Біріккен Ұлттар Ұйымының Бас хатшысы Пан Ги Мун Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуы қарсаңында арнайы жолдау жариялады. Жолдаудың мәтіні БҰҰ-ның ресми сайтында орналастырылған.
БҰҰ Бас хатшысы 2016 жылдың 29 тамызында бүкіл әлемде 2009 жылы Қазақстанның бастамасы бойынша БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған қарарға сәйкес, Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні атап өтілетінін қаперге салады. Бұл күні Біріккен Ұлттар Ұйымын, оған мүше елдерді, үкіметаралық және үкіметтік емес ұйымдарды, академиялық мекемелерді, жастар желісі мен бұқаралық ақпарат құралдарын ядролық сынақтарға қауіпсіз әлем құру жолындағы маңызды қадам ретінде тыйым салу қажеттігін атап көрсететін ақпараттық және ағартушылық іс-қимылды белсенді ете түсуге үндейді.
Өзінің жолдауында БҰҰ Бас хатшысы осы күні бүкіл әлем Семей сынақ полигонының – 450-ден астам ядролық сынақтар жасалған орынның жабылғанына ширек ғасыр толғанын атап өтетінін айтады.
– 2010 жылы мен Семейде болған кезімде уланған жерлердің ізін, сондай-ақ, сынақ құрбандары мен одан зардап шеккендердің шешімді іс-қимылдарын көрдім. Мен олардың ядролық қарудан азат бейбіт әлемге ұмтылысын жақсы түсінемін. Барлық ядролық сынақтарға тыйым салу осы қасіретті мұраның тамырына балта шабатын болады, – деп мәлімдейді Пан Ги Мун.
– Бұл қарусыздану саласындағы басқа да бастамаларға үлкен серпін беруге жағдай туғызып, осы бағыттағы көпжақты ынтымақтастықты нығайта түсетініне сенімім мол. Сондай-ақ, Таяу Шығыста ядролық және басқа да жаппай қырып-жоятын қару түрлерінен азат әлем құру бастамасын қоса алғанда, өңірлер деңгейінде қабылданып жатқан қауіпсіздік саласындағы қарым-қатынасқа оң ықпалын тигізуі ықтимал, – деп жалғайды сөзін Бас ұйым басшысы.
БҰҰ Бас хатшысы Бас Ассамблея осыдан 20 жыл бұрын қабылдаған, бірақ, өкінішке қарай, әлі де күшіне енбей келе жатқан Ядролық сынақтарға жаппай тыйым салу туралы шартты барлық елдер мен халықтардың жедел қол қойып, қабылдауы қажеттігі мәселесін кезекті мәрте көтереді. Сонда, дейді Пан Ги Мун, біз ядролық қарудан азат әлемге қарай ілгері қадам жасай алған болар едік.