11 Тамыз, 2016

Девяткодан Дүйсеноваға дейін

403 рет
көрсетілді
15 мин
оқу үшін
Медицина реформа-2немесе міндетті медициналық сақтандырудан неліктен мін шыға берді? «Реформадан» көз ашпаған денсаулық сақтау саласы тағы бір терең реформа қарсаңында тұр. Өткен жылы қабылданған «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» арнайы заңға сәйкес, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі елімізде 2017 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезең-кезеңмен енгізіле бастайды. Әрине, дұрыс қой. Озық ойлы жарты әлем медициналық сақтандыру жүйесімен жұмыс істейді. Бірақ...  Гәп осы «бірақта» болып тұр. Егемендік алған ширек ғасырдың ішінде еліміз міндетті медициналық сақтандыру (ММС) жүйесіне екінші рет кіргелі тұр. Тәуелсіздігіміз тәй-тәй басқан тоқсаныншы жылдардың ортасында егемен еліміздің алғашқы Денсаулық сақтау министрі Василий Девятконың (1992-1997) бас­тамасымен Қазақстанда тұңғыш рет ММС жүйесі жұмыс істей бастады. 1996 жылдың 30 маусымындағы дерек бойынша, ММС қоры құрылған жеті айдың ішінде 12 674 673 адам, яғни республика халқының 80 па­йы­зы сақтандырылып, жұмыс беру­шілермен 72 866 шарт жаса­лыпты. ММС қорының еліміз бо­йын­ша 20 облыстық, 259 аудан­­дық бөлімшелері құрылған екен. Елі­міз­дің 820-дан астам медици­налық мекемелері ММС қоры есебінен қаржыландырыла бастапты. Дүние жүзі бойынша жылдар бойы қалыптасқан бай тәжірибесі бар ММС жүйе­сінің Қазақстандағы ғұмыры қысқа болды. Тәп-тәуір бас­талған бастама аяқ астынан бүлі­ніп, халықтың қорға құйған мил­лион­даған қаржысы із-түзсіз жоғалды. Өкпені қысқан өтпелі кезеңнің қиындықтарынан әупірімдеп өтіп келе жатқан еліміздің денсаулық сақтау саласы бұл тосын соққыдан мүлде есеңгіреп қалды. Мемлекет бақылауындағы бүкілхалықтық қор жүйесінің шаңырағы қалайша бір күнде ортасына түскені әлі күнге жұмбақ. Ресми мәлімдеме бойын­ша, Қазақстандағы міндетті меди­циналық сақтандыру қоры­ның басшысы Талапкер Иман­баев қорға жиналған бүкіл қар­жы­ны қымқырып, шетелге қа­шып кетіпті. 2001 жылы Қазақ­стан Рес­пуб­ли­­касының соты Т.Иманбаевты ұйым­дасқан қылмыс тобының бас­шысы, мемлекетке орасан зор мате­риал­дық шығын келтірген қылмыскер ретінде сыртынан 9 жылға соттады. Осымен «іс бітті, қу кетті»... Ұйымдасқан қылмыстық топ болса, оның басқа мүшелері қайда, олар неге жазаға тартылмайды? Қарапайым халықтың ММС қорына құйған миллиондаған қаржысының өтеуі қайда? Басқасын былай қой­ғанда, елімізде ММС жүйесін ен­гізуге ұйытқы болған, қордың құры­луына тікелей басшы­лық жа­са­ған сол кездегі Денсаулық сақ­тау министрі Виталий Девятко «сүттен ақ, судан таза» болып жүре бере ме? Міне, осындай тағ­ды­р­шешті өзекті сұрақтарға әлі күн­ге дейін толық жауап берілген жоқ. Елімізде енгізілген алғашқы мін­детті медициналық сақтандыру қоры­ның құрдымға кетуіне себеп болған оқиғаларға әділ де ашық баға берілмейінше, міндетті меди­ци­налық сақтандыру қорының жаңа жүйесін жан-жақты дамытып әкету, жұмсартып айтқанда, ауыр болатыны анық. «Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, бір рет ММС жүйесін жасаймыз деп маңдайымыз тасқа тиді. Халықаралық тәжірибеде әбден сыналып, дүние жүзі бойынша тиімді жұмыс істеп тұрған «медициналық сақтан­дыру» жүйесін Қазақстанда жемқорлықтың құрбандығына шалып, масқара болдық. Ең қиы­ны, денсаулық сақтау саласын қар­­жы­ландыру мәселесі бойын­ша әзірге адамзат ойлап тапқан ең озық жоба – міндетті медицина­лық сақ­тандыру жүйесіне деген қазақ­стан­дық­тардың сеніміне көлеңке түсті. Ендігі басты міндет, өткеннен сабақ алып, сызат түскен халық сенімін қалпына келтіру болып табылады. Ал еліміздің ден­сау­лық сақтау саласында соңғы жылдары сабақ алатын оралымсыздықтар аз бол­ған жоқ. Тіпті, кейбір «реформатор» министр­лер еліміздің денсаулық сақтау сала­сын медици­на­лық апат жағдайына апарған­дығы жасырын емес. Атап айтқанда, 2004 жылы сәуір айында Денсаулық сақтау министрі қызметіне негізгі мамандығы энергетик, менеджер-эконо­мист Ерболат Досаев таға­йын­далды. Ер­болат Досаев алғашқы аяқ алы­сын ауылдық жерлердегі фельдшерлік-аку­шер­лік пункттерді қысқартудан бастады. Балалар емханалары мен әйелдерге кеңес беретін орталықтар тегіс жабылды. Жас министр халыққа тегін медициналық қыз­мет көрсететін орындардың тамырына балта шапты. Сол кезеңде ел арасында мына­дай әңгіме тарады: «Біздің елімізде медици­на­лық сақтандыру жүйесі жоқ. Халық ақылы меди­цинаға ақшаны қайдан алады?» деп сұрапты министрден. «Банктерден кредит алсын» деп қысқа қайырыпты менеджер-министр». Жас министрдің денсаулық сақтау саласында жүргізген сы­нақ­­тары­ның ақыры Оңтүстік Қазақ­­стан облысында кішкентай бүлдіршіндерге ауруханаларда жап­пай СПИД кеселін жұқты­ру қа­сіретіне апарып соқты. Соңғы дерек бойынша, Оңтүстік Қазақстан облысында 190 бала ВИЧ-инфекциясын жұқтырған екен. Тексеріс қорытын­дысы анықтағанындай, бұл бей­күнә сәбилерге СПИД ауруына шал­дық­қан донордың қаны құ­йы­лып­ты. Ал осы медициналық апат­қа кінәлілер тиісті жазасын алды ма? Жоқ. Мәселен, Қытайда кішкентай бүлдіршіндерге арналып шығарылған тағамға меланин қосылып, жеті бүлдіршін көз жұмыпты. Осы оқиғаға кінәлілер дереу ату жазасына кесіліпті... Көпшіліктің есінде болса, ғасыр­лар тоғысында денсаулық сақ­тау саласының шенеу­­ніктері мол ин­вестиция тарту туралы желеу­­мен елімізге шетелдік ДОТС бағдар­лама­сын енгізіп, туберкулез эпидемиясын асқындырып алды. Біздің менталитетке мүлде келмейтін ДОТС бағдарламасын жаппай тарату салдарынан туберкулезге қарсы аудандық диспансерлер тегіс жабылып, еліміздің жылдар бойы қалыптасқан озық фтизиатриялық қызметіне оңалмас нұқсан келтірілді. 2006 жылы Денсаулық сақтау министр­лігінің орынтағына Ана­толий Дерновой отырды. Сынақ алаңына айналған денсаулық сақ­тау саласындағы «реформалар» жарысы одан әрі жалғасты. Маман­дардың айтуынша, біздің еліміз сәбилердің шетінеуі бойынша ТМД елдерінің ішінде жоғары орын­дардың бірін алады (18,4 про­милл) екен. Соған қара­мастан, «жығыл­ғанға жұдырық» дегендей, ми­нистр А.Дерновой еліміздегі бар­лық медициналық жоғары оқу орын­дарындағы педиатрия факуль­теттерін жапты. Елімізде балалар дәрігерлерін даяр­лайтын оқу орын­дары түбірімен жойылды. Жет­кін­шек ұрпақтың ертеңіне қауіп төн­дірген бұл медициналық қасірет те еліміздің денсаулық сақтау са­ла­­сын толық «бизнестендіру» син­­дромы­ның тасасында қалды. Әлем­ге әйгілі балалар дәрігері Лео­нид Михайлович Рошаль Қазақ­стан­дағы педиатрияға жасалып жатқан келеңсіздікті естігенде «Бұл болашақты құртумен бірдей ғой...» деп өкініш білдіріпті. Кезінде Денсаулық сақтау ми­нистрі В.Девятко «Отбасылық дәрігерлік амбулаторияларды» қап­та­тып, бір отбасын бір дәрігер ем­дейтін идеяны жандандырған еді. В.Девятконың өмірге енгізген осы бір «орасан жаңалығын» кезекті министр А.Дерновой жоққа шығарып, министр Ж.Досқалиевтің кезінде отбасылық дәрігерлік амбулаториялар қайтадан құрдымға кетті. Жалпы, еліміз егемендік алған жылдар ішінде денсаулық сақтау саласын жеті министр басқарыпты. Оның ішінде Жақсылық Досқалиев екі рет (2001-2004 жылдары және 2008-2010 жылдары) министр болды. Осы жеті министрдің кезінде де еліміздің денсаулық сақтау саласы реформа жасаудан кенде болып көрген емес. Кейде осы реформалардың бәрі кешегі бүкіл әлем мойындаған кеңестік тиімді тегін медициналық жүйені жою үшін жасалғандай көрінеді. Елімізде мемлекеттік кепілді тегін медициналық көмек түрлері үшін жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінеді. Бюджеттен бөлінетін осы орасан зор қаржының қандай тиімділік беріп жатқаны белгісіз. Ал қазір денсаулық сақтау саласының нағыз алыпсатарлық бизнес­ке айналғаны анық. Мемлекеттік кепілді тегін меди­циналық көмек көрсету кө­ле­мін қарапайым халық түгілі, Ден­саулық сақтау министрлігі де түсінбейтін халге жеткен. Осы орайда бір мысал. Те­гін­де «басы ауырып, балтыры сыздамайтын» пенде жоқ. Жақында асқа­заным ауырып, емханаға келдім. Күн ұзақ кезекте тұрып, «ес кетті, жан шықты» дегенде терапевтке кірдім. Ол гастроэнтерологқа жолдама берді. Емханаға тіркеу бөліміне келіп, гастроэнтерологқа жазылдым. Кезек бойынша ол мені қыркүйек айының ортасында қабылдайды екен. (Мен емханаға 11 шілдеде келген едім.) «Қызым-ау, мына кезекпен дәрігерге көрінгенше сырқатым не болады?» деп едім, кезекші қыз «уақытты алмаңыз» дегендей қолын бір сілтеді. «Басқа түскен баспақшыл», амал­сыз бүгінде «жаңбырдан кейін­гі саңырау­құлақ­тай» қаптаған жеке­меншік медициналық орталық­тардың біріне келдім. Тіркеу бөлі­мінде отырған жас жігіт пен қыз ел­піл­дей қарсы алды. «Дәл кел­діңіз, өте тәжірибелі маман гастро­эн­те­ролог қабылдап жатыр, кас­са­ға барып, ақысын төлей қойы­ңыз», деп қолыма тілдей қағаз ұс­татты. Тәжірибелі маманның қа­был­дауы 4 мың 900 теңге екен. Гаст­роэнтеролог асқазанды тексеру үшін ФГДС-тен (шлангы жұту) өтуге жолдама берді. Оған 11 мың 780 теңге төлеп, екінші күні дәрі­геріме қайта келдім. Қайта кел­генім үшін 3 мың 900 теңге төлеп (қай­талап келгенде осынша) тағы төле­дім. Дәрігер енді толық анализ тап­сыру үшін «Олимп» орталығына жіберді. Бұл орталыққа 18 мың 500 теңге төлеп, «анализ» мәселесіне нүк­те қойдым. Тағы «дәрігеріме» кел­дім, ауыратын асқазаным емес, сон­дық­тан УЗИ-ден өту керек екен. Оған 7 мың 700 төледім. УЗИ-дің қоры­тындысы бойынша дәрігерім енді маған гепотологке жолдама берді. Жекеменшік медициналық ор­та­­лыққа жарты жалақымды қал­ды­рып, сырқат себебі асқазан емес еке­нін анықтадым. Енді бүйрек пен бауыр­ды тексерту үшін гепотолог пен урологке көріну мәселесі қалды... Астана қаласындағы небір айтулы ғимараттарға орналасып алған жекеменшік медициналық ор­талықтарда адам денсаулығы жолын­дағы «бәсекелестік» қы­зып-ақ тұр. Алайда, бір медици­на­лық тексерістен өткеннің өзінде мың­даған теңге төлеуге тұрғын­дардың тақұл-тұқыл жалақысы жете ме?! Қарапайым жұрттың дәрі­герге қаралмай, болмысы бұлың­ғыр бақсы-балгерлердің аузы­на қарап қалуының астарында елі­міздегі денсаулық сақтау сала­сының бүгінгі «көлеңкелі бизнеске» айналып кеткендігі жатқан жоқ па? Дүние-дәулетке қызықпаған дана халқымыз «бірінші байлық – денсаулық» деген өмірлік қағи­даны ұрпағына ұлағат еткен. Құн­дылықтың бәрін ақшаға шақ­қан мына заманда сол байлықты саудаға салып, ұлт болашағын бұлыңғырлатып барамыз. Еліміздегі халықтың 30 пайыздан астамы балалар бола тұра, бүлдіршіндер денсаулығын бақылайтын педиатрия жоқ. Ел ертеңімен осылай ойнауға бола ма?! Елбасының «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының негізінде енді ел денсау­лығының ертеңі – Мін­детті әлеуметтік медициналық са­қ­тан­дыру қорына тапсырылады. Әлеу­меттік сала да рыноктық қаты­настарға тәуелді болған қазір­гі қоғамда басқа жол жоқ. Шикі­зат­қа тәуелділіктен арыла алмай келе жатқан экономикамыз ден­саулық сақтау саласының ел бюджетіне салған ауыртпалығын көтере алатын емес. Егер алғашқы күннен бастап Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры мемлекеттің кепілдігімен, қоғам­ның қатаң бақылауымен жұмыс істейтін болса, бұл жүйеден артық ештеңе жоқ. Адамзаттың озық ақыл-ойы күні бүгінге дейін әлеу­мет­тік денсаулық сақтау саласын қар­жы­лан­дырудың бұдан басқа тиім­ді тәсілін тапқан жоқ. Яғни, қо­ғам­дағы ең басты құндылық – ден­сау­лық сақтау саласын заман талабына сай қаржыландыруға бұдан былай мемлекет, жұмыс беруші және азаматтардың жеке өзі жауап беретін болады. Денсаулық сақтау және әлеу­мет­тік даму министрі Тама­ра Дүй­сенованың айтуынша, Қа­за­қстан үздік халықара­лық тә­жі­рибелерді ескере келіп, үшжақ­ты ынтымақтастық жауапкер­ші­лік негізіндегі осы жүйені таң­дап алыпты. Бұл жүйені жүзеге асыру әлеуметтік медицина мүм­­кіндігін кеңейтіп, ден­сау­лық сақтау саласының қаржы­лық тұрақ­­ты­лығын және медици­на­­лық көмек­тің барлық түрінің қол­жетім­ділігін арттырады екен. Сөйтіп, алдағы жылдың 1 қаң­тары­нан бас­тап, мем­лекет экономикалық бел­сен­ділігі төмен халық үшін жарна төлей­тін болады. Жұмыс берушілер – барлық жалдамалы жұмыскерлер мен қызметкерлер үшін жарна төлейді. Сонымен бірге, еліміздің салық органдарында тіркелген өзін-өзі қамтамасыз ететін барлық азаматтар өздері үшін МӘМС қорына жарна аударатын болады. Қазір әлемдегі дамыған нарық­тық экономика үлгісіндегі елдерде денсаулық сақтау саласын қар­жы­ландырудың үш негізгі үлгісі бар: либералды-рыноктық үлгі (АҚШ), яғни ақылы медицина: әлеуметтік-сақтандыру үлгісі (ГФР, Франция, Австрия, Швейцария, Бельгия, Голландия, Швеция, Жапония, Канада), яғни міндетті әлеумет­тік медициналық сақтандыру және бюджет­тік үлгі (Ұлыбритания, Ирландия, Италия, Порту­галия, Грекия, Дания). Осылардың ішін­дегі ең тиімді де әділетті үлгі – МӘМС жүйесі болып табылады. Міне, сынақ алаңы болудан есеңгіреген еліміздің денсаулық сақтау саласы Мемлекет басшы­сы­ның тікелей тапсырмасымен осы тиімді де әділетті жүйеге екін­ші рет енгелі отыр. Бұл жол­ғы жауапкершілік жүгі тіпті зор. Өйт­кені, қазіргі таңда біздің ден­сау­лық сақтау саласы жекемен­шік орталықтарға тәуелді болып, қолма-қол ақшаға қызмет көрсетудің дәмін татып үлгерді. Қолда бар білікті кадр­лар мен мемлекет қаржысына алынған қымбат заманауи қондырғыларға иелік жүргізе бастаған денсаулық сақтау саласының жаңа байшыкештері әділетті жүйенің тамыр жаюына кедергі келтіріп бағатыны анық. Сондықтан бұл жерде Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму ми­нистр­лігі, ең бастысы, министр Тамара Дүйсенова табандылық таны­тып, халықаралық тәжірибеде жақ­сы жағынан танылған МӘМС жүйесінің Қазақстанда жұмыс істеп кетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасап, халық сенімін қалпына келтіруі керек. Екінші рет сүрінгенді уақыт та, халық та кешірмейді. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»