18 Ақпан, 2011

Екеуі сынақтан өтіп, үшіншісі сайлауға түсуден бас тартты

417 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Кеше Орталық сайлау комиссиясында Қазақстан президенттігіне тағы екі кандидат Лингвистикалық комиссияға мемлекеттік тілден сынақ тапсырды. Сондай-ақ, күн қорытындысы бойынша екі үміткер өздерін қолдауға қол жинау үшін қол қою парақтарын алды. Тағы бір кандидат сайлау науқанына одан әрі қатысудан бас тартты. Алғашқы болып сынаққа Қа­зақстанның Коммунистік халық­тық партиясынан ұсынылған үміт­кер Жамбыл Ахметбеков келді. Емтихан қорытындысы бой­ын­ша Лингвистикалық комиссия ашық дауыс беру арқылы Ж.Ахметбеков қазақ тілін еркін мең­герген деген бірауызды шешім қабылдады. Комиссия төрағасы Мырзатай Жолдасбеков атап өткендей, кандидат «Астана – бас қала» та­қы­ры­бына жақсы шығарма жаз­ған. Ор­фографиялық қателері жоқ. Тек екі пунктуациялық қате мен екі сти­лис­тикалық жөнсіздікке жол берген. Екінші тапсырма – көркем оқу бойынша кандидат Ахмет Байтұр­сыновтың шығармасын жақсы да мазмұнды етіп оқып шыққан. Үшінші тапсырма – «Адам және табиғат» тақыры­бындағы еркін әңгіме барысында да ол өзін жақсы қырынан көрсете білген. Мемлекеттік тілді білудің сынағынан тағы бір үміткер –Советқазы Нұрсила да табысты өткен. Қорытынды шешімді ха­барлаған М.Жолдасбеков С.Нұр­силаның шығарманы «Отан» та­қырыбына жазғанын айтты. «Өкі­нішке қарай, кандидат тақы­рып­ты толық аша алған жоқ, бірақ шығарма жаза алатынын  көрсетті. Екінші тапсырма бой­ын­ша ол Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романынан үзінді оқыды. Бұл сынақта кандидат орташа деңгей көрсетті, өйткені, кейбір әріптерді «жұтып» қойып отырды. Үшінші тапсырма бой­ынша ол «Мемлекеттік тіл – біріктіруші фактор» тақырыбында сөз қозғады. Тақырыпты толық­тай аша алған жоқ. Тақырыпта көрсетілген жәйт­тен ауытқып, тілдің мәр­те­бесі мен пробле­ма­ла­ры туралы айтып кетті. Десек те, үміткердің қазақша жақсы ойлай білетіні көрініп тұрды. Барлық аргументтерді есепке ала келе, комиссия  мүшелері С.Нұрсила қазақ тілін біледі деген қоры­тындыға келді», деді М.Жолдасбеков. Алайда, сынақтан соң іле-шала Советқазы Нұрсила сайлау науқанына одан әрі қатысудан бас тартып, өз кандидатурасын алып тастады. ОСК-ге  тиісті мәлімдемемен шыққан ол Конституцияда қарастырыл­ғанын­дай, Қазақстанның әр азаматы­ның президенттікке кандидат­тық­қа түсуге толық құқығы бар екеніне көзі жеткенін атап өтті. – Менің мақсатым да осыны білу болатын, – деді С.Нұрсила. Кеше Орталық сайлау комис­сиясы Қанат Турагелдиев пен Жамбыл Ахметбеков ел заң­намалары талабына сәйкес президенттік сайлауға қатыса алады деген шешім шығарды. Сөйтіп, қос кандидатқа қол жинау үшін қол қою парақтарын берді. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ.