16 Тамыз, 2016

Егін сайлы, көңіл жайлы

461 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
100-590Ала жаздай тырбанып, Жер-Ана  еміп өскен диқандар үшін қазақтың ұлан-ғайыр даласынан қасиетті ештеңе жоқ. Әлмисақтан тың жерге түрен салып, топыраққа маңдай тері сіңген  шаруалар жердің қадірін бір кісідей-ақ біледі. Сондықтан шығар, көктемде диқан біткен дала төсіне дән сіңіре салып, оны баладай аялап,  мәпелеп күтеді. Бұл – жылдағы дәстүр. Биыл Тобыл төсінде бітік астық шықты. Оған әзірге табиғат та септесіп тұр. Егер күн райы өзгермесе, онда алдағы бірер күннің шамасында егінжайға орақ түседі. Астықты аймақ диқандары ел ырысын шашпай-төкпей жинап алуға тас түйін да­йын. Ал мұны «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед  Қостанай облысына келген сапарында  өз көзімен көрді. Мәртебелі мейман алдымен облыстағы үлгілі шаруашылық –«Қарқын» Агрофирмасы» ЖШС-нің егін алқаптарын аралады. Диқандардан шаруа жайын сұрап білді. – Біз егін орағына  дайынбыз, – деп бастады әңгімесін шаруашылық директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұқанов. – Бәрі бар, техника даяр, жанар-жағармай қоры жеткілікті.  Сұйық отынның бір литрі 96 теңге,  аса қымбат емес. Бізге тек жұмыс істеу ғана қалып тұр! Ең бас­ты міндетіміз – халыққа, біріншіден, жұмыс тауып беру, екіншіден,  дұрыс жалақы төлеу. Сонда ғана іс өнімді болады. Тәжірибелі басшының мұнысы рас. Ұйымдастыра білген ғана ұтады. Мәселен, «Қарқын» серіктестігінде еңбек адамының алаңсыз жұмыс істеуіне барлық жағдай жасалған. Әлеуметтік мәселелер әлдеқашан шешімін тапты. Экономикасы да өрлеп тұр. Ауыл шаруашылығы саласында қырық жылға жуық тер төгіп келе жатқан білікті басшы салаға қаржыны аямай салғанда ғана одан белгілі бір нәтиже күтуге болатынын біледі. Дәл осы Сәкеңдер жыл сайын миллиондаған қаржыға екі-үш су жаңа комбайн сатып алады. Міне, өнімділігі жоғары сол комбайндар бүгін-ертеңдері егінге түседі.  Қуатты техника алқапта бір түйір масақ қалдырмай жинайды, яғни ысыраптың жолы кесілген. «Қарқын» агрофирмасының диқандары биыл гектарынан 20 центнерден кем өнім алмаймыз деп отыр. – Міне, бұл – сіздердің таза еңбектеріңіздің арқасы. Жерге жаңа технология енгізу арқылы ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Мәселен, мына сіздер тұрған жердің балл-бонитеті бар болғаны 32 ғана, ал көршілес Ресейдің Қорған облысында ол екі есе жоғары. Сөйте тұра, көрші мемлекетке қарағанда астық шығымы бізде едәуір жоғары. Бұл жермен тиянақты жұмыс істей білудің жемісі дер едім, – деп сөз сабақтады партия Төрағасының бірінші орынбасары. Жалпы, ауылшаруашылық саласы – ел экономикасының ең негізгі тіректерінің бірі. Жыл са­йын мемлекет ауылға миллиардтаған қаржы бағыттайды. Мұхтар Құл-Мұхаммедтің Қостанай облысына келгендегі мақсаты сол мемлекет тарапынан бөлінген  қаражаттың қаншалықты тиімді жұмсалып жатқанын бақылау. Жердің иесі кім, қалай жұмыс істеп жатыр, инвестиция сала ма, соны білу. Дала төсінде диқандармен дидарласқан мейман Жер реформасы жөніндегі комиссия ­жұмысының қорытындысы туралы да айтып өтті. Egemen– Елбасының тапсырмасымен құрылған комиссияның негізгі өзегі мынада – жердің иесі болу керек. Мәселе оның жай ғана иесі болуында емес,  ол жердің құнарлылығын арттыратын, жаңа техника сатып алатын, жерді өңдеудің жаңа технологиясын өндіретін қожайын болу керек. Біз тұрған «Қарқын» агрофирмасы Ресейдің Қорған облысымен шектесіп жатыр. Яғни, Қостанай сияқты астықты облыс жағдайында дайын өнімді Ресей сияқты алып нарыққа шығаратын болсақ, біздегі шаруашылық та байиды, онда жұмыс істейтін адамдардың еңбекақысы да өседі. Бұдан біздің ауыл шаруашылығымыз ұтпаса, ұтылмайды, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед. Ежелден егін егіп, жер баптаған қостанайлық еңбекші қауымның да көксегені осы. – Менің пікірімше, жердің міндетті түрде иесі болу керек. Бұл талқыланбауы тиіс тақырып. Сонда ол жұмыс істейді, табыс әкеледі, – деді «Қарқын» Агрофирмасы» ЖШС бөлімше басқарушысы Аманбай Біралин. «Қарқын» Агрофирмасы» ЖШС бүгінде 36 мың гектар жерді жалға алып отыр. Соның 10 мың гектары шабындық пен жайылымға тиесілі. Қалған алқаптар әртараптандырылған. Яғни, бидайдан бөлек, майлы дәнді дақылдардың үлесі артып келеді. Жаңадан салынған жиырма мың тонналық астық кептіргіш кешен шығынды азайта түскен. Бұл да түскен табысты үнемдеуге едәуір сеп. Нарық талабына сай табысты жұмыс істейтін шаруашылық әлеуметтік жауапкершілігіне мұқият қарайды. Мектеп, балабақша, мәдениет үйіне тұрақты көмектеседі. Абаттанған ауылдың ажары қалаға бергісіз. «Қазақстанның жерін осындай жанашыр шаруалар игеруі керек», деп атап өтті осы орайда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары. М.Құл-Мұхаммед Қостанайдағы бірқатар құрылыс нысандарын аралап көрді.  Мәселен, облыс орталығы тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету үшін мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының шеңберінде осыдан екі жыл бұрын құбыр төсеу жұмыстары басталған еді.  Оған қазынадан 1,5 млрд. теңге бөлінген. Өкінішке қарай, құрылыс жұмыстары былтыр кес­теден сәл ауытқып, белгіленген мерзімде аяқталмай қалды. Енді соның реті биыл келіп тұр. Алла қаласа, қазан айына дейін қалған үш мың шақырымдық полиэтилен құбырлар ауыстырылып, нысан толық пайдалануға берілетін болады. – Мемлекеттік бағдарламалар­дың елге тигізіп жатқан пайдасы зор. Соның ішінде «Нұрлы Жол» бағдарламасы арқылы Қостанайға 2015-2016 жылдар үшін 2,6 млрд. теңге қаржы бөлінді. Оған қаладағы жылу қазандықтарын, су желілерін ауыстырып жатырмыз. Бөлінген ақшаның басым бөлігі игерілді. Мына өздеріңіз көріп тұрған құбырлар 30-40 жылдан бері жаңартылмаған еді. Әбден тозығы жеткен.  Бұл бір жағы жұмыс орны, екіншіден, жаңа кешен бірнеше ондаған жылдар бойы елге қызмет етуге жарайды. Жалпы, әлемді жайлаған дағдарысқа қарамастан, Елбасының арқасында ғана осындай қамқорлыққа кенеліп отырмыз. Бұл – үлкен көмек, – деді Қостанай қаласының әкімі Базыл Жақыпов. Жаңа су торабының желісімен танысқан Мұхтар Құл-Мұхаммед ең бастысы сапаға көңіл бөлу қажет­тігін ескертті. Сосын нысанды меже­лі кезеңде аяқтауды тапсыр­ды. Мем­лекеттік бағдарлама­лар шең­берін­де жүзеге асып жат­қан бар­лық ны­санның жұмысын, қаржы­ның үнем­ді жұмсалуын­ бақы­лауды пар­тияның жергілікті өкілдеріне жүктеді. – Іргедегі Ресей мен Қытай эконо­микасының әлсіреуіне қарамас­тан, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Нұрлы Жол» бағдарла­масына қомақты қаржы бөліп отыр. Бұрын-соңды мұндай болды ма?  Біздің міндет – сол қыруар қаржының шашауы шықпай, мақсатты жұм­салғанын қадағалау, – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары М.Құл-Мұхаммед. Рас, тек «Нұрлы Жол» бағдар­ламасы арқылы облысқа 9,5 млрд. теңге бөлінді. Ал «Жұмыспен қамту­дың жол картасы-2020» бағдарла­масынан 2,5 млрд. теңге үлес тиді. Аз ақша емес. Соның арқасында қыруар әлеуметтік нысандар жөнделді. Жұмыссыз жүргендер екі қолға бір күрек тапты. Қостанай қаласындағы №115 мектептің іргетасы 1959 жылы қаланған. Содан бері білім ошағына бірде-бір рет жөндеу жүргізілмеген. Апаттық жағдайда тұрған мектепте бала оқыту да қорқынышты. Соны ескерген жергілікті атқарушы билік биылдан бастап аты аталған мектепті күрделі жөндеуден өткізіп жатыр. Бұл мақсатқа 576 675 млн. теңге бөлінді. Құрылыс жұмыстары алдағы қараша айында аяқталады. – Менің екі балам да осы мектепте оқиды. Бұрын іші-сырты адам көргісіз еді. Қазір өңі өзгерді. Бұған барлық ата-ана қуаныштымыз. Халықтың жағдайын жасап беріп отырған Елбасымызға мың да бір алғыс, – деді қала тұрғыны Эльмира Ыбыраева. Құрылыс жұмыстарының барысымен партия Төрағасының бірінші орынбасары да мұқият танысты. Мұхтар Абрарұлы қай құрылыс нысаны да партияның қатаң бақылауында болатынын айтты. «Ең бастысы, нысанды қажет кезде, қажет уақытында тапсырған жөн. Сапаға көңіл аудару керек», – деді ол. Соңынан Мұхтар Құл-Мұхаммед партия белсенділерімен кеңесті. Жиында астықты өңірдегі  партия жұмысының есебі тыңдалып, кейбір түйінді мәселелерді шешу жолдары талқыланды. Әлібек ЫБЫРАЙ, журналист, арнайы «Егемен Қазақстан» үшін Қостанай облысы