Ақтөбе қаласында «Нұр Отан» ХДП Жоғары партия мектебі партияның облыстық филиалымен бірлесіп, елдің батыс өңірлері бастауыш партия ұйымдарының төрағалары үшін оқыту семинары аясында «2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру жағдайында инновациялар мен өндірістің ықпалдасу басымдықтары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Оған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Мемлекеттік органдар бизнес қоғамдастықтары өкілдері, отандық және шетелдік ғалым сарапшылар қатысты.
«Нұр Отан» ХДП-ның кезекті ХІІІ съезінен кейін іле-шала ұйымдастырылған шара барысында бүгінгі күннің бірқатар маңызды мәселелері сөз болды.
Өңірдегі «Қазмұнайбұрғылау», «Қазтрансойл» және «МАЭК Қазатомпром» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері сияқты ірі кәсіпорындардың бастауыш партия ұйымдарының басшылары да осы семинар тыңдаушылары болды. Дөңгелек үстелге қатысушылар алдында Жоғары партия мектебінің директоры, экономика ғылымдарының докторы Бақыт Есекина кіріспе сөз сөйлеп, жоғары партия мектебінің құрылымдық жүйесімен, атқаратын жұмыстарымен қысқаша таныстырып өтті. Ол бұл шараның Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз» атты Қазақстан халқына Жолдауын және 2010-2014 жылдарға арналған үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын, сондай-ақ «Нұр Отан» ХДП ХІІІ съезінде Елбасы алға қойған міндеттемелерді ақпараттық қолдау және халық арасында түсіндіру бойынша «Нұр Отан» ХДП-ның жоспарлы жұмысы аясында өткізіліп отырғанын атап өтті. Дөңгелек үстелдің мақсаты Жолдау мен съезде атап көрсетілген негізгі міндеттер мен индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын, әлеуметтік даму және жұмыссыздықты жою басымдықтарын, инновация мен өндірістің ықпалдастығын қамтамасыз ету мәселелерін өзара талқылау, сондай-ақ, инновацияны өндіріске енгізу үдерісін жеделдету жолдарын анықтайтын ұсыныстар дайындау болып табылады.
– Қазірдің өзінде жұмыс тобы бірқатар ұсыныстарды дайындап үлгерді. Дөңгелек үстелде оларды талқылап, Үкіметке, Парламентке жолдаймыз. Инновацияны өндіріске енгізуді қолдау мақсатында аймақтарда инновациялық кластерлер құруды, инновациялық орталықтар ашуды ұсынып отырмыз. Өкінішке қарай, жергілікті жерге ұлттық инновациялық жүйенің қандай мүмкіндіктері бар екені туралы ақпараттар толық жетпейді. Бизнес құрылымдары тапсырысты қалай беру керектігін, венчерлік қордың не екенін, инновацияны өндіріске енгізуге ғылыми мүмкіндікті қалай тиімді пайдалануды, салықтық жеңілдіктерді, салық каникулы дегеннің не екенін біле бермейді. Сондай-ақ, өндіріске инновацияны енгізудің экономикалық тиімді тетіктері мен механизмдерін де ұсынып отырмыз. Ең бастысы, біз әрбір қазақстандықтың үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыруға қатысуына ықпал етуге жағдай жасаймыз, – дейді Б.Есекина.
Мемлекеттік бағдарламаны жүзеге асырудың басты тетіктерінің бірі ғылым мен өндірістің тиімді ықпалдасуы болып табылады, ол еліміздің ұлттық инновациялық жүйесін қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Дөңгелек үстелде «Қазақстан индустриялық даму институты» АҚ вице-президенті Галина Мүсенова 2010 жылы үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асырудың аспектілері жайында, «Ұлттық инновациялық қор» АҚ-тың басқарушы директоры – талдау орталығының директоры Жұматай Сәлімов инновацияларды өндіріске енгізу саласындағы мемлекеттік саясат туралы баяндады.
Осы шарада сөз алған облыс әкімінің орынбасары Роза Кемалова аталмыш мемлекеттік бағдарлама аясында Ақтөбе облысы бойынша 2014 жылға дейін 1 трлн. теңге тұратын 86 инвестициялық жоба іске асырылатынын, 16 мың жаңа жұмыс орны ашылатынын жеткізді. Оның айтуынша, бүгінгі күні еліміздің индустрияландыру картасына облысымыздан құны 450,2 миллиард теңгені құратын 33 жоба кіреді. Оның 12-сі республикалық, 21-і өңірлік картаға жатады. 2010 жылы қарастырылған 24 жобаның іске қосылуы нәтижесінде 109,8 миллиард теңге инвестиция игеріліп, 5,4 мың жұмыс орны ашылды. Мемлекеттік бағдарламаның басты бағыттарының бірі ірі кәсіпорындардың тауар мен қызметтерді сатып алудағы қазақстандық үлесін жоғарылату болып табылады. Атқарылған жұмыстардың қорытындысы бойынша жүйелік компаниялардың 32,8 миллиард теңгелік сатып алуларының 65,2 пайызы немесе 21,4 миллиард теңгесі жергілікті тауар өндірушілердің үлесіне тиген.
Ал партия съезінде Елбасы алдағы 10 жылдыққа арналған бағдарламалық сөз сөйледі. Қатысушылар Президентті алдағы сайлауға үміткер ретінде ұсынды. Біздер, деді дөңгелек үстелге жиналғандар, Мемлекет басшысы алға қойған мақсат-міндеттерін жүзеге асыруы үшін президенттік сайлауда оны қолдап дауыс беретін боламыз.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.