29 тамыз – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні қарсаңында және Семей ядролық сынақ полигонының жабылуына 25 жыл толуына орай, «Астана» ұлттық сурет галереясында «Ядролық қарусыз әлем» тақырыбында дөңгелек үстел өтті.
Шараға қатысушылар 40 жыл ішінде Семей ядролық сынақ алаңында 456-ға тарта жарылыстың болуы, соның әсерінен 1,5 миллионнан аса адамның зардап шеккені, қазақ жерінің радиациямен улануы төңірегінде әңгіме қозғады. Сондай-ақ Елбасының бастамасы негізінде БҰҰ Бас Ассамблеясы 29 тамызды Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялағаны, сол уақыттан бастап, халықаралық қоғамдастық аталған күнді жыл сайын атап өтіп келе жатқаны айтылды.
Бұл күні дөңгелек үстелге қатысушылардың арасында «АТОМ» жобасының құрметті елшісі, ядролық сынақтарға қарсы қозғалыс белсендісі, танымал суретші Кәріпбек Күйіков те болды. Ол Қазақстанның ядролық қарудан бас тартуы ең дұрыс шешім болғанын, себебі ол осындай батыл қадамға барған бірден-бір ел екенін, сондықтан бұл бастаманы әлемнің барлық елі қуаттап, қолдау білдіруі керектігін жеткізді.
«Мен 1968 жылы Егіндібұлақ ауылында, қарапайым қазақ отбасында өмірге келіппін. Менің алдымда 2 бала – ұл мен қыз дүние есігін ашып, олар 1 жасқа толмай шетінеп кеткен екен. Бала кезімде біздің ауылдағы көптеген отбасында нәрестелердің түрлі аурулармен, психикалық, я болмаса физикалық ауытқушылықтармен дүниеге келетініне куә болдым. Біздің ауылымыз Семей сынақ полигонынан шамамен 100 шақырым қашықтықта орналасқан-тұғын. Сол себепті, де ауыл тұрғындары үйлерінің төбесіне шығып, жарылыстарды өз көздерімен көретін еді. Бұл – халқымыздың басынан өткен ауыр қасірет. Уақыт өте келе мен ядролық қаруға қарсы жүргізілген қозғалыстың белсенді мүшесіне айналдым. Қазір қарап отырсам, бүгінге дейінгі ғұмырымның 26 жылын ядролық қаруға қарсы күресуге, одан зардап шеккендерге қолұшын созуға арнаған екенмін. Бұл – менің тағдырым», – деді өз сөзінде К.Күйіков.
Жиында Кәріпбек Күйіковтің апайы Сәуле Арғынбаева да сөз алып, ядролық сынақтардың әкелген қасіреті, залал-зардабы туралы ойын білдірді. «Кәріпбек атом сынағына қарсы қозғалыстың бел ортасында жүрген азамат. Көп адамға көмек көрсетті, қолдау білдірді. Өз тарапымнан оған аз да болса қолұшын созғым келгендіктен, әрдайым жанында жүруге тырысамын. Келешек ұрпақ мұндай қасіретті көрмесе екен. Менің ендігі тілегім – осы», – деді ол.
Іс-шара аясында, сондай-ақ, Мәдениет қайраткері, суретші Қоңыр Мұхамедиев ядролық сынақтың халыққа, қоршаған ортаға тигізген алапат зардабына тоқтала келе, Семей полигонының қасіретін өзінің бірқатар туындыларына арқау еткенін жеткізді.
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»
Суретті түсірген
Ерлан ОМАРОВ