18 Тамыз, 2016

Аграршылар мақсаты айқын

263 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
1436503312_600_8d8ea0db5be92109fc4c4201db17ff4a-620x400Былтыр астық өндірісінің үштен бірін иеленген солтүстік­қазақ­стандық аграршылар биыл да бітік егін өсіріп отыр. Соған орай алға қойған меже биік. Жаз айларында молынан түскен жауын-шашын мен күн райының ыстық болуы алқапқа сіңірілген дәннің жайқала өсуіне зор септігін тигізді. Жергілікті ведомстволар, ауылшаруашылық құры­лымдарының, астық қабылдау мекемелерінің өкілдері қатысқан алқалы жиында орақ науқанын ұйымшылдықпен өткізу шаралары жан-жақты талқыланып, қаржылық-техникалық жағ­дайдың реттілігіне айрықша мән берілді. Облыс әкімінің бі­рін­ші орынбасары Айдарбек Сапа­ров өңірде жауапты науқанды өз мәнінде атқарудың мүмкіндіктері жан-жақты қарастырылғанын, алда мол өнімді қысқа мерзімде ысырапсыз жинап алу мақсаты тұрғанын атап өтті. Биыл 4,4 миллион гектар жерге дән егілсе, олардың 3,2 миллионын дәнді және бұршақты, 512 мың гектарын майлы дақылдар құрайды. Қа­жетті агротехникалық талап­тардың қолданылуы арқаcында 30 мың тоннаға жуық минералды тыңайтқыш сіңіріліп, қажетті хи­миялық өңдеу жұмыстары жүргізілген. Облыстық ауыл шаруа­шы­лығы басқармасының басшысы Қайрат Омаровтың деректері бойынша, жауапты науқанға 7700 комбайн қатыстыру көзделген. Олардың үштен біріне жуығы – жоғары өнімді техникалар. Жыл басынан бері «ҚазАгроҚаржы» АҚ арқылы 5 миллиард теңгеге 250 ауылшаруашылық техникалары әкелінген. Былайша айт­қанда, ораққа тартылатын техни­калардың 99 пайызы дай­ын­дық сапында. Оның сөзіне қа­рағанда, жалпы сыйымдылығы 3,6 миллион тоннаға жетеғабыл 52 астық қабылдау пункттерінің әзір­лік сапасы тексеріліп, лицен­зия алған. Уәлиханов ауданында 27 мың тонналық астық сақ­тау қоймасы пайдалануға беріл­се, таяу арада тағы үш астық қабылдау беке­тін іске қосу жоспарланған. Олар­дың сыйым­дылығы – 50 мың тонна. Шаруа­шылықтар 3 миллион тоннаға дейін ел ризығын қа­былдап, сақтауға қауқарлы. Жиынға қатысқан Ауыл шаруа­шылығы министрінің бірінші орынбасары Қайрат Ай­туға­нов дизель отынының қым­бат­тағанына қарамастан ауыл­ша­руашылық құрылымдары үшін бағаның қолжетімді болатынын, Үкімет тарапынан 392 мың тонна жанар-жағармай бөлінгенін, резерв қорынан қосымша 60 мың тонна босатылатынын жеткізіп, бір қуантып тастады. Шаруашылық жетекшілері күзгі орақтың өз мәнінде өтеті­ніне сенім білдірсе, ал электрон­ды астық қолхаттарын пайдалану ережесіне байланысты күдіктерін жасырмады. «Астық туралы» Заңға өзгерістер мен толық­тырулар енгізіліп, 23 шілдеден бастап қолданыла бастағаны белгілі. Министрліктің өсімдік шаруашылығын өндіру және қайта өңдеу департаменті дирек­торының орынбасары Ләззат Құпанова астық қолхаттары­ның тиімділігіне барынша тоқ­талғанымен, залға жиналған­дардың пікірлері екіге жарылды. Иә, астық қолхаты «құнды қағаз» мәртебесіне ие. Ол сақтауға тапсырылған астыққа мүліктік құқығын растайтын ресми құжат саналады. Астық қолхаттарының айналымын құқықтық жағынан жетілдірудегі мақсат оның электронды түрде жүргізілуін діттейді. Осы арқылы операциялардың есебі автоматтандырылады. Деректердің барынша мөлдір де ашық болуы осы саладағы тәртіп бұзушылықтарды мейлінше азайтуға, бизнес шығындарын төмендетуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, екінші дәрежелі банктердің тарапынан астық қолхатына сенімділік қамтамасыз етіліп, инвестициялар тартуға оң әсерін тигізеді. Жаңа жүйенің басты артықшылығы сол, астық қабылдау орындарына бармай-ақ интернет, болмаса ұялы телефон байланысының көмегімен онлайн режимде астықты сақтау мен элеваторларға өткізу туралы ақпаратты электронды қолхаттарға енгізуге болады. Бірақ жиынға қатысушылардың бір бөлігі озық әдісті қолдаға­ны­мен, айтар уәждері бар. Мәселен, «Мәмбетов және К» коман­диттік серіктестігінің директоры Еркебұлан Мәмбетовтің пікірінше, оны қолдану ауыл­дықтар үшін әзірге ерте. Ал­ды­мен техникалық жағын реттеп алу керек. Электронды астық қолхаттарын қолдануға біздің шаруашылықтың әлеуеті жетеді. Ал байланыс желілері жоқ шалғайдағы фермерлер қайт­пек? Не интернет, не компьютер, не ұялы байланыс жұмыс істе­мейді. Демек, оларда электронды ақпаратты пайдалану мүмкіндігі мүлдем жоқ деген сөз. Оның ұсынысын «Зенченко және К» КС-нің директоры Геннадий Зенченко да қолдап, астық қолхаттары қағаз және электронды түрде қатар қолданылса деген өтінішін алға тартты. Бір сөзбен айтқанда, аталмыш заң аясында жұмыс істеу көптеген қиындықтар тудыратыны, түйткілдердің жетіп-артылатыны қазірдің өзінде сезіліп отыр. Сондықтан, министрлік аграршылардың ұсыныс-пікірлеріне жете назар аударып, нақты шешімін тапса, құба-құп болар еді. Бүгінгі күні облыста жаздық және күздік дақылдарды жинау қызу өріс алған. Негізгі дақыл бидайға да орақ түсті. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы