18 Тамыз, 2016

«Сәулең болса кеудеңде»...

961 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
ана-2 www.nrcmc.kzӨмірге келіп, толыққанды адам санатына қосыла алмай, ата-анаға масыл болып, кейін жарымжандар үйіне тапсырылып жатқандар, өзін тапқан анаға қол жұмсап, өзінен туғанды далаға тастап жатқандар, бойында қазақ деген халықтың қаны бар пенделерге терең ойлануды, өзің ғана ойланып қоймай өзгеге де «ойлан» деп бар дауыспен шыңғырар шақ келгендей. Өйткені, жүрегінің астында тоғыз ай, тоғыз күн өз тіршілігінен хабар беріп тыпырлап жатқан нәрестесін дүниеге келгенде кез келген жерге тастап, жолға лақтырып жүрген жынысы әйел тасбауырлар көбейіп бара жатқандай. Атаны бала алдады, Шешеге назар салмады. Теңгерер жақсы қалмады, Қысқа менен ұзынды. Мәстек озып бәйге алды, Тайынша пұл боп, тай қалды, – деген Дулат жыраудың сөзі осы біздің заман туралы айтылғандай. Адамдар арасындағы сыйластық, бауырмалдық, аяушылық, адамгер­шілік, қазақ менталитетіне тән, өзіндік ерекшеліктерімізді жо­йып бара жатырмыз. Ұзақ жыл «қызыл империя» заманында да мұндай сұмдыққа жол берілмейтін. Ал бүгінде «батыс мәдениетін» толық игеріп кеттік пе, әр адам өз басы үшін ғана жауап беретін болып барамыз. Сәулең болса кеудеңде, Мына сөзге көңіл бөл. Егер сәулең болмаса, Мейлің тіріл, мейлің өл, – деп Абай атамыз айтқандай, қазақ халқының санасында ата-баба сал­ған дағды-дәстүрден сәуле қалса, ойланатын кез өтіп бара жатқа­нын, тезірек іске көшпесе кеш қалатынын ұғынғанымыз дұрыс. Ана деген аттың аса жоғары мәртебе екенін естен шығарып бара жатқандаймыз. Жалпы, қазақ азаматы қазақ деген ұлттың егесі өздері екенін түсін­бей жүрген секілді. Бұл түсін­беушілік ертерек басталған сияқты. Жерімізді, елімізді қорғап, басшылық жасап жүрміз деген білімді ағаларымыздың өзі өзге ұлт қыздарына үйлену арқылы өз ұлтының асыл тұқымына зиян келтіріп жатқанын ұқпағандай. Қазақтың нарқасқа жігіттері ашық-шашық киімді орыс қыздарына үйленген соң, қазақ қыздары шашын кесіп, етегін қысқартып, еуропалық мәдениеттің шыңын игеруге ұмтылды. Содан бастап батыс десе ішкен асын жерге қоя­тын ұрпақ пайда болды. Бір кезде мәдениетті шығыстан алғанымен Еуропа өзіндік қолтаңбасын жасап үлгерді. Түрлі техника, білім көзі содан болған соң батыстың еркін қатынастарын, жеке бас құқығын қолдану арқылы қазақы тәрбие жо­ғалып, ұрпағымыз қазақы тәр­биені архаизм көріп, қазіргі жас­тар ортасының тәрбиесі ата-ана тәрбиесіне шекесінен қарап кетті. Оның үстіне арақ, анаша, түрлі түнгі клубтар қала жастарын еріксіз тартса, ауыл жастарын қалаға еліктеушілік, ауылда оларды тәрбиелейтін ортаның қалмауы, вахталық жұмыстар – бәрі отба­сы қадірін сезінуден қалдырып барады. Ғалымдар балаға тәрбие құр­сақта жатқанда-ақ беріле бастауы керек дейді. Өйткені, іштегі нәресте анасының көңіл күйіне толық тәуелді екен. Ал ананың көңіл күйін сақтау әке міндеті емес пе? Жалпы, тастанды бала көрсек, оны тапқан әйелді жерден алып-жерге салып жатамыз. Ал  баланың тұқымын салған әке туралы бір жаман сөз айтылмайды. Егер, шетел азаматтарымен шатысып, сосын далада қалған әйелге өзіңе өзің жауаптысың десек те, қазақ жігіттен жүкті болып, баласын далаға тастап жатқандардың әкесін неге іздемейміз? Неге біз өз ұлтымыздың тұқымын көзіміздің қарашығындай қорғамаймыз!? Неге тастанды баланың шешесімен бірге әкесін де соттамаймыз? Ләз­затқа бірге батқандар жазасын да неге бірге тартпасқа? Қазақ жігіттері өз ұлтының қызда­рына қамқор болып, кәме­летке толмағандармен жыныстық қатынасқа түсуге болмайтынын үзілді-кесілді заң етіп бойына неге сіңірмеске? Балиғатқа толмаған жас қыздарды барша қазақ жігіті көзден таса қылмай қорғап, теріс жолдан сақтап жүрсе, ұлтымыздың элиталық тұқымы көбейіп, текті, таза қазақ халқы оралар ма еді?! Бойжеткен жастағы сауатты қыздар, келіншектер өз халқының салт-санасын ұғынуға неге ұмтыл­майды? Өмірге адам екі келе алмайды. Сондықтан, оны өкінбей өткізуді, салиқалы, саналы, салауатты етіп өткізуді әрбір адам ойламай ма? Баласын қайда болса сонда тастап, жолға лақтырып бара жатқандар – біздің қазақтар. Тіпті, үш жастағы баласын көшеге тастап кеткен де біздің қазақ, немересінің жамбасын құрт жеп жатқанда да оның шырылына міз бақпай, далаға тастап отырған да біздің әже. Сонда біздің қазақтың анасы, әжесі өз қасиетін жойғаны ма? Тәрбиені «тәртіпті бол» деп айтып емес, өз өмірімізбен көрсетіп, оларды жетелеп отыруымыз қажет емес пе? Егер айтқан сөзімізден ісіміз алшақ түсіп жатса, жас буын көргенін ғана жасамай ма? Қазіргі әжелер шалбар киіп, шашын бұйралап, не тақырлап қиып, орамал тартпай, боянып жүреді. Бұл әжелерден жастар «әже» деуге ығысып, бойын аулақ ұстайды. Себебі, олар әже деген сөзді ұнатпайды, қартайып қалам деп ойлайды. Бұрынғы әжелердің кең көйлегінің етегіне оралып жүретін, жаулығының ішімен бетін сүрте салатын немере жоқ. Немере де, келін де, қыз да, әже де «шортик» киген заманға келдік. Қазақ халқының аса жоғары талғамды мәдениеті барын білдір­меу үшін кеңестік заманда білімсіз, жазу-сызуы жоқ дегенді сылтау етіп, бәрін теріске шығарған. Әйтпесе, қазақ халқының адамның жасына қарай киетін киімінің өзі әрі денсаулық үшін, әрі тәрбие үшін өте жоғары талғамды емес пе? Бала қыздың, бойжеткен қыздың, келіннің, орта жастағы әйелдің, кемпірдің киімі бөлек-бөлек стильде тігілген. Аяғы ауыр келіншектің киімі, кәрі кемпірдің киімі, тіпті, өзгеше тігілген. Және оны әр үйдің әйелі тіге білген. Қазір мектептерде оқушыға қажеті шамалы сабақтар өріп жүр. Оның орнына осы қолөнер, ине-жіп ұстау, пішу-тігу, тоқуды жүйелі түрде оқытып, ортанқол маман етіп шығармай ма? Сонда қыздардың тұрмыс құрған кезде өмірі жеңіл болады ғой. Ал ер балаларға ағаштан, темірден заттар жасауға бейімдік берсе, олар да өз үйін тиянақты ұстауға көмек алар еді. Әрі қолөнермен айналысу жасөспірімді талғамды, мейірімді етер еді. Ауылдық жерлердегі мектептерде атқа мініп үйренуді ұйымдастырса, бос тақым болып борпылдап кеткен ұрпақ ширап, денсаулығы мықты болар еді. Қазір үш тілді үйрену керек деп жатыр... Ал өз ата-аналары қазақ тілін білмейтіндер қайтпекші? Олар орыс, ағылшынды біліп, өз тілін білмей өте ме? Бала оқуын неге қиындатуға құмармыз? Қазір он баланың біреуі ғана сабақ оқиды. Қалғаны тек барып-кетіп жүреді. Ал кей бала барлық сабақты өте жақсы меңгеріп, бірақ адамгершілікті білмейді. Адаммен сөйлесуінен-ақ оның біреуді менсінбей, «менен артық не білетін едің?» деп тұрғанын түсіне қоясың. Ал бұл нашар оқыса да адамдығын жоғалтпаған баладан әлдеқайда қауіпті дер едім. Ана бола алмайтындар мен әке бола алмайтындар қоғам үшін қауіпті және қазақ халқы үшін ұят. Бетті бастым, Тұра қаштым жалма-жан, – деп Абай атамыз жырлағандай, бетімізді басып қайда қаша­ры­мызды білмей қаламыз кейде. Бейәдеп кинолар мен жалаңаш бишілер қазақ жеріне келуі керек емес еді. Ал келген екен, оның біздің менталитетке үйлеспейтіндігін кез келген оқу орнында айтып отыру қажет еді. Жалпы жоғары оқу орны, колледж, мектептерде қазақтың аналық тәрбиесі аптасына бір рет болса да жүріп тұрса, оны әр облыста халық алдында жүрген асыл аналарымыз, мысалы, Батыс Қазақстанда ақын Ақұштап апамыз бастаған, Оңтүстік Қазақстанда халық ақыны Әселхан, Қостанайда халық ақыны Әсия, тағы сол сияқты, Бауыржандай ба­баны күткен келін, «Шуақты күндердің» авторы Зейнеп апамыз, Нұрғисадай тумысы бөлек жанмен ғұмыр кешкен Дариға апамыз, ақындар Күләш, Марфуға жүргізсе, қандай тамаша болар еді. Тек қыздармен ғана емес, ер балалармен де осындай кездесулер, сабақтар өтсе, үш тілдік білімнен пайдасы кем тимес еді. Дүниеге келген баласын біреу­лер оңды-солды лақтырып жүрсе, біреулер бір бала көтере алмай сорлап жүр. Құдай: «Ұялсын деп қызға беремін, асырай алмасын деп күңге беремін», депті дейді. Осы мақал-ақ айтып тұр ғой кімнің балалы болуға құқы барын. Сондықтан, әр қыз өзінің бала асырау мүмкіндігін бірінші мәселе етіп қойып, «қолынан келмес шоқпарды көтермесін». Өз етектеріне өздері ие болып жүрсін. Ал азаматтар әр қазақ қызын, әйелін өзімнің қарындасым деп ұқсын. Оған қай жерде де танысын-танымасын қамқор болып жүрсін. Сонда азаматтар баяғы Жалаңтөс баһадүрдің өзіне болмағанымен, кей ісіне теңеліп қалар. Қазақ елінің халқы, өзге де қазақстандық халықты өгейсітпеймін деп өз рухынан айы­рылмасын. Қайта біздің жерді Отаным деп таныған, қазақстандық этностар қазақ ұлтының салт-санасын жақсы біліп, оның әйел, қыздарына олар да қамқор болсын. Сонда ғана береке-бірлік табады. Айтарым біреу-ақ. Ана атына кір келмесін. Аруақтар сүйегін сырқыратпалық. Сүйе де білелік. Сезімді тыя да білелік. Жануардан бізді бөлектеген Тәңір сыйын аяқ асты етпелік, қалың қазағым! Атырау облысы, Махамбет ауданы, Таңдай ауылы