23 Тамыз, 2016

Бейбітшілік – байрағымыз, туған жер – тұғырымыз

1078 рет
көрсетілді
12 мин
оқу үшін
Hand made earth toy on hands Адамзаттық жауапкершілік пен ортақ қағидаттар хақында бірер сөз Халық әдебиеті мен отандық тарих материалдарынан баһадүр батырларымыздың бейнесін, қазақ хандары мен би-шешендерінің елдік, ерлік шежірелерін, бірлік-берекеге, татулық пен тұтастыққа саятын бітім-шешімдерін, ділмар сөздерін оқып-тоқып, кең көлемде көз жеткізгеніміз анық. Ақиқатында, қазақ тарихының арғы-бергі кезеңдеріндегі қозғалыс-оқиғалар – азаттықты аңсау, тәуелсіздікке құштарлық, «Мәңгілік Елге» айналудың арман-аңсарлары болатын. Батырлық пен бейбітшілік мәселесін, тұрақтылық пен тыныштық тақырыбын орта және жоғары мектеп оқулығы мен хрестоматиясынан оқып-білгеніміз бар. Ұлт пен ұрпақ қамы, Отан мен отбасы амандығы да әркез алдыңғы кезекте тұрды. Әлі есімде, әкемнің айтуынша, арғы атамыз – тобық жұтқан Топан батыр ел басына бұлт үйірілген қиын-қыстау кезеңдерде елдік пен ерлік үлгісін көрсеткен екен. Ал анамның ағасы, Кеңес Одағының Батыры Сәду Шәкіровтің елдік пен ерлік жолын естіп-біліп, оқығаннан кейін құрмет, тағзымымыз еселеп артты. Әсіресе, КСРО Ғылым академия­сы Қазақ филиалы президиумының төрағасы Қ.Сәтбаевтың «Құттықтау хатында»: «...Қазақ халқы сіздің Днепр өзенінен ерлікпен өтіп, сол өзеннің сол жағасында күшті плацдарм құрудағы патриоттық іс-әрекеттеріңізді естіп, көл-көсір қуанышқа кенелді... Ғалымдар мен зиялы жұртшылық өкілдері сіз­дің майдандағы ерліктеріңізден күш-қуат алып, Қазақстанның барлық материалдық және идеологиялық ресурс­тарын зерттеу­де өздерінің қажыр-қайратын жұмсап, біздің республикамыз қару-жарақ пен оқ-дәрінің сарқылмайтын арсеналын және майданға қажетті азық-түліктің мол қорын жасауда», – деп елдік пен ерлікке тағзым етіп, бейбіт өмірдің мән-маңызын ашқаны зор құбылыс еді (1943, 28 желтоқсан). Демек, елдік пен ерлік шежіресі – бейбітшіліктің бедер­лі белгісі, ал татулық пен тұрақтылық – қоғамдық келісімнің қайнар көзі. Мұның бәрі сөз жоқ, бейбітшілік пен қауіпсіздік – адамзаттық жауапкершілік пен ортақ қағидаттар қатарына жататыны айқын аңғарылады. Ұлтқа қызмет ету – қарыз-парызы мол, кәделі де сауапты іс. Кешеден бүгінге жеткен үлгілі үрдіс, мәнді тағылым, қазіргі кезеңнің айдай анық шынайы шындығы осы. Осы реттен келгенде, жер-жаһандағы тұрақсыздық, экономикалық дағдарыс, жаңа дәуірдегі ғаламдық қауіп-қатерлер алыс-жақынға әсер етіп, көз алдымызда мың сан құбылып, әрқилы бағыт алуда. Бұған қатысты басым бағыт­тар Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында кең көлемде көрініс тапты. Онда, әсіресе: «...Қазір әлем шапшаң қар­қынмен өзгеруде. Басқаша дәуір туып келеді. Біздің көз алдымызда өзгеше мүмкіндіктері мен тәуекелдері бар жаңа жаһандық нақты ахуал пайда болуда. Бүгінде Қазақстан экономикасына әлемдік рыноктардағы құлдырау туындатқан бірқатар сыртқы факторлар теріс әсерін тигізуде. Жаһандық дағдарыстардың шығу төркіні біздерге байланысты емес. Жаһандық дағдарыстар ықпалынан ешкім де сақтанып сырт қала алмайды... Әлемнің дамуы күштердің әлемдік және өңірлік орталықтарының арасын­дағы қатаң бәсекелестік аясында жүретін болады. Жаңа жаһандық өмір шын­дығының сын-қатерлеріне біз өзіміздің нақты мүм­кін­діктеріміз негізіндегі бір­тұтас іс-қимыл стратегиясын қарсы қоюымыз керек... Келе жатқан күрделі кезең біз үшін еңсеру кезеңі болады. Біз жаңа жаһандық дағдарысты міндетті түрде жеңеміз. Бұл үшін бізде біртұтас ерік-жігер, халық бірлігінің берік дәстүрлері бар», – деп байыпты байлам жасалады. Бейбітшілік пен қауіпсіздік, татулық пен тұрақтылық тақырыбы – Қазақстан дамуындағы басым бағыттарды құрай­ды. Елбасының «Әділеттің ақ жолы», «Ғасырлар тоғысында», «Бейбітшілік кіндігі», «Еуразия жүрегінде», «Қазақстан жолы», «Өмір өткелдері» сынды еңбек­терінде де кең орын алды. Сондай-ақ, «Қазақстан-2050» Стратегиясы қалып­тас­қан мемлекеттің жаңа саяси бағыты», «Қазақстан жолы-2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ», «Нұрлы Жол – болашаққа бастар жол» сынды Қазақстан халқына Жолдауларында да бейбітшілік – байрағымыз, туған жер – тұғырымыз екені кеңінен көрініс тапты. Бейбітшілік пен жасампаздық жолы арна алды. Ал Қазақстан басшысының Вашинг­тон қаласында (АҚШ) өткен Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитте – «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифест жариялап, оның өзі БҰҰ Бас Ассамблеясының және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің ресми құжаты мәртебесіне ие болуы – адамзат мүддесіне бағытталғанын барынша жіті танытады. Қазақстанның бейбітшілік пен қауіпсіздік миссиясына адалдығын, татулық пен тұрақты­лық­ты ту еткенін де айқын аң­ғар­тады. Ақиқатында, Қазақстанда Семей ядро­лық полигонының жабылуы (1991, 29 тамыз) – ядролық дипломатияға кең өріс ашты. Полигон проблемасы жіті қоз­ғалды. Дұрыс бағыт алып, оң көзқарас қалыптасты. Алайда, Елбасы айтқан: «...Ядролық қаруды таратпау туралы шарт өзінің міндеттерін орындай алмай отыр. Ажал себетін қару мен оны дайын­дау технологиялары ірі державалардың қосар­ланған стандарттарының салдарынан бүкіл әлемге тарауда. Олардың терроршылардың қолына түсуі – уақыт өте келе әбден болуы мүмкін нәрсе», – дегені қамсыз қалмау, опық жемеуден бөлек, адамзаттық құндылықтардың тарихы мен тағылымына алаңдаушылық білдіруі, бейбіт өмірдің маңызын айқын­дап, айрықша мән-маңыз бергенін де көрсетсе керек. Жер-жаһанның, ортақ планетаның тағдыр-талайына бейжай қарамаудың бірегей бағдарламасы бол­ғаны анық. Орайлы тұста еске алсақ, «ХХІ ға­сыр: соғыссыз әлем» бағдар­ламасының негізгі үш қағидатына ден қойған тұста жалпыадамзаттық келісім, әділеттілік пен бейбітшіліктің баршамыз үшін маңызы арта түседі: «1. Қазіргі заманғы соғыста ешкім жеңімпаз болмайды және бола да алмайды, онда бәрі де жеңіледі. 2. Жаңа соғыста жаппай қырып-жоятын қару қолданудан қашып құтылу мүмкін болмайды. Бұл бүкіл адамзаттың жойылуына алып келеді. Және бұл үшін кім жауап беретінін анықтау да мүмкін болмайды, анықтайтын адам да табылмайды. Бұл ықтимал қауіп-қатерді аксиома ретінде түсіну қажет. 3. Мемлекеттер арасындағы барлық талас-тартыстарды реттеу жолында бейбітшілік пен қауіпсіздік үшін теңдей жауапкершілік, өзара құрмет және ішкі іске араласпау қағидаттарына негізделген бейбіт үнқатысулар мен конструктивті келіссөздер болуы керек». Біздіңше, аталмыш үш қағидат жаппай қарулану бәсекесіне, жаһандық ядролық қаруды таратпау мәселесіне соңғы нүкте қоятындай мәнді құбылыс. Ядролық қарудан – азат әлемге ұмтылыс, халықаралық лаңкестіктен – бейбітшілік пен келісімге құштарлықтың көпке ортақ мәнді де айқын үлгісі. Қазақстан бейбітшілік пен қауіп­сіздікті нығайтып, ғаламдық тұрақ­тылықты жақтайтын бірден-бір ел екенін Тәуелсіздік тұсында әр алуан қырынан көрсетті. Атап айтқанда, БҰҰ бітімгерлік қоры (1992), мемлекет­тердің Еуразиялық одағын құру (1994), Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбас­шыларының құрылтайы (2001), БҰҰ деңгейінде ядролық сынауларға қар­сы Халықаралық күнді ұйымдастыру, Еуразиялық қауіпсіздік кеңістігі (2010), G-GLOBAL ғаламдық экономикалық жобасы, т.с.с. бейбітшілік мәнін арттырып, қауіпсіз әлем құрудың қағидаттары танылады. Бірқатар ұсыныстар БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші мерейтойлық сессиясында да алыс-жақынға жеткен-ді (мысалы, Антиядролық қозғалыс, Терроризм мен экстремизмге қарсы бірыңғай әлемдік желі құру, «Жаңа болашақ» тұжырымдамасын құру, БҰҰ штаб-пәтерін Азияға көшіру, т.т.). Асылы, «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифест бейбітшілік пен қауіпсіздік­ті қамтамасыз ететін, соғыссыз әлем құрудың қажеттігін көрсететін, жалпы­адамзаттық келісімге бастайтын құнды құжат. Ондағы, әсіресе: «...өлім себетін қаруларды ғарыш кеңістігіне, әлемдік мұхиттың бейтарап суларының түбіне, Арктикаға орналастыруға тыйым салатын жаһандық шешім қабылдаған жөн. Жаппай қырып-жоятын жаңа қару түрлерін жасау үшін ғылыми жаңа­лықтарды пайдалануға тыйым салатын халықаралық құжат әзірлеп, оны орындауды міндеттеу маңызды. БҰҰ-да жаппай қырып-жоятын қару жасау және жетілдіру үшін пайдалануға болатын ғылыми жаңа­лықтардың Тіркеу реестрін құр­ған абзал», – деген жолдар бей­біт­шілік пен жасампаздық жолы, жалпы­адамзаттық келісімге бастайтын жаңа көзқарас, маңызы жоғары, соны сипатты тың тұжырымдардың бірі. Тегінде, Қорқыт бабадан жеткен: «Өткен күн, кеше – тарих, Келер күн, ертең – сыр, Бүгінгі күн – сый!» екенін ескерсек, бейбітшілік пен қауіпсіздік адамзаттық құндылықтар қатарына жатады. «Ақыл – Алланың сыйы» болса (Ж.Баласағұн), оқу-білімді, ғылым ісін, тәлім-тәрбие жайын бейбітшілік пен жасампаздық жолға бағыттасақ, бұл адам­заттық құндылық, ұлт пен ұрпақтың қымбат қазынасы. Әл-Фараби философия­сында: «Бақыт – әрбір адам ұмтылатын ұлы мақсат» екені айқындалған. Абай айтқан: ақыл, қайрат, жүрек ісі осыған келіп саяды. «Толық адам» мұратының тоғысар тұсы да осы. Алаштың қайраткер-қаламгерлерінің қазақ тарихы мен тағылымы, ұлт пен ұрпақ, руханият ісіне қатысты толғам-толғаныстары қазіргі кезеңде де көкейкестілігін жоғалтқан жоқ. Ендеше, Раббым Алла адамзатқа бейбіт өмір мен жасампаздық жолды, мәңгілік елдің тыныштығын, татулық пен тұрақтылықты нәсіп етсін! Өйткені: «Көктер мен жердегі нәрселер Алланы дәріптейді... Көктер мен жердің иелігі Аллаға тән... Ол Алла сендерге жерді тұрақ, көкті күмбез қылды... Негізінен Алла, тәубені өте қабыл етуші» (Құран Кәрім. Қазақша мағына және түсінігі. Аударған Халифа Алтай). Мұны баршамыз біліп, үлгі-өнеге тұтып, түсінгеніміз жөн. Өмір, тұрмыста кең өріс алғаны нұр. Асылы, адам арманымен асқақ, еңбегімен еңселі ғой. Аспан асты, жер үсті тыныштық траекториясына айналып, ауыл мен қала арасы достық меридиа­нын құрап, адамдар қарым-қаты­на­сы ана тілімен жүзеге асса, дүние дидары нұрланып, жер-жаһан тынысы бейбіт­шілік пен қауіпсіздік, татулық пен тұрақ­ты­лық гимнін айтар еді-ау! Көп тілегі көл емес пе?! Жинақтап айтқанда, «Әлем. ХХІ ғасыр» манифесі – адамзаттық құн­ды­­лық: бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақ­тау­дың баламасыз бағдарламасы. Әлем жұрт­шылығының назарын аудар­ған құн­ды құжат елімізде де кең көлем­де қол­дау тапты. Бейбіт өмірдің маңы­зын әрбірі­міз жіті бақылап, ауадай қажет­тілігін сергек сезініп, қоғамның қымбат қазы­насы ретінде сүбелі үлес қоссақ, нұр үстіне нұр болады. Өйткені: бейбітшілік – бай­рағы­мыз, туған жер – тұғырымыз. Ортақ Отан­ға, ұлт пен ұрпаққа қызмет еткенге не жетсін! Адам мұраты, өмір мәні осыған келіп саяды. Рақымжан ТҰРЫСБЕК, филология ғылымдарының докторы, профессор АСТАНА