17 Тамыз, 2016

Шерхан-шежіре

747 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін
«Шерағамның шеруі»Кітаптың да бақыттысы бар! Әрине, ол оқылар кітап болса. Сондай оқылар бақытты бір кітап қолымызға тиді. Сүйсіне оқып шықтық. Ол кітап белгілі жазушы Әділ Дүйсенбектің «Шерағамның шеруі» болатын. Ұзақ жылдар бойы баспасөз саласында жемісті еңбек етіп келе жатқан және әлі де қолынан қаламы түспеген Әділ ағаның бұл кітабының басты да әрі негізгі кейіпкері Шерхан Мұртаза, кәдімгі Шерағамыз! Айтқан әр сөзі ел аузында жүре­тін Шерағаның өзі абызға, сөзі аңыз­ға айналғалы да қашан?! Бұл ара­да өз халқының Шерхан Мұр­таза­ға деген шынайы махаббаты мен сүйіс­пен­шілігі жатқандығын айтқан да ләзім. Сөз деген құді­реттің сырын ұғар жан болса, Шер­аға­мыздың кейде шер­лі, кейде зілді, әрдайым нәрлі әр сө­зін­де өмірдің әйтеуір бір ақиқаты жата­тыны анық. Сол ақиқаттың мір­дей оғымен атылған Шерағаңның кейі­ген кей сөзіне ел сүйсініп қол со­ғып жатса, көңіліне жақпағандар мен ың­ғайына жатпағандардың күйініп те, кектеніп те жатқандары аз болмайтын. Әйтеуір, не де болса өмірде және ел аузында Шерхан Мұртазаның айтқан да, айтып та жүрген сөзі бар. Сол аузы дуалы Шерағаңның жанында ұзақ жылдар бойы бірге келе жатқан және бірге қыз­мет­тес те болған, тәлімі мен тәр­­биесін көрген, әлі де өзінің өмірлік ұстазы санап келе жат­қан Әділ Дүйсенбектің «Шерағам­ның шеруі» роман-эссесі өз оқыр­манына олжа сала келген орай­лы шығарма. Орайлы санап отыр­­ғаны­мызды, қаламгер Әділ Дүй­­сен­бектің Шераға сияқты біртуар жанның және де өзінің бар саналы ғұмырын қазақтың қасиет­ті де құдіретті сөз өнеріне арнап, сол қа­зақ­тың небір талантты да да­рын­­­ды қаламгерлерінің бақ жұл­ды­зын жандырған. Олар болса «біз Шерағаңның шекпенінен шық­қан­быз» деп марқая сөйлер бір дәуір ұр­­­пақ­тарының Шерағасының әр сөзін шашау шығармай қағазға түсі­ре отырып, өз халқының назары­­на ұсын­­сам деген ниеті деп білгеніміз абзал. Шынында да Шерхан аға Мұр­та­за­ның жазып та, айтып та келе жатқан дүниелерінде бір дәуір­­дің үні мен тынысы жатыр. Әр дәуір­дің дауылына кеудесін тосып өмір сүріп келе жатқан Шер­­ағаң­ның кей-кейде шерлі көңі­лі­н­ің де шері бар. Ол шер Шер­­аға­ның қара басының жайын күй­ттегеннен емес, елі мен хал­қының мүддесін ой көзімен шол­ған­ кездегі көңілінің пәс болатыны, дауысының ащы шығатыны да сол кез. Бұл ретте белгілі жазушы, Мем­лекеттік сыйлықтың лауреаты Дулат Исабековтің осы кітап­­тың алғы сөзінде: «Жинақта Шерағаңның бір­де бала, бірде дана, бірде көл, бір­де шөл, бірде тарпаң, бірде сал­қам мінездері жарасымды да жан-жақ­ты көрініпті», деген пікірі Әділ Дүй­сен­­бек шығармасының бар маз­мұ­нын толықтай ашып тұрғандығы бар. «Дауасыз – шартты ұғым. Оны тек кәрілікпен шектеп қоюға болмас, – деді терең тыныстап. – Дауасызымыз осы уақыт емес пе екен? Уақыт таңды атырып, күнді батырады. Көктем мен жазды, күз бен қысты алмастырады. Мезгілі келгенде гүл қауыз жарып, ризық пісіп-жетіледі», дейді бірде Шераға ой толғап. Дауасыз уақыттың уысында кетіп бара жатқан адам ғұмырдың еншісіне қалар не бар деген ой келеді Шерағаның осы бір сөзінен кейін. Әрине, жақсыдан – өнеге, шешеннен сөз қалары анық. Сол өнегені де, сол сөзді де Әділ Дүйсен­бек­тің кі­та­бынан молынан теріп алуға бола­ды. «Қой үстіне бозторғай жұ­мырт­қалайтын, жарлы­мын деген жан мың қой айдай­тын заман туып келеді. Ауыз­бір­лік болсын! Елбасы – біреу, бас­қамыз соған тіреу болайық!..», деген Шерхан аға­мыздың тәуел­сіз­дігіміздің тағдыры үшін айтқан осы бір ауыз сөзі ұрпақ санасында ұран болып сақталып қалары да анық. Анық дүниенің күнбе-күнгі қанық жайынан мол сыр айтар бұл кітаптан халқымыздың небір асыл перзенттерінің де жарқ еткен бейнелерінің қымбат тартары бар. Мысалы, кітаптағы «Қарекеңнің қал­жыңы қалған емес» деген әңгі­месінде автор қазақтың тұлғалы азаматы, «интернаттың қара нанын бөліп жеп, талай қиыншылықты бастан кешкен екі дос» Қаратай Тұрысов пен Шерхан Мұртаза ара­сын­дағы сыйластықтың бір сәттік көрі­нісін әсерлі жеткізе білген. Соны­мен бірге, автор мен кейіпкер арасында өзара сенім мен сыйластық қарым-қатынастық жағдайында өрбитін әңгімелердің әрқайсысы арқылы қаламгер Әділ Дүйсенбек Шерағаңның өз кейіпкерінің әр жағдайдағы көңіл күйін, сан салалы пікірлерін, былайша айтқанда мінезін толық ашып көрсетіп бере алғандығын айтқымыз келеді. Және де әр жайды сылтауратып Шерағаны бір сөйлетіп, пікірін біліп отыруды дағдыға айналдырғандай болған Әділ Дүйсенбек сол арқылы күнделік өмірдің бір шежіресін жазғандығын да жоғары бағалар едік. Шераға айтқан әрбір ұтымды да ойлы сөзді сол айтқан жерінде қалдырмай, қағазға түсіріп отырған автордың нағыз қаламгерлік қайратының да танылар тұсы осы. Шерағаң қай салада қызмет жаса­масын өзін әуелі журналист, қалам­гер ретінде сезініп келе жатқан жан. Содан да болар, мына айнала тір­ші­лікке қаламгердің жіті көзімен қарап, әріге ой жібереді. Санасымен сар­ғаяр сәттері де аз емес. «Қайда сол шындық деген шіркінің? – деді. – Шындықты айтамын деп ке­зін­де Жұмабек Тәшенов деген ағаң орыс­тармен жаға жыртысуға дейін барды емес пе?» деген Шер­ағаң­ның шамырқана шыққан үнін «Батырлардың батыры» деген әңгімеден анық естір едік. Бұл орайда Шерхан аға атақты Бауыржан Момыш­ұлының өз аузынан естіген Қазақ­стан Жоғарғы Кеңесінің төр­ағасы Жұмабек Тәшеновтің ұлт­жан­дылығы мен әділетсіздікке төз­бес қай­сарлығын сүйсіне айтады. Рейх­стагқа бірінші болып ту тіккен Рақымжан Қошқарбаевқа Кеңес Одағының Батыры атағын беру жөнін­дегі ұсыныстың бар екендігін бі­ле­тін Жұмабек Тәшенов Мәскеуде КСРО Жоғарғы Кеңесінің президиумы төр­ағасының орынбасары ретінде бір айлық кезекшілікте жүрген кезін­де сол кездегі Бас штаб бастығы, мар­шал Коневпен қат­ты сөзге келеді. Ая­ғы үлкен дау­ға ұласқан әңгі­ме­нің ушыққаны соншалықты, бұл мә­се­леге Воро­шилов араласып, екеуін сабырларына түсірсе керек. Міне, бұл да болса Тәшенов ғұмырының беймәлім бір тұсы болса, енді сол беймәлім тұсқа да Әділ Дүйсенбек қаламының жарығы түскен екен. «Шерағамның шеруі» – күнделік өмір кітабы. Автор мен Шерағаңның сол көптеген күнделікті өмірлері ел газеті «Еге­мен Қазақстан» басылымының  қабырғасында бірге өткені бар. Міне, сол «Егеменнің» кезеңдеріндегі Шерхан Мұртаза газет сөзіне аса жауапты қарауды үйретіп қана қоймай, жазар тақырыпты әр журналистің алдына тартып отырар шынайы көрініс табады. Шерағаның бар саналы ғұмыры қазақ баспасөзімен тығыз байланысты болса, сол ғұмырдың да көптеген жайлары айтылмай да қалған екен. Кітаптағы «Қақпанға түскен қонақ» атты шағын бір әсерлі әңгімеде айтылатын мына бір жайды әдейі бөле-жара алдық. «Жаз мына оқиғаны, – деп ағам қолма-қол тапсырма берді. – Елдегілер оқысын, бір пайдасы тиіп қалар», – деген Шер­ағаң­ның өзінің сенімді жауынгер қалам­гер інісі Әділ Дүйсенбекке берген тапсырмасының түп-төркінінде «елге пайдасы тиіп қалар» деген жанашырлық ой жатыр. Қашан болсын қаламының қарымымен өз елі мен халқының қамын жеп, жағдайын ойлап, елдік сөзін айтып келе жатқан Шерхан Мұртазаның буырқанған жан қуатын қаламгер өз кітабында шеберлікпен бере алғандығын айтпақ керек. Жазушының қалам жарығының сәулесі түскен әр тақырыпта өмір жатқандығын аңдаймыз. Сол өмірді автор Шерхан ағаның ғұ­мырымен, күнбе-күнгі өмір тір­шілігімен көрсете отырып, тұтас бір кезең ахуалының тынысын сездірер еді. Әрине, тарихқа айналып бара жатқан кезеңдер де бар. Алайда, сол тарих қойнауындағы кезең­дердің өзі ел тағдыры, адам тағ­дыры. Ал тағдыр-тарихқа кез кел­ген ұрпақ қашан болсын айна­лып бір со­ғатыны және де бар. Сол кезде және сол тұста Әділ Дүйсенбектің «Шер­ағам­ның ше­руі» алдымыздан табылары да бар. Өйткені, бұл кітапта қа­зақ­тың Шер­ханының тағдыры жа­тыр. Сол Шерхан тағдырдың көп­­те­ген сырларын өзінің шынайы ықы­­лас­­ты қаламының ұшымен өз кіта­­бы­­на арқау ете білген жазушы Әділ Дүй­сен­бек ең әуелі өзінің інілік және қа­­лам­герлік парызына адалдық та­ныт­қан­дығына ризамыз. Бүгінгі ағалар сөзі ертеңгі бабалар сөзі болып, дү­ние­ні жаңғыртып, келер талай ұр­пақ­қа жетері де анық. Соған жазсын! Жабал ЕРҒАЛИЕВ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Парламент Сенатының депутаты АСТАНА