Кеше Астанада Қазақстан жағынан – Сыртқы істер министрлігінің жауапты хатшысы Рәпіл Жошыбаевтың, Эстония жағынан – Экономика және коммуникация министрі Юхан Партстың төрағалығымен экономикалық және ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі қазақ-эстон үкіметаралық комиссиясының екінші отырысы өтті, деп хабарлады ҚР СІМ-інің баспасөз қызметі.
Комиссия отырысының барысында көлік пен транзит, ақпараттық технологиялар, энергетика, ауыл шаруашылығы, білім мен ғылым, мемлекеттік қызмет, денсаулық сақтау, мәдениет пен спорт салаларындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
Отырыстың қорытындылары бойынша екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың одан әрі дамуының анағұрлым келешегі мол бағыттарын айқындайтын хаттамаға қол қойылды.
14 ақпанда комиссия жұмысының шеңберінде 2010 жылы 10 наурызда Таллин қаласында өткен Қазақстан-Эстония Үкіметаралық комиссиясы 1-ші отырысының нәтижелері бойынша қалыптастырылған көлік пен логистика, энергетика, сондай-ақ ақпараттық технологиялар жөніндегі үш жұмыс тобының кездесулері өткен болатын.
Өз кезегінде, эстон тарабы сол күні ҚР Көлік және коммуникациялар министрі А.Құсайынов пен ЭР Экономика және коммуникация министрі Юхан Партстың басшылығымен өткен «Бүгінгі және ертеңгі іскерлік мүмкіндіктер» атты конференцияның барысында өз елдерінің көліктік және логистикалық мүмкіндіктерінің тұсаукесерін өткізген еді.
Транзиттік-көліктік ынтымақтастық, Қазақстан-Эстония өзара әрекеттестігінің ауқымды жұмыс атқарылған маңызды бағыты болып табылады.
Энергетика жөніндегі жұмыс тобының құрылуына Қазақстан кен орындарында битуминоздық тақта тасты өндіру мен қайта өңдеу саласында эстон технологияларын тиімді пайдалану мақсатында Қазақстан жағы бастамашылық еткен болатын. Осыған орай, эстон тарабы тақта тас майы мен энергия көздерін өндіру үшін Қазақстанның пайдалы қазбаларының кен орындарында тақта тасты өндіру мен қайта өңдеу саласындағы Enefit 280 жаңа сатылы эстон технологияларын енгізу мәселелерін талқылауды жалғастыруды ұсынған еді.