16 Тамыз, 2016

Қазақстан бокс федерациясы Левит-Тищенко ұрысы туралы не айтады?

479 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

16.08.2016 AST

Қазақстан бокс федерациясы Рио-де-Жанейро Олимпиялық ойындарындағы бокстан 91 килоға дейінгі салмақта қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенко арасында өткен финалдық жекпе-жегіндегі төрешілікке қатысты өз позициясын түсіндіріп берді. Еске сала кетейік, кеше, 15 тамыз күні таң алдында ойналған бұл шайқаста төрешілер жеңісті 3:0 (29:28, 29:28, 29:28) деген есеппен бір ауыздан Евгений Тищенкоға беріп жіберген. Осыған орай Ойындардың алтын медалін ресейлік боксшы алып, қазақстандық атлетке күміс жүлде бұйырған еді. Бірақ төрешілердің шешімі хабарланған кезде залдағы көрермендердің көпшілігі бұған наразылық білдіріп, ысқырған болатын. «Барлық қазақстандықтар сияқты біз де Василий Левиттің финалдық ұрысын қарап отырмыз. Біз Василий Левит ұтты деп ойладық. Бірақ төрешілердің шешімі басқаша болып шықты. AIBA президенті Чинг-Куо Ву айтқандай, қандай болғанда да төрешілердің шешімін құрметтеу керек. AIBA ережесі бойынша, төрешілердің шешіміне наразылық берілмейді, сондықтан біз наразылық бермейміз», - деді Қазақстан бокс федерециясы төрешілер комиссиясының төрағасы Аслан Игубаев. Ол сондай-ақ Қазақстан бокс федерациясының барлық ұлттық федерациялардың басшысы болып табылатын AIBA (Халықаралық әуесқой бокс ассоциациясы) жүйесіне кіретінін атап өтті. «Біз өз басымыздан өзіміз жоғары секіре алмаймыз. Ертең бізге келесі Олимпиада, әлем және Азия чемпионаттары кезінде олармен жұмыс жасасуға тура келеді. Сондықтан біз AIBA-ның саясатын ұстануға тиіспіз», - деп сөзін түйіндеді Игубаев. Ал бокстан Қазақстан құрама командасының бас жаттықтырушысы Мырзағали Айтжанов журналистерге берген сұхбатында AIBA-ның бәрін есеппен жасап отырғанын, соның қабатында Қазақстан боксшылары әділетсіз төрешілердің құрбандары болып жатқандарын айтты. Осы тұста блогер Ғалым Байтоқ барлық қазақстандықтарды Василий Левитке алтын медаль жасап беру үшін қаржы жинастыруға шақырып отыр. Дамир ҚОЖАМҚҰЛ Фото: Данияр МАЙЛЫБАЕВ