Өзін әлі сергек сезінетін Торсан ақсақал күнделікті ақпаратты қалт жібермейді. Ғұмыр бойы шаруашылық ұйымдастырушы болған соң ба, еліміздің экономикалық саясатын, әсіресе, ауыл шаруашылығындағы өзгерістерді ерекше қадағалап отырады. Ауыл шаруашылығында біржақты жүргізілген істен көштің жүгі ауып қалатынын бүгін осы саланың басы-қасында жүргендер білсе екен деп отырады. Егінмен қатар, мал шаруашылығын дамытуға көңіл бөлінуі тиіс. Мал мен егін бірін бірі толықтырып отырады, оның табиғи жағына көңіл аудару қажет. «Қазіргі кәсіпкер жігіттер егін мен малдың табиғи теңгермешілігіне көңіл аудармайды, олар нарықтың сұранысына қарай жұмыс істейді. Пайдасы қолға тез тиетін егінге басымдық береді. Бұл дұрыс емес, мал өсіру қатар жүруі тиіс. Сонда жердің берген ризығы дәрі арқылы емес, органикалық заттар арқылы өзіне қайтып, құнарланып отырады», дейді қарт агроном. «Әудемжер жүре алмаймын аяғымнан, ұстаймын екі қолдап таяғымнан» деген әннің көңіл түкпірінен қобыз сарынындай гөй-гөйі естілгенімен, қария бойын сілкіп тастайды. Бойын сергітетіні – Отанына, еліне адал қызмет етіпті, адалдықты ту етіп ұстапты.
– Заман өзгере береді, өзгермейтін бір нәрсе бар. Ол – адалдық! Қызметке араласқан кісі еліне адал қызмет істеуі тиіс. Ел сеніміне малданып ұрлық жасаса, оның күнәсі арылмайды, – дейді Торсан ақсақал.
Бұлай сөйлеуге оның толық құқы жетеді, өйткені, кейінгі ұрпағына ұялмай айтар үлгісі көп. Қазақта «тақыр жерге шөп шықпайды» деген сөз бар. Торсан аға да тақыр жерден емес, текті әулеттің перзенті. Әкесі Салық Нұрмұхамбедұлы өңірдегі алғашқы әмбебап механизаторлардың бірі болды. Ол Ұлы Отан соғысы басталғанда екі рет майданға сұранады. Бірақ облыс басшылығы оған бронь беріп, майданнан алып қалады. Себебі, ер-азаматтың бәрі Батысқа аттанған аласапыран кезде тракторды да, комбайнды да жүргізетін Салықтың бір өзі бірнеше адамға татитын. Үскірік аязда тракторы сынып далада қалған Салық суық тиіп ауырып, 37 жасында өмірден өтеді. Артында аңырап жары Сара, шырылдап 7 жастағы ұлы Торсан мен 3 жасар қызы Бақыт қалады.
Текті әулеттен дейтініміз, Торсан ағаның арғы аталары Дербісәлі Баймұратұлы мен Маңдай Байдәулетұлы Абылай ханның батырлары болыпты деседі. Екеуі де әнші, күйші екен. Торсанның атасы Нұрмұхамбедке аталарының өнері дарыса керек. Сол өнер Торсанның әкесі Салыққа да қоныпты. Ол күй тартқанда алдына өзі қолдан жасаған ортекені секіртіп қояды екен. Әкесінің өлімі Торсанның да балалық шағын бірге алып кеткендей болды. Кеңшар төрағасы Есментай Мұстафин шыбықтан адам жасай алмаған соғыс жылдары шынашақтай баланы егінге есепші етіп тағайындайды.
Сөйтіп, еңбекпен есейеді. Жеңістен кейін ауылдағы бейнет бірден сейілген жоқ. Сол кезде ауыл балалары тек нанға емес, білімге де аш еді. Соның бірі Торсан оқуды ауыл мектептерінен бастап, Қостанай қаласындағы қазіргі Ы.Алтынсарин атындағы мектеп-интернатта жалғастырып білім алды. 1955 жылы Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетіне оқуға түсіп, оны жақсы бітірген соң, туған жерге оралды. Басшылар жас маманды қазіргі Қарабалық ауданындағы «Өрнек» совхозының №4 бөлімшесіне агроном етіп жіберді. Жас агроном бөлімше басқарушысы Орынбасар Жақыпов берген екі атқа кезек-кезек мініп, бөлімшедегі егістік алқапты ұзақты күн аралап, бес саусағындай біліп алады.
Бір күні егістікті аралап келе жатқанда Қостанай облыстық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Андрей Бородиннің кездеспесі бар ма. Ол жас маманның ерінбей-жалықпай егістікті аралап жүргенін көріп риза болыпты. Мінген машинасын тоқтатып: «Жас агроном, қалың қалай? Биыл әр гектардан қанша центнерден астық жинамақсыңдар?», деп сөзге тартыпты. Сонда Торсан бөгелместен: «Андрей Михайлович, орта есеппен гектарынан 15-16 центнерді шамалап отырмыз. Егер тағы бір мәрте жауын жауып өтсе, 17-18 центнерден алуға болады!» – депті. Жас жігіттің батылдығына риза болған хатшы әңгімеден кейін қасындағы көмекшісіне бұрылып: «Мына жас агрономның аты-жөнін және өмірбаян-деректерін жазып ал! Қостанайға барысымен маған көрсетесің!», – деп тапсырады.
Сол 1962 жылы «Өрнек» совхозы 28 мың гектарға бидай сепкен болатын. Егін бітік шықты. Әр гектардан 17 центнерден астық жиналды. Обкомның бірінші хатшысы А.Бородинге берілген уәде орындалды. Торсан Салықұлының жұлдызы оңынан туды. Ол Қостанайға, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы Струковтың қабылдауына шақырылады.
– Ал жолдас Нұрмұхамбедов, сіздер биыл астық жинаудан жақсы көрсеткіштерге жеттіңіздер. Бүкіл көрсеткіштеріңіз, міне, менің алдымда жатыр. Жұмысты осылай жақсы істеу керек. Турасына көшейін, осыдан бір апта бұрын Андрей Михайлович маған сізді жақында ашылатын Қарасу ауданындағы «Май» совхозына бас агроном етіп жіберуге нұсқау берді, – деді Струков. Торсан Салықұлы сенім білдіргеніне рахмет айтты.
Ол «Май» совхозында үш жарым жыл қызмет етті. 28 жасында «Құрмет Белгісі» орденімен марапатталды. Шаруашылық 60-шы жылдары астық жинау жоспарын үнемі асыра орындап отырды. Обкомның бірінші хатшысы А.Бородин әр келген сайын бас агрономның еңбегіне өзінің ризалығын білдіріп, жылы пікірлер айтып жүрді. Андрей Бородин іскерлігіне сырттай қанық бола бастаған Торсан Нұрмұхамедовке Арқалық ауданындағы «Майкөтов» совхозына директор болып баруды ұсынды. Жердің ой-шұқырын білмейтіндігін айтып, жүрексінгенмен, бетіне жан қаратпайтын бірінші хатшыға келісімін берді.
Ол 1969 жылы қаңтарда отбасын, анасын алып, Қостанайдан Арқалық пойызына отырды. Әлі есінде, Торсан Нұрмұхамбедов пойыздан түскен соң, 40 градустан асатын сақылдаған аязда жол таңдамайтын машина шақыртып, Арқалық қаласынан «Майкөтов» совхозына зорға жеткен болатын. Торғай өңірінде қатарынан екі жыл су тасымай, қуаңшылық болып тұр екен. Торсан Салықұлы келгеннен кейін табиғаттың өзі де иігендей, жазымен жаңбыр жауды. Соның арқасында гектарына 8 центнерден астық жиналды. Жас директор егін алқабын ұлғайтты, техника паркін кеңейтті, әлеуметтік жағдайды дұрыстап, 20 үй салдырды. «Майкөтов» шаруашылығы ауданда көш бастады. Іскер жасты облыс, аудан басшылары қай жерде ақсап тұрған шаруашылық болса, сонда жіберер еді. Енді, оны Арқалық ауданындағы «Аңғар» совхозын басқаруға жұмсады. Тәжірибесі толысқан ол мұнда мал шаруашылығын дамытты. Айналасы екі-үш жылдың ішінде «Аңғар» ауданның маңдайалды шаруашылығына айналып шыға келді.
Кейінірек Торсан Салықұлы Торғай облысының ең шалғайдағы артта қалған «Островский» совхозын басқаруға өзі сұранып кетеді. Шаруашылықты төрт жылда аяғынан тік тұрғызады. Ол барған жылы шаруашылық есеп тәсілімен ауызсу құбырын салғызды. Сол құбыр бүгінге дейін халық игілігіне жарап тұр. Ал 1978 жылы мұнда өндірістік негіздегі мал бордақылау кешені іске қосылды. Бұл жетістік республикаға танылды. Бастаманы Торсан Салықұлының өзі көтерген еді.
Бір күні Мәскеуден шығатын «КСРО-ның ауыл шаруашылығы» деген журналды қарап отырып, Ресейдің Краснодар өлкесіндегі өндірістік мал бордақылау кешені салынғаны туралы мақаланы оқып шықты. Дереу шешім қабылдап, әуелі шаруашылықтың бас инженері бастаған бір топ маманды сонда жіберіп, кешеннің жұмыс істеу тәсілімен танысып қайтуына мүмкіндік жасады. Олар мал бордақылау технологиясы туралы толық мәлімет әкелді. Мал бордақылау кешенін совхоздың инженер-техниктері тұрғызды. Бұл сол кездегі ауыл шаруашылығы үшін ірі оқиғалардың бірі еді. Оны көруге Қазақ КСР Үкіметінің сол кездегі төрағасы Бәйкен Әшімов келді. Директорға риза болып, ауылға жаңа типтік мектеп салуға көмегін берді. Осыдан кейін Қазақстандағы бірқатар ауданда «Островский» совхозындағы өндірістік негіздегі мал бордақылау кешені сияқты цехтар пайда бола бастады.
Мұнан соң Торсан Салықұлы бұрынғы Торғай облысының Қима аудандық ауыл шаруашылығы басқармасын, Амангелді ауданын басқарды. Амангелді ауданына 4 жыл басшылық етті. Осы жылдарда ауданда Торғай өзенінің арғы бетіндегі жеті совхозға баратын үлкен көпір салдырды. Халық оны бүгінге дейін «Торсанкөпір» деп атайды. Ол туралы композитор Қалибек Деріпсалдин мен белгілі ақын Серікбай Оспанов «Торсанкөпір» атты тамаша ән шығарды. Бұл ән әлі күнге Торғай өңірінде шырқалады. Торсан аға сол жылдары жаңадан «Қайнар» және Жангелдин атындағы совхоздардың ашылуына көп күш-жігер жұмсады. Мал шаруашылығы дамыды. Еңбегі бағаланып Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталды. «Амангелді ауданының құрметті азаматы» атанды.
Торсан Салықұлының қызметте үлкен абыройға бөленуіне өмірлік жары Үміт Мұсабаеваның қосқан үлесі зор. Орта мектептерде 20 жылға таяу директор болған ол үйдің де, түздің де шаруасын бірдей дөңгелетті. Ұстаздық еңбегі лайықты бағаланып «Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген мұғалімі» атағын иеленді. Үш қыз, бір ұл тәрбиеледі.
Кейде Тобыл-Торғай – қос өлке Торсан ағаның көз алдына қатар келетіні бар. Екі қасиетті өзен, бірі – Сарыарқаның солтүстігінен, бірі оңтүстігінен бастау алып ағады. Торсан Салықұлы үшін екеуі де қымбат. Тобыл бойында кермек дәмі таңдайынан кетпейтін, соғыс ұрлаған балалық шағы өтті, осында ат жалын тартып мінді. Ал Торғайда азамат, маман, білікті басшы болып қалыптасты, еңбегімен өзін таныта білді, халқына қызмет етудің өнегесін көрсетті.
Тобыл-Торғай оның жүрегінде өлең жолдарындай үндесіп тұр. Тобыл-Торғай өлкесі – бірі әкесіндей, бірі анасындай тым ыстық. Әзіл-қалжыңы жарасқан достары ағаны «Тобыл-Торғай Торсаны» деп атап кеткелі қашан. Қанша жақсы адамдармен қызметтес болды, өзі қанша жасқа қамқорлық жасады. Қазақ, орыс, украин, татар демеді, бәрімен шай дескен жоқ. Ешқайсының кеудесінен кері итермеді, бауырына тартты, үміт артты, сыйлай білді, сыйласа білді. Әлі де солай, көпұлтты Отанының, барша халқының тілегін тілейді. Туған ұлтының ертеңіне шексіз сенеді.
Хамитбек МҰСАБАЕВ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі
ҚОСТАНАЙ