылдауына мүмкіндік бермейді. Біздің жігіт қолына қолғап емес, қос наркескен ұстап алғандай әсер қалдырады. Екеуі беттессе болды, Энтони соққыдан ауырсынып, қайқаңдай жөнеледі. Болмады. Құтыла алмады. Екінші раундта сол жақтан опыра тиген гүрзі жұдырық екі аяғынан жан кетіріп жерге сылқ еткізді. Содан кейін-ақ Энтонидан сән кетті. Оған дәл қасымызда шырылдап отырған жанкүйерлерінің де айқайы демеу бола алмады. Гонгтың тез соғылғанын, тағы да масқара болып құлап қалмауды ойлағаны анық. Соңғы раундта да қарсыласып жарытпады. Жәнібек айқын басымдықпен жеңді. Василий Левиттің қарсыласы қытай боксшысы Ю Фенгкай қарадан-қарап үркіп шықты. Соған қарағанда, қазақ боксының қай­ратын бұрыннан білетін болуы керек. Левит те ақыры төбелесуге келдік қой, ұрыста тұрыс жоқ дегендей, екі білегін сыбанып кірісіп кетті. Қытай ұлы қорғаныста. Қоянды індеткен қасқырдай сабап жүрген біздің жігіт. Екінші раундта тура тиген жойқын соққы жұлындай ұшырып жіберді. Ю Фенгкай еденде екі жаққа кеткен екі аяғын жинай алмай ұзақ отырып қалды. Бапкерлері шәкіртінің қазақ боксшысына шамасының жетпейтінін, ендігі баскөздік денсау­лығына зиян екендігін тез бағамдап жарыстан алды. Кейбір боксшылар мұндайда өтірік қо­паңдап, шайқасқа қайта түсе­тіндей сыңай танытатын еді, қытай боксшысы аман-есен құтыл­ғанына разы болғандай сыңай танытқан. Атақты Феликс Савонның немере інісі Эрсланди Савонның жекпе-жегін тамашаладық. Амандық болса, ол екінші кез­десуінен соң жолы біздің Левит­пен тоғысады. Савон баяғы қолды-аяққа тұрмайтын Савон емес, қимылы ауырлап қалыпты. Яғни, Василийдің жартылай финалға ат ойнатып өтуіне мүмкіндігі мол сияқты. Ол – енді, алдағы күндердің әңгімесі. Бас жаттықтырушы Мырза­ғали Айтжановқа жолықтық. Оның шәкірттеріне көңілі тоқ. Қарсылас­тар белгілі. Біржан келесі жолы өзінің сыралғы қарсыласы Хасан­бой Дусматовпен жолығады. Екеуі­нің арасындағы бәсеке бүгін­ге дейін тең – 1:1. Ендігісіне – Рио шаршы алаңы төреші. Харки мен боксшыларды қоспағанда, сұрмергеніміз Юрий Юрков 10 метрлік мылтық атудың іріктеу сайысында 44-і орынға тұрақтады. Дзюдошы Дидар Хамза екінші өткелден өте алған жоқ. Садақшы Сұл­тан Дүзелбаев жарыс­ты жақсы бастағанымен, Лондон Олимпиадасының чемпионы итальян Мауро Несполидан ұтылып қалды. Академиялық есуде Вячеслав Яковлев пен Свет­лана Германович жарты­лай финалға шыға алмады. Сла­ломда байдаркамен ескек ескен Екатерина Смирнова іріктеу жарыс­та 19-орынмен аяқтаған. Кестеде белгіленген бокс­шы­лар­дың шаршы алаңға шығуы өзгеріп жатыр. 04-08-16-jusupov Атыңнан айналайын, Абылайхан! Арқа төсіндегі Абай сынды небір тарлан боксшылар шыққан қалада туған Абылайханның бала күнінен бокс деген өнерге үйір болғанына таңданудың қажеті жоқ шығар. Екінші сыныпта оқып жүргенінде ата-анасы бокс үйірмесіне беріпті. Болар бала білікті бапкердің қолына түсіп жатса, қандай ғанибет десеңізші! Абылайханның алғашқы жаттық­тырушысы Бауыржан Аманбаев кезінде шаршы алаңда атой салған хас шебердің өзі. Кеңестер Одағы кезінде «КСРО спорт шебері» атағының кім-көрінгенге беріле салмайтыны белгілі. Ал Аманбаев болса, осы атаққа сай болған сайыпқыран еді. Спортта осындай биіктерді бағындырған Бауыржан-боксшы бүгінде өзін талантты тәлімгер ретінде де танытып үлгерді. Бір ғана Абылайханды мысалға келтірер болсақ, осы сөзімізге дәлелді алыстан іздеп әуре болмаймыз. «Бала кезімде, – дейді Абылай­ханның өзі, – Серік Сәпиевтің жатты­ғуларын тамашалаудан жалық­пайтынмын. Өсе келе чемпион жерлесіме  ұқсағым келді. Оны өзі­ме үлгі тұттым. Қазір қарап тұрса­ңыз, менің мәнерімнен Сәпиев техникасының кейбір машық­тарын аңдауға болады. «Жақ­сыдан – шарапат» деген ғой, өз басым Серік Сәпиев, Геннадий Голов­кин сияқ­ты алдыңғы толқын ағала­рым­нан үйренерім әлі де көп деп есептеймін». Тіл-көзден сақтасын дейік, Абы­лайхан Жүсіповтің бокс әлеміндегі жолы әзірге бұралаңсыз болып келеді. Өздеріңіз-ақ бағамдай беріңіздер: жасөспірімдер арасында Азия, Әлем және Олимпиада чемпионы атанды. Бұдан кейін жас­тар арасында да жарқырай көрініп, сары құрлықтың және дүние жүзінің  біріншіліктерінде топ жарды. Бәзбір мамандар Абылайхан үшін ересектер арасындағы додаға сыналай ену үлкен сынақ болады деп, тіпті кейбірі күмәнданғандай кейіп танытып,  сәуегейлік айтқан-ды. Алайда, жас талант сындарлы шақта сыр бермеді. Сақа жігіттер арасындағы алғашқы сын­ның бірінде – Қарағандыда өткен Ғалым Жарылғаповты еске түсіруге арналған турнирде ол 64 кило салмақта еліміздегі ең мықты деп жүрген Бекбергенов, Мұқанов және Әлімбеков сынды үш бірдей бокс­шымен рингке шығып, үшеуін де бет қаратпай жеңді. Міне, сол кезде барып ұлттық құраманың тізгінін ұстаған бапкерлердің Абылайханға деген көзқарасы күрт өзгерген. Дәл осы турнирдің Жүсіпов сынды жас боксшының спорттық мансабында тағдыршешті рөл ойнағаны рас. Неге десеңіз, жаттықтырушылар құрамы жастығына қарамай, Абылайханға үлкен сенім артып, биылғы жылдың наурыз айында Қытайда өткен лицензиялық турнирге алып барды.  Осы сында ол өзіне көрсетілген сенімді толық ақтап, Рио-2016 Олимпиадасының жолдамасына қоса жарыстың алтын жүлдесін де   жеңіп алды! Жүсіповтің жеке бапкеріне ақыл-кеңес беріп жүрген атақты маман, Қазақстан жастар құрамасының бас жаттықтырушысы Ғалым Кенже­баевтың Абылайхан туралы айт­қан мына пікіріне құлақ түре кеткенді жөн санадық. «Ол – әлі жеңілістің ащы дәмін тата қоймаған жас пері. Мұның психологиялық тұрғыда артықшылықтары бар. Одан кейін ол жастығына қарамай, өте сал­мақты, психологиясы орнық­ты жігіт. Техникасы жоғары дең­гейде. Дегенмен, оның ересектер боксындағы тәжірибесінің аздығы және де күш-қуатының әлі де болса толыса қоймағандығы көңілге аздап күдік   ұялатады. Бірақ Олимпиада сынды аламан додадан бәрін де күтуге болады: мықтылар сүрінеді, жастар суырылып шығып, жарқ ете қалуы мүмкін», дейді әйгілі Головкиннің бір кездегі жеке бапкері. Әлбетте, Рио-2016 Олимпиада­сындағы жекпе-жектердің біздің Абылайхан үшін оңайға түспесі айдан анық. Тым әріге бармай-ақ, беріден салар болсақ, 64 кило салмақ дәрежесінде мұның жолында небір «сен тұр, мен атайын» дейтін мықтылар иін тіресіп тұр. Бұлардың алдыңғы қатарында қазір Әзербайжанның атынан жұдырықтасып жүрген кубалық Лоренцо Сотомайорды атауға болады. Осы салмақта әлемдік рейтинг бойынша бірінші орында тұрған ресейлік Виталий Дунайцев те екінің біріне есе жіберетін босбелбеу емес. Ал кубалық Ясниер Толедо туралы әңгіме тіпті де бөлек. Мысалы, жоғарыда біз айтқан Виталий Дунайцев осы Толедоны Риодағы өзінің басты қарсыласы санайды екен. «Толедо – әмбебап боксшы. Ол жекпе-жек кезінде тактикасын мың құбылтатын теңдессіз шебер. Оның бойында кемшілік деген жоқтың қасы», депті ресейлік боксшы сұхбаттарының бірінде. Осы сөздерді 2015 жылғы Әлем және Еуропа чемпионы Виталий Дунайцев айтып отырған соң, нанбасқа лаж жоқ. Міне, біздің 19 жастағы балаң жігіт Абылайханды осындай айбарлы қарсыластар күтіп тұр. Жанкүйер жазғанның бойында қазір үміт пен күдік аянбай айқасқа түскен. Таяуда Қарағандыда болғанында Олимпиада чемпионы, Бэлл Баркер кубогының иегері Серік Сәпиев журналистерге берген сұхбатында біздің алаң көңілді аздап болса да демейтіндей сөз айтты. «Меніңше, Абылайхан Жүсіповтің жүлде алуға барлық мүмкіндігі бар. Тек сәттілік пен дайындық серік болсын деңіз. Мен екі мәрте Олимпиада ойындарына қатысқан адаммын. Сондағы түсінгенім – ешқашанда саспау керек», деді Лондон-2012 Олимпиадасының ең үздік боксшысы. Жақсы сөз жанды семіртеді ғой, «Аузыңа – май, астыңа – тай», дедік біздер іштей. Басқа тілек жоқ бізде – Арқа жұрты, Алаш елі «Атыңнан айналайын, Абылайхан!», дейтін күнге жазсын! Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан» ҚАРАҒАНДЫ Экран Жерлестер – жаппай жанкүйер! Латын Америкасы құрлы­ғында алауын жаққан Рио Олимпиадасына Шығыс Қазақ­стан өңірінен 6 спортшы қатысады. Атап айтқанда, жеңіл атлетикадан Ольга Ры­пакова, Ирина Смольникова және Элина Михина, ауыр атлетикадан Денис Уланов пен Екатерина Смирнова, ескекті слаломнан диск лақтыру бойынша сынға түсетін Евгений Лабутов ел намысын қорғайды. Қазіргі кезде Рио-де-Жаней­ро қаласындағы Олим­пиялық ойындар отандық үш телеарнада тікелей эфир ар­қылы көрсетілуде. Бұл мерзімде Қазақ­стан аумағындағы теледидар мен интернетте олим­пиялық контенттен кез келген шетелдік тарату шектелетінін айта кеткен ләзім. Облыс орталығындағы Спорт сарайының алдында тұрған үлкен экраннан Олимпиаданың ашылу салтанатынан бастап тікелей көрсетілім ұйымдастырыла бастады. Экранның алдындағы алаңқайға көрермендерге ар­налған орындықтар қой­ылған. Алда, 13 тамыз күні өнер көрсететін Ольга Рыпакова мен Денис Улановқа жерлестері осы алып экран арқылы қолдау көрсетпек. Жанкүйерлер таңғы сағат 4.00-де басталатын ауыр атлетика сынын, сондай-ақ, кешкі 18:40-та болатын жеңіл атлетика жарысын үлкен экраннан бірге тамашалай алады. Сондай-ақ, ХХХІ жазғы Олимпиада ойындарына қа­тысушы қазақстандық спорт­шыларды қолдау мақ­­сатында марафон өтті. Биіктігі 522 метрлік Қазақстан тауына жүгіріп шыққан 200-ге жуық марафоншы олимпиадашыларға қолдау білдірді. Бұл шараға павлодарлық әуесқой шабандоз Өміржан Ошанов та қатысты. Саяхатын Павлодар қаласынан бастаған велошабандоз Өскемен шаһары арқылы Моңғолия, Ресей және Қытай елдеріне сапарламақ. Олимпиадашыларды қолдау мақсатында басқа да түрлі шаралар, акциялар өткізілуде. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» ӨСКЕМЕН 10.08.2016 Olym Немересінің жарысын көріп отырып, қайтыс болды Таиландтық ауыр атлет Синфет Круаитонгтің Рио Олимпиадасында қола медаль жеңіп алған шайқасы оның отбасы үшін қайғылы аяқталды. Спортшының 84 жастағы әжесі Субин Хонтап оның тұғыр үстінде тайталаста болып өткен күресін телевизордан көріп отырып, аса қатты толқығандықтан, жүрегі ұстап қалып, жаһаннамға аттанып кетті. Алайда, болған оқиғаға түсініктеме берген жергілікті полицей бұл қайғылы жағдайдың Синфеттің сайысына ешқандай қатысы жоқ екенін айтып отыр. «Менің сол кезде әжейдің қатты толқып кеткеніне күмәнім бар, шамасы, ол бұрыннан ауру болса керек», дейді ол. Олимпиадада 56 кг салмақта сынға түскен Синфет Круаитонг алдына КХДР өкілі Ом Юн Чхол мен қытайлық Лун Цингуанды салған болатын. 10.08.2016 Olym-1 Усэйн Болт: «Бұл – менің соңғы Олимпиадам» Ямайкалық аты аңызға айналған жеңіл атлет Усэйн Болт төрт жылдықтың басты турнирімен ара-қатынасын үзуге шешім қабылдады. «Сіздердің бұл жаңалықты қол шапалақтап, қарсы алуларыңызға болады, – деп мәлімдеді спортшы Риода өткен баспасөз мәслихатында. – Иә, бұл – менің соңғы Ойындарым. Мен қолдан келгеннің бәрін жасадым, бәрін дәлелдедім. Көп адамдар бұған разы да бола қойған жоқ». Болт тек 200 метрлік қашықтыққа жүгірер алдында ғана аздап жүйкесі сыр беретінін айтты. «Мен үшін 100 метрліктің еш қиындығы жоқ. Тек 200 метрлікке жүгіруден рекорд жасағым келіп еді. Ол шамамен 19 секундтың маңайында болуға тиіс», – деді ол. Усэйн Болт – Олимпиялық ойындардың алты алтын медалін жеңіп алған саңлақ. Ол әлемнің 11 дүркін чемпионы. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ