28 Тамыз, 2016

Қазақстан құрамасы Еуропа чемпионы атанды

467 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
27.08.2016 AST-10 Мажарстанда шағын футболдан әуесқой футболшылар арасында Еуропа чемпионаты өтті. Осы додада Қазақстан құрамасы финалда Хорватия командасымен кездесіп, жеңіске жетті. Матчтың негізгі уақыты 2:2 есебімен аяқталған болатын. Содан кейін пенальти сериясында Қазақстан командасы қарсыластарына қарағанда қақпаны дәл көздеп, 6:5 есебімен ұтты. Ал кездесудің негізгі уақытында Ахмет Шәріпов дубль жасады. Сөйтіп, еліміз құрамасы алғаш рет шағын футболдан әуесқойлар арасындағы Еуропаның басты додасын жеңіп алды. «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Жарылқасыновтың айтуынша, бұл сынға сайдың тасындай іріктелген 32 команда қатысты. Олар 8 топқа бөлініп, қарт құрлықтың жүлдесін сарапқа салды. Қазақстан С тобында Босния және Герцоговина, Австрия және Литва құрамаларымен кездесті. Ал плей-офф кезеңінде 1/16 финалда Германиямен ойнап, 1:1 есебімен аяқталған матчта пенальти сериясында жеңіске жетті. Одан кейін 1/8 финалда Мажарстанды 5:1, ширек финалда Босния және Герцоговинаны 3:1 есебімен ұтса, жартылай финалда Чехиядан 3:0 есебімен басым түсті. - Еуропа додасына еліміздің атынан «Есіл» командасы қатысты. Бұл клуб Астана қаласының әуесқой футболшылар лигасында өнер көрсетеді. Олар қалалық лиганы жеңіп алғаннан кейін Қазақстан чемпионы атанып, Еуропа додасына жолдама алған болатын. Қазақстан 2012 жылдан бері Еурододасына қатысып келеді. Бұл сынға кәрі құрлықтың әуесқойлар арасындағы шағын футбол федерациясына мүше елдер қатыса алады. Ал Қазақстан оған 2012 жылдан бері мүше. Бұған дейін  еліміздің атынан «Сайран», «Семей» сияқты командалар жарысқа қатысқан еді. Олар да Еуропа чемпионатында лайықты өнер көрсетті. Біздің командалар топтан шығып, 1/8 финалға, ширек финалға дейін жетті. Ал биылғы додаға Қазақстанның командасы осымен бесінші рет қатысты. Онда «Есіл» клубы еліміздің намысын қорғап, кәрі құрлықтың аспанында көк байрағымызды биікте желбіретті, әнұранымызды шырқатты. Бұл жеңіс «Есіл» клубының ғана емес, ол елімізде әуесқой футболды дамытуға атсалысып жатқан бәріміздің ортақ жеңісіміз.  Біздің команда жеңіске жеткенде құттықтаушылар өте көп болды. Олар Қазақстанда шағын футболдан әуесқойлар арасындағы футболдың жүйелі, жоспарлы түрде дамып жатқанына көз жеткізді. Біз шынында да елімізде әуесқой футболды дамытуға, оны насихаттауға бар күш-жігерімізді салып келеміз. Қазір Еуро додасына әуесқой футболшылар лигасы командасының Алматыдан қатысып жатыр деген қате түсінік бар. Бұл дұрыс емес. Құрлықтық чемпионатқа қатысып жатқан жасақтар Астанада құрылған әуесқой футболшылар лигасының командалары.  Қазіргі кезде біздің лиганың еліміздің көптеген облыстарында филиалдары жұмыс істейді. Мысалы, лиганың Алматы, Ақтау, Семей, Ақтөбе, Атырау, Павлодар, Петропавловск, Шымкент қалаларында филиалдары бар, - дейді «Қазақстан әуесқой футбол лигасы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Жарылқасынов. Астана қалалық әуесқой футболшылар лигасына «Егемен Қазақстан» газетінің командасы да қатысқан. Газеттің шағын футболдан жасағы 2010-2015 жылдар аралығында «А» және «В» лигасында өнер көрсеткен. Дастан КЕНЖАЛИН