16 Ақпан, 2011

Білім сапасы жақсарса, ғылым сапасы да жақсарады

480 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Еліміздің ауыл шаруашылығы саласының өндірісінде, мемлекеттік басқару жүйесінде және ғылымында ұзақ уақыт еңбек етіп келе жатқан азамат ретінде Елбасымыздың «Нұр Отан» ХДП-ның кезекті ХІІІ съезінде сөйлеген сөзінде айтылған білім беру саласына қатысты ұстанымдарына орай ойымды білдіргенді жөн көрдім. Бұрынғы кеңес дәуірінде де ғылым-білімнің беделі мен ықпалы бүгінгіден едәуір жоғары болған­ның өзінде де оған қатысты аз сын айтылмаған ғой. Елбасы сондай-ақ өзінің биылғы халыққа Жолдауында атап айтқандай, бүгінде ғылымның қай саласы болса да бей-берекет ғылыми атақ алу үшін ғана құ­ры­лып отырғандай пікір қалыптасты­ратыны ащы да болса шын­дық. Соңғы 20 жылда тым жас ғылым докторлары саңырауқұлақша қаптап кетті демеске лажың жоқ. Әрине, ғылыми атақ алу үшін тың жаңалық ашу қажет болмағанымен, ғылыми-тәжірибелік негізде ел экономи­ка­сына тиімді болатын іс-шараларды қалыптастыру да оңай шаруа емес қой, яғни білімділікпен қоса айтарлықтай уақыт пен тә­жірибе де қажеттілігін өмір дәлел­деп отыр. Дегенмен, шет елдерде бәрі жақ­сы деп, еліміздің табиғи, әлеу­меттік, экономикалық ерекшеліктерін ескермей ғылыми атақ иелерінің бәріне бірдей күйе жаға беру де жөн емес сияқты, сондықтан да бұл мәселеде оңтайлы жүйені қалыптас­тыру үшін төмендегідей жәйттерді ескеру керек секілді. Мен жоғары оқу орнын аяқтаған­нан кейін біршама уақыт шаруашы­лықта еңбек етіп, өндірістен қол үзіп оқитын аспирантурада (үш жыл) оқып, яғни тәжірибе жұмыстарымды шаруашылық базасында керзі етік киіп атқарып, өз қолыммен ғылыми зертханаларда сараптау жұмыстарын жасап, еңбегімнің қорытындысын ар­­найы ғылыми кеңесте қорғап, ғы­лым кандидаты атандым. Бұдан кейін де ауыл шаруа­шылығы ғылыми-тәжірибелік құры­лым­дарында қызметкер, басшылық қызметтерінде ғылыми іс-шаралар ауқымын ұлғайта, тереңдете ізденіс жұмыстарын жалғастырдым. Соны­мен қатар, кейінде жинақтаған ғы­лыми-тәжірибелік ізденістер тұ­жы­рымдамаларын, ауданға ауыл шаруа­шылығы бойынша басшы­лыққа таға­йындалғанда, өнді­ріс­­те сынақтан өт­кізгеннен кейін ғана бүгінде менің ойымша толымды докторлық ғылы­ми еңбегімді қор­ғауға ұсыну мүмкін болды. Демек, қандай да болмасын ғылыми атақ­тың маңыздылығы оны иеленген адамның жас шамасына емес, ғылыми еңбектің тиісті сала үшін құндылығына байланысты болуы керек деп санаймын. Сонымен қатар, ғылыми зерттеу жұмыстарының маңыздылығын арт­тыру мақсатында келешекте, канди­даттық, докторлық диссертация­лар­дың қорғалуына мерзімдік талап­тар қойылса тиімді болатын сияқты. Әрине, бұл айтқаным алдағы кезде ондай атақтар беру сақталатын болса дегенім. Мысалы, ғылым кан­дидаты атағын иелену жоғары оқу орнын аяқта­ғаннан кейін 5 жыл ма­ман­дығына сай еңбек етіп, тәжірибе жинақтаған соң жүргізген ғылыми ізденістерінің нәтижесінде, ал ғы­лым докторы – ғылым кандидаты болғаннан кейін 10 жылдай ғылы­ми-зерттеу құрылым­дарында еңбек етуі негізінде ғана мүмкін болатын болса, бұл іс-шараның да берері аз болмас еді. Бүгінгі ғылыми атақтар иеленуге байланысты қойылатын та­лаптар, яғни 30 мақаланы ғы­лыми баспаларда жариялау, оның 5-еуін жо­ғарғы аттеста­циялық комиссия белгілеген баспаларда жариялау, соңғы ғылыми мақаласы жария­лан­ғаннан 2 айдан кейін ғана еңбекті қорғауға ұсыну, сондай-ақ құзырлы мемлекеттік органдардан ғылыми еңбек нәтижесінің өнді­рісте құнды­лығы туралы анықта­ма­­лар алу, тікелей ғылыми ең­бектің дәйектілігі мен негізділігіне айтарлықтай ық­пал етпей келеді деп айтуға болады. Менің ойымша, керісінше, бұл та­лап­тарды мейлінше оңтай­ландырса жөн болатын сияқты. Елбасы «Нұр Отан» съезінде 2016 жылға қарай білім саласына қаржы ІЖӨ-нің 5 пайызын құрай­тынын айтты. Жоғары білімді ха­лықаралық стандарттарға жеткізу міндеті тұр­ғанын атап көрсетті. Демек, білім сапасы жақсарса, ғылы­м сапасының да жақсара түсетіні сөзсіз. Кәкімжан САРХАНОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты. Қарағанды.