Ресейдің «Спорт-Экспресс» газеті өзінің 16 тамыз күнгі нөмірінде «Рио-2016, 10-шы күн: Тищенконың жанжалды алтыны және Бразилия нөсері» деген мақала жариялап, соның бір тармағын кеше таң алдында 91 килоға дейінгі салмақта қазақстандық Василий Левит пен ресейлік Евгений Тищенконың арасында ойналған финалдық жекпе-жек турасына арнайды.
Басылымның «Рингтегі жанжал» деген тақырыпша бойынша берілген сол мақаласы, қазақшаға аударғанда, былайша ой өрбітеді:
«Ресейдің Риодағы 11-інші алтыны айтарлықтай жанжалды оқиғаға ілесіп келді. 91 килоға дейінгі салмақ дәрежесінің финалында төрешілер жеңісті қарсыласы қазақстандық Василий Левит болған ресейлік Евгений Тищенкоға бір ауыздан берді. Мұның проблемасы рингте-ақ басталды: қазақстандық жанкүйерлер залда отырған ХОК басшысы Томас Бахтың тура көз алдында арбитрлардың шешімін ысқырып қарсы алды. Баспасөз мәслихатында олардың ісін қазақстандық журналистер жалғастырды, бірқатар белгілі кәсіпқойлар мен промоутерлер де осыған қатысты өз ойларын білдірді.
-Маған ұрыс жайлы сырттан баға беру қиын, - деп Тищенкоға ақталуға тура келді сол жерде. – Егер мен әділетсіз ұтқан болсам, Василийден кешірім сұраймын.
Егер адалына жүгінсек, төрешілер шешіміне қатысты шынында да бірқатар сұрақтар бар. Левит ұрыс кезінде қарқынды көрінді, ұрғандары да жиі тиіп жатты, ал үшінші раундта тіпті қарсыласын нокдаунға аттандырып жібере жаздады. Тищенконың сол тұста «қалқып» жүргені байқалды. Бәлкім, сол кезде басынан алған жарақаты ғана ресейлікті бұдан да зор проблемадан құтқарып қалған шығар. Төрешінің жекпе-жекті тоқтатқаны болашақ чемпионның аздап тыныс алып қалуына көмектесті».
Бұған қосатынымыз, осындай жанжалды шешім шығарған төрешілер Ирландия, Алжир және Колумбия елдерінің мамандары болып шықты.
Қазір бірқатар жанкүйерлер АИБА-ға бұл жекпе-жектің нәтижесін қайта қарау жөніндегі ұсыныс беретін петицияға қол жинастырып жатқан көрінеді.
Дамир ҚОЖАМҚҰЛ
https://youtu.be/9sqOEQlON7o