18 Тамыз, 2016

Алтынсарин мектебі айшықталды

848 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
IMG_6066-1Қостанай зиялылары көп­тен айтып жүрген көкейдегі бір іс орындалды. Кемеңгер ағарту­шы Ыбырай Алтынсариннің өзі ашқан мектептің орнына ескерткіш белгітас қойылды. Оған «Осы жерде 1884 жылы ұлы ағартушы, ұстаз Ы.Алтынсарин алғашқы қазақ мектебін ашты» деп жазылған және сол мектептің суреті берілген. Ыбырай ашқан мектепті өткен ғасырдың 70-ші жылдары сүріп тастап, орнына жаңа білім ұясы салынған еді. Биыл Ыбырай Алтынсариннің туғанына 175 жыл толады. Ол күзде облыста хал-қадерінше аталып өтпек. Облыс жұртшылығы өкілдері осы шара аясында ұстаздың өзі ашқан, қазақтың ірілері білім алған мектептің орнына белгі қоюды облыс әкімі Архимед Мұхамбетовке өтініш етіп айтқан болатын. Сол мектептен білім алған ардагер ағалардың лебізін әкім қолдаған болатын. – Ескерткіш белгітасты қостанайлық мүсінші Егор Кислицин Жітіқарадан әкелінген табиғи қызыл гранит тастан ойып жасады. Ал жазу табиғи базальт плитаға жазылды. Ескерткіш белгінің сал­мағы 10 тоннадан асады – деді ардагер ұстаз. Ұлы ағартушының туғанына 175 жыл толу мерейтойы аясында қала сыртындағы Ыбырай кесенесінің тозып кеткен тұстары жөнделіп, айналасы қалыпқа келтірілетін болады. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан» ҚОСТАНАЙ