17 Тамыз, 2016

Шарайна

316 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
шарайна-1Иран аэродромын пайдаланды Ресейдің қорғаныс министрлігі Иран аумағында Ту-22Мз алысқа ұшатын бомбалаушы ұшақтары мен Су-34 майдан бомбалаушы ұшақтарын орналастырғанын қуаттаған. Бұл туралы Ресейдің «Новости» ақпарат агенттігі хабарлады. Кеше аталған ұшақтар Ирандағы Хамадан аэродромынан ұшып шығып, Сириядағы исламшыларға соққы берген. Шабуылға Ресейде тыйым салынған «Ислам мемлекеті» және «Джабхат ан-Нусра» террорлық топтарының нысандары ұшыраған. Аталған топтар Сирияның Алеппо, Дейр-әз-Зор және Идлиб провинцияларында орын тепкен екен. Соққы беру нәтижесінде қару-жарақ және оқ-дәрі мен жанар-жағармай материалдары сақталған бес ірі қойма, жасақтар дайындайтын лагерь, сондай-ақ, бірқатар терроршылардың көзі жойылған. Қатынасты қалпына келтірмек Ресей президенті Владимир Путин Түркиямен толыққанды қарым-қатынасты қалпына келтіру тілегі бар екенін мәлімдеді. Бұл жөнінде «Интерфакс» хабарлады. «Біз Түркиямен, ұзақ жылдар бойы тамаша ынтымақтастық қарым-қатынастар қалыптасқан елмен толыққанды қарым-қатынас қалыптастыруға шын ниеттен ұмтылудамыз», деді Ресей басшысы. Оның сөзіне қарағанда, Түркия президенті Реджеп Тайып Ердоғанның Ресейге жақындағы сапары тараптардың бұрынғы байланыстарды қалпына келтіруге деген ұмтылысын байқатады. Бұл туралы В.Путин Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Сочидегі кездесуі алдында мәлімдеді. шарайна-2Бас хатшыны кім алмастырады? БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун өзін бас ұйым басшылығында әйел адам алмастырғанын қалайтынын білдірді. Бұл туралы «The Guardian» хабарлады. «Біз көптеген көрнекті әйел көшбасшыларды білеміз. Олар үкіметтерде, бизнесте, саясатта, мәдениетте, бір сөзбен айтқанда, өмірдің барлық саласында табысты еңбек етеді», деді Пан Ги Мун. Бас хатшының пайымынша, әйелдерге БҰҰ басқаруға кедергі болатын ешқандай да себеп жоқ. Әрине, әлемдегі бас ұйымның басына кімнің келетінін оған мүше мемлекеттер шешетін болады. Дәстүр бойынша, БҰҰ-ның Бас хатшысы әлемнің түрлі өңірлерінен ротация қағидатына сәйкес сайланады. Бұл лауазымды бұған дейін Азия, Африка, Латын Америкасы және Батыс Еуропа елдерінің өкілдері атқарғаны белгілі. Ал Пан Ги Мунның өкілеттігі осы жылы аяқталады. Қысқа қайырып айтқанда: * Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялы ауданында жаңа теміржол вокзалы ресми түрде ашылды. Аумағы 100 мың шаршы шақырымды құрайтын 3 қабатты терминал өңірдегі ең ірісі болып табылады және сағатына 8 200 жолаушыны қабылдауға қабілетті. *Мемлекеттік дума төрағасының орынбасары Игорь Лебедев шетелдіктердің Ресейдің бүкіл аумақтарындағы мектептерінде мұғалім, жолаушылар көлігінде жүргізуші болып жұмыс істеулеріне тыйым салу керек деген бастама көтерді. Оның пікірінше, бұл бастама ел азаматтарының мүддесін қорғайтын болады. * Украиналық әнші Джамалдың гонорары «Евровидение-2016»-дағы жеңісінен кейін бес есеге өскен. Егер жыл басында оның концерті шамамен 5 мың доллар деп бағаланса, бүгінде жәй күндері – 20 мың, мереке күндері 25 мың  еуроға жетіп отыр екен. * Жапонияның «All Nippon Airways» әуе компаниясы жолаушылар ұшағының әуеге көтерілуге әрекет жасаған кезде қозғалтқышы жарылып кетті. Ұшақ көп жолаушы алып ұша алатын «Боинг-787-800» көрінеді. Оның бортында 240 адам болған. Шанхайға бет алмақ екен. Ешкім зардап шекпепті. шарайна-3Мәлімдеменің де мәлімдемесі бар Қытай Халық Республикасының сыртқы істер министрлігі БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мәлімдемесіне шешімді түрде наразылық білдірді. Аталған ұйымның адам құқы жөніндегі сарапшылары жақында Қытай тарапынан осы елдің азаматы Ян Маодунды қамаудан босатуды талап еткен болатын. Осыған орай ҚХР СІМ-інің өкілі Хуа Чуньин БҰҰ-ның Адам құқықтары жөніндегі кеңесінің мәлімдемесін жауапкершіліксіз мәлімдеме деп атады. Оның ұстанымынша, жалған ақпаратқа негізделген мәлімдеме Қытайдың ішкі ісі мен сот ісіне араласу болып табылады. Ал қамауда отырған азамат өзінің мемлекетке қарсы іс-әрекеті үшін орынды жазаланған. Оны босату, не босатпау, Қытай билігінің құзырында. Біріккен әскер құру ниетінде Ресей мен Армения біріккен әскери топ құру туралы келісімге қол қоймақ. Мұндай мәлімдемені Ресей қорғаныс министрінің орынбасары Анатолий Антонов жасады. Бұл туралы Ресей  әскери ведомствосының сайты хабарлады. А.Антоновтың атап өтуінше, тараптар қазірдің өзінде өзара іс-қимылдың тетіктерін үйлестіріп үлгерген. «Қауіпсіздік саласы бо­йынша қабылданған шешімдердің тиімді жұмыс істейтініне сенім мол. Енді осыған сәйкес бірлескен әскери жоспарлау жүзеге асырылуда», дейді ресейлік әскери лауазым иесі. Сондай-ақ, Ресей Арменияны Закавказьедегі шешуші әріптес ретінде қарастырып отыр екен. шарайна-4Алғашқы квантты байланыс спутнигі Қытай әлемдегі алғашқы квантты байланыс Жер серігін табысты ұшырды. «Long Науch-2D» зымыраны Астана уақытымен бұрнағы түнгі сағат 23.40-та Цзюцюань космодромынан аспан кеңістігіне көтерілді. Бұл жөнінде «Синьхуа» агенттігі хабарлады. Салмағы 600 килограмнан асатын спутник 500 шақырым биіктікте Жерді айналып жүретін болады. Орбитамен бір айналым 90 минутты құрайды. Оның қызмет ету мерзімі екі жылға есептелген. Жер серігіне біздің дәуірімізге дейінгі V ғасырда өмір сүрген қытай философы және оқымыстысы Мо-Цзыдың аты беріліпті. Ол адамзат тарихында тұңғыш рет оптикалық эксперименттер жүргізген адам деп саналады. Жер серігінің байланыс қызметі сан алуан. Интернет материалдары негізінде әзірленді