24 Тамыз, 2016

Көне түркі ескерткіштерін зерттеуге мүмкіндіктер молая түсті

406 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
777 Ұлан-Батыр қаласында Халықаралық Түркі академиясының (TWESCO), Моңғолия ғылым академиясының және «Егемен Қазақстан» республикалық газетінің ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Тәңіртаудан Өтүкенге дейін: Ұлы Дала көшпенділерінің тарихи-мәдени қазыналары» атты II халықаралық экспедициясының үшінші күнгі жұмысы әріптестік меморандумына қол қоюмен және марапаттау рәсімімен жалғасын тапты. Түске дейін Моңғолия Ұлттық музейіндегі жұмыспен танысып шыққан делегация мүшелері Моңғолия ғылым академиясының жетекшілерімен кездесті. Кездесу барысында Моңғолия ғылым академиясы және Түркі академиясымен бірлескен әріптестік меморандумын бекітті. Демек, ендігі жерде түркітілдес мемлекеттер ғалымдарының Моңғолия аумағында қалған балбал тастар тарихын терең зерттеп, танып-білуге мүмкіндіктер молая түсті. Жиынға қатысқан экспедиция мүшелері соңғы жылдары түркі әлемінің өзара ынты­мақтастығы нығайып келе жатқанына тоқтала келіп, түркілер тұлпарының тұяғы жеткен Еуразия құрлығының батысы мен шығысында жатқан таңбалы тастарды көздің қара­шығындай сақтап отырғаны үшін моңғол жұртына мың алғыс білдірді. Ал жиын соңына қарай бірқатар моңғол ғалымдары мен академиктері Түркі акаде­миясының арнайы сыйлықтарына ие болды. Атап айтқанда, көрнекті шығыстанушы, моңғолтанушы ғалым, Моңғолия ғылым акаде­миясының академигі Шагдарын Би­раға академияның арнайы алтын медалі табыс етіліп, Халықаралық моңғолтану қауымдастығының бас хатшысы Домин Төмөртогоның иығына қазақша шапан жабылды. Кеше экспедиция мүшелері Түркі академиясы мен Моңғо­лияның Орталық мұрағат бас­қармасы арасындағы екіжақты ынтымақтастық туралы меморандум бекіту рәсіміне қатысты. Бұл құжат келешекте екі ұйымның архив ісі және құжат алмасу салаларында тығыз байланыс орнатып, өзара ғылыми деректер алмасуға, сондай-ақ бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Құжатқа сәйкес, кәсіби тәжірибеден өткізу мақсатында маман алмасу мәселесі де қарас­тырылған. Меморандумға қол қою салтанатына TWESCO-ның халық­аралық экспедиция құра­мындағы қоғам қайраткерлері мен көрнекті ғалымдар, журналистер қатысты. Құжатқа қол қою рәсімінен кейін Моң­ғолияның Орталық мұрағат басқар­масы­ның бас­тығы, тарих ғылымдарының докторы Ишжамц Саруул мырза көшпелі өркениет тарихын зерттеуге қос­қан үлесі мен де­ректанушылық еңбегі үшін академияның күміс медалімен марапатталды. Нұрлыбек Досыбай, «Егемен Қазақстан» – Моңғолиядан