18 Тамыз, 2016

Мемлекеттік бағдарламалар мінсіз орындалуы тиіс

215 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
100-590«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед Ақмола облысына жұмыс сапарын Елбасының мемлекеттік бағдарламаларының орындалу барысына арнады. Ол ең алдымен облыс әкімі Сергей Кулагинмен бірге Щучье қаласындағы қазақ тілінде оқытатын байырғы мектеп-интернаттың күрделі жөндеу жұмыстарымен танысты. Ғимараттың іргетасы 1949 жылы қаланғанымен осы уақытқа дейін кешенді жөндеу көрмеген екен. Биылғы жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының аясында ғимаратты жаңартуға 167 миллион теңге бөлінді. 1 қарашаға таяу жұмыс аяқталуға тиіс. Аталған бағдарлама негізінде 2016 жылы Ақмола облысына 4 миллиардқа жуық теңге бөлін­ді. Бұл қаржыға білім беру, денсау­лық сақтау және әлеуметтік инфра­құ­рылымдардың 33 нысанын жөндеу көзделіп отыр. Бурабай ауданының Кенесары ауылындағы егістік алқапты аралап, диқандармен әңгімелескен Мұх­тар Абрарұлы Ақмола облысы – Қа­зақстанның ең негізгі астықты аймақ­тарының бірі екендігін атап өтті. Ол: «Жыл сайын бұл өлкеде­гі бидай жинаудың есебі миллион­даған тоннамен өлшенеді. Биылғы жылы да өнім мол болады деген сенім­деміз», – деген ізгі тілегін біл­дірді. Егемен Қазақстан«Нұр Отан» партиясы Төрағасы бірінші орынбасарының фермерлермен кездесуі ең алдымен Жер реформасы жөніндегі комиссия жұмысының нәтижесіне арналды. Ұзаққа созылған жалпыхалықтық сұхбаттасудың қорытындысында пысықталған ұсыныстармен ақмо­лалық егіншілер де келісіп отыр. Атап айтсақ, М.Құл-Мұхам­мед алқабында болған шаруа қожа­лығының басшысы Серік Омаров: «Жердің нағыз иесі оған ұқыппен және жауапкершілікпен қарауы тиіс, сол кезде Жер-Ана бүгінгі ғана емес, келер ұрпаққа да мол табыс әкелетін болады», – деген ойын жеткізді. Мұхтар Абрарұлы тәжірибелі шаруаның ұстанымын қолдап, Серік Омаровтың шаруашылық қожалығының табысы, оның айт­қан сөздерінің айқын дәлелі болып табылатынын атап өтті. Фер­мердің иелігінде 1254 гектар ғана жер бар. Соған қарамастан, ол «нөлдік», яғни ең зиянсыз жер қыр­тысын өңдеуді енгізді, ферманы озық неміс технологиясымен және жабдығымен жарақтандырды. Осының нәтижесінде жыл сайын бидайдан ғана емес, сондай-ақ, зығырдан, картоптан, көкөністен де мол өнім жинауда. – Кейбіреулердің әр фермер ондаған мың ауыл шаруашылығына арналған жерлерді жалға алған деген тұрғыдағы қате көзқарасы бар, – деді партия Төрағасының бірін­ші орынбасары алқап басын­дағы әңгіме барысында. – Шынту­айтында, Омаровтың шаруа қожа­лығы сияқты олардың басым көп­шілігі 1 мың немесе 2 мың гектар жерді ғана жалға алып отыр. Алайда, Елбасының қолдауы­мен астықты және майлы дақыл­дарға, тұқым дайындау шаруашы­лығы мен асыл тұқымды мал өсіруге, сондай-ақ, дизель отынына берілген көмек қаржысының арқасында олар табысқа жетіп қана қоймай, жыл сайын жұмыстарын жандандыра түсуде. Тап осындай ұқыпты шаруаларға жерді сеніп тапсыруға әбден болады. Жер реформасы солардың мұқтаждығын қамтамасыз етуге бағытталған. Жыл сайын мемлекет бірнеше бағдарламаны іске асыру аясында Ақмола өңіріне ондаған миллиард теңге инвестиция құяды. Бұл қаржының өз мақсатында жұмсалып, толық көлемде игерілуі қатаң бақылауда болады. Мұхтар Абрарұлы бағдар­ла­малық қаржылардың тиімді жұм­салуына айрықша көңіл бөлді. Ал облыс әкімі С.Кулагин қазіргі күні өңірде ауқымы жағынан теңдесі жоқ «Нұрлы Жол» инфрақұрылымды дамытудың бағдарламасы кең көлемде іске асырылуда екендігін баяндады. Көкшетау қаласындағы «Көк­тем» шағын ауданында қазір жылу жүйесі жаңғыртылып, қаладағы ең ірі балабақша пайдалануға берілу қарсаңында. Мемлекет бұл жобаға 678 миллион теңге бағыттап отыр. Сумен қамту және кәріз жүйелерінің жаңғыртылу барысымен танысқан М.Құл-Мұхаммед құрылыс жұмыстарына көңілі толатынын білдірді. – Елбасымыздың «Нұрлы Жол» бағдарламасы жаһандық эко­номикалық дағдарыс жағдай­ынд­а ел экономикасының дамуына еселі екпін қосты. Аталған бағдарлама негізінде республикада 770 миллиард теңге игеріліп жатса, Ақмола облысындағы республикалық және облыстық ұйымдар ғана 57 мил­лиардтан астам теңгенің жұмысын атқаруы тиіс. Бұл осыдан он жыл бұрынғы Ақмола облысының бюджетінен де көп, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. Тексерулердің нәтижесі көрсеткендей, «Нұр Отан» ерекше назар аударатын мәселелер әлі де жеткілікті. М.Құл-Мұхаммед облыстағы партия белсенділерімен кездесу барысында бұл жөнінде кеңінен әңгімеледі. «Биылғы 2016 жыл еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі айрықша маңызды оқиға – Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығын атап өтуімізбен ерекшеленеді, – деді партия Төрағасының бірінші орынбасары. – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен осынау қысқа мерзімде халықаралық қоғамдастық тарапынан құрмет тұғырына көтерілген өмірлік маңызды қайта құрулар мен реформалар жүзеге асырылды. Біз тиімді саяси және экономикалық жүйені қалыптастырып, дамытуға қол жеткіздік. Қазақстан халқы болашаққа үлкен жоспарлармен сенімді қадам басуда. «Нұр Отан» партиясы халықтың орасан зор сеніміне ие болып, жаңа дәуір жаңғыртуларына салмақты үлес қосуда. Мұны Ақмола облысының бүгінгі толайым жетістіктерінен де аңғаруға болады. Облыс әлеуметтік-экономи­калық дамудың 1 тамыздағы көр­сеткіштері бойынша төрт салада республикамызда бірінші орынды иеленген. Өңір өнеркәсіп өні­мін шығаруда көш бастап, 104,6 пайыздық деңгейге жетіпті. Сон­дай-ақ, облыс тауар айналымы, тұтыну құны және тұрғын үйлерді пайдалануға беруде үздік шыққан. Бұған қоса, шағын және орта бизнесті өркендету, негізгі капиталға инвестиция құю, ауыл шаруашылығының жалпы өнімінде де жақсы көрсеткіштер бар екен. Бұдан кейін Мұхтар Абрарұлы партиялық қызметтің мемлекеттік және қоғамдық өмірдегі ықпалы мен міндеттеріне тоқталды. «Біздің «Қазақстан-2021. Бірлік. Тұрақтылық. Жасампаздық» атты сайлауалды бағдарламамызда бес институттық реформаны жүзеге асыруға бағытталған Ұлт Жоспарының «100 нақты қадамы» негізгі идеялық ұстаным саналады. «Нұр Отан» партиясының алдында индустрияландыру, кәсіпкерлерді қолдау, тұрғындарды жұмыспен және баспанамен қамту сияқты үлкен міндеттер тұр», – деді М.Құл-Мұхаммед. Партия «Нұрлы Жол» бағдар­ла­масын» жүзеге асыруға бағытталған қаржының мақсатты жұмсалуын тексеретін болады. Ақмола облысында бағдарлама жобаларын қаржыландыруға 60,1 миллиард теңге бөлінген. «Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының нысандарына инфрақұрылымдар тартуға 2016 жылы 169 мил­лион теңге қарастырылса, соның 30 пайызы ғана игерілген. «Бәйтерек Девелопмент» жүйесі бойынша жалға алу және несиелік тұрғын үй құрылысына арналған 1,6 миллиард теңге қаржы конкурстық ресімдердің ұзаққа созылуы салдарынан игерілмей отыр. Барлық деңгейдегі мәслихаттардағы партия фракциясы бұл мәселелерді қатаң бақылауға алуы тиіс. Партияның орталық аппараты мен аймақтық филиалдары жуық арада партияның кадрлық резервін қалыптастыруға кіріседі. Бұл бағытта қажетті құжаттар дайындалып, түсінік жұмыстары жүргізілді. Осы орайда партия жастарға да кең мүмкіндік беретін болады. Сөзінің соңында Мұхтар Құл-Мұхаммед еліміздегі әлеуметтік саясаттың негізгі бағыттарына шолу жасап, партия алға қойған негізгі міндеттерге тоқталды. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан» Ақмола облысы