Ел шебін ерекше күзетпесе, елден тыныштық кетеді. Шекараның қырағы қорғалуы мемлекеттегі бейбітшілік пен тұрақты дамудың негізі болып табылады. Сондықтан, Қазақстан Республикасының Шекара әскерлері сонау 1992 жылғы 18 тамызда Президент Жарлығымен КСРО Шығыс шекаралық округінің базасында құрылған болатын. Ал содан бергі аралықта біраз уақыт өтті. Шекара әскерлері не бітірді? Ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар бар ма? Жалпы, ел шебін күзетуде не істелді?
Міне, оқырмандар көкейіндегі осы сұрақтар төңірегінде еліміздің ҰҚК төрағасының орынбасары – Шекара қызметінің директоры, генерал-майор Дархан Ділмановты әңгімеге тартқан едік.
– Дархан Айтқалиұлы, ұшқан құстың қанаты талатын ұлан-ғайыр мемлекеттік шекарамыздың бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы, шекарашылардың күні-түні атқаратын қызметі жайлы білу үшін қалың оқырман атынан өзіңізге жолығып отырмыз. Тәуелсіз еліміздің қасиетті шекарасын күзететін Шекара қызметінің құрылу жолдары туралы айтып өтсеңіз.
– Иә, өздеріңіз жақсы білесіздер, тәуелсіз мемлекеттің нақты белгіленген шекарасы болуы қажет және ол көздің қарашығындай күзетілуі тиіс. Бүгінгі таңда Мемлекет басшысының салиқалы саясатының арқасында тәуелсіз еліміздің мемлекеттік шекарасы айқындалды. Мемлекеттік шекараны күзету, өзіңіз айтқандай, Шекара қызметіне жүктелген.
Ал енді, сәл тереңірек бойлап тарихқа жүгінетін болсақ, 1992 жылы, ең алдымен, Қазақстан-Қытай шекара бөлігі күзетуге алынды. 1995 жылы шекара әскерлері Мемлекеттік шекараны күзету жөніндегі мемлекеттік комитетке айналды, содан 1997 жылдың наурыз айында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрамындағы Мемлекеттік шекараны күзету күштері болып құрылды.
Негізі, 1998 жылдан бастап экономикалық мүддені қорғау үшін миграциялық үдерістерге, есірткі трафигіне, экстремизм мен терроризмге қарсы тұру мақсатында Қырғызстан, Түрікменстан, Өзбекстан, Ресей елдерімен арадағы және Каспий теңізіндегі мемлекеттік шекаралар күзетуге алынды. 1999 жылдың 10 желтоқсаны күні Президент Жарлығымен Мемлекеттік шекараны күзету күштері Қарулы Күштер құрамынан бөлініп, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметі болып құрылды.
– Бүгінде шекара қызметі негізгі назарын қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Кеден одағы елдерінің сыртқы шекарасын күзетуге аударып отыр. Бұл туралы не дейсіз?
– Дұрыс айтасыз, шекарашыларымыздың іс-қимылы терроризмге, қару-жарақ пен есірткінің заңсыз айналымының жолын кесуге, контрабанда мен табиғи ресурстарды талан-таражға салуға, заңсыз миграцияға қарсы тосқауыл қоюға бағытталған. Мысалы, 2016 жылдың бірінші жартысында шекара арқылы заңсыз өтетін тауарлар мен жүктердің саны 2,6 пайызға артты. Қару-жарақ пен оқ-дәрілерді де заңсыз алып өту деректері тіркелді. Валютаны заңсыз алып өту екі есеге, діни әдебиеттерді алып өту 25 пайызға артқандығын айту керек. Осы айтылған мерзім ішінде шекара кеңістігінде 7 мың құқық бұзушылық тіркелді. Ал айналымнан 76,5 кг. есірткілік заттар (оның ішінде 52 кг.-дан астамы героин), 226 дана қару-жарақ, сондай-ақ, аумақтық және ішкі суларда 40-тан астам браконьерлік жүзу құралдары мен 313 шақырымнан астам заңсыз аулау құралдары тәркіленді.
– Шекара бойында қандай өзгерістер бар және оны сенімді күзету үшін қандай іс-шаралар атқарылуда?
– 2000 жылдан бері қарай күзетілетін мемлекеттік шекараның ұзындығы 8,5 есеге артты, яғни, 1783-тен 15132 шақырымға дейін жетті. Бақылау-өткізу бекеттері 6-дан 98-ге дейін көбейді. Ал жолаушылар легі соңғы жылдары ондаған есе артық, жылына 46 млн. адамға жетіп отыр. Жалпы, қазіргі таңда әскерлер дайындығының жоғары болуы шекараны сенімді күзетудің басты тіректерінің бірі болып табылады. Соған сәйкес негізгі күш Мемлекеттік шекараның оңтүстік және оңтүстік-батыс бағыттарын күшейтуге жұмылдырылған. Мәселен, Қазақстан – Қырғызстан, Қазақстан – Түрікменстан, Қазақстан – Өзбекстан шекара бөліктерінде құқыққа қайшы іс-қимылдардың жолын кесу үшін шекаралық 4 жедел шара өткізілді. Ал заң бұзушылық бойынша өткізілген іс-шаралардың негізгі бөлігі Қазақстан Республикасының миграциялық заңдарын бұзуға қатысты.
Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына (ҰҚШҰ) мүше-мемлекеттер аумағында үшінші елдердің заңсыз миграциясының және адам саудасының жолын кесу үшін шекарашылар бірлескен «Нелегал-2016» жедел-сауықтыру іс-шарасына қатысты. Сондай-ақ, олар ТМД аясында, сыртқы шекара арқылы өтетін, Ауғанстан аумағы арқылы террористік топтардың, қару-жарақтың, есірткі заттарының, заңсыз мигранттардың жолын кесу үшін шекаралық арнайы «Чаунб-2016» іс-шарасына атсалысты.
Қазақстандық шекарашылар «Айбалта-2016» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына, арнаулы операциялар күштерінің «Қаратау-2016» оқу-жаттығуына қатысты. Оқу-жаттығу барысында өңірлік басқармалар жауапкершілігіндегі учаскелерде араласқан топтар құру, басқару және қолдану мәселелері, Мемлекеттік шекараны күзету бойынша топтарға басшылық жасау, Қазақстан Қарулы Күштерінің және Ұлттық Ұланның штабтарымен өзара бірлесіп, іс-қимыл жасау мәселелері пысықталды.
Мемлекеттік шекарамыздың оңтүстік-батыс бағытында «Батыс-2016» деген атпен біржақты көпсатылы жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы үш кезеңде өткізілді. Іс-қимылға Шекара қызметінің барлық бөлімшелері қатыстырылды, шекаралық авиация, кемелер мен катерлер, әскери техника, сондай-ақ, топтық және атыс қарулары қатыстырылды. Шекара сақшылары әскери қақтығыс кезіндегі екі өңірлік басқармалардың түйіскен жеріндегі – оңтүстік-батыс бағыттағы іс-қимылдарды пысықтады. Қазақстандық шекарашылар өздерінің әскери жауынгерлік, жедел-қызметтік жағдайларын тексерді, ұйымдық-басқару жұмыстарын қаншалықты атқара алатындықтарын бақылады, қауіп-қатер жағдайындағы күштер мен құралдарды қамтамасыз ету, әскери қақтығысты ауыздықтаған жағдайдағы іс-шаралар легі қамтылды.
– Еліміздің Каспий теңізіндегі бөлігі, батыс өңірі қашанда ерекше көңіл бөлуді қажет ететіндігі анық. Теңіз арқылы өтетін шекараны қорғау ісі қаншалықты қамтамасыз етілген?
– Қазіргі уақытта теңіз арқылы шекарамызды күзететін құрылымдар шекаралық кемелермен, ұшқыр катерлермен жабдықталған. Аталған техникалардың барлығы да заман талабына сай жауап беретін қару-жарақпен қамтылған. Биылғы жылы гидроакустикалық стансасы бар «Барыс» шекара кемесін дайындау аяқталды. Қазір оны сынақтан өткізіп, қабылдау жұмыстары атқарылуда. «Зенит» зауытының мамандарымен бірлесе отырып, «Қажымұқан» жобасы бойынша жасалған мұзжарғыш, тіркеме тартатын катерді іске қосу жұмыстары Атырау қаласының өзен портында жүргізілуде.
«Сарбаз» шекара кемесінің командиріне осы айда салтанатты жағдайда әскери-теңіз жалауы тапсырылады, ол кеме биыл мамыр айында қарулы сапқа қосылған болатын. Сондай-ақ, Теңіз жағалауы күзетінің бөлімшелері Каспий теңізінің акваториясында «Батыс-2016» жедел-тактикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуына қатысып, заңсыз қарулы құрамаларды жою және контрабандалардың жолын кесу туралы тапсырмаларды «үздік» бағаға орындап шықты.
– Шекарашы офицерлердің Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігін күзететіндігін де білеміз. Осы миссия туралы кеңірек айтып өтсеңіз.
– ҰҚК ШҚ әскерлерінің бірінші тобы Қазақстанның Ауғанстандағы елшілігін күзету жөніндегі миссиясын орындап, осы жылғы маусым айында елге оралды. Енді Кабул қаласына шекарашы офицерлердің екінші тобын аттандырдық. Олар Кабул қаласындағы шетелдік мекемені және оның қызметкерлерін күні-түні күзету бойынша өздерінің міндеттерін абыроймен орындауда. «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы туралы» Заңға сәйкес шетелдегі мекемелерді күзету, қорғау міндеттері Шекара қызметіне жүктелген. Қазіргі уақытта шетелдегі мекемелерді күзететін әскери қызметшілерді дайындау бойынша жоспарлы түрде іс-шаралар атқарылуда. Олар Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша Үкімет бекітетін тізімдегі мекемелерді күзету ісіне жіберілетін болады.
– Қазіргідей алмағайып уақытта шекарашыларымыздың кәсіби біліктілік көрсетіп жүргендігі анық. Олардың арқасында мемлекеттік шекарамыз сенімді қорғалып отыр. Шекарашылардың осы еңбегі басшылық тарапынан қалай бағалануда?
– Әскери-жауынгерлік қызметтегі табыстары үшін биылғы жылдың басынан бері қарай 3500 шекарашы марапатталды. Олардың төртеуіне «Айбын» ордені, «Epлiгi үшiн», «Жауынгерлiк epлiгi үшiн» медальдары секілді мемлекеттік марапаттар тапсырылды. Ал 3000-нан астам әскери қызметші мен қызметшілерге ведомстволық наградалар берілді.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Александр ТАСБОЛАТОВ,
«Егемен Қазақстан»