Тәуелсіздігіміздің тірегіне айналған Ата Заңымыз мемлекетіміздің іргетасын қалап, дамуына жол ашқан басты құжат. Негізгі заңымыз адамды басты құндылық ретінде танып, олардың құқықтары мен бостандықтарын қорғап, билік институттарын демократиялық жолмен қалыптастырып, дамытты, Қазақстанда азаматтық қоғам құру бағытындағы іргелі ойларды бекітті.
Осыдан ширек ғасыр бұрын мемлекетіміздің «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тәуелсіздігі туралы» Конституциялық заңы қабылданды. Еліміз сол жылдары қиын кезеңді бастан өткерді. 90-шы жылдардың басындағы дағдарыс посткеңестік кеңістіктегі барлық елдердің дамуына кері ықпал етті. Сол аумалы-төкпелі заманда Қазақстан бірлік пен тұрақтылықты ту етіп ұстап, заңдық күші бар қуатты идеялар арқылы өтпелі кезеңнің аса ауыр дағдарысын еңсерді. 1995 жылы бүкілхалықтық референдумда мемлекетіміз тұрақты саяси-құқықтық және әлеуметтік-экономикалық дамуды қамтамасыз етуге мүмкіндік берген Ата Заңын қабылдады. Конституциямыз бірлігімізді нығайтып, мемлекеттік құрылыс пен еліміздің тұтастығын бекітіп берді. Конституционализм және мемлекеттің конституциялық саясаты оның ұлттық қауіпсіздігінің шешуші кепіліне айналды.
Мемлекетіміздің ішкі және сыртқы саясаты Қазақстан Республикасы Конституциясының нормалары арқылы реттеліп отырады. Адам мен азаматтың құқықтары мен еркіндігі заңдық және материалдық тұрғыдан қамтамасыз етілген. Ата Заңымыздың 1-бабында «Қазақстан Республикасы өзін демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы – адам және адамның өмірі, құқықтары мен бостандықтары» деп анықтама берілген және онда әлемдік өркениеттің жетістіктеріне негізделген ұлттық құқықтық жүйені дамытудың шешуші бағыттары қарастырылған. Қазіргі таңда негізгі заң қоғамдық процестерді құқықтық мемлекеттің әрі қарай дамуына бағыттауға арналған, ондағы нормативті бекітілген берік мақсаттар қоғамның прогрессивті қайта құрылуына қызмет етеді.
Мемлекет басшысы айтқандай Қазақстанның қарышты дамуы, әлемнің дамыған елдері қатарына енуі ұлттық құқықтық жүйеге жоғары талаптар қояды. Ұлттық құқықтық жүйе осы талаптарға жауап беріп, адам, қоғам өмірінің сапасын жоғарылату және мемлекеттілікті нығайту бойынша тиімді жұмыс істеуі керек. Бұл мемлекеттің норма шығармашылық және құқық қолданушылық қызметін уақтылы және дұрыс жаңаруын талап етеді.
Мемлекеттің конституциялық дамуының әрбір кезеңі әлеуметтік-құқықтық құндылықтардың әрекет ету жүйесіне белгілі бір түзетулерді енгізетінін, Конституция қоғамға маңызды нормативті-этикалық ықпал ететінін айта кету керек. Құқықтық жаһанданудың гуманистік құраушысына, атап айтқанда, жан-жақты халықаралық құндылықтарды: адамның құқығы мен бостандықтарын, заң алдындағы әлеуметтік әділеттілік пен тепе-теңдікті, саяси, идеологиялық, экономикалық плюрализмді таратуға және бекітуге қарамастан, мемлекеттердің ұлттық конституцияларының негізінде жатқан құндылықты белгілер мен бағыттарды сақтаудың да маңыздылығы кем емес.
Қазақстанның Конституциясы жеке тұлға бостандығының шектерін анықтайтын халықаралық қағидаларға жатқызылуы мүмкін базалық ережелерден тұрады және бұл құқықтық жаңарудың заманауи бір көрінісі, себебі бүгінде жеке тұлға, қоғам, мемлекет қауіпсіздігінің қағидалары интернационалдандырудың негізі болып танылуда. Осыған орай, жаһанданудың және құқықтық ілгерілеудің қазіргі үдерістерінің негізінде жатқан конституциялық құндылықтар бәсекелестігінің мәселесі терең қозғалады. Сонымен, жаһандану қазіргі мемлекеттердің конституциялық жүйелеріне тікелей әсер етеді, олардың дамуының, жаңаруының және қорғалуының жаңа құндылықты белгілерін алдын ала анықтайды.
Ал Конституцияда жазылған негізгі міндеттер тек құқықтық амалдармен, стратегиялық мемлекеттік жоспарлау құжаттарын бірізді іске асырумен, экономикалық жүйенің элементтерін нығайтумен, қоғамда әлеуметтік кепілдерді күшейтумен ғана қамтамасыз етіледі. Қазақстанның даму стратегиясы және оған негізделген құқықтық саясат қайта құрулардың жүйелілігі мен кешенділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
Ұлттық құқықтық жүйені жаңартудың негізгі кезеңдерін анықтаған шешуші құжат Президент Жарлығымен 2009 жылғы 24 тамызда бекітілген «Қазақстан Республикасының 2010 жылдан 2020 жылға дейінгі кезеңге арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы» болды. Тұжырымдамада заңнаманы жетілдіру үрдісі мен құқық қолданушылық қызметте Конституцияның ұлықты қағидалары айтылды, «қоғам дамуының қазіргі беталысы, жиналған тәжірибе мен ғылыми негіз, қазақстандық мемлекет пен қоғамның жақын және алыс болашағы туралы қағидалар» негізінде қалыптастырылған құқық салаларын реформалаудың шешуші бағыттары көрініс тапқан. Тұжырымдаманы іске асыру шеңберінде қолданыстағы заңнамаға өзгертулер енгізілді және халықаралық құқық нормаларымен ұлттық заңнаманы үйлестіруге бағытталған бірқатар нормативтік-құқықтық актілер қабылданды.
Құқықтық жүйенің жаңаруын қамтамасыз ететін ұлттық заңнамаға халықаралық актілерді енгізу халықаралық құқық нормаларын заңнамалық мақұлдау ғана болып табылмайтынын атап өту қажет. Шын мәнінде, бұл азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мен қорғау деңгейі тәуелді халықаралық міндеттемелерді мемлекетпен нақты іске асыру.
Еркін КӨБЕЕВ,
заң ғылымдарының
докторы, профессор